ЛАТЫН ӘЛІПБИІ және ЖАЗУ КЕМЕЛДІГІ

Тіл – әр елдің тарихи шежіресі. Кез келген халықтың, елдің тілінде – ең бірінші оның тарихы, мәдениеті, рухани құндылықтары, дүниетанымы көрініс табады. Өйткені талай-талай замандардан осылардың барлығының шашауын шығармай бүгінгі күнге жеткізіп отырған ұйытқы – ол біздің тіліміз. Тілдің қасиеті де, қадірі де сонда.
Тіл – адам баласын қазіргі парасаттылық пен өркениетке жеткізген ұлы да бірегей туынды. Осы себептерден де сөйлеу мәдениетіне жетілу, тілді дұрыс та тиімді және шебер де тартымды пайдалана білу талабы көне замандардың өзінде-ақ басталған. Қоғамның мәдени дәрежесін көтеру бағытындағы әрбір қадам, алдымен тіл мәдениетін, жазу, сөйлеу өнерін дұрыс жолға қою, оны үздіксіз жетілдіре беру талабынан басталып отырғанын ғалымдар дәлелдеген. Әрбір елдің мемлекет болып қалыптасып, әлемдік аренада мығым орнығуы үшін аса қажет 3 негізгі тірегі бар. Ол – ұлт, тіл және мәдениет. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарынан бері қазақ халқының тілін, ділін, мәдениетін дәстүрін қайта жаңғыртып, оның ұлттық рухын тірілтіп, жандандыру­ жұмыстары қызу жүргізілді. Қазіргі гүлденген зайырлы мемлекетіміздің жетістіктері – Елбасымыздың сарабдал с­аяси реформаларының нәтижесі демекпін.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, тіл мәселесін басты назарда ұстап, оған мемлекеттік статус беріп, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, мерейін асыруға көп еңбегін сіңірді. «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі» дей отырып, қазақ жерін өзінің тарихи отаны ретінде қабылдаған өзге ұлт өкілдерінің тіліне, діліне, дініне деген құрметпен қарауды, халықаралық ынтымақтастықты, бірлікті қолдап, өзінің көреген саясаткер, танымды көсем екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қазіргі жаңа заман серпіні адамзатты «жазу», «графика» дәуіріне жетелеуде. Түрлі заманауи техника мен технологияның, инновацияның шарықтап өркендеуі – заңды құбылыс. Осы цифрлық, графикалық дәуір өткелінде ұлттық, мемлекеттік тілімізді сақтап, сол тіл арқылы сан ғасыр тоғысында тарихымызды, мәдениетімізді, ұлтымызды, мемлекетімізді нығайтып, оны тарих беттерінде шежіре қып таңбалағымыз келсе – латын графикасына өтуіміз өте орынды реформа. Оны жүзеге асыру – «Мәңгілік ел» ретінде, рухы биік мемлекет ретінде даму үдерісінің негізгі сатысы болып табылады. Еліміздің тарихына көз жүгіртсек, жазу реформасы қазақ елі үшін тың құбылыс емес екендігін білеміз. Қазақтың алғаш зиялылар қауымы «Алашшылардың» бұдан бұрын салып кеткен сара жолы. Реформаны қайта жаңғыртып, жандандыру – ұлттық мүддемізбен қайта қауышуды білдіреді.
2017 жылдың 12 сәуірінде Елбасымыз «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала­сында Қазақстанның 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшетіндігін мәлімдеген болатын. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз мақаласында тіліміздің тарихын тереңнен толғай келе, «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп келешекті мақсаттың түпкі негізін айқындап берді.
Қазіргі дәуір – ол жазу заманы, латын графикасын енгізіп отырған елдердің әліпбиінде әріп саны тілдегі фонемадан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі екені анық. ­Сонымен қатар, бұл саясат ақпараттық кеңістік үдемелі түрде дамып отырған заман талабымен бірге алға ілгерілеуді, ғылым мен инновацияда алдыңғы қатарлы озық тәжірибелі елдер қатарына қосылу мақсатын көздейді.
Менің ойымша, бүгінгі күннің өзекті мәселесі «Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезеңді өтуі» жобасының әрбір оқу орнында (мектепте, орта кәсіптік оқу орындарында, жоғары оқу орындарында) 2017-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары болғаны дұрыс. Себебі латын графикасына біртіндеп өту бағытындағы жұмыстар – халықты бейімдеу кезеңдерінен бастап, толыққанды латынға өту сатысына дейін, шикіліксіз, толыққанды әрі жүйелі түрде атқарылуы тиіс.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» бағдарламасын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа ала отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, қоғамның зиялы өкілдерінің, жастардың, мемлекеттік қызметкерлердің жеке көзқарастарын білу және мониторинг жүргізу мақсатында анкеталық сұрақтар, тесттер өткізу, қазақ тілінің тарихын, тілтанушы ғалым А.Байтұрсынұлы еңбектері жөніндегі мәліметтер бойынша дәрістер жүргізу, латын графикасының тиімділігі мен артықшылығы жөнінде түсінік жұмыстары сияқты бейім­дендіру іс-әрекеттерінен бастап, күрделі қызмет түрлеріне: латын графикасында сауат ашу, грамматикалық сауаттылық негіздерін үйретуге қарай сатылы түрде жүргізілгені тиімді.
Бұл жобаға қатысты атқарылатын жұмыстың нақты кезеңдерін анықтап, оларды жоғары оқу орындарында төмендегідей үлгіде жүргізуге болады: І кезең – «Бейімдендіру». Елбасы өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деген болатын, осыған байланысты бұл жоба жүйелі, кезеңді түрде іске асуы тиіс. Сол себепті де, ең алғашқы этап ол бейімдендіру кезеңі. Бұл кезеңде әрбір оқу орны өз ұжымын осы реформаға және оның өзекті мәселелеріне қатысты негізгі ақпараттармен қамтып, жаңа мәліметтер мен материалдармен таныстырып, жаңа процеске бейімдеу жұмыстарын жүргізуі керек деп ойлаймын. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050»­­ бағдарламасын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшы­лыққа ала отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, студенттердің жеке көзқарастарын білу, анкеталық сұрақтар беру, қазақ тілінің тарихын, тілтанушы ғалым А.Байтұрсынұлы еңбектері жөніндегі мәліметтер бойынша қысқартылған дәрістер өткізу, латын графикасының тиімділігі мен артықшылығы жөнінде түсінік жұмыстарын қолға алу, «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында немесе басқа тақырыптарда жарыссөз, дебаттар жасау және т.б.
ІІ кезеңді – Латын графикасы бойынша қайта сауаттандыру деп алып отырмыз. Бұл кезең – латын әліпбиіне кезеңді көшу жобасына байланысты жұмыстарды сатылы түрде жүзеге асыра бастау, латын графикасы бойынша­ сауаттандыруға көшу. Бұл кезеңде мынадай жұмыстардың атқарылғаны жөн: ЖОО (институт) латын әліпбиінде сауат ашу әдістемелік құралдарын құрастырып, бағдарламалар мен жоспарлар құру, латын әліпбиін үйренетін, және латын графикасында қазақша жазуға үйрететін курс ұйымдастыру. Ол курс мынадай жұмыстарды қамтитын болады:
1. Ресми түрде белгіленген Латын әліпбиін үйрету;
2. Латын графикасы арқылы қазақша мәтіндерді жазуға машықтану;
3. Қазақша мәтіндерді латын графикасында оқу сауаттылығын дамыту;
4. Кириллицада жазылған мәтіндерді латын графикасымен таңбалап көшіру дағдысын дамыту.
ІІІ кезең – Оқу-әдістемелік құралдар қорын жасақтау. Бұл кезең үдерісті тұрақтандыру кезеңіндегі жұмыстарды қамтиды:
– мониторинг жүргізу мақсатында оқыту­шылар мен студенттер арасында тесттер жүргізу;
– кафедралардағы ОӘК мен Sillabus-ды ­латын қарпіне көшіру жұмыстарын бастау;
– институттың латын графикасында теріл­ген құрылымдық құжаттарының қорын/базасын жасақтау.
– жеделдетілген сауаттылық курстарын жүргізу.
ІV кезең – Құзыреттілікті қалыптастыру және дамыту кезеңі. ЖОО базасында түрлі құзыреттіліктерді қамтитын іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу. Мысалы: тарихи­ шолу; тіл тарихына байланысты көрме, дөңгелек үселдер, конференциялар ұйымдастыру; сауаттылықты анықтау арттыру мақсатында екі ай сайын диктант, тесттер өткізу; тілдер жәрмеңкесін ұйымдастыру; институттың электронды кітапхана қорын жаңғырту.
Дүниежүзінде орын алып жатқан өзгерістер, Қазақстанның білім саласындағы рефор­маларының, тіл саясатының, білім мазмұнының уақыт талабына сай болып, күнделікті өмірдегі қажеттіліктерді өтеуге бет бұруын міндеттейді.
Қазіргі уақытта коммуникативтік біліктілік, тілдесім, ойын еркін жеткізумен бірге, топтар арасында өзін-өзі ұстай білу, ақпаратпен жұмыс істеу, компьютерленген техника мен бірнеше тіл меңгеру қай елде болмасын басты талапқа айналып отыр. Сол талаптарға сәйкес алға ілгерілеудің, ұлтаралық, мәдениетаралық қарым-қатынасты орнатып, оны дамытудың бірден-бір жолы – қазақ жазуын, тілін латын графикасына көшіру.
Бұл реформа, біріншіден, ғаламдық ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тіліміздің еніп орнығуы мен сақталуының кепілі. Екіншіден, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін меңгертуге жол ашады.Үшіншіден, әлемдік аренада зайырлы мемлекетіміздің ұлттық тілінің, мәдениетінің өркендеуіне әкелер жол. Бүгінгі жаңа заманауи талапқа тіл реформасын сәйкестендіріп, күшейту – «Мәңгілік ел» идеологиясын толыққанды жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер береді. Ұсынылып отырған әдістемелік жұмыстар қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесінің теориялық аспектісін қамтып қана қоймай, жоба арқылы қамтылатын бірыңғай жұмыстар жүйесін ұсынуы қажет. Жұмыстар жүйесі латын әліпбиіне сатылы көшуді қамтамасыз етеді.
Осы ретте тілдің тарихына назар аудармау мүмкін емес. Қазақ тілінің тарихы ­сонау ертеден бастау алады. Тіліміз көне түркі тілінің қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Қазақ жазуы ғасырлар тоғысында бірнеше рет өзгеріске ұшырап отырды. 1929 жылдарға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылса, 20 ғасыр басында ағартушы А.Байтұрсынов ­бастауымен араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылды.
1929-1940 жылдар арасында латын графикасы қолданылса, 1940 жылдан соң кирилл әліпбиі енгізіліп қазірге дейін қолданылуда. Яғни көріп отырғанымыздай, латын графикасын қолдану тәжірибесі біздің ел тарихында болған, және мұрағат материалдарына сүйенсек, латын графикасында басылып шыққан ғылыми еңбектер мен шығармалар қоры қазақтың белгілі ағартушылары, «Алаш» қозғалысының белсенділері арқасында сақталынған болатын.
Ақпараттық кеңістік – ақпарат туындайтын, орын ауыстыратын және қолданылатын кеңістік. Ақпарат тасқынының бағыты мен жыл­дамдығы, оны қолдану және құру амалдары акпараттық кеңістік құрылымын анықтай­ды. Бұл кеңістіктің құрылымы ғылым, БАҚ, білім беру кіретін қоғамның ақпараттық инфра­құ­ры­лымын көрсетеді. Ұғымды В.И.Костюк енгізген.
Демек, біздің латын графикасына көшуіміз – біздің алғашқы қазақ зиялыларының салған сара жолына қайта оралу деген сөз. Тіліміздің келешегіне қарқынды дамыған заман сарынына­ қарай бір мықты серпін беру. Бұл шешім –техникалық инновациялық мүмкіндіктері шарықтаған әлемдік ақпараттық кеңістікке еліміздің еркін енуіне кепіл болмақ.
Сөз соңында айтарым, латын графикасына өту – біз үшін аса қиындық тудыра қоймайды. Олай ойлауымыздың себебі, біріншіден жоғарыда айтып кеткеніміздей бұл біздің тарихымызда орын алған тәжірибе, екіншіден, біз латын графикасымен таныспыз, жастарымыздың көп бөлігі ағылшын тілін жақсы меңгерген, оларға таныс заманауи техниканың атауларынан бастап, әлемдік брендтер барлығы латын графикасымен таңбаланған.
Бұл жерде аса қатты көңіл бөлетін мәселе ол тіл меңгерудегі грамматикалық сауаттылық пен жазудың емлесі. Тіл үйренуші қазақ тіліне тән ә, ө, қ, ғ сияқты дыбыстардың латын ­графикасында таңбалануын ұғынып кетсе, латын графикасында жазу аса қатты қиындық тудыра қоймайды.
Тіл маманы ретінде оқушылар, студент­тер арасында көп кездесетін н, ң, к, қ ды­быстарының таңбалануында жіберілетін емлелік қателіктер орын алмайды деп есеп­тейміз. Сонымен қатар, біздің елде қызмет бабында жүрген шетелдік азаматтарға қазақ тілін меңгерту әлдеқайда жеңіл тиеді, олардың да өздеріне таныс латын графикасы арқылы қазақ тілін меңгеруге деген құлшыныстары оянады деген ойдамыз.
Жаңа әліпбиге көшу тіліміздің әлсіреуіне әкеліп соға ма деген сауалмен тіл мәселесіне жанашырлық білдірушілердің алаңдауы негізсіз дегіміз келеді. Өйткені тіл сол қалпында қалып, өзгеріс тек таңбалануында көрініс табады. Керісінше, латын графикасының әлемде беделі өсіп тұрған кезеңде, қазақ тілінің одан әрі нығайып әлемдік кеңістікте сақталуына, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы өзінің алғашқы Жолдауында­ айтқандай, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келетін болады» деп есептеймін. Латын әліпбиіне көшу соған ықпал ететініне мол сенім артамыз.

Әсел ЫҒЫЛОВА,
Атырау инженерлік-гуманитарлық
институтының оқытушысы,
педагогика ғылымының магистрі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.