Бала қабілетін шыңдайды
Тұңғыш Президенттің 2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту – негізгі басымдықтардың бірі ретінде атап өтілгені белгілі.
Баланың ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттері, бала кезден жаңа дағдыларды қалыптастыру, сонымен қатар педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру маңыздылығы жөнінде атқарылуы тиіс іс-шаралар анықталған болатын. Осы тұрғыда «Педагогикалық шеберлік орталығы» ДББҰ «Мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің біліктілігін арттыру бағдарламасын» әзірледі. Бұл бағдарламаның мақсаты – мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне қажет кәсіби білім мен тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңартудың алғышарты ретінде тәрбиелеу және оқыту тәжірибесіне өзгеріс енгізу, әр баланы бірегей тұлға ретінде өзіндік қажеттіліктерін ескеріп, үйлесімді дамуына жағдай жасау.
Әрбір баланың қабілеті мен қызығушылығын анықтау арқылы түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беру, жеке әлеуеті бойынша дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне қолдау көрсету үшін бағдарлама мазмұнында қамтылған жаңа әдістеме – «Танымдық оқиға» деп аталады.
«Танымдық оқиға» бұл баланың белгілі нәрсеге қызығушылығынан туындайтын әңгіме. Бала қиялы шексіз болғандықтан бақылау жүргізе отырып, олар туралы танымдық әңгіме жазылады. Баланы зерттей отырып, оның қызығушылығына бірігіп жауап іздеу, бағыт-бағдар нұсқап, қоршаған әлемді толық танып білуге мүмкіндік сыйлау. Олар қажеттілікке қарай тәжірибе жинайды, жаңа затты тереңірек білуге талпынады. Бұл үдеріс қайталанбайтын әрі қызықты сәттерден тұрады. Тәрбиеленушінің өзін ерекше қызықтыратын зат, жануар, өсімдік, т.б. зерттеу арқылы танымдық белсенділігі арта түседі.
Балалар қоршаған ортадағы өздеріне түсініксіз құбылыстардың сырын білуге құштарлық танытып, түсінбеген, білмеген нәрсесінің жауабын ата-анасынан, тәрбиешіден білуге тырысады.
Жазбалар жүргізу арқылы баланың нақты не істеп жатқанын сипаттау керек. Бақыланған бір оқиғаның жазбасы бағалау құралы ретінде пайдаланылады. Бұл келешек тәжірибені бағалауға және жоспарлауға септігін тигізеді. Жоғарыда айтқанымыздай, «танымдық оқиға» бақылау тәсіліне жатады. Демек, әңгімелесу барысындағы оқиғаны құжаттау негізінде педагог балаларды тыңдап, зерттей алады. Танымдық оқиға баланың отбасы үшін әлдеқайда қызықты, мониторинг қорытындысынан да мағыналы және тиімді. Оқиғаны өз баласына жазғандықтан ата-анасына ол түсінікті және ұстазға да жеңіл. Педагог балалардың іс-әрекеттері мен сөздерін бақылаушы және жазушы тұлға. Бұл әңгіме әрқашан балалардың жақсы жақтарын, жақсы идеялары мен оларды үйренуге бейімділіктерін көрсетеді.
Жалпы танымдық оқиға балаларға не береді? Бірден айтайық, олар балаларға білімін толықтыруға мүмкіндік ашады. Бір-бірінің әңгімелерін тыңдайды, идеяларымен алмасады. Педагогтер балалар мен топтары жайлы ақпарат алады.
Әсима РЫСҚҰЛБЕКОВА,
«Педагогикалық шеберлік орталығы» Алматы қаласы
филиалының аға менеджері,
педагогика ғылымының кандидаты