Топырақтың құнарлығын қалай сақтаймыз?

БҰҰ-ның дерегінше бүгінде әлемнің кейбір елдерінде топырақтың құнарсыздануы мен тұздануы 50 пайызға жетіпті. Ал, еліміздегі жағдай әр аймақта әр қалай, 30-40 пайыздың деңгейінде дейді мамандар. Бұл да көңіл қуантарлық көрсеткіш емес. Егер арнайы заң қабылдап, жер ананы қорғамасақ, енді оншақты жылда топырағын тоздырған елдердің алдына шығып кетеміз…
Міне, бұл мәселелер «Ауыл» демократиялық-халықтық патриоттық партиясы Алматы филиалының есеп беру конференциясында айтылып, оны шешу жолдары талқыланды. Конференция О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтында өтті. Оның жұмысына Алматы қаласындағы 11 ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қатысты. Басқосуды ашқан «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Алматы филиалының төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Абдолла Сапарұлы өз баяндамасында партияның есепті кезеңде атқарған жұмыстарына тоқталды. Ол істер саяси мәселелерден басталып, ғылым, білім, әлеуметтік, экономикалық және ауыл шаруашылығы салаларымен сабақтасқанын нақты мысалдармен атап көрсетті. Соның ішінде ғалымның ерекше тоқталғаны жер-ананың құнарсызданып, тұзданып бара жатқаны. Содан туындайтын өнім өндірудегі төменгі көрсеткіштер және ауылдан жастардың жаппай кетіп жатқандығы болды. Ал, бұл мәселелерді шешу үшін алдымен «Топырақтың құнарлығын сақтау туралы» заң қабылдау қажет дейді ғалымдар бірауыздан. «Мұндай заң Еуропа елдерінің бәрінде бар. Кедендік Одаққа кіретін көршілеріміз Ресей мен Белоруссияда да жерді қорғайтын заң жұмыс істейді. Сондықтан да олар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде бізден алда тұр. Ендеше, бізге бұдан ары кешігуге болмайды. Заң жобасын дайындап, Парламент пен Үкіметке ұсынуымыз қажет» деп сөзін түйіндеді Абдолла Сапарұлы.
Конференцияда сөз алған ауылшаруашылығы ғылы­мының докторы Сейтқазы Асылсейітұлы шаруа­лардың қолындағы техникалардың жылдан-жылға тозып бара жатқанын нақты деректер келтіре отырып, Үкіметке ұсыныс дайындауға бастама көтерді. Онда шаруаларға лизингпен ауыл шаруашылық техникаларын берудің жолдарын жеңілдетуді ұсынды.
Басқосу соңында ғалымдар конференцияда талқы­ланған мәселелер бойынша ұсыныстарын әзірлеп, «Ауыл» демократиялық-халықтық патриоттық партиясының республикалық органы арқылы ұсыныстарын Парламент пен Үкіметке ұсынуға шешім қабылдады.

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.