АТЫРАУДАҒЫ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ

Атыраудың сансыз шамы жарқыраған таң әлпетінде жүрегімізді ауыр мұң торласа да, тілімізде шүкірімізді ұмытпаған қалыпта Жайық бойындағы салтанатты шаһарға табан тіредік. Бұл өңірде желдің райы қатты болғанымен, елдің райы жылы ғой. Алматы мен Нұр-Сұлтаннан жеткен қонақтарды күтіп алған пейілі кең ағайынның ыстық ықыласы фестиваль иесін жоқтап, мұң кіреукелеген көңілді сейілткендей болды. Әуежайдан шыққан бойда халық батыры Хиуаз Доспанованың ескерткішімен қарсы алған қала дүйсенбінің таңындағы қарбалас тірлігін бастап-ақ кеткен екен. Ғаламат ақын Фариза Оңғарсынова ескерткішінің маңындағы қонақүйге жеткенше көлік кептелісі басталып үлгергендіктен, көшеде біраз бөгелдік. Мұнымыз дұрыс болған да сияқты. Талай азаматтарына еңселі ескерткіш қойған сұлу шаһардың көшесіне көз жүгіртіп отырып, біраз ойға ерік бердік. Ескерткіш қалпында Атыраудың айбынын асқақтата түскен тұлғалар қатарында көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаевтың да алатаудай бір мүсіні тұрса ғой, шіркін, дестік! Хош, бұл ойдың да шындыққа айналғанын көрер уақыт келер. Әл-әзір Атырауға құстай ұшып жеткендегі жөнімізді айтсақ. Иә, еліміздің біраз өңірінен, тіпті шетелдерден Атырауға бет түзегенде қаламгер рухына тағзым ете келген едік. Ал Атырау жұртшылығы ұйымдастырып жатқан шара Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы-драматруг Рахымжан ­Отарбаев атындағы ІІІ республикалық театр фестивалі болатын…

ТЕАТР ЖАҚҚАН ШЫРАҚ

Оның шығармалары осы күні ­Қазақ­стан­ның ғана емес, алыс-жақын шетел­дердің сахналарында қойылып жүр. Қалам­гердің түрлі кейіпкерлері сан бейнеде тіл қатып, жазушының ойын, сөзін, керек десеңіз, арман-аңсарын, әттеген-айларын жеткізіп жүргендей. Бұған аптаға созылған театр мерекесінде куә бола түстік.
Атырау облыстық әкімдігі, ­Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры, Рахымжан Отарбаевтың руханият қоры ұйымдастырған өнер мерекесінің ашылу салтанаты Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайынан басталды.­ Фести­вальдің ашылу салтанатында Аты­рау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөз сөйлеп, қаламгер шығар­ма­шылығына кеңінен тоқталды. «Рахым­жан Қасымғалиұлы проза мен драматур­гияда өз орнын тапқан адам. Әлеуметтік проблемаларға ешқашан бей-жай қарамай, ұлтжанды азамат болған ол – тек біздің өңіріміз емес, бүкіл қазақтың мақтанышы. Рахымжан Отарбаев Әбіш Кекілбаевтың, Әбу Сәрсенбаевтың, Хамит Ерғалиевтің, Фариза Оңғарсынованың асыл қазынасының мұрагері. Ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан оның талантын басқа жұрт та танып, шығармалары бірнеше әлем тілдеріне аударылды. Уақыт бөліп, фестивальге арнайы келіп, қатысып отырған Рахымжан ағамыздың ағайындарына, дос-жолдастарына ризашылығымды білдіремін. Осы фестивальге келген театр ұжымдарына, басшыларына алғысымды айтамын. Сіздердің өнерлеріңіз көрерменге қуат береді» деді Н.Асқарұлы. Қазақстанның Еңбек ері, фестивальдің қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов Рахымжан Отарбаевтың мәдениет саласындағы, соның ішінде, театр өнеріндегі еңбегіне тоқталды. Қаламгердің ұлы Ермерей Рахымжанұлы фестиваль қонақтары мен атыраулықтардың ыстық ықыласына ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, фестивальге қатысқан театр ұжымының өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамы: КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов (төраға), ҚР Халық артисі, профессор, «Парасат» орденінің иегері, режиссер Есмұхан Обаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, режиссер Сердеш Қажымұратұлы, ҚР Халық артисі, режиссер Талғат Теменов,­ Қазақ Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Ұларбек Нұрғалымұлы, театр сыншысы Айзат Қадыралиева және журналист, «Шабыт» сыйлығының лауреаты, қаламгердің қызы Қарагөз Рахымжанқызы.
Драматург есебінде Рахымжан Отарбаев­тың жұлдызы жоғары тұрғанын шығарма­лары да дәлелдеп жүр ғой. Жазушының көзі тірісінде өткізіліп келген өнер мерекесінің қаламгердің екінші ғұмыры басталғанда да жалғасуы – театр ұжымдарының ­Отарбаев рухына арнап жаққан шырағы іспетті көрінді. Ендеше, суреткердің сахналардағы шырағы да сөнбейтініне осы фестиваль көзімізді жеткізе түскендей.

ҚҰРАҚ ҚАРТТЫҢ  ОРЫНДАЛҒАН АРМАНЫ

Театр фестивалінде Рахаңның ғана емес, қазақ топырағына аяулы талай-талай ірі тұлғалардың бейнесі ұлықталды. Жусан иісі аңқыған туған елін, Жайық жағалауын аңсаған Бейбарыстың, елін білімнің биігіне шығарамын деп жанталасқан Жәңгірдің, сөздің алдаспаны болған Махамбеттің, Алаштың амандығын көксеген, елдің азаттығын аңсаған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов, әнші Әміренің, ­поэзия мұхитына тереңдеген Мұқағали мен Фаризаның бейнесімен, демек ­Рахым­жан­ның өзімен фестивальге­ келген жұрт сағына көрісті. Екінші пландағы рөлдер де көрермен көңілінде нық орныққанына сенімдіміз. «Әміредегі» ­пионер (Дастан Әлімов) – тұтас бір буынның бейнесі. Кім болсаң ол бол, өзіне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындау, «қызыл кілемді ешкімге таптатпау» оның ең бір жауапты тапсырмасы, жан-тәнімен орындайтын «ұлы» қызметі. Талантсыз екенін біле тұра өлеңнің етегінен тас қылып ұстап, биік мінбелерден сөз сөйлеуге ұмтылған, поэзия атты әлемде қалуға жанталасқан парықсыздықтың бір үлгісі – Күшеншек ақын да (Рамазан Ақтаев) өзге бір үлкен ортаның типтік образы. «Осы арыстардың иісі қазақ даласы үшін жасаған жанкештілігін жазсаңыз, ақ қағаздың өзі сары майдай ерір еді?!» деп күңіреніп, «миллион адам сыйған Алматыға Махамбеттің әзіз басы қалай сыймағанын» түсінбеген Құрақ қарт (Мәжит Ілиясқаров) та бар мен жоқты түгендеп жүрген өз ақсақалымыз… Міне, осындай тұтас кейіпкерлер легін әкелген өнер мерекесінде тоғыз бірдей театр ұжымы мәртебелі сахнаға көтерілді.
Сонымен, фествальдің шымылдығын Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма­ театры Р.Отарбаевтың «Әміре» драма­сымен ашты. Пьеса режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов аталмыш драма жайлы: «Пьесаның премьерасына Рахаңның өзі келді, кейбір сәттерде көзіне жас алды да. Өйткені бұл оның өз Әміресі еді» дейді. Фестиваль қонағы, С.Торайғыров атындағы ­Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Серік Елікбай: «Негізі талантты адамдар­ туралы жазу өте қиын. Соның ішінде ­артистер, әншілер өмірін сахналау асқан шеберлікті талап етеді. Себебі сол образды шығару үшін орындаушының өзі де сол дәрежедегі талантқа ие болуы тиіс деп ­ойлаймын» деген пікірін білдірген еді.
Түркістан қалалық Р.Сейтметов атын­дағы сазды драма театры Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» (қоюшы режиссері – Айдар Наурызбаев, қоюшы суретші – Қанат Шериев) драмасын сахналады. Фестивальдің қазылар алқасының бірі, қаламгердің қызы Қарагөз Рахымжанқызы: «Қойылымның соңына таман Мұстафадан бастап, Алаш зиялыларының түгелдей аппақ киіммен сахнаға көтерілгені жақсы шешім болды деп есептеймін» деп, театр ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.
Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» шығармасын Жетісай қалалық Қ.Жандарбеков атындағы драма театры («Түнек торы») қойды. Режиссері – Еркебұлан Қабдыл. Пьесаны театр ұжымы қалай шығарғаны туралы режиссер Есмұхан Обаев: «Сырттай қарағанда жеңіл-желпі дүние сияқты көрінуі мүмкін, ал шын мәнінде бұл ұлттық трагедия ғой! Сондықтан автор өкпелемесін десеңіздер, шығарманың ішіне тереңірек үңіліп, дәйекті еңбек етуге үйренгендеріңіз жөн секілді» ­деген пікірін айтты.
Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры Р.Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» поэтикалық драмасын ұсынды. Қазылар алқасының мүшесі, театртанушы Айзат Қыдыралиева: «Пьесада әнге, сезімге, көңіл күйге құрылған көріністер бар. Сол көріністерге әр беріп жүрген актерлердің еңбегіне қуандым. Мәселен, Күшеншек өз рөлін сәтті атқарып жүр. Бақыттың рөлін сомдаған Абзал Рәтбекке де риза болдым. Фаризаның көзінде от бар, характерін беруге тырысқан. Жалпы ­пьесада шашыраңқылық жоқ, кедергі жасап тұрған детальдарды таппайсыз. Сондықтан қойылымды жылы қабылдадым» десе, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, драматург Иран-Ғайып: «Күшеншек жоқ болса, Мұқағали да жоқ, Фариза да жоқ. Сол рөлді сәтті сомдаған актердің, басты рөлдерді сомдағандардың, тұтас ұжымды ұйыстыра білген жетекшілердің еңбегін бағалауымыз керек» деген пікірін айтты.
Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры қойған «Темір Нарком» ­драмасы да көпшіліктің көңілінен шықты. Асанәлі Әшімов театр ұжымына «осы қойылым репертуарларыңыздан түспесін» деген тілегін білдірді. «Темір-Нарком» пьесасының қоюшы режиссері Мейрам Хабибуллин: «Рахымжан ағаның өзі де бұл пьесаға жақсы бағасын беріп, басты рөлді сомдаған актер туралы: «Темірбек Жүргеновті мен осы актерден көрдім» деген еді. Халық жақсы қабылдағандықтан да, бұл пьеса біздің репертуарымыздан түспей келеді» дейді.
Р.Отарбаевтың «Бас» қойылымын сахналаған Ж.Шанин атындағы академия­лық қазақ драма театрының ұжымы (қоюшы режиссері – Қ.Қасымов, қоюшы суретшісі – Қ.Жұмақұлов, балетмейстері – К.Шишкалов) ұсынды. Қазылар алқасы­ның мүшесі Есмұхан Обаев: «Қойылымның көрерменге үлкен әсер бергенін көрдік. Рахымжанның драматургиясына арналған фестивальде үлкен жетістіктерімен көрінетін спектакль» деп есептейтінін айтты.
Ақмола облыстық орыс драма ­театры Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» драмасын қойды. Актерлік пластикасы көркем қойылымды қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов «фестивальдің айшықты әшекейі» деп бағалады.
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры Р.Отарбаев­тың «Фариза мен Мұқағали» лирикалық драмасын сахналады. Режиссері – Н.Жұманиязов. Бұл қойылымда қазылар алқасы Фаризаның рөліне (Дина Заитова) ерекше тоқталды.
М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» драмасын ұсынды. Режиссері – М.Томанов, сценограф – Т.Мұхтаров. «Жалғыздық» – Р.Отарбаевтың анасына­ арналған әңгімесінен алынған кесек дүние. Қаламгердің Шымкентте өткен театр фестивалінің аясында оқырмандарымен кездесуі ұйымдастырылып, сол жиында­ жазушы: «Анамды сағынғанда, өзіммен-өзім отырып алып қиялымдағы аралға саяхаттайтынмын» дегені бар. Міне, ­режиссер М.Томанов көрерменді сол аралға жетелейді. Қойылым соңында қазылар алқасы бірауыздан шығармаға оң бағасын беріп, «Шекспирлік мәңгілік сауалды көтерген сом дүние» десті…
Жоғарыда атап өткен «Бас» қойылы­мында бабасының басын тауып, мұсылман­шылық жолмен жер қойнына тапсыруды аңсаған Құрақ қарттың қасына ниеті түзу жастарды ертіп, еліне бет алатын бір сәті бар. Жоғыңды табу, жыртығыңды жамау – сахнадағы образ ғана емес, бүгінгі біздің аңсарымыз еді ғой десек, осы фестивальден де көңілін бүтіндеп қайтқандар болса (бар екеніне талас жоқ) Құрақ қарттың тағы бір арманы орындалғаны дей беріңіз.

РУХ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ҚАЛАҒАН…

Рахымжан Отарбаев атындағы театр фестивалі аясында бірқатар іс-шаралар да өтті. Фестиваль шымылдығын ашпас­тан бұрын, Р.Отарбаевтың төрт бірдей кітабының тұсауы кесілді. «Қазына» ­баспасы арқылы Қазақстанда тұңғыш рет баспа бетін көрген «Бас» романы; Мәскеуде шыққан қос кітабы – «И я был подобием твоим…», «Плач Чингизхана»­ кітаптары; ҚР Ұлттық академиялық кітапханасынан шыққан библиографиялық көрсеткіші оқырманға жол тартты. Оған қоса, «Аңыз адам» журналының қараша айындағы саны Р.Отарбаевқа арналған екен, басылымның сол нөмірін көпшілік назарына ұсынды. Ақын Ұларбек Дәлей жүргізген тұсаукесер рәсіміне Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев, Атырау облысы әкімі жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов, «Қазына» баспа үйінің иесі Алмас Шәйкенов, Мәскеу қазақтар қоғамының төрағасы Ермек Алданов,­ Махамбет сыйлығының лауреаты Берік Жаменов, Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелов, облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Зинуллин, Атырау облыстық Ғ.Сланов атындағы ғылыми әмбебап кітапхананың басшысы Сара Салахатдинқызы, Германия­дан арнайы келген Сүлеймен Шадхам және зиялы қауым өкілдері мен жазушының ­отбасы қатысты.
Осы іс-шара аясында «Рахымжан Отарбаевтың руханият қорының» тұсауы да кесілді. Ақынның жары Сәуле Отарбаева­ бұл қор қаламгер шығармашылығын көпке таныстырумен қатар, шығармашыл жастарға да қамқорлық танытатынын­ айтты. Х.Досмұхамедов атындағы ­Атырау мемлекеттік университеті де ­фестиваль аясындағы шаралар желісінде қаламгер шығармашылығына арналған кездесу ұйымдастырды. Бұл кездесуге­ қаламгердің жары С.Отарбаева, ұлы Е.Рахымжанұлы, сыншы-қаламгерлер А.Кеңшілікұлы, С.Елікбай, Ұ.Нұрғалым, З.Кәрімхан, А.Қабдуллина, Ы.Ожай, Б.Маханбетова, А.Тәбәрікқызы, ­музейтанушы Н.Жолбарыс, университет оқытушылары мен студенттер қатысты. Кездесуді университеттің ғылым жөніндегі проректоры Саламат Нұрмұханұлы жүргізді. С.Нұрмұханұлы ­Атырау төрінде шымылдығын ашқан ІІІ театр фестивалінің жұмысына шығармашылық табыс тілеп: «2006 жылы біздің университеттің «Құрметті профессоры» атағын алған қаламгердің шығармашылық өмірін зерттеу де ­назардан тыс қалмайды» деді. Айта кету керек, әкесінің «Атырауда білім ал» деген аманатына адал қызы Айжамал­ Рахымжанқызы осы университеттің журналистика факультетінде оқып жүр. ­Жиында сыншы Амангелді Кеңшілікұлы: «Ол шығармашылыққа бірден өз биігін алып келді де, содан төмендеген жоқ. Қазақ прозасында жазушылар көп, талантты­ жазушылар да аз емес. Бірақ юморды, сарказм арқылы қоғамның шындығын айтқан суреткерлер сирек. Міне, сол ­сирек суреткердің бірі – Рахаң болатын» десе, жазушы Ұларбек Нұрғалым: «Мемлекет­ Тәуелсіздік алғанда оның барлық ағзасы тәуелсіздік алуы керек. Яғни театр да тәуелсіздік алуы тиіс. Шыны керек, бізде Кеңес үкіметінің идеологиясы негізінде жазылған пьесалар әлі де оқытылып, ­сахналанып жүр. Ал Р.Отарбаев ұлтқа ұлы тұлғаларынан образ жасап берген сирек жазушыларымыздың бірі. Бүгінгі күні қазақ сахнасында Отарбаев­ жазған тұлғаларымыз қалың жұртымен қайта қауышып жүр» деген пікірін айтты. ­Кездесу соңында бірінші курс студенттері ­арнайы пікір білдіріп, университет ­театры 26-қараша күні «Нашақор жайлы новелла» шығармасының желісі бойынша сахналанатын Р.Отарбаевтың «Шырғалаң» атты қойылымына шақырды. Одан бөлек, Атыраудағы Кіші Өнер академиясында да фестиваль қонақтарымен кездесу өтті. Ал Қазақстан-Атырау арнасындағы «Nazar» бағдарламасына жазушы Жұмабай Шаштайұлы бастаған бірқатар зиялы қауым өкілдері, жазушының жары мен ұлы қазіргі қазақ әдебиеті және Отарбаев әлемі туралы әдемі әңгіме өрбітті. «Қазақстан-Атырау» телеарнасындағы «Nazar» бағдарламасы «Әдебиет сыны және Рахымжан әлемі» тақырыбымен эфирге шықты.

***

«Бұл кездесу бәріміз үшін үлкен бақыт. Рахымжанға көп рақмет, басымызды қосты. Аруағы бір аунап түсті ғой деп ойлаймын» деген Асанәлі Әшімовтың сөзінен соң, фестивальдің жабылу салтанаты басталды.
Бас жүлдені – М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры («Жалғыздық» драмасы) иеленді. Бірінші орынды «Әмірені» қойған Каллеки театры алды. Қос екінші орынға Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры («Фариза мен Мұқағали» поэтикалық драмасы) және Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма ­театры («Темір Нарком» драмасы) ие болды. Екі үшінші орынды Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма ­театры («Бас») және Түркістан қалалық Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры («Мұстафа Шоқай») алды. «Рахымжан Отарбаевтың Руханият қоры» тағайындаған «Рахымжан­ Отарбаев атындағы жүлде – үздік ­режиссура» жүлдесін Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма ­театры қойған «Бас» драмасының режиссері Қуандық Қасымов иеленді. «Үздік сценограция» жүлдесі Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымына тиесілі болды. «Үздік режиссер» номинациясымен Ақмола облыстық орыс драма ­театры сахналаған «Бейбарыс» драмасының режиссері Ольга Луциева марапатталды. «Көрермен көзайымы» номинациясымен Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мәжит Ілиясқаров марапатталды. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының актері Нұрболат Өтеғұлов Т.Жүргеновтің бейнесі үшін «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясын иеленді. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма театрының ­актрисасы Дина Заитова Фариза рөлі үшін «Ең үздік әйел адам рөлі» номинациясын алды. ­Дастан Әлімов эпизодтық рөлі үшін марапатқа ие болды.
Шымылдық…
Сахнада себезгілей құйылған сәуле.
Рахымжан Отарбаевтың ашық үні:
«Мен мына кесек басымды иемін сіздердің алдыңызда! Атырау елі, алтын бесіксің ғой, жаман балаңды тербеттің, алтын бесіксің ғой! Осы ерлігіңнен де, елдігіңнен де айнымашы, айналайын, ­Атырау!»…
Сол бір сәтте үлкен экраннан қол бұлғап қоштасып бара жатқан аяулы қаламгердің үні де, бейнесі де талай жүректі сағыныш сазымен тербеп өткен еді…

Қарагөз Сімәділ
Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.