Аманкүл немесе алғашқы бала махаббат

– Бала кезде басымнан өткен бір оқиға туралы айтып берсем, қалай, тыңдар ма едің, – дейді сыралғы дос, бүгінде жасы жетпіске келіп отырған белгілі ғалым-физик, профессор Марат Құлбекұлы Құлбек. Құлағым елең етіп, мен тыңдауға мойын бұрдым. Ғалым емес, тағы да бала Марат сөйлеп отыр. Ал әңгіме бұдан алпыс жылдай бұрынғы оқиға туралы.

1.

Мен онда он-он бір жастамын ғой деймін, – деп бастады әңгімесін ол. – Жүзімдік ­ауылында оқып жүрген жерімнен Түркістан қаласындағы сегіз жылдық мектеп-интернатқа ауысатын болдым. Менің келешегімді ойлап, алдағы өмірімнің дұрыс арнаға түсуіне көмегі ­тиген жандардың бірі бастауыш сыныптарда сабақ берген ұстазым Болысбек ағай екен. Әкем мектепке бір барғанында онымен кездесіп қалған мұғалімім: «Құлбек аға, мына балаңыз білімге, әрнені білуге құмарлығымен тәнті етіп, көзге түсе бастады. Көп сұрайды, көп білгісі келеді. Мұнда қалдырмаңыз, қалаға алып барыңыз. Сол жақта оқысын, жақсы білім алып, белгілі азамат болып өсер» деп кеңес беріпті. Бұл ақылды құлағына құйып алған әкем көп ойланбай, ауыл мектебіне барады да менің құжаттарымды сұратады. Мектеп директорының:
– Уа, көке, тәрбиелі, жақсы оқитын бала бізге де керек қой. Бұл райыңыздан қайтыңыз, – дегеніне көнбепті.
Біз көп ұзамай қасиетті Түркістан шаһарын бетке алып жолға шықтық. Жол-жөнекей әкем маған біраз ақыл айтты. «Оқысаң, білім алсаң – жолың ашық та, ал бұған ұмтылмасаң, алдың – бұлыңғыр, артың – тұман болмақ» дейді. Мен оның сөзін зейінмен тыңдап, бас шұлғып келемін. Болашағын қазірден бастап дұрыс жоспарлап, бағамдай білсін деген ойы да. Осындай адал, қамқор әкенің болғанын, оның қадірін кейін барып түсіндік қой. Біз екі жарым сағат жол жүріп мектепке келгенімізде, онда оқушыларды қабылдау аяқталған екен. Бесінші сыныпқа отыз бала алынуы тиіс болса, соның барлығының да тізімі анықталып, бұйрық шығып қойыпты.
– Қап, енді қайттық, босқа келдік пе сонда, баламның көңілі қалып, жаситын болды-ау, – деді әкем ренішін жасыра алмай. «Аға, бері келіңізші, мынадай бір амалын жасайық» деп, мектеп-интернат директоры Баймахан Исабеков әкемді оңашалап алып, сөйлесіп жатты. Әңгіме оның аз-кем болса да өз беделіне байланысты екен. Көкем (біз бәріміз әкемізді солай деп атайтынбыз) кезінде ауатком төрағасы, аудандық газеттің редакторы, мектеп директоры сияқты бірқатар тәуір қызметтер атқарғандықтан, ел таныған, ағайын-туыс, дос-жарандары сыйлаған азаматтың бірі болғаны белгілі. Баймахан­ ағай да соны меңзеп, мәселені Шымкентке, Облоноға барып шешуге кеңес береді, ал өзі бұған қарсы еместігін де білдіреді. Сөйтіп, Түркістандағы Саттар Ерубаев атындағы сегіз жылдық мектеп-интернатқа қабылдануыма жол ашылып, Облононың бір бұйырығымен мен онда 31-ші оқушы болып тізімге ендім. Бұл әкемнің көп жылғы еңбегінің, елге қызметінің өтеуі ме, әлде оның «білімге ұмтылған осы баламның жолын аша көр» деп Аллаһқа жалбарынып, көмек сұрағаны қабыл болды ма, мен ол жағын бажайлай алмадым.
Қала мектебінде оқысам, білім алсам деп талпынған соң, соған лайық еңбектеніп, тер төгуіме тура келді. Күнделікті сабаққа көңіл бөлумен бірге, қосымша әдебиеттер де алдырып, оқи бастадым. Оқуға құмарлығым соншалық, «Қазақ ертегілерін», батырлық және ғашықтық дастандарды шетінен оқып, түгесіп, шетел әдебиетіне де ­ауыстым. Бұл ретте қолыма алғаш түскен кітап­тардың қатарында Марк Твеннің «Том Сойердің таңғажайып істері» мен «Гекльберри Финнің басынан кешкен оқиғалары» атты туындылары,­ ­сондай-ақ­ Х.К.Андерсеннің қызық сюжетке құрылған «Шошқа бағушы», «Сүйкімсіз балапан», т.б. ертегілері болды. Американ жазушысының алдына қойған мақсаты шығармаларында бай адамдардың бейшара психологиясын әжуа етіп, сол ортада қиындықпен өмір сүріп жатқан ба­қытсыз балалардың аянышты тағдырын ашып көрсету болса, дат жазушысы өз ертегілеріндегі кейіпкерлерінің ­іс-әрекеті арқылы ар тазалығын, әділет, жақсылық сезімдерін сөз етеді. Бұл әңгімелерден алған әсеріммен өзім де солай тәрбиеленіп, жаманнан жиреніп, жақсыға ұқсап бағуға тырыстым.
Оқуға, білім алуға осылайша бекініп, алғашқы қадамдар жасай бастағанымда ауырып қалуыма байланысты аз уақыт оқудан қол үзуіме тура келді. Басыма түскен ақ таңдақтарды емдеп, жазу үшін мені қаладағы балалар ауруханаларының біріне орналастырды. Ендігі уайымым – аурудан айығып, тезірек қатарға қосылуды, өткізіп алған сабақтарды пысықтап, қуып жетуді ойлау болды. Сол үшін аурухана тәртібіне де бағына бастадым. Дәрігердің айтуымен медбикелер басымды жуып тазалап, жақпа майын жағып беріп кетеді. Олар күн сайын ауысып отырады, ал әрқайсысының өз мінезі бар. Бірі «келе ғой, балам, мына жерге отыр» деп жылышырай танытып, қажетті ем-шараларды жүргізсе, екіншісі «қайдан ғана мұндайға тап болғансың» деп кейи келіп, ұрыса отыра, өзіне жүктелген істі тез аяқтауға тырысатын. Бұлардың бірін жақсы көрсем, екіншісін ұнатпаймын, бірақ пұшайман болған басым бәріне де шыдап, айтқандарын орындап жүрдім.
Бірде біз жатқан балалар ауруха­насына Түркістан медучилищесінің бір топ оқушы қыздары тәжірибеден өтуге келе қалды. Бұлар жаңағы кексе әйелдерге (егде жастағы медбикелерге) қарағанда, жұмсақтау ма деймін, жылы-жылы сөйлеп, көңіл күйімізді бұзбайды, жұмысқа да ынтасы бардай көрінді. Орыс-қазағы бар бірнеше қыз еді. Мені енді сол болашақ медбикелердің бірі – Аманкүл деген бойжеткен қарап, күтетін болды. Өзі менен көп үлкен емес, он алтыға жаңа толған ба деймін. Сондықтан бұған қуанбасам, ренжімедім. Ол жылы сөйлей бастаса, мен де өзімді еркін ұстап, оның қабағын бағып, қасынан шықпаймын. Оған үйрене бастағандаймын. Содан ба екен, бірде одан:
– Апай, мен бұдан жазылып кете аламын ба, – деп сұрадым. Менің қобал­жығанымды байқаған ол:
– Бауырым, уайымдама, бәрі жақсы болады, бұл қауіпті ауру емес қой, ешқандай қорқыныш жоқ, әлі-ақ жазылып кетесің, – деп жұбатты.
Расында да, Аманкүл аянып қалып жатқан жоқ еді. Ол дәрігердің ақыл-кеңесін тыңдай отырып білген ем-домын жасап, бәйек болып жүгіріп жүр. Менің ем қабылдауыма қолайлы болуы үшін жалбыраған шашымды ұстарамен қырғызып алдыртып тастаған-ды. Ол алдымен тақыр бастағы ақ таңдақтың орнын жуып, тазалайды. Содан соң оны таза шүберекпен сүртіп құрғатады да, оған жақпа майды жаға отырып, дәкемен таңып, байлап тастайды. Қарап отырсаң, мұның өзі біраз жұмыс, ал оны ерінбей, жалықпай атқарып, мен үшін сауапты іс жасап жүрген оған сүйіспеншілікпен қарап қоямын. Қысқасы, онда ықылас бар, мен де мәзбін. Бұл қарым-қатынас екеуара тәуір бір сыйластыққа алып келе жатқандай еді. Солай болды да.

2.

– Балақай, кел, отыр, жұмысы­мызды бастайық, – дейді ол әркез. Апай – орындықта, мен одан төменірек келіп жайғасамын. Жұмыс басталып кеткенде қозғалақтап, қопаңдай берсем, ол мені екі тізесінің арасына қысып ұстап, тапжылтпай қояды. Апайдың екі тізесінің арасы оттай ыстық, бір жалын денемді шарпып өткендей болады. Бала сезімге әсер еткен не нәрсе екенін біле алмай әрі сол бір әсерлі сәтті жоғалтып алғым келмей, апайдың тізесін құшақтап отыра беремін. Бұл – бір жағынан оны тыңдап, тыныш отырғандағы түрім. Ал ол болса жұмысын жалғастыра түсіп:
– Әй, Маратжан-ай, ең құрыма­ғанда анау Қорабайдай болғаныңда ғой, – деп қалды.
Қорабай – 9-шы сыныпта оқитын ұзын-тұра қара бала. Оның да Түркістан маңындағы бір ауылдан келіп емделіп жатқан жайы бар еді. Менен төрт-бес жас үлкен, ересектеу көрінетін. Әуелгіде бұған мән бермесем де, артынан мұның сырын білгім келіп, «Қорабайдай болсаң-ау ­дегенде не айтпақшы еді» деген ой қылаң бергені рас. Сол қызығушылықпен:
– А..па…ай, онда не болады? – деп сұрадым. Аманкүл де саспастан:
– Ой, Маратжан, несін айтасың, онда талай қызық болатын еді ғой, – дегені.
Мен онда бұл сөздің төркінін біле қоймасам, ол әлі бозбала да бола қоймаған кезім еді. Ал он алтыға жаңа толған бойжеткеннің бұл сәтте қандай бір ләззатты ойларға берілгенін кім білсін?! Бірақ ол осы әрекетімен алаңсыз жүрген маған да ой салып, біреуді жақсы көру сезімін бойыма дарытты ма деймін. Содан бастап мен де өзгеріп сала бердім. Ол есеюге, өсуге, әлдекім жайында ойлауға бастаған өзгеріс болатын. Бұл – Аманкүлге арналған сезім бе, әлде өзім қатарлас басқа бір қызды ойлағаннан ба, білмедім. Әлгі бір «… Біреуді жақсы көру қандай жақсы» деген өлең жолдары бар емес пе? Сол күй менің де басымнан өтіп жатты. Кімді жақсы көремін, не үшін жақсы көремін, оны нақты білмеймін. Әйтеуір бұл сезім мені Аманкүлге жақындата түскендей. Оны айналсоқтап, жанынан шықпаймын. Ол шақырса, бір жерлерге жұмсаса, оған да дайын болып, тапсырмасын орындап келіп жүрдім. Ал бірде оның шақыруынсыз пәтерде тұрып жатқан үйіне өзім іздеп бардым. Мені ақ сары келген, көгілдір көзді орыстың сұлу қызы есік ашып қарсы алды. Медучилищеде Аманкүлмен бірге оқитын Нина деген құрбысы екен.
– Аня, к тебе пришли, – деп хабарлады ол.
Жігіт болып келіп тұрған сияғым­ды көрген Аманкүл «мырс» етіп күліп жіберді. Сонан соң онысын байқат­пағансып:
– Ә, сен екенсің ғой, кел, ішке кір, – деп ілтипат көрсетті.
Қыздармен отырып шәй іше бас­тадық. Екеуі де маған көз қиығын салып, жымиып қояды. Біраз уақыттан соң Нина сылтау айтып, сыртқа шығып кетті де, мен Аманкүлмен оңаша қалдым. Бұл – біздің жақынырақ отырып қыз бен жігіт сияқты әңгімелескен бірінші кездесуіміз еді. Ол кезде қызға сөз айту қайдан ойға келсін, бір-бірімізді жақсы көрген қалпымызда, ынтық көзбен қарап отыра беріппіз.
Ал екінші кездесуіміздің оқиғасы әлі де естен кетпейді. Аманкүл – қасы қияқтай, көзі тұп-тұнық мөлдір, ­бидай өңді әрі мінезді қыз болатын. Қазіргілер сияқты шашын жайып салып, жалбыратып жүрмейтін, оны әдемілеп өріп, ақ бантик тағып қойса, өзіне жақсы жарасатын. Сондықтан оған қызығушылар, келгіштей беретіндер де бар еді. Бірде оның аурухана ауласында он сегіз – жиырмалардың ішіндегі екі жас жігітпен әңгімелесіп тұрғанын көргенімде, бала махаббат иесі менде де әлдебір қызғаныш сезімі пайда болды. Ауруханада өзіммен бірге емделіп жатқан үш-төрт баланы ертіп алып, оларға соқтыға-моқтыға арлы-бері шауып өтеміз. Мұны бірнеше рет қайталадық. Мақсатымыз – әңгі­мелерін бұзу. Олар да соны байқаса керек, жігіттің бірі ашуға мініп:
– Өй, мына жүгірмектер ­қайтеді-ей,­ тоқтатыңдар түге, барыңдар, ана жаққа ойнаңдар, – деді. Аманкүл болса: «бұлар менің қарауымдағы балалар ғой – «менің жігіттерім» деп күлді. Сонан соң «тиіспеңдер, ойнап жүр емес пе» деп араша түсті. Оның сөзі алабұртқан көңілге тоқтам салып, біз әрі қарай оларды мазаламадық, шынында да «ойын баласы» екенімізді көрсетіп, жөнімізге кеттік. Аманкүлмен бірге болған кез, осын­дай оқиғалар еске түссе, еріксіз жымиып, сондағы ісің мен қылығыңа ұялғандай боласың.
Содан көп ұзамай біздің жолымыз екі жаққа қарай түсті де, қошта­суы­мызға тура келді. Аманкүлдің ақ ниеті мен шипалы қолының арқасында мен аурудан құлан таза жазылып, мектебіме оралатын болдым. Медбике қыздардың да ауруханадағы тәжірибесінің мерзімі аяқталуға жақындап, жинала бастады. Қоштасарда ол мені оңашалап алып: «Медучилищені бітірген соң, бұйырса ауылға барып жұмыс істеймін. Ал сенің мектеп бітіруіңе біраз бар екен. Бірақ әлі-ақ ол уақыт та келер. Мені іздесең, біздің үйдің Түркістан маңындағы «Отыз жылдық» ауылында екенін білесің ғой» деп, өзінің мекенжайы жазылған қағазды қолыма ұстатты. Бұл біздің соңғы кездесуіміз болыпты.

* * *

Болған оқиғаның негізінде жазылған бұл хикая досымның алғашқы бала махаббатына арналды. Әрине, ол Аманкүлмен сол кездесуден кейін қызды да, оның аманат етіп берген мекенжайы көрсетілген қағазды да біраз уақыттан кейін ұмытқаны сөзсіз. Өйткені қазақтың аса талантты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров атасы айтқандай, бала Мараттың алдында да «толған мақсат, толған таңдау» тұрған еді. Ол сол армандарына қол созды.
Мектеп бітіріп, орта білім алды, одан уни­верситетте оқыды. Аспирантураға түсу арқылы жоғары деңгейлі білімін бекітіп, ғылыммен айналысты. Бүгінде ғы­лым докторы, профессор атанып, Қа­зақ­стан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болып отырған ғалымның ғылымда өз ізі бары да сөзсіз. Ол – әсіресе физика ғылымы са­ла­­сында мойындалған тұлғалардың бірі. М.Құлбекұлы әлемдік практикада ең алғаш Қазақстанда ойлап табылып, елімізде, шетелдерде өндіріске кеңінен енгізілген «золо­керам» материалдарының қор үнемдегіш технологиясын жасауға зор үлес қосты. Ол осы зерттеулерді ­да­мыта отырып, тәжірибелік жолмен золо-керами­калық материалдардағы жаңа көлемдік-беттік концентрлі-зоналық түрлі-түсті эффектілерді ашты. Бұл құ­былыстар «Түрлі-түсті Құлбек сақи­налары» ­немесе қысқаша «Құлбек сақиналары» деген шартты­ атқа ие болды. Мұндай құбылыстардың табиғаты әлі күнге дейін толық ашылмай отыр, олар зерт­телу үстінде. М.Құлбекұлы физика-тех­ника ғылымдары саласындағы осы ба­ғыт­тағы ізденістерге елімізде ең бірінші жол салған ғалым ретінде белгілі болып отыр.
Осындай достың барына мен де қуанамын. Біз әрдайым кездесіп, әңгіме-дүкен құрамыз, сырласып тұрамыз. Сондай бір сырласудың кезінде ол тағы да Аманкүлді еске алды. Күнделікті жұмыстан, өзге де қауырт істерден қолы босап, өзімен-өзі болғанда, кейде саяжайда оңаша қалғанында Аманкүл есіне түсіп кете беретінін айтады. «Ол өзі қазір бар ма екен, тағдыры қалай болды екен» дейді.
Мен осыны айтып отырған шынымен де профессор досым ба, әлде басқа біреу ме деп те ойланамын. Өйткені оның бүгінгі өмірі де шуақты күндер мен бақытты сәттерден тұрады. Бірінші ­зайыбы ажарлы да ақылды әйел болатын. Ғалым Мараттың ғылыммен айналысуына барлық жағдайды жасап отырды. Өмірге бір ұл, бір қыз әкелді. Олар да ержетіп, үйлі-жайлы болды. Бәйбішесі ақылды әйел болғандықтан да ауырып, үй шаруасымен айналыса алмай қалғанда еріне өзі ұнатқан біреуді алуға рұқсат берді. Сөйтіп, ол қазақ бәйбішесінің жолымен әдемі бір өнеге-үлгі көрсетті. Отағасы да бұған ризашылығын білдіріп, аяулы жарының қалған өмірінде оны одан бетер қатты сыйлай түсті. Ал ол өмірден озғанда, оның рухын қастерлеп, есте сақтарлық іс-шаралар жасады.
Бүгінде ол екінші отбасымен де бақытты өмір сүріп жатыр. Бұл жарынан да екі ұл, бір қыз сүйді. Бірақ одан туған балалар әлі жас, алды – он-он бірде, соңы үшке жаңа келді. Бұларды тәрбиелеп, өсіру керек, сонан соң оқытып, білім алуына, мамандық таңдауына көмектесу – парыз. Аллаһ ғұмыр берсе, солай жасамақ, балаларына сүйеу болмақ.
Осындай ойлары, алдына қойған мақсаты бар Мәкең сөйте тұра тағы да бала махаббатын еске алады, Аманкүл жайында айтады. Ғалым-физиктің өлең жазатынын білуші едім. Бірақ өмір ­жолында ол ғылымды, физиканы таңдады да, лирика екінші планға ығыстырылған-ды. Ал Аманкүлге келгенде аянып қалмай:
– Бұл не өзі, шынайы, пәк сезім бе,
Әлде менің махаббатым өзің бе, – дейді ол. Бұған не дерсің?!
Иә, бала кездегі таза көңілдердің ұғынысуынан екі жастың арасында ­шынайы достық пен сыйластық орнап, кейін ол бұдан да жақынырақ қарым-қатынасқа ұласып, алғашқы махаббат­ пайда болады деседі. Біреулер бала ­махаббат жалт етіп жанып, уақыт өте келе өшетінін айтады. Енді біреулер үшін ол – мәңгілік ұғым, ұмытылмақ емес, бозбала мен бойжеткеннің күнәсіз кездерінің куәсі болып есте сақталып қалмақ. Менің досымның басынан өткен оқиға да осындай ұмытылмайтын, өлмейтін махаббат туралы хикая. Бала махаббат хикаясы.

Болат Асанбаев,
журналист, баспагер

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.