Тың көзқарас, жаңашыл ізденістер

Елдегі білім саласы жаңа өзгерістерге бет бұрды. Педагог мәртебесін көтеру, білім сапасын жақсарту, білім жүйесін оңтайландыру, ашықтық пен қолжетімділік мәселелері – бүгін Білім және ғылым министрлігі тарапынан үлкен қолдауға ие болып, кешенді жүзеге асырыла бастаған игі бастамалардың бірі. Мемлекет болашағы білімді ұрпақтың қолында десек, сол білімді ұрпақ тәрбиесі ұстаздардың, педагог мамандардың қолында. Осы тұрғыда Мемлекет­ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке үлкен міндеттер мен мақсаттар жүктеді.

Білім саласындағы бәсекелестік сапалы нәтижеге қол жеткізеді. Дамыған елдер қата­рына ұмтылып, өркениет көшінің алдында жүруді мақсат тұтатын мемлекеттің бұл тұрғыдағы жаңа белеске қарай бет бұруы да заңды. Бүгінгі тың бағдарламалар мен өзгеше оқыту әдістері әлемдік білім беру саласының озық тәжірибелеріне сүйенеді. Мұндағы түпкі мақсат білім мен ғылым саласын қайта түлетіп, бәсекеге қабілетті мамандар даярлап шығару. Өркениетті дамыған елдер қатарына қосылу да осы мақсаттарды жүзеге асыру барысында көрініс табады. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады». Бұл нағыз маман, сапалы ұрпақ, ­кемел тұлғаның ғана бағындыратын биігі. Қазіргі қазақстандық білім жүйесіндегі ізденістер де осы мұрат жолына жасалған қадамдар. ­Мектептен бастау алатын педагогикалық тәлім мен оқыту әдістемесі түбегейлі өзгерістерге бет бұрды. Орта кәсіптік білім, жоғары білім жүйелері ең алдымен студенттің тұлғалық қасиетін қалыптастырып, оның толыққанды, терең білімді азамат болып шығуына қызмет етеді. Осы жолдағы ізденістер елдегі білім саласына үлкен жаңалықтар әкелді.
Индустриялды-инновациялық жобалар, жүзеге асырылып біртіндеп тәжірибеге енгізіле бастаған білім берудің жаңа әдістері, студенттің бар әлеуетін ізденістер мен өзі қызығатын салаға арнауы сапалы білімнің ірге­тасы қалана бастауының дәлелі. Бүгінгі таңдағы студент пен мұғалім арасындағы еркіндік, шығармашылық байланыс, ортақ ізденістер одағының қалыптасуы білім саласындағы соңғы жылдардағы үздік жұмыстардың жемісі дер едім. Біздің практикамыздағы оқы­тудың дербес және топтық формадағы түрлері студенттің болашақ маман ретіндегі жауапкершілігін арттыратынын, кәсібилікке ұмтылатынын көрсетті.
Білім саласындағы жаңа ізденістер жалпы жүйеге тың көзқараста жазылған, бүгінгі талаптарға лайық оқулықтардың, көрнекілік құралдардың қажеттігін дәлелдеді. Осы үде жолында ғылымға араласып жүрген кәсіби мамандар мен жауапты тұлғалар оқулықтарды жаңа­лау процестерін бастап та кетті. Бұл тұр­ғыда біз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасын ерекше атар едік.
«…Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкін­дік жасаймыз. Жаңа мамандар ашық­тық, прагматизм мен бәсекелестікке қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады» дейді Н.Назарбаев. Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының жетекшілігімен аударылып, жарыққа шыққан құқық, философия, психология, журналистика, әдебиет, экономика, педагогика салаларына қатысты оқулықтар бүгін мемлекеттегі әртүрлі оқу орындарының баға жетпес қазынасына айнала бастады. Бұл оқулықтар ұстаздар мен студенттерге жаңа көкжиек ашты, тың көзқарас, тосын пікір, жаңашыл ізденістер ұсынды.
Бүгінгі ақпараттардың жаңа дәуірі білім саласының да ескі форматта қалуына, бір ­орнында тұралауына жол бермеді. Компьютерлік дәуір, ақпараттардың, технологияның, инновациялық ізденістердің біздің өмірімізге дендеп енуі елдегі оқу орындары арасындағы бәсекелестікті күшейтті, студенттерге сапалы білім таңдау құқығын берді. Осы тұрғыда, қазақстандық білім жүйесіне толықтай қайта құрылымдану, жаңа тәсілдерге көшу, тың бағдарламалар қабылдау секілді өзгерістер жасауға тура келді. Бұл ізденістер сапалы мамандарды даярлап шығарудың бірден-бір жолы екенін көрсетті.
«Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стан­­дарт­тар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек» деген ­Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы да министрлікке үлкен жауапкершілік артты. Тіпті соңғы ­кезде­суін­де Мемлекет бас­шысы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке білім беру бағдар­ламалары мен оқыту деңгейі заман талабына сай емес жоғары оқу орындарының лицен­зияларын қайтарып алу мәселесін де тапсырды. Мұндай талап елдегі білім беретін кез кел­ген оқу орны үшін үлкен сынақ іспетті. Бұл білім саласындағы бәсекені арттырып, оқу орын­дары арасындағы білім беру жүйесін жақсартатыны анық. Енді «жүзден жүйрік» оқу орындары ғана сапалы кадрлар даярлау көшінде оза шабады.

Анна Ахметова,
Жамбыл политехникалық жоғары
колледжінің оқытушысы
Тараз

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.