Заңғарға жанашыр болды

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Бала – адамның бауыр еті. Бұл өмірде нәрестенің кіршіксіз таза, періште көңіліне ештеңе жетпейді. Жүгіріп алдыңнан шығып, тәп-тәтті қылығымен тойдырып, маңдайынан бір иіскесеңіз сізден бақытты адам жоқ. Атам қазақ «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп бекер айтпаса керек. Отбасының көркін кіргізетін де – бала. 

Ата-әжелеріміз немере-шөбересін көргенде елжіреп, бар мейірімін тө­гетіні өз алдына бөлек дүние, оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. «Сенің табаныңа кірген тікен менің маң­дайыма кірсін» деп, сәл абыржып қалған баласын бауырына басатын ата-ананың махаббатында шек жоқ қой, сірә. Жаны қиналғанда қазекем: «Е, Алла, мені сынасаң да, баламен сынай көрме» деп жатады. Астарына үңілсеңіз, мәні тереңде жатыр.
Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Заңғарға көмек» атты қайырымдылық шарасы өтті. Ақ қан, лейкоз дертіне шалдыққан алматылық бес жасар Заңғар Мәуленұлының еміне қаржы жинау мақсатында өткізілген қайырымдылық кешіне Р.Рымбаева, М.Жүнісова, С.Медеуов, М.Базарбаев, Ж.Айжанова, Ж.Ысқақова, А.Керім­бекова, Н.Серікбаева, Ж.Аупбаев және т.б. елімізге белгілі өнер иелері қатысып, қолдау білдірді.
Заңғар Мәуленұлы бір жарым жыл бұрын арқасының ауырғанын айтып жиі шағымданған соң, ата-анасы дәрігерге қаратады. Ұзақ уақыт тексерістен соң ақ халатты абзал жандар лейкемия диагнозын қойып, Заңғар анасымен бірге Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орта­лығында сегіз ай ем қабылдайды. Көпке созылған химиятерапиядан соң жазылды деп үйге шыққанымен, араға үш ай салып, қайта ауыра бастаған. Жүру мүмкіндігі азайып, қайтадан жарты жылдай аталған орталықта ем қабылдаған. Бірақ нәтиже жоқ. Керісінше, ағзасының өзге мүшелері химиятерапиядан зақымдалып, отбасы қолындағы бар дүние-мүлкін сатып, жиналған 70 мың доллар қаржымен Оңтүстік Кореяға аттанады. Сеулдегі Asan Medical Center-де емін жалғастырып, ол жақта бүлдіршіннің жілік майын трансплантациялау отасын шұғыл түрде жасау қажеттігіне тоқталды. Өзінің 4 жастағы туған қарындасымен ағза жасушалары жүз пайыз сәйкес келгендіктен, қарындасы донор болады деп шешеді.
Диагноз қою, донормен сәйкестікті анықтау, алғашқы екі курстық химиялық тәсілмен емдеу сынды ем-домға төлеген соң, өздерімен алып барған қаржы жетпей, ал сеулдік дәрігерлер отаға шамамен 162 мың доллар қаржы қажеттігін айтады. Одан бөлек, отаға дейін және отадан кейін қабылдайтын химия және сәуле терапиясы, реабилитациясына қосымша қаражат тағы керек. Дәрігерлердің айтуынша, баланың дертінен айығуына 70% мүмкіндігі бар.
Бала үшін жанын салып, ты­ғы­рықтан шығуға тырысқан отбасы мүшелері өз күшімен қаржы жинауға кіріскен. Мұны естіген «Алматы» телеарнасының ұжымы ақпараттық қолдау білдіріп, қайырымдылық кешін ұйымдастырды. Біз «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Жалауқызын сөзге тартқан едік.
– «Алматы» телеарнасының жаңа­лықтар бөлімінде «Мерейлі мекен» айдары бар. Осы айдарды ашқалы бері мүмкіндіктері шектеулі азаматтар, ем-домға қажет көмек сұраған жандар және олардың ата-аналары көп хабарласады. Соның бір көрінісі – 5 жасар Заңғар Мәуленұлына көмек көрсетсеңіздер деп өтініш түсті. Кішкентай бүлдіршін жөнінде сюжет көрсетілді. Сюжетте кішкентай Заңғардың Алматы қаласында ем­делгенін, өкінішке қарай, ол ем-домнан жазылып кетудің орнына ішкі органдарына зақым келгендігін білдік. Қазір Оңтүстік Кореяда ота жасалуы қажет екен. Донорлыққа өзінің туған қарындасының органы сай келетіні белгілі болды. Қолымыздан келсе көмектесіп көрейік деген шешім шығарып, ақпараттық демеуші болдық. Қаржыны Заңғардың атына ашылған есепшотқа тікелей жіберуді құп көрдік. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов өтінішімізге қолдау көрсетіп, Студенттер сарайын тегін берді. Заңғардың еміне сәл болса да, қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек көрсете алсақ біздің шын ниетпен, шын жүрекпен атқарған ісіміздің ақталғаны ғой деп ойлаймын, – дейді Н.Жалауқызы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық кешіне арналған 1600 билеттің барлығы сатылған. Олар кеш барысында «Қайырымды жандар» еріктілер тобы көрерменге арналған жәшік қойып, жиналған қаражатқа үлесі қосқанын атап өтіп, к­онцертке қатысып, бүлдіршіннің өмірін сақтап қалуға ат салысқан ағайынға ризашылық білдірді. Әлде де кішкентай балапанымыздың үй іші мейірімді жандардың көмегіне зәру екенін еске салды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.