ТҮРКІТАНУШЫ

Алматыдан Амангүл жеңгей телефондайды.
– Ағаң жайында естелік жазамын деген едің?
…Мен үнсіз қаламын. Естелік жазамын дегенім рас. Әжібайдай әулиебейіл ­азамат, еңбегін бүгінгі ұрпақтан гөрі ертеңгі ұрпақ іздейтін, демек, елейтін тындырымды түрколог ғалым, сыйлас аға жайында жазғым келеді-ақ. Бірақ Әжібай тұлғасы асығыс толғаныс, жедел жаза салуды көтермейді. Кеңірек ойлануды, тереңірек толғануды тілейді. Оған жер тар. Не амал? «Жазамын. Жазамын, жеңгей! Жазғанда бар ғой, жақсы жазуым керек».
Әжібай Керімұлы ағаның аяулы жары Амангүл жеңгеймен арадағы әңгіме бір рет емес, бірнеше рет осындай уәдемен басталып, уәдемен жалғасып келеді. Шыным сол, Әжібай жайында жазу оңай емес. Себеп?
Әжібай ғылымды еріккеннің ермегі көрмеген жан. Ғылымда асығыстықты жаны қаламағаны тағы бар. Әжібай Керім өңгеміз қазақология төңірегінде малтып жүргенде ізденіс арнасын түркологиядан тартқан, талантын түреңге салған тәуекел­шіл тұлға! Асықпай еңбек етті. Тындырымды еңбек берді. «Алақай, мен мынадай еңбек бердім. Сендер неге көрмейсіңдер?» деп айғайлау да оған жат. Сырдарияның терең иіріміндей, үйіріліп ағып, әдемі ағыспен еңбек ете берді, еңбек ете берді.

Орта ғасырлардағы руханият ізіне түсіп алды да тереңдей берді, тереңдей берді.Шын ғылым айқай-шуды көтермейтінін ол білетін. Есесіне, өз төсіңді өзің ­сабалап айғайламасаң, түбіміз түрік, біз түріктің жұрағатымыз десең тұра қашатын айналаң сені ұмытуға дайын! Содан да Әжібай Керімұлының еткен еңбегі кезінде көзге көрінбеді, қаперге алынбады, ақырында ескерусіз қала берді. Ал өзі болса айғайшыл, ұраншыл – бүгіншіл қоғамға сыймай, көзтүрткіге ұшырады, көргені шетқақпай болды. Жә, қайда кетіп барамын, осы мен? Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайыншы!
…1973 жылы болса керек. Қазақ түркологиясы басында тұрған Бейсекең, қазақ филологиясын түркологияға апарып сабақтаймын деп тасыр қоғамның басыр «ғұламалары» тарапынан оққа байланып, дертті болып жүрген сырқат профессор Бейсембай Кенжебайұлы шақырып Мәскеуден атақты түрколог Әмір Нәжіп қара шаңырақ ҚазҰМУ-ға келіп лекция оқыды. Алғашқы күні зал толып-ақ қалып еді. Дәріс аяғына дейін тыңдаушылар қатары селдіреп, келесі күндері залда азғантай ғана қара отырды.­ Атақты ғалымның айтқанын түсініп жетпедік шамасы. Студенттерді қойшы. Тіпті Ұлттық университеттің профессор оқытушылары да қатыса қоймады. Бір ғана «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, профессор Бейсембай Кенжебайұлы ортадан төмендеу бойы бар, тығыншықтай татар кейіпті сары кісімен бірге келіп, бірге қайтып жүрді. Шамасы, студенттер түгілі профессор оқытушылар да «Өзім де қумын. Айдаса да Октябрьден әріге барман!» дейтін Тайыр Жароковтың (Жарықов) «принципін» ұстанамыз әсілі. Алтын Орда тарихында, Орта ғасырдағы түріктік руханиятта шаруамыз шамалы шамасы. Тек, Бейсекең дәрісінде ­айтып қалып тартынып, бауырына тартып жүрген шәкірттерін оңашалай әріге, тым әріге сілтеп әңгіме айтады. Бірін түсініп, бірін түсінбей біз жүреміз.
Мәскеулік ғалым үшінші күні ме, әйтеуір маған бұрылып: «Кешке үйге келерсің» деді. Деді де татар түстес Әмір Нәжіпті қолтығынан алып кері бұрылып жүріп кеті.
Кешкілік Алматының Төлебаев көшесі 154 үйдің 1-пәтерінің қоңырауын бастым. Үйде Бейсекең Әмір Нәжіппен әңгімелесіп отыр екен. Бейсекең мені жеңіл таныстырып өтті де, «Әмірдің әңгімесін тыңдауға шақырдым» деді маған.
Шамалыдан кейін есіктің қоңырауы қағылды. Жүгіріп барып есік аштым. Сұңғақ бойлы қалың қара шашты көзіл­дірікті жігіт кіріп келді. Жүзінде ­кешіктім-ау­ деген абдыраушылық бар. Әмір Нәжіп «Кел, кел, Әжібай!» деді. Қатарға Әжекең келіп қосылды. Бір кеш әдемі әңгіме тыңдадық. Шәй іштік, ырысты қонақасы жедік. Бір тойдық. «Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны». Студентпіз ғой… Әжекең аспирант па, ізденуші ме? Әйтеуір даңқты түріктанушы Әмір Нәжіптің тонның ішкі бауындай жақсы көретін шәкірті екен. Әңгіме ауаны ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы Тәшкенттегі қазақ зиялылары, жалпы түріктік саясатшылар ­жайында өрбіді. Екі ақсақал аракідік күрсініп салып, көздеріне жас алып дегендей шерлі әңгіме өрбітті. Ол күнгі әңгіменің ауаны ала-бөтен.
Әжібай Керімұлымен алғаш осылай ­танысып едім. Арада біраз жыл үзіліс жүрді. Менің Әжекеңмен, Әжекеңнің менімен ісі болған жоқ. Кейін білсем, Ғылым Академиясында қызмет атқарыпты. Академик Ісмет Кеңесбаевтың жол көрсетуімен Мәскеуге барған. Әмір Нәжіптен тақырып алып, шөңкиіп отырып ғылым жасаған. Берікбай Сағындықов екеуі егіз қозыдай жүріп, даңғайыр түріктанушының мектебін қалыптастырыпты. Кейін келе ҚазҰМУ-ға қызметке ауысты. Бұл кезде де тым жиі араластық десек, артық болады-ау шамасы. Әжекең тұйық, тіпті бұйығы жан еді. Саяқтау жүрді. Елмен араласуы сақа жігіт кезінде еліне барып, Созақтан Амангүл есімді үріп ауызға салғандай қызға үйленіп қайтқан соң адым алды. Шаңырақ көтерген жылдардан адами бақыттың дәмін татты дер едім. Жар сүйді. Перзент көрді. Береген Құдайдың алаған сәті де болады. Өзі берген бір перзентті қыршынынан қиып қайтып бақилыққа алып қойғаны. Міне, осы кезде Жанғара Дәдебаев, Зинол Бисенғалиев дегендей достармен бірге Әжібай аға мен Амангүл жеңгейдің қасынан табылдық. Бар қазақша рәсімде академик Ісмет Кеңесбаев бізбен бірге болды. Жұмекең жеңгей екеуі қайғылы қара шаңырақ бұлтын сейілтісті. Әлі есімде: «Жас адамның баласы өле ме, тәйірі? Келін шыбын қонса бала көтеріп қойғалы тұр. Қайғыға берілмей, қызымыздың орнына ұл тілегімен ұмтылыңдар…» деп бастап жұбату әңгімелерін айтып отырар еді, марқұм. Орынды, орынсыз қысылтаяң жердің өзінде де әзілін қыстырып қоятын әдетімен.
Қарындасымыздың жылдық асын берер сәтте Амангүл жеңгей босанса бола ма, Құдай жарылқап. Тағы да төрде төбедей болып отырған Ісмекең әңгімені сыздықтатты. «Өзі табиғат дегенің қызық қой. Баламыз кеткен сәтте, тіпті сол күндері бере салған ғой мына баланы. Өздерің ойлап көріңдерші. Санаңдаршы. Есептеңдерші. Ал, мұндай бала данышпан болуы мүмкін…» Ісмекең әңгімешіл кісі еді, марқұм!
Қайғының орнын баса келген қуаныш Әжібай аға мен Амангүл жеңгемізді сергітті, қайыра бақыт бақшасына бастады. Бақытты еді аға-жеңгеміз!
1993 жылы Қазақ Ауыл шаруашылығы институтындағы қазақ тілі кафедрасының меңгерушілігіне шақырылды. Ауыл шаруашылығы институты Әжекеңе қол бола қоймады. Өйткені, Әжекең Орта ғасыр жазба жәдігерліктерін зерттеп, кандидаттық диссертация қорғаған ғалым. Ол кісінің дәрісін Ұлттық университет студенттерінің өзі байыбына барып түсіне қоймас еді. Енді келіп Ауыл шаруашылығы университетіне ойыса еңбектеніп, дәріс оқығанда оны аудитория қайдан түсінсін?! Бұрын түркология ғылымының өрісі тар болушы еді ғой. Сол тар өрістілік зардабын табиғатында үлкен түрколог Әжекең тартудайын тартты. Ғылыми ізденісі тоқтады десе де болады.
ХХ ғасырдың 90-шы жылдары жәдігер шаһар – туған жеріміз Түркістанда ­алдымен «Түркістан университеті» ашылды. Араға жыл салып университет халықаралық қазақ-түрік ортақ жоғары оқу орнына айналды. Түрк республикасы Ататүрк аманатын ескеріп, қиын жылдары осы ортақ оқу орны арқылы Қазақстанға жақсы-ақ көмектесті. ­Мекемтас Мырзахметовтің шақыруымен Алматыдан Түркістанға жылысып, аталмыш оқу орнына жайғастым. Кадр ­керек. Ауылдық жерден ашылған оқу орнын Алматы менсіне қоймайды. Әсіресе жетелі оқымыстылар болса, шіркін! Арманның асқақтығы. Ұлы ғалым Рәбиға Сыздықованы, аға тұтар Әжібай Керімұлын, курстас досым профессор Жанғара Дәдебаевты, кандидаттық диссертацияны Мәскеуде қорғап, бірақ жеке бас мінезінен (жүрісінен) ҚазМУ-дан ығысып қалған журналист Сейдолла Садықовты қызметке шақырдым. ­Басында «мақұл» болған Жанғара кейін Алматыдағы салқын үй, салулы төсекті қимады да айнып қалды. Қалған екеуі Түркістанға келіп, қатарға тұра қалып қызметке кірісіп-ақ кетті. Аға-інілі арамыз қайыра жақындап, жиі көрісіп, күніге, күнәра дидар-ғанибет жағдайында жүрдік.
Шәкір Ыбыраев, Мекемтас ­Мырзахметов, Әжібай Керімұлы сынды түркологтардың арқасында Түркістан – түркологиялық орталыққа айнала ­бастады. Әрине, университеттің қосшысынан басшысына дейін өсе қызмет атқарған біздің де ықпалымыз болып жатты. Екі жылда бір рет «Халықаралық түрколо­гиялық конференция» өткізуді дәстүрге айналдырдық. Конференцияға алыс-жақын шет елдерден небір түркологтар келер еді. Раихл (Алмания), Иванов (Москва), Альберт Берта (Чехия), Миңнегулов (Татарстан), Ювалы (Түркие), Идельбаев (Башқұртстан), Бутанаев (Хакасия), Қызыласов (Алтай), Баха­дырова(Қарақалпақстан) секілді көптеген түркологтармен конференция барысында танысып, жақын араласып кеткен кезіміз бар. Соның қайсысында да Әжекеңді алға ұстауға тырысатын едім. Өйткені, Әжібай Керімұлы ХІ-ХІV ғасырларда араб әрпімен жазылған жәдігерліктердің зерттелу тарихын, жазылған дәуірі, туған орны, уақыты, авторы, тілдік негізі жайында танып, біліп зерттеген шынайы түрколог. Сырт ел түркологтарымен таныстырған сәтімде Әжекең көне ескерткіштердің тілдік стихиясын айтып, оларды таңғалдырып жүрді. Еліне оралған соң олар өздерінің еңбектерін Әжекеңе ыстық сәлеммен жолдап жатар еді. Асыл ағаның түркологиядағы абыройына біз марқайып қарар едік, шіркін!
Расында да Әжібай Керімұлы маман түрколог болатын. Ұстазы – атақты Әмір Нәжіп. Ұстазының тәлімін алу үшін Мәскеуге көбірек шапқылады. Үйінде жиі болып жүрді. «Қашан барсам, Әмір аға шағын пәтердің түкпірінде жазу жазып отырар еді, – деп еске алатын. – Жары қарсы алады екен (Жас шағында Жәмилә есімді қазақ қызына үйленген. Одан бір баласы бар. Мәскеуге барған соң орыс қызына үйленіпті). Қарсы алып тұрып айтады екен: «Ағаларың ана кабинетінде әрі қарап отыр. Ағаларыңның желкесін ғана көріп келе жатқаныма 50 жыл» деп. Шамасы ерінің ғылымға берілгендігін айтқаны.Әжібай аға, кейде бір өзі, кейде Берікбай Сағындықов екеуі арғы тегі қазандық, өзі қазақ жерінде Бақтыда туған (бүгінде Қытай жерінде қалды) – ғылым әлемінің ғажайып фанаты – Әмір Нәжіппен әңгімелесіп, жазған-сызған еңбектерін көрсетіп қайта кітапханаға тартады екен.
Екеуі де жақсы ғылым жасады. Әжекең Орта ғасырлардағы, әсіресе Алтын Орда дәуірінің жәдігерлерінің тілін зерттеді. Онда да сөзжасам мәселесімен көбірек айналысты. Сөзжасам тарихи категория. Байырғы жазба ескерткіштердің тіліндегі түбірді танып, оны бүгінгі түрік тілдерінен тауып алып тіл эволюциясын қарастыру инемен құдық қазғандай екені рас. Иә, Әжекең инемен құдық қазған ғалым.
Әжекеңнің кандидаттық диссертациясын керек қылған қазақты көрген жоқпын. Ол Түркістанға қызметке ауысқанға дейін кандидаттық диссертациясын кітап етіп шығара алған жоқ. Бейсембай Кенжебайұлы синдромы! Тіпті өз ұстазы Әмір Нәжіп те көптеген еңбектерін жарыққа шығара алмай, ақыр аяғы Әбдуәли Қайдарға аманаттап кеткені мәлім. Жалма-жан қолқабыс жасауға университетте (А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті) бірінші басшы емеспін. Бірінші басшы Президент аталады.Университет жұмыс істеп келе жатқалы отыз жыл. Бірақ «Бұл университет Түркиемен ынтымақта ашылған, күллі түрік жұрағатын оқытатын оқу орны. Мақсатына қарағанда түркологиялық бағытта дамыса жарасар еді. Ол үшін бір түрколог басшы болсыншы» деген ҚР Президентінен қатардағы Пендесіне дейін бірде-бір адамды көрген емеспін. Ылғи да осы отыз жылда «дорбасын» арқалап барып, ­Президент алдына жығылып барып ХҚТУ президенті болып шыға келеді. Химик, медик, экономист, химик, математик, биолог… Міне, ХҚТУ президенттері диаграмасы. Мен бірінші вице-президентпін. Менің қолымда ештеңе тұрған жоқ. Түркологияның жағдайын ойлап жатқан ХҚТУ президентін көрмегеніме иманым кәміл.
Осындай қиыншылықпен жүріп университет баспасынан Әжібай Керімұлының кандидаттық диссертациясын кітап етіп шығарып бердім. Томаға-тұйық Әжекең балаша қуанды. Адамға қуаныш сыйлау, қуаныш сыйлаудан бақыт табу ұмытылған заманда «менің де қолымнан бірдеңе келді-ау…» деп мен де шаттандым. Әрі қарай университет баспасынан (Тұран) «Түрктану кітапханасын» ашпақ болып қиялға кіріп кеттім. Әмір Нәжіп, Рәбиға Сыздықова, Өмірзақ Айтбайұлы кітаптарын осы сериямен басшылықпен бірде түсінісіп, бірде тартысып жүріп жарыққа шығардым. Әжекеңе шәкірт тәрбиелеңіз деп өтіндім. Тәрбиеледі. Түркістанда Әжекеңнің шәкірттері бар.
Кітабы жарыққа шыққан соң Әжекең қолына қайта қалам алды. Осы тұста өзара ақылдасып, мәскеулік қандас түрколог Әмір Нәжіптің кітаптарын серия етіп шығаруды ойластық. Әжекең құмбыл. Іске кірісті. Дайындады. Алғысөз жазып Әмір Нәжіптің түркологиялық кітаптарын бірінен кейін бірін дегендей жарыққа шығарып жаттық. Еңбектің сүбелі бөлігі шәкірті Әжібай Керімұлынікі! Ол кісінің ұстазға құрметі бөлек еді. Біз осы жүйемен ұлы ұстаздың «Регионы и этапы формирования тюркских письменных языков и литератур» (Тұран 2007 ж.) секілді кітаптарын жарыққа шығардық. «Выдающийся тюрколог ХХ века» деп атап, алғысөз жаздым. Құнды еңбекті Татарстан, Башқұртстан, Хакасия, Алтай, Якутия… дегендей бірсыпыра жерге ұзата тараттық та. Әмір Нәжіптің еңбектерін өндіріске дайындау азаптың азабы. Одан өз еңбегіңді жазған артық. Мәтін арасында араб, латын, орыс, қазақ тілдері аралас жүреді. Мұндай мәтінді туындыгер қолжазбасынан айнытпай өндіріске дайындау қайдан оңай болсын?! Үлкен қайрат көрсеткен ғалым тағы да Әжекең.Ұстазына адал еді. Адалдығы ғой, «Әмір ағай кітапханасын Академияның Тіл білімі институтына жіберіп еді. Арнайы бөлме бөліп едік. Байқаймын, соңғы кездері кітапхана қолды болды» деп мұңайып қалып жүрді. «Егемен Қазақстан» газеті бетінде «Қайда екен, сол қымбат қазына?» деген тақырыппен академик Әбдуәли Қайдарға хат жаздым. Әжекеңе қарата, «Сізді ғылымға бастаған Ісмет Кеңесбаев, Әмір Нәжіп, Катанов жайында мақала жазсаңызшы» деп қолқаладым. Оған себеп бір жағы көзкөргендік. Екіншіден, Түркістанда «Түріктану кітапханасын» қалыптастыруды ойладым. Бұл әрі Түркістанда ұйымдастырған «Түрік тілдес халықтар кітапханасы» үшін де керекті іс. Әжекең аталған түркологтардың шығармашылық портретін жазды. Айта қалғандай жақсы, тиянақты жасады. Сөйтіп, Әжекең жетекшілігімен Әмір Нәжіптей көзкөрген ұлы түрколог бағын жандырысқан сәттеріміз де бар. Бұл күнде мынау жарық жалғанда екеуі де жоқ. Рухы шат болсын, марқұмдардың!
Түркістан жылдары Әжекең үшін табысты жылдар болды ғой деп ойлаймын. Бір өкініші, мұнда химик (математигін қоса айтқанда) президенттер Әжекең қадіріне жетпеді. Әрине, гәп Әжекеңде де емес. Гәп түркологияның бағаланбайтынында. Түркологияның қадіріне кім жеткен, тәйірі?! Түркология қадірленбеген соң химик президенттер түрколог Әжібай Керімұлын не істесін?! Түркиелік ағайындар да қызық, олар түркология – түрік тілі мен әдебиеті деп ұғады. Ол жақтан да бір шолақ белсенділер келеді басшы болып. Екі жақтың дымсызбастары қосылып екі дәулеттің Оқу орнын дамытуға бөлетін қаржысына «ынтымақтасып» қол салады…
Ий, айта берсек Әжібай Керімұлы жайындағы әңгімеміз қазақ қоғамындағы 30 жылдық берекесіздікке барып тіреледі.
Әжекеңнің Түркістанда қалдырған ізіне сенімді болдым. Өзі де сенген шығар.
Демалысқа шығып, көңілі жайлана бастағанда сырқат жабысты. Перзенттері Түркиеге дейін апарып емдетті. Ота ­жасады. ­Тағы да, тағы да… Ақыры айналдырған ауру алып тынды.
Қазақта артын күзету ұғымы бар. Амангүл жеңгеміз ағаның артын күзетудейін күзетті. Жанарын жасқа шылап жүріп Әжекеңнің бар жазған-сызған еңбегін жинақтап «Туған тіл: өткені мен бүгіні» (Орта ғасыр жазба ескерткіштері және қазақ тілі)» (2019) аталатын көлемді кітап етіп шығарды. Бұрынғы жазбалар. Міне, ақтарып қарап отырмын. Бұрын оқыған дүниелер. ­Авторсыз қайта оқығанда ойыңа әрқилы жағдаяттар түседі, түрлі әсерде боласың. Ғалым еңбегі сапалы. «Мұхаббат наме» ескерткішіндегі қазақ тіліне қатысты кей элементтер жайында…», «Иассауй мұрасының зерттелу тарихынан», «Сүлеймен Бақырғани мұраларының зерттелуі», «Дивану луғат ат-түрк», «Алтын Орда аймағында жазылған ескерткіштер», «Құдатғу білік» жәдігерінің зерттелуі мен тілі туралы қысқаша мағлұматтар», «Наһжул-Фарадис» жәдігерінің зерттелуі мен тілі туралы қысқаша мағлұматтар», «Ғасырлардан жеткен сөз», «Ғибраты мол сөздер»…
Атының өзіне қараңыз. Бізде көп зерттеле қоймаған кезең жайында, ділгір мәселелер хақында. Сыйлас аға, қимас ағаның еңбегін қайыра оқып, ризалық сезімде отырмын. Бағасын бере салуға сәл тартынамын. Өйткені көне ескерткіштер жайында білімім аздау соғады-ау деп қорқа соғамын… Шын бағасын келешек ұрпақ берер!

Құлбек ЕРГӨБЕК,
жазушы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.