Ортақ іске бірге жұмылайық

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,
Махамбет аудандық
мәслихатының депутаты

Өңірлер мен жергілікті жерлердегі мемлекеттік тіліміздің үлкенді-кішілі мәселелерін уақыт ағымына сай шешіп отыру – кезек күттірмейтін іс екені белгілі. Құмдауыт жағалауларында талай тұлпарлар тұяғының ізі қалған шежірелі құт мекен-жазиралы Жайық өзені бойында орналасқан Махамбет ауданы бойынша ана тілімізге қатысты анау айтқандай мәселе жоқ деуге де болады. Десек те, осы бағыттағы жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бір парасына тоқтала кетейік. 

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі аудан әкімінің 2019 жылғы 12 сәуірдегі №.65 «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011- 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Махамбет ауданының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту» туралы қаулысын басшылыққа ала отырып, нақты іс-шараларды атқаруда.
Тіл мәртебесін көтеру мақсатында, аудандағы мәдениет мекемелерінде 2019 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес және жоспардан тыс ұйымдастырылған мәдени шаралар аз емес. Атап айтар болсақ, «Өнерпаз» мәдениет үйінде 14 ауылдан барлығы 200 адам қатысқан «Концерт жүргізуші — 2019» аудандық байқауында сарытоғайлық Төре Пәнгерей мен Дана Нығметова Бас жүлдені иеленді. Жастардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту мақсатында өткізілген байқау көпшілік көңілінен шықты. Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық сайысы да жоғары деңгейде өтті. «Бас жүлдені» Сарытоғай ауылының өкілі Карина Каримова жеңіп алды.
Сонымен бірге, Махамбет ауданы бойынша «Тілдер күні» мерекесіне орай қыркүйек айында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы, сондай-ақ жас мәдениет қызметкерлері арасында «Сөз мерген» тіл білгірлерінің бәйгесінен бөлек «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» тақырыбында өзге ұлт өкілдері арасында дөңгелек үстел өткізілді.
Биылғы жылдың ерекшелігі, қуаныш­ты жаңалығы да – Атырау облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген облыстық байқауларда Махамбет ауданының көр­кем­сөз оқу шеберлері жүлдегерлер қата­ры­нан көрінді. Мәселен, «Тіл-парасат» атты облыстық байқауына Наталья Михай­лова қатысып, ІІ-орын иеленсе, Ирина ­Че­ченова жүлделі үшінші орынға табан тіреді.
Үш тілді жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген «Тіл шебері — 2019» атты облыстық байқауына Жалғансай ауылдық округінің жетекші маманы Қапиз Лұқпанов қатысып, үшінші орын жүлдегері атанды. Ал облыстық Абай оқулары байқауында Сарытоғай ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұргүл Жалмұханова топ жарды.
«Алға» орта мектебінің мұғалімі Гүлдана Сағидолла Ахмет Байтұрсынұлы атындағы облыстық «Үздік оқытушы» байқауында топ жарды, «Жайық шұғыласы» газетінің қызметкері Баян Сүйеуова қатысып, қазақ тілі білгірлерінің «Латынға көшу – өркениетке қадам» атты журналистер арасындағы сайыста «Алғыс Хатпен» марапатталды. Міне, айта берсек, осындай жетістіктер аз емес.
Сондай-ақ, жыл басынан бері аудан бойынша 106 кәсіпкерлік нысандарында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21 бабының орындалуын қадағалау мақсатында акциялар ұйым­дас­тырылып, зерделенген көрнекілік ақпа­раттың 62-і заңдылыққа сәйкес, 44-іне заң талаптары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, анықталған олқылықтар түзетілуде.
Аталған мақсатта аудан әкімінің №512-Ө өкімімен «Ономастикалық нысан­дардың тарихи және дәстүрлі атау­ларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау мақсатында» жұмыс тобы құрылып, жыл басынан бері екі отырыс өткізіліп, күн тәрітібінде Сарайшық, Бейбарыс, ­Махамбет ауылдық округтеріндегі көрнекі ақпарат құралдарының (баннер, лайтбокс, маңдайшалар, сілтемелер) жай-күйі және оларды ҚР Заңдарына сәйкестендіру жөнінде атқарылған жұмыстары туралы, аудандық полиция бөлімінің құжат айналымында Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңының сақталуы туралы мәселе қаралып, сәйкесінше тиісті тапсырмалар берілді. Сондай-ақ,«Тілдер туралы заңна­маны және тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламаларының орындалуын бақы­лауды жүзеге асыру жөніндегі аудандық Үйлестіру кеңесі» аудандағы мемлекеттік тіл мен ресми тілдің қолданысына бақылау жүргізлді. Орын алған олқылықтарды жою шаралары қолға алынды. Ауылдық округтегі барлық мемлекеттік мекемелерде іс қағаздары толықтай мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Бүгінгі таңда Махамбет ауылында –140, Сарытоғай елді мекенінде – 16, барлығы 156 көше бар. Оның ішінде 78 көшенің атауы жергілікті қоғамдастықта қаралып, заңдастырылу үстінде. Ауылдық округте әртүрлі тақырыптарда 22 көше сілтемесі, 75 лайтбокс, 24 баннер ілулі тұр. Олар пайдалану мерзіміне және тақырыпқа байланысты жаңартылып отырады. Округтегі барлық аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелер маңдайшаларын Заңға сәйкестендірді. Бөлім тарапынан Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21 бабының орындалысын зерттеу бағытында халыққа қызмет көрсету нысандарында акция өткізілді. Махамбет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, Махамбет ауылдық округінің және аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің мамандары бар мобильді топ Махамбет ауылдық округінің бірқатар дүкен, мейрамханаларында болып, 32 сауда нүктелеріне кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар берілді. Ұсыныстар нәтижесінде «Есалы» ет дүкені, «Дарын» автосақтандыру кеңсесі, «Ай Темір» сауда үйінің маңдайшалары ауыстырылып, заңға сәйкестендірілген.
Әрине, жоғарыда баяндалғанындай жоспарлы түрде шара өткізумен тілдің мәртебесі өсіп, мәселесі түбегейлі шешіледі деуге болмайды. Ең бастысы, ана тілімізге деген құрметіміз жүректе ұялаған иманымыз секілді ұлттық құндылыққа айналғанда ғана ісіміз оңға басары сөзсіз. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да тарихи сананы жаңғырту туралы айта келіп: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қалады» деп халқын жаһандық қауіп-қатерлерден сақтандырған. Бұл тілге де қатысты айтылған сөз десек қателеспейміз. Өйткені біздің мемлекеттік тіліміз де бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Жаһандану екіпінін ескере отырып, төл тіліміздің қорғаныштық иммунитетін арттыруға баршамыз бірге атсалыса беруіміз керек.

Махамбет ауданы
Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.