Едіге ҚҰНЫПИЯҰЛЫ: ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕГЕ ҚАНЫП ӨСТІК

Филология ғылымының докторы Құныпия Алпысбаев биыл мерейлі 70 жасын атап өтуде. Ғалым әрі ұстаз бола білген азаматтың аталары 1931 жылы тарихи атамекенін тастап, қоныс аударған Қытай Халық Республикасының Баяндай ­ауылында 1949 жылдың 4 тамызында дүниеге келген. 1956 жылы елге оралып, Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кетпен ауылдық кеңесінің аумағына тұрақтайды. Содан бері ұстаздық, ғалымдық салада қажырлы еңбек етіп қана қоймай, өзі де саналы ұл-қыз өсіріп, ардақты әке атана білді.
Жаңадан үйленген жас отбасының тұңғышын ата-анасына (сәбидің ата-әжесіне) беру – қазаққа ғана тән қасиет. Құныпия Қожахметұлы да тұңғыш ұлы Едігені әке-шешесінің бауырына басқан. Содан бері олар үлкеніне «аға-жеңге» атанып кеткен. «Ағам әке ғана емес, ұстаз, үлкен тәрбиеші» деп сырын ақтарған кәсіпкер-продюсер Едіге Қожахмет «Әкесі жақсы қандай-ды…» айдарында сырымен бөлісті.

АҒАМНЫҢ ҮЙІ ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ СИЯҚТЫ

Мен өмірге келген кезде атамыз Қожахмет науқастанып жатыр екен. Содан шақалақ мені атама апарып, маңдайымнан иіскетіп, «бұл сіздің балаңыз» деген. Сонда атамыз риза болып, батасын беріп, «менің балам» деп бауырына басқан. Көп ұзамай бір айдан соң дүниеден өтерінде ақсақал мені апама ­аманаттап аттана беріпті. Содан бастап апамның баласы болып, қолында өстім. Әулетіміз Кетпеннен Талғар ауданы Бірлік ауылына көшіп барған. Балалық шағым осы ауылда өтті. Ата-анамыз қалада тұрды. Ол кісілер бізге, біз оларға қонаққа барып тұратынбыз. Әке-шешем ретінде мені арнайы тәрбиелемесе де, апам арқылы бағыт-бағдар беріп, жағдайымды жасап отырды. Үлкен сапарларға шыққанда ағам мені өзімен бірге ала кететін. Отбасылық сапарлар мен жиындарда үнемі қасына ертіп жүрді. Рымғали Нұрғали, Жәнібек Кәрмен ағаларымыз жиі келіп тұратын. Сонда мені «атасының баласы» деп таныстырып, жауапкершілікті сезіндіретін.
Ес біле келе әкеміздің ұлы екенімізді сезіп, мойындаймыз ғой. Куәлігімізде де Құныпияұлы деп жазылып тұр. Бірақ, бір қызығы, мектеп кезінде ағаларымыз, ­достарымыз «сен Құныпияұлысың» десе, кәдімгідей намыстанып қалатынмын. «Жоқ, мен атамның баласымын» деп шыр-пыр болатымын. Жеңгем де өз орталарында мені «қайын інім» деп таныстырып жатады. Бірде Дүкен Мәсімханұлы «сіз де Қожекең қарап тұрғандай айтасыз ғой» деп қалжыңдап күлгені бар.
Жеті жасқа толып, оқуға барар кезімде аға-жеңгемнің қолына келдім. Мектеп табалдырығын №65 қазақ-орыс аралас мектебінде аттадым. Үш жылдан кейін ­ата-аналардың мұрындық болуымен Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназия ашылып, №65 мектептегі қазақ сыныбы сонда ауыстық. Ауылдан қалаға қоныс аудару маған оңай болған жоқ, біразға дейін жатырқадым. Бейне бір қонақта жүргендей, сосын өз үйіме оралатындай әсерде жүретінмін. Содан шығар, сенбі, жексенбі күндері бірден ауылыма кетем. ­Кейде ағам апарып тастайды, кейде апам өзі келіп алып кетеді.
Ағамның ең үлкен тәрбиесі – оның төңірегіне төгер жылылығы. Зиялылығы, қарапайымдылығы мен тазалығы үйге кіргенде ерекше әсер сыйлайды. Жинаған кітаптары көп. Жай ғана үй емес, білім мекемесі немесе ғылым ордасы тәрізді. Сөредегі кітаптарға зер салған адам оларды қаласа да, қаламаса да оқып кететіндей еді. Ол кісі мені балаша еркелетпейтін. Үнемі ересек адамша сөйлесіп, ақылдасып отырды.
«Көп оқы, Абайды, Мұқағалиды оқы» деп мені кітапқа баулыды. Содан болар кітапқұмар болдық, бесінші сыныптан бастап «Абай жолын», «Көшпенділерді», ағамның достары Тұрсын Жұртбай мен Жәнібек Кәрменовтің шығармаларын оқып өстім.
Біздің тәрбиеміздегі екінші нәрсе – ағамның араласқан ортасы. Бала кезде жиі болмаса да, күнәра қонақ болатын. Не біздің үйде боламыз, не өзге кісілердің үйіне қонаққа барамыз. Әйтеуір зиялы қауымның жиын-отырыстарының өзі бөлек еді ғой. Арасындағы әзілдері, қазақы қалжыңдары қандай, міндетті түрде ән айтылады, ­домбыра тартылады, тарихтан сыр шертеді. Ондай кезде сол қонақтардың салиқалы әңгімелерін тыңдап отырғанды жақын көретінмін.
Қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде тілге бейім болдым. Ағылшын тілін жетік меңгердім. Бірнеше тілге қызықтым. Математиканы сүйіп оқыдым. Барлық сабағым жақсы болды, бірақ жаратылыстану ғылымдарына ықыласым ауып, осы бағытқа бұрылдым. Кейін бір шешімге келіп, «халықаралық экономиканы таңдаймын» дегенде, ағам қарсылық білдірмеді.
Шетелге кетіп те оқыдық, әртүрлі қызмет те ауыстырдық, соның бәрінде тек жөн сілтеп, кеңес беріп отырды. Бұл да оның ұстаздық қасиетінен болса керек деп ­ойлаймын. Мен де, қарындасым да ағамның жолын қумадық. Ұстаздық, ғалымдық жолға түспедік. Дегенмен, қан мен тәрбие алысқа жібермейді екен. Әдебиетке жақындығым, өлеңге бейімдігім бар. Мұны да ағамның бойындағы қасиет, ағамның ортасынан сіңген дүние деп ойлаймын.

ӘЗІЛ-ҚАЛЖЫҢДАРЫ ЖАРАСҚАН ОРТА

Атамыз Қожахмет «қабағымен қайырып, иегімен иіріп» отыратын аппақ сақалы ­омырауына түскен, бүкіл әулетті басқарып отырған адам болған. Егер бұрынғы замандарда өмір сүрсе ел басқарар билер тәрізді беделді кісі болыпты. Ағамның дос-жарандары үйге қонаққа келгенде олармен тең сөйлесетін «дала академигі» болған деседі. Ал апамыз осындай ақсақалдың жағдайын жасап, үйге келген мейманды жақсылап күтетін, момын, қарапайым, иманжүзді кісі еді, марқұм. Менің балалық шағым өткен Бірлік ауылында екі қабатты он екі бөлмелі үйіміз болды. Оны біздің әулет қана емес, Кетпен ауылының тұрғындары «үлкен үй» деп атайтын. Өйткені атамыз көшіп келген соң, ауылдан келген кісінің бәрін өз үйіне паналатыпты. Он екі бөлме болса, он екі отбасы тұратын кез де болған. Оның ішінде өз туыстарымыз да бар, ауылдан келген ауылдастарымыз да бар. Апамыз таңертең ерте тұрып, даладағы үлкен қазанға тамақ істеп, үйдің шаруасын атқарып, бозала таңнан қара кешке дейін белі бір бүгілмей жүріп қызмет етіпті.
Ағам мен жеңгемнің арасы он жас. Бір қызығы, екеуі үйленген кезде ағам орысша, жеңгем қазақша білмейді екен. Жеңгеміз ҚазҰУ-дың орыс филологиясында оқыған. Бала кезінде шахтерлар кентінде дүниеге келіп, орыстардың ортасында өседі. Анасының қазақылығының, ақылдылығының арқасында тілі орысша болса да, жалпы қазақылықтан алыстамаған. Келін боп түскен бірінші күннен таңертең тұра салып, орамалын тағып алып, сәлемін салып, ауланы сыпырудан бастайды екен. Атам ерекше риза болады. Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық дейді ғой. Ағам өзі 30-дан асып, кеш үйленген. Ал қасындағы ­достары – Жәнібек Кәрменов, Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Айтов барлығы да отбасылы. Келінді бірге түсіріп, бетін Жәнібек аға ашқан. Міне, осылайша жеңгеміз осындай үлкен әулетке келін болып түседі. Мұны өзі де жақсы түсініп, соған лайық болуға тырысыпты.
Зиялы қауымның басы қосылған кеш өте ерекше өтетіні белгілі ғой. Сондай отырыстардың бірінде бәрі бір қалжың айтып, артынан ду күледі екен. Орыстілді жеңгеміз ештеңе түсінбейді, тек көпшілік күлген соң ол да қосыла күліпті. Жәнібек Кәрменов жеңгеме қарап тұрып: «Ой, байғұс-ау, мұның бәрі саған күліп жатқанын білмейсің ғой» дейді. Осыдан кейін ол жолдасының достарымен бәстесіп, «қазақша үйренемін» деп уәде береді. Күні-түні қазақша кітап оқып, сөздік қарап, түсінбегенін жолдасынан сұрап үйрене бастайды. «Ағаңның бір жақсы жері, түннің бір уағында есіме бір нәрсе түсіп кетіп, соның қазақшасын білгім келіп оятсам да, қабақ шытпай, бар ынтасымен түсіндіретін. Оның ұстаздығының арқасында шығар, маған қазақшаны өте сабырмен үйретті» деп еске ала күледі жеңгемнің өзі. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде жеңгем қазақшаға судай болып, сөз ұстаған небір ақын-жазушылармен сөз жарыстырып, өздерімен қалжыңдасатындай деңгейге жетеді.
Кейде ағамның әкелік орнынан гөрі оның ағалығы, ұстаздығы ерекше ме деп ойлаймын. Сондай бейнесімен қымбат маған.

ӨНЕРГЕ  БІР ТАБАН ЖАҚЫН

Қазір ағамды ойласам, оның қазақылық, адалдық, тұрақтылық, шынайылық, қара­пайым­дылық, кітапқұмарлық, еңбекқор­лық сияқты қасиеттері бірінші ойға келеді. Ол кісі қанша мүмкіндігі бола тұра ешқандай мақтау мен марапатқа ұмтылмаған. Керісінше, жоғарыда айтқан қасиеттерімен бедел-абыройын жоғалтқан емес.
Тағы бір қасиеті – өлеңді көп жаттататын еді. Кішкентайымда Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңін жаттап жүрген кезім, ағам, кейде Жәнібек аға келіп сұрайды «қане, не жаттадың, айт» деп. Мен тақылдап айтамын. Бір күні түннің бір уағында атып тұрып, «Алыстан сермеп, Жүректен тербеп» деп жаттағанымды айтып отырсам керек. Апам да, жеңгем де оянып кетеді. Сонда апам су беріп, ұшықтап: «өй, пәтшағарлар бұлар менің баламның миын әбден ашытыпты ғой» деп баласына ренжіпті.
Ағам ғылым жолында жүрсе де, ұстаз болса да өнерді ешқашан тастаған емес. Бізге үнемі «өнерге жақын болыңдар, баланы кішкентай кезден бастап дәстүрлі ән, күй тыңдатып өсіру керек» деп жиі айтады. Бұрын үйімізде пластинкалар болатын. Онда барлық жинақтар бар еді. «Қыз Жібек», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырларын тыңдайтынбыз. «Баланың құлағына қазақтың тілі, әні, күйі, жыры сіңуі керек» дейтін.
Ағамның жас кезінде ән айтуы ерекше еді. Әншілігі шынымен бөлек. Садықожаның немесе Молдабайдың әндерін нақышына келтіріп шырқайтын. Даусын жазып, елге танытуға болар еді. Өкінішке қарай, соны өткізіп алдық. Айтылмай жүрген тағы бір қыры: ән шығаратыны, әннің сөзін жазатыны. Он шақты әні бар. Қазір ол туындыларын да топтастырып, нотаға түсіріп, халыққа жеткізсек дейміз.
Бүгінде ағамның 70 жасын тойлап жатырмыз. Сонда шын құрметтеп келген адамдарды көріп, марқайып қалады екенсің. Адамды адамның бағалауы деген ғажап нәрсе ғой.
25-тен астам кітап жазыпты. Осы 70 жылды­ғында сол кітаптарынан көрме жаса­дық. Бұл таза ғылымға, жас ғалымдарға арнал­ған еңбектер. Мұның бәрін қашан, қалай жазып үлгерген деп таңғаламын.

ДӘСТҮРДІҢ ОЗЫҒЫ МЕН ТОЗЫҒЫ БАР

Біз қазақы тәрбиеде өстік. Кейбір ­отбасыларда «баланы орыс бақшасына береміз бе, қазақ бақшасына береміз бе» деген әңгіме бар. Бізде ол ешқашан болған да емес және талқыланбайтын. Тәрбиесі де, тілі мен білімі де қазақы болуы керек. Атадан балаға жеткен аманат сондай. Аллаға шүкір, ағама рақмет, ұлттық тәрбиеден ешқашан ажыратқан емес. Қазақы тәрбиемен жүріп-ақ, кез келген халықаралық деңгейде жұмыс істеуге, әлемнің кез келген еліне шығуға болады. Тәрбие, бағыт-бағдар дұрыс берілсе болды деп ­ойлаймын. Мысалға өзімді айта аламын. Қазақ мектебін бітіріп, жоғары білімді де қазақша алып, алты тілді меңгердім. Қалаған арманыма, діттеген мақсатыма қазақша ойлау арқылы жетіп жүрмін. Әлемді аралап, кәсібімді істеп, шығармашылықпен айналысамын. Мұның бәрі, әрине, отбасымда алған тәрбиемнің жемісі.
Тұңғыш баланы ата-әжеге беру – қазаққа ғана тән қасиет, қазаққа ғана тән мінез. Мен ата-әжемнің баласы болып, аға-жеңгеме іні болғанда жаман болған жоқпыз. Ең бастысы оны құрметтеймін, ол тұрған жерде артық сөзге, артық әрекетке бармаймын. Толықтай еркінсімеймін. Өйткені мен оның да, өзімнің де орнымды білемін. Сол сияқты біздің тұңғыш ұлымыз атасы мен апасының баласы. Сондықтан болар, басқа балаларымыздан бөлектеу. Атасына жақын, «ата-апамның баласымын» деп кішкене басқа санатта есептеледі. Біз бұған қуанбасақ, ренжімейміз.
Бірақ бір нәрсені мойындауымыз ­керек. Қазір дәстүрдің озығы мен тозығы бар. Мәселен, осы ата-әжеге қатысты бұрынғы мен қазіргіні салыстырайықшы. Бұрын ата-әже дегенде көз алдымызға бірден ауыл келетін. Атасының баласы болу – әке-шешеден ажырау емес еді. Өйткені ауылда үлкен үйде бәрі бірге тұрады немесе бір ауылда бір-біріне жақын өмір кешеді. Өкінішке қарай, ­ата-әжеге берілген баланың әке-шешесіне жат болып кеткен отбасылар бар. Бұл, әрине, дұрыс емес. Бала ата-анасын біліп, мейіріміне қанып өсуі керек. Ал қазір ата-әжелердің өзі қалада тұрып, жұмыс істейді. Кейде ата-әженің тәрбиесіне қарағанда өз әке-шешесінің тәрбиесінде өскені дұрыс болатын жағдай кездеседі. Олай дейтінім, қазіргі ата-әжелер Кеңес одағының азаматтары болды. Сол кездегі солақай саясаттың салдарынан, Ал балалары қазақылыққа жақын отбасылардың барын да жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан бұрынғы «атасының баласы» мен қазіргі «атасының баласының» айырмашылығы жер мен көктей.
Қазір менің балаларымның ата-әжесі ­Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Әлі де ғылымға қызмет етіп келеді. Алдағы уақытта оларды ортамызға алдырып, үлкен бір қара шаңырақ жасасақ дейміз. Қалаға жақын маңнан үй салып, аға-жеңгемді отырғызып қойсам, демалыста келіндер барып қызмет етіп, балалар ата-әжесінің жанында асыр салып ойнаса деп ойлаймын. Мереке күндері қонақ шақырып, қазан асылып, қара шаңырақта ән айтылып, домбыра тартылып, әңгіме ­таусылмай жатса деймін. Қазақтың нағыз қара шаңырағы сондай болу керек емес пе? Құдай қаласа, ол күнге де жетерміз. Ең бастысы,­ қазақтың ғылымына талмай еңбек сіңіріп жүрген ағамның амандығын тілеймін!

Жазып алған
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.