ӘУЕЗОВТІҢ АНАСЫ

Бұл кездейсоқтық па? Әлде… Тағдыр шығар. Иткөйлекті қайсысы бұрын тоздырды? Ақиқаты: үшеуі де қыркүйектің төлі. Шартарап шырпысқандай. «Нобель» сыйлығының ­лауреаты Уильям Фолкнер (25.09.1897 ж.), Лениндік сыйлықтың лауреаттары Луи Арагон (3.09.1897 ж.) мен Мұхтар Әуезов (28.09.1897 ж.) бір айда туған. Еуропа, Америка, Азия рухани туыстасып жатыр. Біреуі әлі балаң сурет салып, енді біреуі өлең жазып, ал тағы біреуі дала сахнасына құбылыс қойылым қойып, өнер әулиеханасының есігін қақты. Кейін келе-келе араға алдияр уақыт салып, үшеуі де әлем әдебиетінің қайраткеріне айналды, өскелең өріс ашты. Жұлдыздар жоғарыдан солай жарқырады. Олар аз болса, қазақтың маңдайына біткен көрнекті қаламгерлері, Шерхан Мұртаза 35 жыл кейін, ал ­Оралхан Бөкей араға 46 жыл салып, бір күнде (яғни 28 қыркүйек) дүниеге келді. Жаһани жазушылар ұлттық көркемөнердің көсегесін көгертіп, бейнелеу құралдарымен байытты. Сөйтіп, түздің Қасқабұлақ, Мыңбұлақ, Іңкәрбұлақтары үндесіп өмір өтінде өскен оғландары ой батыры болып, қалам құдіретіне жүгініп, атамекенін айшықтап, Сарыарқадағы Шыңғыстау, Қаратау мен Алтай адамдарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертті.
Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романында анаға мәңгі ескерткіш орнатқандай. Бәріміз де аяулы жанға солай қасиетті құрметпен қарасақ шеккі болмас еді. Перзенттер әке құты, шеше сүтінен нәр алған десек те, алыптарды аналар туады. Абайдың Зере, Мұхтардың Дінәсіл әжелері, Асқар, Әбіш және менің шешем алаш аналарының жиынтық образын елестетпей ме?

Әуезовтің қарындасы

Сөз ығыты келген соң айта ­ке­тейін, мен Әуезов тақырыбына ойда жоқта қалам тартқаным жоқ, әуелден аса қат, қажетті кезінде жіті зер салып, арнайы бол­маса да анда-санда тиіп-қашып, үлес қосып жүрмін. Бәлкім жылдар жемісті шығар. Мәскеудегі Әдебиеттің М.Горький атындағы ­институтында оқып жүргенде «Огонек» жорналында Абай, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов пен Кеңес жастар поэзиясы туралы мақалаларым жарық көрді. Тырнақалды жыр жинағым – «Көктем кешікпейді» шықты. «Дружба Народов», «Юность», «Смена» басылымдарында топтама өлеңдерім жарияланды. Сыртта жүрген соң ба, сол аз еңбегім ескеріліп, Жазушылар одағына мүшелікке қабылдандым…
Тобықтылар ішіне Қаратау жақтан ерте қоныс аударып, тамырын түу тереңнен тартатын Өскенбай ұрпағымен жекжат-шатыс Әуезовтер ескі әулет.
1995 жылы «Атамұра» наш­рия­тын­да басылған Абай анықта­малығында: «Әбсемет Ыстамбекұлы (т.ж.б.) – Құнан­байдың немере інісі Жақыптан туған қыздың баласы М.О.Әуезовтің туған нағашысы, Абайдың арнау өлеңдерінің бірі «Иә, құдай бере гөр» өлеңінде ақын Ә-ке ықылас бере шын ниетімен алғыс айтады: «Әбсембет жиенің, ол – сенің біреуің. Достығын достықпен өтемек тілеуім». ­Алматыда ауырып жатқан Әбдірахманға еткен туыстық қамқорлығына риза болған. Абай жиені Әбсәметке іштей риза болып, Мағауияға хат жазғанда оның жақсылығын достықпен өтеуге алғыс-тілек білдіреді» деп таныстырып өтеді.
Баласының қазасы үстінде қазақтың бас ақынының қандай көңіл-күйде болғанын біз жорамалдай ғана аламыз. Бірақ «Абай жолы» дәуірнамасында (4 кітап) ажал алдындағы Әбдірахманның көңілін сұрауға Жамбыл келеді, Әбсәмет­тің үйін сүйсіне суреттеудің үстіне оның өлеңі беріледі. Бұл тарихи шындық па, жоқ көркем шығарма тұздығы ма, оған қара қылды қақ жарғандай етіп, төрелік айту оңай емес. Әйтеуір тауқымет тартқан тағдырларды, оқиға қиыннан қиыстырғандай. Ақын ақынға тілеуқор:
Сәлем айт барсаң Абайға,
Кеңесі жеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер
Сабырлы болсын қалайда.
Бір жұтқан судай дүниесін:
Ащысын жұтып күйінесің,
Тәттісін жұтып сүйсінесің.
Жаңғаққа біткен бәйтерек,
Жалғызбын деп жүрмесін.
Кемелге келген асыл-ай,
Тасқында тәуір басуы-ай.
Нар көтерген ауырға,
Арқасын тоссын жасымай.
Бұл орайда «Алатау даңғылының» ойда-жоқта Абай туыстары мен жекжаттарына жаны ашып, қара жамылғандарға ортақтасуы әркім дәмегөй додаға көлде­неңнен киліккендей көңілден күмән тұманын сейілте алмайды.
Тұлғатануда дереккөздерін әркім әрқалай пайдаланады. Ол неғұрлым қою, нақты, дәлме-дәл, жан-жақты болса, кішкентай оқиғаның өзі солғұрлым ойнап кетеді. Мәселен, Тұрсын Жұртбай жазып алған жазушы қызы Мұғамила Әуезова мен олардың жиені Мәжит Диқанбаевтың естеліктері сондай ұмытылмастай әсер қалдырады. Байыпты. Салмақты. Күйлі-күйлі күй кешкізеді. Аз болса да саз. М.Диқанбаевтың байқауынша, Омарханның азаматтық бейнесі былай беріледі: «Омархан қиылған қара көзді, томпақ бетті, дөңгелек мұрынды (жүзді – А.Н.), аса сымбатты сұлу (!) кісі екен. Ат жалын тартып мінген соң Әуез бұл баласын өзімен бірге ертіп жүріп, ел танытқан. Омархан сондай зейінді, сөзді тауып айтқан, пысық болған». Алатау аясында бойжеткен ару да өз теңін тауып қосылғандай: «Екі-үш жылдан кейін Әбсәметтің Нұржамал деген қызын айттырып, елге алып қайтады. Нұржамал қараторы, келбетті келген сұлу (!) әйел еді. Бұл кісі үш қыз туған. Орталарындағы жалғыз Мұхтар болатын».
Бақуат ортада бұла өскен бала Мұхтар не ішем, не киемін демегендей. Тәрбие төресінің бәрі бесіктен басталады. Ол кішкентай болса да айтақырда асық атып, көкмайсада күресіп, ай астында ақсүйек іздеп, әткеншек пен алтыбақанда тербеліп, асау тайды бас білдіріп, қансонарда құс салып, ит жүгіртіп, теңбіл доп қуып, жігітшілік жасады.
Асыл мұрасына 1086 жол жырды тыңнан қосқан Мұхтар Әуезов Абайтану ғылымының бастау көзінде ғана тұрған жоқ, өз шығармашылығын әр бағыт-бағдарға дамыта білді. Үйсін елінің ірі бір бұтағы – Албан руы, осы атаның Қызылбөрік, Таз, Сары, Қаракісі, Айт, Бозым, Баба, Алжан, Қоңырбөрік рулары мекен еткен шығыс Талғар өңіріне аты мәлім болған және сол дәуірде аса ықпалды көпестердің бірі Әбсемет еді. Ал Әбсеметтің қызына «Әуезов энциклопедиясынан» да орын берілген: «Нұржамал (1862-1912 ж.ж.) жазушының анасы. Береке (атасы – А.Н.) арлы-берлі кіре тартып жүріп Әуезбен танысады. Сөйтіп, Н-ды Омарханға айттырады. Н-дан Қорлықа, Рахия, Күлсім атты қыздар, ұлдан Мұхтар туған. Қыз балалары жастай қайтыс болған. Н.Ескіше оқыған. Қала тәртібінде өскендіктен ол ашық-жарқын, әділ, кішіпейіл, үй шаруасына пысық, көрікті адам екен. Бейіті – Бөрлі қыстағында».
Он бес жасар бозбала қайтар жолда ұзақ адасып, шешесінің басына топырақ сала алмағандықтан ба, яки немересін еркелетіп, Ибрагим атын Абай деп тәрбиелеген Зередей, Дінәсіл әжесінің «Қоңыр қозым» деп ыстық бауырына басып өсіргендіктің салдарынан ба, нағашы жағына онша мән бермегендей. «Сол 1927-жылдың жазында Алматыда Мұхтар Ілияс Жансүгіровпен танысты. Екеуінің салт атқа мініп, сабан үйінен салынған дуалдың жанында тұрып әлдебір көшедегі фотографқа түскен суреттері бар.
Мұхтардың өмірбаянына тікелей қатысы бар бір кездейсоқ туралы айтсам деймін. Мұхтардың өз әжесі мен нағашы әжесі апалы-сіңлілі туған адамдар болғанын білетіндер бола қояр ма екен? Мұхтардың шешесі тұрмысқа шыққанша осы Алматы маңында туып өссе керек» деп еске алады жары Валентина Николайқызы Әуезова. Сондықтан ол Алматыға келісімен шешесінің туыстарынан кімдер бар екенін сұрау салып іздестіре бастады. Ұзамай Байсерке поселкесінде нағашы ағасы (шешесінің ағасы), оның қызы табылды, бәрінен де қуаныштысы нағашы әжесі тірі болып шықты. Бұл бір жылап-сықтауы мол қуанышты кездесу болды. Егер Алматы мен Семейдің арасында лау аттан басқа қатынас жоқ кезді еске алсақ, онда нағашы әжесі жиендерін былай қойғанда, тіпті ұзатылып кеткен қызының өзін де көре алмауы ғажап емес. Ойда-жоқта Мұхтардың іздеп келуі нағашы әжесін тебіренткені сонша, қарт ана, Мұхтардың айтуынша, жиенін ұзақ құшақтап жылай беріпті және бір айтқаны, күйеу боп бұрын келгенде әкең дәл осы сияқты еді деп кемсеңдей берген көрінеді. Қазір әжесі де, нағашы ағасы да өлген. Байсеркеде нағашы қарындасы Сара тұрады, шешесінің тұрған үйі сақталыпты, оның суреті жазуышының музей-үйінде тұр. «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер», Алматы, «Білім», 2004 жыл, (101-бет).
Басына қайта-қайта қара бұлт үйі­рілді. Шығармашылығына тиісті. Бай-манаптар мүддесін қорғайды деді. Ескілікті көксейтінін бетіне баса бастады. Қызыл қоғам озат ойлыларға қырғидай тиді. Төбеден қылпыған Дамокл семсері төніп тұрса да суреткер мұраты биік еді.
«Қараш-Қараш оқиғасы» жазылды. 1928 жылы қырды қырғынға ұшы­ратқан Албан көтерілісі туралы хикаят Қызылордада жарияланды. Туындыға барар таудағы ауыр жолда Кеңсу, Екіаша, Тобылғылы, Көктас, Дөңгелексаз асуларынан асты. Көкбиік шыңы, Ағанас жазығы мен Асы жайлауын аралады. Патша әскері жазықсыз елді қынадай қырып, қып-қызыл қасапхана жасаған Қарқара қойнауының қалтарыс-бұлтарысын оңды-солды атпен аралады. Қанды оқиға қаламгер қиялына маза бермеді. Өрдегі өткел бермес күркіреген көп асау өзенді кешіп өтті. Адамдармен армансыз араласты. Ақыры қағілез қаламнан «Қилы кезең» туған еді. Тағдыры қиын туынды тек 1972 жылы «Новый мир» журналының 6-санында орыс тілінде жарияланды. «Адамзаттың Айтматовы» шығармаға шүйілгендерге шоқпар сілтемей-ақ салады. Ұстазға деген ыстық ілтипаты-лебізімен: «Әуезовтің повесі оқырман көңілінде әрқилы сезімдер туғызады. Әуезовтің сол бір кезеңдегі өмірді терең біліп, шабытпен жазған бұл дүниесінің көркемдік ерекшеліктері хақында әлі де көп нәрсе айтуға болар еді. Мәселен, табиғатты, тұрмысты, Қарқара жәрмеңкесін, адамдардың портреттерін бейнелеуде Әуезовтің шын мәніндегі Рабле қаламына лайық шырын шеберлігі жөнінде айтпай кету қиын-ақ».
Шаңқан шабыткер де «Қилы за­манға» келгенде қамшы салдырмаайды. Даланың қанша шапса да алқымы іспейтін арғымақ дүлдүліндей артына жай тастап, тұяғынан от шашып көсіледі: «Белгілі 1916 жылдың жазы еді. Жаз жауынды, мол сулы, қалың шалғынды, қызықты, қалың Албанның ертегідей бай, сұлу жайлаулары: Үш Меркі, Дөңгелексаз, Үш Қарқара, Сырт, Лабас-жайлау күндерінің жасыл торғын шымылдығы, көк жібек бесігі сияқты. Тіршілік молдық, бақыт, байлық қызуымен буы аспанға шығып жатқан өмір жәрмеңкесін көрсеткендей. Жаз күндерінің жарастығы мен қызығы қыр баласын мас қылғандай жалынды, желікті.
Шалқыған көрнекті мол дүниенің тірі пішінді белгісі сияқтанып Қарқара жәрмеңкесі қайнап жатыр.
Жәрмеңке ашылғалы айдан артық болса да, қызуы мол желігі әлі басылып солғындаған жоқ. Қайта, күннен күнге етек алып, өршіп, дәуірлеп келе жатқан Жәрмеңке – тоғыз жолдың түйіскен жері. Бір шеті: үлгілі орыс қалалары болса, екінші жағы: Құлжа, Қашқар, Хиуа, Бұхар, Самарқан, Ташкент. Бәрі-бәрінен неше алуан қазына шүмектеп құйылғандай болып, Қарқара жазығына ақтарылып жатыр. Жауын артынан Алатаудан аққан селдей болып, сауда пұлы іркілмей төгіліп жатқан. Талай сан қостармен келген мың-мыңдаған қойлар Қарқара жазығын быжынаған ақ құрттай басқанына бірталай замандастар болған.
Сондай қалың қос-қос жылқы, табын-табын сиыр да Албан жайлауларын оңды-солды шиырлап қаптаған. Аясы аз ғана Қарқара жазығы иінтірескен малдан беті-жүзін көрсетпейді. Қаптап басқан тұяқтан қабырғасы қайысып тұншық­қандай. Ауыр күрсініп ыңыранғандай, қайысып тоқтаусыз ағып ертелі-кеш қарлы таудың арасындағы қырғыздан, төскейдегі қазақтан, жәрмеңке қазанына төрт тараптың барлығынан шүмектеп құйылғандай болып, мал баласын тізіп әкеліп жатыр…»
Қандай, ә! Қалай көркем сипаттайды! Шебер! Па, шіркін! Тау мен даланың дидары келісті. Суреткер қырандай қырағы, құлағы сырттандай сақ. Ол Тәңіртаулар тербеген өлкені суретші көзімен көріп, ақын жүрекпен ағыл-тегіл жырлайды. Көркем көрініс, сиқырлы сұлу сурет. Жаратылыс жүрегі бүлкілдеп соғып жатыр. Сол әдемі әсерді үзгің келмейді.


«Қалың рудың мол жиылған ортасы – Қарқара. Байлықтың ұлы өрісіне жеткен кең қолтық, мол қолды, аңқау ел: Албан, Бұғы. Жәрмеңке жыл он екі айда бір-ақ болады. Болғанда молынан болады. Үш-төрт ай бұл жәрмеңке бойы аспан атып дәурен сүреді. Сол кезде жылдық керегін Албан баласы осы жәрмеңкеден күреп алады.
Өзі бай, өзі көп сауда істеп, көп керегін алатын қалың ел болғандықтан, саудагердің иісшіл тұмсығы бұл елдің ортасын ерте күннен таңдап алған.
Өріске шыққан қойдың иісін сезіп, желге қарсы тұмсығын төсеп, ішін тартып, жер тарпып, бет түзеп, жота-жотадан қарауыл қарап, торуылға шыққан қасқырдай – аш пейілді жалаңқая саудагер боркемікті, батпан құрықты Албанды бекерге таңдаған жоқ. Сауырынан басып жүріп, семіз, жоны, өттісі осы болатынан жақсы білген, әдемі таныған.
Қазір де құмырысқаның илеуіндей болып, быжынап, жыбыр-жыбыр қағып бүлкілдеп, қызара бөртіп, ажарланып, күннен күнге қарнын қампитып келе жатқан жәрмеңке – сол қазақ даласын торуға шыққан жайындай болатын. Көгенге кірген борсықтай байлаулы бағланның май құйрығына тұмсығын тығып, сауыры бүлкілдеп қана жылы-жұмсағын соруда болатын.
Бай, момын елдің мол денесі обырдай обып жатқан қомағай ұртқа бойындағы тәтті-дәмдісін иілгендей төсеп жатыр. Ақ шелегі түскендей ақтарылып, сүйсінгендей мекірене түсіп, сүтті желінін кергіге беріп тұр.
Қалауын тапса қар жанады. Сүт алғыш кәрі биеші сияқты жақсы сауыншының қолы сыздаған емшегінен жабысқан­нан бері қарай жайлау желіні семізі мен сұлуын, жорғасы мен жортқысын ноқталап, таңбалап, өз қолымен атқарып жатыр.
Саудагер сомасы қазақ даласына құда түсіп, құйрық бауырды асап, аузы қан­данып, қолы майланып, жонданып тұр».
Амал не?!. Сол дидарлы дөңгеленген дүниенің шырқы бір күнде бұзылды. Дүрмек дауыл алдында тұрғандай өршіген өрт сөнді. Қарусыз ел қаңғып судай аққан қанға бөкті. Күштінің дүті диірмен тартты. Отаршылық ұзын қолындағы көсеумен түртіп от көседі. Бұқаралық қозғалыс жеңілсе де асқақ рухы сөнбей қалды. Жолайрықтағы Мұхтар Әуезов соған жан бітіріп, Қарқара көтерілісін ту етіп романға бергісіз хиқаяда қалыптады… Біздіңше, ұлы жазушы қазақ әдебиетін классикалық шығармамен байытып қана қойған жоқ, осы бір тағдырлы туынды арқылы өзінің Алатау-Аспантау өлкесіндегі нағашы жұрты мекендеген өңірге деген құрметін де меңзесе керек…
Алда әлі күреске толы жазушының шырғалаң ұзақ жолы жатыр еді. Жер бетінде топырақтан жаралған жұмыр ­басты пенделердің пешенесіне жазылған тұз-дәмі таусылмай, көресіні көріп, тіршілік түйткілдерінің түйіншегі тарқатылып біте ме? Оны түрен түспеген тың тақырыптар, соны сапарлар күтіп тұрды. Солардың арасынан мәңгі жұлдызға айналған аяулы ананың бекзат бейнесі еміс-еміс, жылт-жылт жарық, жұмсақ нұрын төкті. Әй, өмір-ай!

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,
жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.