Тіл қадірі қайтсе артады?

Алаш арыстары ең бірінші саяси-әлеуметтік бостандықтың бастауы ретінде ана тіліміздің азаттығы үшін күреске баса назар аударғаны мәлім. 1905 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы қадамында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қазақ тіліне бостандық берілуін көтеруі тектен-тек емес. 1989 жылдың 22 қыркүйегінде еліміздің тарихында тұңғыш рет «Тіл туралы» заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ал, тәуелсіздік орнағаннан кейін, 1995 жылы Конституция қабылданған соң өмірге келген 1997 жылғы «Тіл туралы» заңы да бекітілгені белгілі.

Содан бергі жиырма екі жылда­ мемлекеттік тілді қоғамдық өмірде дамыту және қолдану бағы­тында елеулі жұмыстар ­жү­зеге асты. Бұрын қасаң тартқан мем­лекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдары қазақ тілі төңірегінде оң өзгеріске бет бұрды. Білім, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, экономика, ғылым, саясат, қорғаныс салаларында да елеулі өзгеріс ­бай­қалды. Білім беру жүйесінде қазақ мектептерінің саны артты.
Алайда, қайта құрудан бастал­ған тіл үшін күрес, ұлттық рухтың қарқыны егемендікке жету мен тәуелсіздік алудан әрі өрісті ­дамытылмады. Елімізде белсенді құрылған және көп істерге ұйытқы болған «Қазақ тілі» қоғамдары көп ұзамай жаппай ұйқыға кетті. Ең өкініштісі, 1995 жылғы Ата Заңның 7-бабындағы «1. Қазақстан ­Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі», сондай-ақ 1997 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңындағы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қо­ғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемле­кеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі» деген құқықтық нормалар өз дәрежесінде жұмыс істемей келеді.
Осы арада өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы қазақ зиялыларының қайсар мінезі еске түседі. Белгілі композитор Е.Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты өмірбаяндық кітабында Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтың өз кабинетінде өткізген бір мәжілісін мысалға келтіреді: «Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич (қарағандылық Орлов) орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жат­қанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтың қара көздері ұшқындап кетті. Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырыс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас! Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егер де мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемексіз бе?» дейді.
Бұл осыдан сексен жылдан астам уақыт бұрын қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы конституциялық қағида да, заң да жоқ болғанымен ұлттық рухы күшті Алаш ардақтыларының ашық әрекеті болатын. Оларға мемлекет иесі қазақтың өзі тұратын кеңістікте ана тілі үстем болуға тиіс деген көзқарас ортақ еді.
Тарихқа сәл шегініс жасай ой қозғасақ, республикадағы ана тілдік кеңістікте қаншама қай­шылықты жағдайларға әкелген 1938 жылғы 13 наурызда БКП (б) Орталық Комитеті мен КСРО Халық Ко­мис­сариатының «Ұлттық республикалар мен облыс­тардағы мектептерде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулы қабылданғаннан сексен жыл­дан астам уақыт өтсе де, сол кездегі кейбір жағдайды бүгін де қайталап отырмыз. Мәс­кеуде қабылданған қаулыға бір ай да толмай жатып, яғни 5 сәуірде Қазақстан КП (б) Орталық Ко­митеті мен ҚССР Халық Комиссариаты кеңесі жоғары ор­ган­дардың шешіміне сәйкес кешенді іс-шара қабылдағанда сол кездегі өзіміздің ұсыныста­рымыздың ішінде ­жаратылыстану пәндерін орысша оқыту туралы да пікір ­болып еді. Бірақ мұның теріс шара екендігі көп ұзамай дәлелденіп, ұсыныс пайдаға аспай қалған болатын. Біз әуелі жаратылыс­тану бағытындағы төрт пәнді ағылшынша оқытамыз деп ­дауыстап едік, кейін сәл шегініс жасадық. Осының өзі арада сексен жыл өтсе де, біздің ұлттық санамызда сапалы өзгерістің бола қоймағандығын байқатады.
Қазіргі ана тіліміздің алға жылжи­ алмай отырға­нының бірнеше әлеуметтік себептері бар. Бі­ріншіден, қоғамымызда ұлттық тілді қалыптастыратын әлеу­меттік орта әлі жетімсіз, әлсіз, тіпті жоқтың қасы. Дәстүрлі отбасы бұзылып, нағыз тәлім-тәрбие алатын әлеуметтік ортаның жүдеулігінен ұл-қыздарымыз өз ана тілінде еркін сөйлеуге мүмкіндік ала алмай отыр. Екіншіден, ұлттық құндылықтарымызды ғасырдан-ғасырға жалғастырушы, ұрпағымыздың тәлім-тәрбиесінің тағдыры тапсырылған аналарымыз, әсіресе кешегі кеңестік кезеңнің белсенділері болған, бүгінгі әжелер мен жас аналар өз тілінде сөйлей бермейді. Тіпті, қазір «қазақ мектептері латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшеді» дегенге қатты үрейленген жас ата-аналар балаларын орыс мектептеріне бере бастады.
Үшіншіден, бүгінгі жастарымыз қазақтілді хабарларды сирек көреді, қазақтілді кітап, басылымдарды оқи бермейді. Олардың күнделікті қарым-қатынас құралы көбіне орыс тілі, пайдаланатындары өзге тілдердегі түрлі техникалық және ойын құралдары болып келеді.
Осыған орай, өзіндік ұсыныс-пікірлерімді білдіргенді жөн көріп отырмын:
Біріншіден, Қазақ елінің жас ұрпағы балабақшада, мектепалды даярлық топтарында, бастауыш мектепте білім мен тәрбиені тұла бойына ана сүтімен сіңген тек қана қазақ тілінде алуы қажет. Таяу және алыс шет мемлекеттердің тілдерін 5-6 кластан бастап үйренсе де меңгеріп кете алады. Себебі қазақ халқының жас өрені тілді меңгеруде дарынды, қабілетті, ­талантты екендігі дәлелденген. Мемлекет­ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында «мектептерде ағылшын тілін оқытуды 5-кластан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын» деген пікірі өте дәл әрі уақытында айтылды.
Екіншіден, 2019 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің жоғары кластарындағы физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады деген «дүрбелең» сәл-пәл саябырсыды. Дегенмен, биылғы оқу жылынан бастап осы пәндердің біреуі ата-ана­лар­дың келісімімен, әрі мектеп әкім­ші­лігінің шешімімен ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Егер осылай болса, пәнге қатысты ең басты ұғымдар мен түсініктерді ғана ағылшын тілінде беріп, негізгі тақырып мазмұны қазақ тілінде түсіндірілуі керек.
Үшіншіден, қазір жоғары оқу орындарында көптілді топтар (полиязычные группы) ашылып, осы топтарда білім алатын студенттерге негізгі пәндерден дәрістер мен практикалық сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түсіндіріліп жүр. Өзіндік пікірім бойынша, үш тілде бір мезгілде оқыту студенттерге күрделі лингво-психологиялық ахуал қалып­тастырады және ағылшын тілін барлық негізгі пәндерге «тықпалай» беру қисынсыз деп санаймын. Сондықтан, болашақ педагог мамандарға жекелеген пәндерді оқыту әдістемесі ғана (мысалы: физиканы оқыту әдістемесі) орыс немесе ағылшын тілінде жүргізілсе тиімді болады.
Тақырыпқа тобықтай түйін: Егер отбасындағы тәрбиенің негізі, темірқазығы ата-ана өз тілінде сөйлеген жағдайда бала орыс мектебінде оқыса да, өз тілін білетін болады. Ал ата-ана өз тілінде сөйлемесе, баласы ­ата-анасының тілінде ешуақытта сөйлемейді. Бұл – аса өткір мәселе. Себебі өз тілін білу – мәдениеттің бастауы. Бірнеше тілде сөйлеу әркез мәдениеттің көрсеткіші бола алмайды. Әрбір ұлт өкілінің мәдениетке барар жолы өзінің ана тілінен басталуы қажет. Сондықтан да, отбасында баланың ана тілінің рухын түсінетін, оны өз тілінде сөйлей, оқи және жаза алатын деңгейге жеткізу – әрқай­сымыздың Азаматтық парызымыз!

Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік
университетінің доценті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.