«ҰЛЫТАУДА ӨТКЕН ТАЛАЙ ҰЛЫЛАР…»

«Қазақстан – тамыры терең жайылған ұлы тарихы бар ел екенін көрсете және дәлелдей отырып, дүниежүзілік аренада біз елімізді осы қабат арқылы паш етеміз» деген еді Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында. Иә, ұлттық тарихымыздың тамыры тереңде екенін біліп, өзгелерге де сол білімді тарата жүрген абзал. Тарихымызды шыққан тегімізден, өскен ортамыздан қуған да дұрыс болар. Осы орайда өлкетанудың да сан қатпарлы шежіресін үлкен тарихымызға сабақтастыра отырып айта жүргеннің еш сөкеттігі жоқ-ау деп ойлаймыз.

Қазақ даласының арғы-бергі тарихында Ұлытаудан басталып, осы жерден жалғасып жатқан тарихи оқиғалар аз болмаған. Олардың әрқайсысын жеке-жеке тізбектемей-ақ, үлкен сөзіміздің бір бөлігіне айналдырсақ, оқырман бұл ойымыздың желісін өзі де оңай түсіне қоятын шығар.
Иә, сөзіміздің басында бұрынғыдан қалған шежіре туралы әңгіме еді ғой айтпағымыз. Бірді айтып, бірге кетсек, оқырман түсіністікпен қарар. Тарихты айтсақ, арыға кетеріміз анық, ал біз бар болғаны ежелгі сөздің түбіне бойлағымыз келеді…
«Дүниені топан су басқанда жер бетінде үш таудың басы құрғап тұрған» деседі ежелгіден жеткен сөз. Сол үш таудың бірі – Ұлытау екенін айтады көнеқұлақ шежірешілер. Төбесі құрғақ қалған екі таудың ұшар басында қар-мұз жатып алғандықтан, Ұлытаудың басына ғана адам қалыпты-мыс… Дала ақылманы Заратуштра­ да осы тау басынан тараған жұртты сөзіне ұйытқан деседі.
Иә, тарихта қандай кезең болғанда да қазақ халқының тағдыры Ұлытауға соқпай өтпейді. Әр ғасырдан жеткен шежіре-дастанда осы өңірдегі барлық жер, су, тастарға дейін тарихтың куәсі екенін айтқанын ұмытпағанымыз жөн.
Генетикалық тұрғыдан қазақ халқының қалыптасуының негізі қола дәуірінде жатқанын академик, ғалым, антрополог Оразақ Смағұлов дәлелдегені туралы бірнеше мақалаларымда ­жазып келемін. Ғалымның «Қара теңіз бен Алтай арасындағы аймақты, Қытай қорғандарын, Еділ, Жайық, Ертіс пен Тобылға дейінгі жерлерді мекендегендер мен қазіргі қазақтардың антропологиялық ұқсастығы көп» дегенін өз құлағыммен естіген едім.
Жалпы қазақ даласын мекендеген ұлттар мен ұлыстар жайында елден-елге жеткен даңқты, ғибратты, мақтан тұтарлық әңгімелер өте көп. Тарихтың атасы атанған Геродот «тұтас әлемді бағындырамын деген Кир патша жалпақ далаға жеткенде, осынау бір сар даланы мекен еткен сақтардың ержүрек қызы Томирис (Тұмар қыз) көшпенділердің әскерін бастап қарсы шығып, Кирдің құмырсқадай қалың қолымен шайқасқа түсіп, Кирдің басын алғанын» айтады. Иә, сонау замандардан жеткен сақ көшпенділерінің салған ізі – Ұлытауға туын тіккен қазақтың тамырына бастап апарар үлкен жол. Сақтар тарихи жыл санауымызға дейінгі уақыттарда-ақ мал шаруашылығын дамытуымен қоса, мыс қорытуды үйренгенін де сол Геродот өз жазбаларында айқын айтылған. Сақ жауынгерлерінің киімін алтынмен аптап, көмкергенін тарихшы ерекше таңдана жазады.
Осы сақтарға қатысты, олардың генетикасындағы туыстық туралы деректерге сүйенген бірқатар мәліметтер басылым беттерінде жарияланып жүр. Біздің түйгеніміз – не десек те салқар даланы мекендеген бабаларымызға талас көп. Олардың діні, ділі, тегі туралы мақалалар мен зерттеулердің де әлі күнге толастамай келе жатқанының бір себебі – осы.
Ақселеу Сейдімбековтың: «Тарихшылар бұл регионның Геродот заманынан бері қарайғы тарихын көзбен көріп келгендей суырыла сөйлейді. Қара теңіз жағалауына скифтер жаңаша жыл санауға дейінгі VIII ғасырда келіпті-міс. Егер Геродот сегіз ғасыр кейін өмір сүрсе, онда тарихшылардың скифтерді Қаратеңіз жағалауына I ғасырда келді деуі де мүмкін ғой. Скифтер жергілікті кемерліктерді ығыстырады. Сонсоң орманға бауыр басқан, қашуды білмейтін елді басып алған скифтер 500 жыл дәурен сүреді. Олар осы кезде Элладамен сауда жасасып, құдандалы болып үлгереді. Содан жаңаша жыл санауға дейінгі III ғасырда скифтерді сарматтар тықсырады. Енді, сол кездің тарихшысы Страбонның айтуында, скифтерге сарматтар қырғидай тиген. Сарматтар бел алып орныққан соң, табандатқан 700 жыл дәурен сүреді. Олардың көзешілікпен даңқы шығады, Ұрымға астық сатады. Сауытты атты әскерлерді ұстау дәстүрі кейін Еуропада етек алған рыцарьлық дәстүрге мұрындық болады. Сол сарматтарды ғұндар ығыстырады. Ғұндар бір ғасырдай (370-463) дәурен сүреді. Ғұндарды бұлғарлар жеңеді. Олар екі жүз жыл дәурен сүреді (463-660). Бұлғарларды хазарлар мүйіздейді. Хазарларды XIII ғасырда половцылар (қыпшақтар) ­алмастырады…» деп жазғаны бар… Бұл далада мекен еткен бабалар туралы зерттеулер мен еңбектерді көбірек оқып, жүректен өткізіп, кейінгіге шежіре тарқатып айтып отырсақ, өз еліміздің тарихын құрметтеп, қадірлеп, өткенге таныстыра алсақ, міне, сол кезде қазақ деген ұлттың тамырының тереңде екені кім-кімге де белгілі болып тұрады.
Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігі» атты еңбегінде мысал ретінде келтірілген көптеген мақтау, жоқтау түріндегі өлең үлгілерінің қадым замандарда, алғашқы қауымда, сақтар, ғұндар дәуірінде өмірге келгенін аңғару оп-оңай. «Алып Ер Тоңғаны жоқтау» деп аталатын жыр сол сөздік арқылы осы күнге өзгеріссіз жеткен. Алып Ер Тоңға қайтыс болғанда бүкіл ел қайғырғанын, ең қатыгез батырлардың өзі еңіреп жылағанын, адамдардың нұрлы жүздері сарғайып кеткенін, батырлар өз жағаларын жыртып, айғай сап жылағанын ақын эмоциялық тұрғыда әсерлеп жеткізген…
Одан бергі замандарға жылжысақ, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктерден жеткен тарихи шежіре-деректерге тап боламыз. Белгілі түркітанушылар ­тауып, зерттеген сол ескерткіш жазуларды белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков қазақшалап, ақын Қадыр Мырза-Әлі ­поэзия тіліне түсірді. Ғалымның қазақша тәржімасы да, ақынның ғаламат поэзия тілі де көпшілік жаттап айтуға тиіс дүние деп білемін.
Сонау бастан, о бастан
Бір-біріне жарасқан
Жаралғалы Қара Жер,
Жаралғалы Көк Аспан
Естеми мен Бумынның
Адамзаттан бағы асқан.
Төрт бұрышы дүниенің
Соларменен санасқан.
Бүкіл түркі әлемі
Екеуіне қарасқан…
«Көкте – күн, жерде – Түркі қағанаты» (552–744 жыл) өркендеген дәуірде «басы барды еңкейтіп, тізеліні бүктірген» бабаларымыздың кейінгі ұзына сонар жолы да ерлікке, даңққа, құрметке бөленгені анық. Ұйғыр қағанаты, ­Найман хандығы, Моғолдар билігі, Қарахан қағанаты иісі түркіге кіндік жұрт болды. Одан бергі дәуірлерде Алтын орда, Ақ орда, Көк орданың байрағы желбіреп, Еуразияның Ұлы даласында күмбірлеген күмбездер ескі мен жаңаның дәстүрін жалғады. Ұлы Жібек жолының бойында сән түзеген қалалар даңқы қалың жұртқа жайылды.
Осы күні Ұлытауда орны қалған Зыңғыртау, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Едіге кесенесі, Алтын шоқы бастаған бірнеше тарихи кесенелер, Ордабазар, Басқамыр, Аяққамыр сынды қалалар, тіпті біздің дәуірімізге дейін мыс балқытқан, темір қортқан пештері бар 700-ге тарта тарихи орындар әр заманнан қазақ тарихынан сыр шертеді.
1218 жылы Шыңғыс хан ­Домбауыл ақылшысының (шежіре бойынша Кетбұқа мен Келбұқаның әкесі) ­айтуымен үлкен ұлы Жошыны осы өлкенің ханы етіп сайлайды. Қазақ елі Шыңғыс хан әулетінің, оның ішінде Жошының ұрпақтарының билігі сақталып қалған бірден-бір көшпелі мемлекет.
Орта ғасырдағы ұлттық даралық қазақ халқының ел болып іргесін бекітіп, ұлт болып шаңырақ көтеруіне тікелей әсер етті. XV ғасырдан жеткен «Түркі шежіресі» («Шаджарат ал-атыраг») атты еңбекте Шыңғыс ханның осы даланы мекендеген жұрттың тілінде еркін сөйлегені айтылады. Шыңғыс ханның әулеті бірер ұрпақ алмаспай жатып-ақ жергілікті халықтың тілі мен дініне бойсұнып үлгеріп, осы Шыңғыс хан әулетінен тараған төрелер қазақ халқының тәуелсіздігі үшін, басқаны былай қойғанда, моңғол-қалмақтармен соғысып, сол жолда қанын төгіп, жанын берді.
Керей мен Жәнібек хандар Қозыба­сыда қазақ елінің байрағын көтерген уақыттан бері де көне шежіре талай жайтқа куә!
Керей мен Жәнібек Моғолстан ханы Исан-Бұғаға барып, елді орналастыру жайын келісіп, Қазақ руларына бүкіл Шу, Сарысу, Талас, Бадам өзендерінің бойы мен Қозыбасы, Қаратаудың Моғолстанға қарайтын теріскей жағын тегіс қонысқа алады. Керей мен Жәнібек қалың елімен ақылдасып, жаз жайлау етіп Қара Кеңгір, Сары Кеңгір өзендерінен бастап Ұлытау, Арғанаты тауларының бойын қуалай, ортадағы Шойындыкөл, Ақкөл, Барақ көлді ала отырып сонау Есіл, Нұра өзендеріне дейін көшпек болады. Мұның жайын І.Есенберлин. «Көшпенділер» атты тарихи шығармасында да тәптіштеп жазады.
Керейден басталған қазақ хандарының көші Абылайға дейін де, кейін де жалғасты. Абылайдың хан тағына отыру рәсімі де бабалар дәстүрімен Ұлытаудың етегіндегі «Хан Ордасында» өткен. ­Абылайды ақ кигізге көтеріп, «Үш жүздің ханы» деп таныған кез жоңғарлар мен қазақтардың жан алысып, жан берісіп жатқан уақытына тұспа-тұс келгенін де жақсы білеміз.
Бұл таққа отырғызу рәсімін қазақтың соңғы ханы Кенесарының да өткізгенін, ол рәсім Ұлытаудағы «Хан ордасында» жасалғанын көп адам біле бермейді. 1993 жылы Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевты да Ұлытаудағы «Хан ордасында» ұлықтағаны көптің есінде болар.
Ендеше, күллі халық тарихының тағдыршешті кезеңдеріне куә болған Ұлытау өңірінің бүгінгі келбеті де ұлттың ұясы болуға әбден-ақ сұранып тұр-ау шамасы!
Ұлытауда өткен талай ұлылар,
Әр тасында ұлы тарих ізі бар, – ­деген ақын сөзімен осындайда келіспеске амалың жоқ.

Серік Тілеубаев,
Ұлытау ауданының құрметті азаматы,
ҚР Мәдениет қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.