Біз күткен бақыт

Мәлік
ОТАРБАЕВ

ЖҰБАТҚАН ЖҰЛДЫЗ

Әкем үйге көңілсіз оралды. ­Ән­шейін­де­ алдынан жүгіріп шығатын қа­рындасым мен інімді еркелетіп, бетінен сүйіп, балаша ойнап кететін ол бүгін салқын ғана құшақтап, ­ар­қаларынан қақты да қойды. Күлмеді. Күле алмады…
Сөйтсек, жұмыстан шығып кетіпті. Басы таз, парақор бастығы: «Кет!» депті.
Күні бойы күннің көзі көрінбеді. Әкемнің қабағы ашылмады. Үйдің тірлігін істеп, көңілсіз жүрді. Онысын түсінген шешем үн қатқан жоқ. Артық ауыз сөз айтса, әкемнің бірден ашуланып шыға келетінін біледі.
Кешкісін әкем дастарқан басында жұмыстан не үшін кеткенін айтты. Шешем:
– Жұмыс таба алмай қалсаң, базарға шығып, ескі киімдерімізді сатамыз. Анау Дәпеңнің қатыны да сауда жасап жүр ғой. Ештеме етпес. Әйтеуір, күн көрерміз, – деді.
Бәріміз жатып қалдық. Мен тәтті ұйқыға батып кеткенмін. Түннің қай кезі екенін білмеймін, әйтеуір, есіктің ашылып-жабылғаны естілді. Артынан шешемнің далаға шығып кеткенін көріп қалдым. Бірдеңе болды ма деп, мен де шықтым.
Қарасам, әкем мен шешем дарба­за­ның алдында аспанға қарап, әңгі­мелесіп отыр екен. Көше бойын­дағы үйлер мүлгіп, меңіреу тыныш­тық орнаған. Түнгі аспанның ажары қандай ғажап! Сүттей жарық айды қор­шаған жұлдыздар жымың-жымың етеді. Әкем қолындағы ФЭД фотоап­па­ратының объективін аспанға қаратып, шыртылдатып суретке түсір­ген болады. Осы күнге дейін мен жұл­дызды аспанды дәл бүгінгідей анық көрмеген сияқтымын. Маған қарап, әкем жап-жарық жұлдызды нұсқап:
– Ана-а-ау жарық жұлдызды көр­дің бе? – деді. – Бұрын мұндай жұлдыз жоқ еді. Бұл бір жақсы белгі ғой. Көресің, осыдан жолымыз ашылады. Басымызға бақ қонады. Әкең әлі мықты қызметке орналасады. Қуанышты күндеріміз көп болады! – деді де, жарық жұлдызды қайта-қайта суретке тартты.
Сол сәтте әлгі жұлдыз бізге ғана көрінгендей еді. Күлім қағып, сәуле шашып, көкірегімізге үміт отын жағып тұрғандай болған-ды. Қараңғы түн – белгісіз бір кеңістік, ал жұлдыз – алдағы болашағымыздың бағыты секілді.
Көп ұзамай әкем қайтадан ескі қызметіне кірісті. Ал бұрынғы басы таз бастығы жаман аурудан қайтыс болды. Әкем оның басына барып, топырақ салды.
Кезінде біздің үмітімізді үкілеген жарық жұлдыз осы күні әкесіз күй кешіп жүрген мені де жұбататындай…

КЕМЕ

Бүгінде тау басына жетіп тоқтаған кеме секілді Тізім деген бір құдірет бар.
Жіпке тізгендей етіп бәрін қағазға түсіреді. Кісі аты қалың әріппен ­жазылады. Біреуге құрмет, біреуге ізет көр­сетілетін кезде дайын тұрады. Сый-сыяпат, түрлі марапат, кәде, сый­лық таратылатын кезде соған үңіледі.
Әлгі «кемеге» мінгендер – басына­ бақ қонған, айдарынан жел ескен бақытты жандар болып көрінеді. Өздерін Құдай емес, бірақ Құдайдан ­былай емес сезінеді. Жүрсе аяқтарын тауыстай маңғазданып басады. Сөйлесе, жатқа сайрайды. Жазса, жарыса жазады. Әйтеуір, көштен қалмайды, құр алақан қайтпайды.
Ал мінбегендер – өз күндерін өздері көреді. Мың жерден мықты болса да, елеусіз қалады. Шақырылмаған жерде­ жетімсіреп жүргендей күй кешеді. Біліміне, талантына ешкім таласпаса да, әсте бағаланбайды. Сол баяғының сопы-дәруіші құсап өздерімен-өздері шыр айналып, күйіп-пісіп жүргені…
Шынында, тізім дегеніңіз, мынау қоғамдағы қолдан жасалған тағдыр секілді. Оның да шытырманы мен шырға­лаңы мол. Бүгінгілер үшін бақ та сол, сор да сол. Елдің көбі тізімге іліккенді жөн көреді. Армандайтындар да бар. Одан философиялық, идея­лық, эстетикалық, поэтикалық мән іздейтіндер, тіпті, табыс табатындар да жоқ емес.
Кейде осы, тізімі құрғыр, көршіміз Рыдван молданың ернін жыбырлатып, дұға оқып, асықпай-аптықпай үш-үшке бөліп тартатын тоқсан тоғыз тас моншағы бар тәспісіне де ұқсайды. Сол тәспінің жібі үзіліп, тас моншақтары ­тарыдай шашылып кетсе не болады деген тентек ой да қылаң береді кейде.

ЖОҒАРЫҒА КӨТЕРІЛУ

Лифтімен жоғары көтеріліп ­барамыз. Иық тіресіп тұрған кісілер үнсіз ғана екі келіншектің бір-біріне сыбырлаған болып айтқан әңгімесін еріксіз тыңдап келеді.
– Бүгін бір қуанышты жаңалық естідім. Әлгі құда бала әкім болыпты. Түбі министр болатын жігіт қой. Енді бәрімізге пайдасы тиетін шығар, – дейді біреуі мақтанып.
– Ой, қандай жақсы жаңалық! Ол жігіт жай маман еді ғой. Бағы жанған десеңші. Қарай көр, тура мына біз сияқты лифтімен көтеріліп бара жатыр карьерасы. Өсті деп осыны айт! – дейді екіншісі.
Кенет әлгі екі келіншекке жақын тұрған егде жастағы кісі олармен бірге сырласқандай бірден әңгімелеріне киліге кетті.
– Айып етпеңдер, қарақтарым! Баламыздың әкім болғаны үлкен қуаныш, бақ шығар. Бірақ сол бақтың басынан тайып кетпесіне кім кепіл? Ол істі әлі абыроймен атқару керек емес пе? Осы жасқа келгенше талайды көрдік қой. Өсу бар да, өшу бар. Мен сендердің орындарыңда болсам, оған қуанбас едім. Қайта жаным ашитын еді. Амандық тілеп жүрейік те, – деді.
Одан жанарларын тайдырып әкеткен екі келіншек ләм-мим демеді. Бәріміз үнсізбіз. Лифті тоқтап, есігі ашылғанда, әлгі кісі шығып кетті. Бірақ айтқан сөзі жоғары көтеріліп бара жатқан бәрімізге ой салды.
Әдетте, «бағы жансын, өсіп-өркендесін, үлкен азамат болсын!» деп тілек айтып жатамыз ғой. Бірақ сол тілектің астарында не барын кейде аңғара бермейтін сияқтымыз.
Біреуге таудың басы, ал біреуге теңіздің арғы беті таяқ тастам жер ­болып көрінер.
Бұл тіршілікке бес күндік өмірдің өлшемімен ғана қарайтындар жоқ емес. Екі жаһанның бақытын тілеп жүргендер де бар.
Кей кісілер баспалдақпен шығады, кейбіреулер зымырап лифтімен көтеріледі.
Ал ненің шын мәнінде жеңіс, ненің жеңіліс екендігін таразылай бермейміз.

МӘДЕНИЕТТІҢ  МӘЙЕГІ

Кітап оқудың өзі бір ғанибет. Одан асқан қазына, байлық жоқ. Болмас та, сірә. Онсыз өмірді елестету қиын. Өмірдегі қызықтың бәрі кітапта.
Адамзаттың ең ұлы тұлғалары – пайғамбарларға кітаптан басқа киелі дүние түскен емес. Жәбірәйіл періштенің Мұхаммед пайғамбарға жеткізген ең алғашқы сөзі де: «Оқы!».
Кейде кітап мәңгілік өмірдің символындай болып көрінеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қолдан-қолға ­ауысып, мәңгі-бақи елдің есі, жұрттың жадысы болып қала береді. Түрік жазушысы Орхан Памук: «Кітаптың мәңгі қалатындығына және кітапханада мәңгі сақталатындығына сенгенім үшін ғана жазамын» депті. Мән бергенге ойлы сөз. Келешекке деген үміт.
Ұлтымыздың аты аңызға айнал­ған алыбы Шерхан Мұртаза: «Мәде­ниеттің мәйегі – кітап» деген. Иә, кітап оқымайтын адамнан бәрін күтуге болады.­ Қатыгездікті де, мәдениетсіздікті де. Шынында, кітап оқымайтын адамнан қорқу керек. Бүгінде біреуден залал көрсек, сондайлардан көріп жүрміз.
Ал кітап қорын сақтайтын кітап­хана – ардақты жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда, «Адамды­ адамзат еткен» киелі қара шаңырақ. Оны бұрынғы оқы­мыстылар храмға, мешітке балаған. Өйткені кітап оқудың өзі құлшылық жасағанмен бірдей үлкен сауап.
Ендеше, «Театр киім ілгіштен ­басталады» емес пе. Қазіргі «ғиба­дат­ханаларға» кіре қалсаңыз, кіреберісінде түрлі тексерістен өтіп, қару асынған күзетке тап боласыз. Кітап әлеміне біртүрлі сеніміңізден айырылып, көңіліңізге күдік ұялатып кіресіз. ­Неткен ерсі көрініс десеңізші. Кім біледі, бұл да бүгінгі күннің «цензурасы» шығар…

ИТ ПЕН МЫСЫҚ

Бала кезімде бізге көрші болған ­молда ата әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Пайғамбар жасынан асқан қаба сақалды қарт ылғи есік алдында Құран кітабын ашып, оқып отыратын. Шешем: «Молда атаңа сәлем беріп жүр. Әкеңнің ауылынан көшіп келген. Көрдің бе, көп оқитын кісі ғой» дейтін.
Мен үшін аты белгісіз атаның біреумен қауқылдасып сөйлесіп отырғанын көрген емеспін. Күні бойы кітаптан бас алмайтын. Кейде көзге көрінбей кететін. Ойнап жүрген балаға қызық қой. Қайда кетті екен деп, дарбазаның тесігінен қараймын. Құманмен су тасып әже жүреді. Сөйтсек, атамыз асықпай дәрет алып, намазын оқиды екен.
Балалармен көшеде ойнап жүргенімізде, үлкен кісіге әдейі сәлем берген болып, кітабына қызықтап қарайтынбыз. Кейде не жазылған екен деп сұрақ жаудырамыз. Сөзге сараңдау атамыз: «Бұл қасиетті Құран. Алланың сөзі. Адамға қалай өмір сүру керек екенін айтып береді» деп, қысқа ғана жауап қайтаратын. Онысын онша түсінбеймін. Әйтеуір, шешем ­жатар алдында: «Қой енді, сөзді доғар, «Бісміллә» деп ұйықта! Алла ертеңімізді жарық етсін!» дейтін. Сол ғана есіме түсетін.
Бір күні қарасақ, атамыздың қолында басқа кітап. Күніге оқып жүрген Құранына ұқсамайды. Тағы да қызығып сұраймыз.
Бұл жолы ақсақал кітаптан оқыған әңгімесін бізге мәнерлеп айтып берді:
«Күндердің бір күнінде күнәға белшесінен батқан бір әйел шөлдеп, құдықтан су алып ішіпті. Қараса, құдықтың басында бір ит шөлдеп, қыңсылап тұр екен. Әлгі әйел құдықтан тағы да су тартып, аяғындағы кебісін шешіп, су құйып беріпті. Сөйтіп, сол суды ішкен ит шөлін басып, құйрығын бұлғаңдатып кете барады. Алла Тағала әлгі әйелдің күнәсін кешіреді. Осылайша­ ол Жәннатқа кіреді.
Ал басқа бір әйел үйдегі асыранды мысығына тамақ бермей қойыпты. Ештемеге ауыз тигізбесін деп, үйден шығармай, қамап тастапты. Содан мысық аштан өліпті. Сонымен әлгі әйел Тозақтан бір-ақ шығыпты.
Көрдіңдер ме, балалар! Бір кісі жасаған бір ғана жақсылығы үшін қандай сауапқа кенеледі, ал басқа біреу бір ғана жамандығы арқылы отқа күйеді. Тозаңның түйірін­дей жақ­сылығың, не болмаса, жамандығың босқа кетпейді.
Мына қызықты қараңдаршы, осы әңгімені оқып, ойланып отырсам, әлгі құдыққа түскен әйелдің жүрегінде иманы бар екен. Қанша күнәһар болса да иттің арқасында жұмаққа кіреді. Ал екінші әйел мысыққа бола азапқа душар болады.
Сендердің де үйлеріңде ит пен мысық бар емес пе? Оларға дұрыстап қарап жүріңдер, мақұл ма!».
Осы шағын әңгіменің хадис екенін кейін білдік. Естен кетпейтін әңгіме. Өмірдің өзі бір сынақ.
Ал көршілеріміз кейін көшіп кетті. Олардың қандай кісілер болғанын, қайдан келіп, қайда кеткенін білмей­мін. Сұрайын десем, әкем де, шешем де о дүниеге «көшіп» кеткен.

СОҢҒЫ ОТЫН

Қыс мезгілінің алғашқы күндері еді. Бізге бұрыннан таныс, туған ағамыздай болып кеткен Асан Алтау Анкарадағы үйіне қонаққа шақырды. Әулие ата жерінде жоғары оқу орнын бітіріп, сонда қызмет еткен ағамыз қазақтың салтын жақсы меңгерген. Алысты жақын ететін аңқылдаған мінезі тағы бар. Талай қазақ баласына жәрдем берген ол туған жеріне қайтып келген соң да жас ұрпақтан көмегін аямады.
Қазақы салт-дәстүрмен үйінде ет асып, ауласына самаурын қайнатып қойған. Өзі ғана емес, әкесі Садық пен шешесі Дөндү де бауырларымыз келді деп қалбалақтап, келіндеріне көмектесіп, дастарқан жайысып жүр.
– Негізі біз Чанкыры дейтін жерден көшіп келгенбіз, – деп бастады әңгімесін Садық ақсақал. – Әжеңмен үйленгеннен кейін осы үйді салып, жайғастық. Асан мен Үсен, сосын Чанкырыдағы қызымыз осында өсті. Аллаға шүкір, әулеті асқан, дәулеті тасқан бай болмасақ та, тағдырымызға ризамыз! – деді.
Содан соң бірдеңе есіне түскендей сәл іркіліп барып: – Өмір сүрудің өзі бір бақыт қой, балам, – деді.
Артынан әжеміз әңгімеге араласты.
– Бұл қақпасты тыңдай берме, – деп әзілдеді ол. – Баяғыда қамалып, мені үш үрпек баламен тастап кеткен. Өз күнімізді өзіміз көрдік. Бірақ Жаратқаныма құрбан болып кетейін, аш қалғанымыз жоқ. Балаларымызды әуелі Алла, сосын Анадолу деп өсірдік. Оны бізге бала кезімізде үйреткен әкем еді. Әкем қарапайым жұмысшы болатын. Намазын өмірі қаза қылып көрген емес. Еңбекқор еді, жарықтық.
Дастарқан басында екі елдің салтын салыстырып, шүйіркелесіп отырдық.
– Әже! Менің білуімше, «дөндү» дегеніңіз қайта оралу, айналу, бұрылу дегенді білдіреді емес пе? Сіздің есіміңізді неге «Дөндү» деп қойған? – деп сұрадым орайы келгенде.
– Менен кейін шешем ұл тапсын деп қойған, – деді әжей. – Болды енді, жетер, біздің шаңыраққа ұл келсін, ұл оралсын дегені ғой.
– Е-е, бізде де солай. Ұлболсын, Ұлдана, Ұлбике деп қыздарға ат қояды.
Сол арада Асан ағамыз:
– Жүріңіздер, шайды сыртта ішейік! Самаурын бұрқылдап қайнап жатыр, – деді.
Бәріміз сыртқа шығып, ыстық шайды­ қыпша бел стаканмен ұрттап отырмыз. Тауықтың қанындай қызыл-күрең шай бойымызды жылытты.
Кенет Дөндү әже отын төлесінен білектей бір ағашты әкелді де, маздаған шоққа тастап жіберді. Ағаш ұстасының қолымен шебер жонылған отынды мен обалсындым. Артынан әжей: «Алла бізді еш уақытта жауратпасын! ­Жылынып алыңдар! Бұл соңғы отынымыз…» деді.
Енді тіпті, ыңғайсызданып қалдым. Бізге бола соңғы отынын жағып жібергені қалай?.. Әжей менің қымсынып қалғанымды бірден байқап:
– Балам, бұл отынды әкем осыдан қырық жыл бұрын сонау Чанкырыдан ат арбамен әкеп, түсіріп кетіп еді. Сол отындардың ішінен қалған, әкемнің көзіндей болған соңғы отын ғой. ­Жылынып алыңдар деп, әдейі әкелдім. Сендер біздің көзіміздің қарашығындай сүйікті бауырларымызсыңдар!
Мен кезінде таңды таңға ұрып, зорға шыдап, жыларман болсам да баламды – Асанымды сонау Әулие ата жеріне бекер жібергем жоқ. Тәңіртауды, бабаларымыздың басқан жерін көріп, Қожа Ахмет Ясауидің, Әулие атаның ­басына барып, Құран оқып қайтсын, білім алып, тілдерін үйреніп келсін дегенмін. Міне, бүгін қонаққа сендер келіп отырсыңдар. Нағыз бақытты сәт деген осы. Бүгін ­арманым орындалғандай күй кешіп отырмын, – деді әжей орамалының ұшымен жасаураған көзін сүртіп.
Қарт ананың әкесі әкелген соңғы отын біздің жүрегімізді жылытып, лаулап жанып жатты.

ҮҢГІР ИЕЛЕРІ

Қайбір жылы Анкараға белгілі ­жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев­ келген еді. Өзіміздің елшілігімізде екі кітабының тұсаукесері өтті. Ағамыз ­бауырлас елдің ыстық ықыласына бөленіп, түрлі марапатқа ие болды.
Кешкі астан бірге қайтып келе жатқанымызда:
– Інім, осы сенің тәп-тәуір әңгіме­лерің бар. Пьеса неге жазбайсың? – деп сұрады.
– Кезінде бір театр өткізген бәйгеге арнап жазғанымыз бар еді. Бірақ әлгі театрдан: «Тағы да жаз, жаза бер, ­ше­бер­лігіңді шыңда» деген хат алдым. Содан қанатым қырқылғандай болып, драматургияға жоламаймын деп шеш­тім,­ – дедім мен.
– Айналайын-ау! Қазір жүлдені шығармаға қарап емес, кісіге қарап береді ғой. Бір ән айтып, бір өлең оқып, «еңбек сіңірген қайраткер» ­болып жатқандарды көргенде несіне таңғаласың?! Пьесаңды берші, оқып көрейін.
Ертеңіне қонақүйге барғанымда, аға мені көре салып:
– Әкелші қолыңды, – деп, қолымды алып қысты. – Мені білесің, нашарды бірден нашар деймін. Мынауың, тіпті, тамаша дүние. Жазсаң осылай жаз! Алаңдама, інім, пьесаң Атырауда қойылады, – деді.
Көп ұзамай ағаның уәдесі орындалды.
Әлгі пьеса «Баянды бақ» деп аталып, Махамбет атындағы театрдың сахнасына шықты. Аншлагпен өткен спектакль қиын-қыстау кезеңде елімізге жер аударылған ахыска түріктерінің тағдырын, қазақ пен түріктің бауыр­ластығын көрсетті. Театрдың талантты ұжымы өрелі өнердің биігінен көрінді.
Сол кезде айтулы актер, қадірлі ақсақал Чапай Зұлхаштың ыстық алақанымен басымды сипап тұрып: «Мынауың аман болсын, осыны сақта!» деп бата бергені есімде.
Спектакльдің бағы ашылды. Атырау­ театры оны әуелі Елордамызда, одан кейін Анадолуның Малатия және Афшин қалаларында қойды. Түрік көрермендері көзіне жас алып, дән риза болды.

***

Түркияға театр ұжымын Рахымжан ағаның өзі бастап келді.
Тарихи Афшин қаласының жергілікті әкімдігі Құран сүресінде «Үңгір иелері» деп аталатын киелі жерді көрсетті. Ол үңгірдің алды бұрын шіркеу болған, қазір мешіт.
Аңыз бойынша осы үңгірде Рим императоры Децийдің қол астында қызмет еткен жеті жас жігіт құлшылық жасаған екен. Кейін бұл жігіттер құдайсыз императорға қарсы бас көтереді. Қаһарына мінген император олардың жазасын бермек болады. Сол кезде жігіттер аттарына мініп, үңгірге келіп жасырынады. Күн батқанда, шырт ұйқыға кетеді. Содан үш жүз жылдан кейін бір-ақ оянады. Орындарынан тұрып, қалаға түсіп қараса, дүние бұрынғыдай емес, мүлде өзгерген екен…
Тарихи жер біраз ойға жетеледі. Сол кезде Рахымжан ағаны әңгімеге тартып:
– Аға, сіздің ойыңызша, үш ғасыр бұрын ұйықтап кеткен біздің бабаларымыз да қазір оянып кетсе, бүгінгі жағдайымызға қарап, не айтар еді? – деп сұрадым.
– Қиын сұрақ екен, інім, – деді ол.
Сәл ойланып алып: – Тәуелсіз ел болдық қой. Ол да бабалардың арманы еді. Бірақ… Осы «бірақ» деген сөз ылғи да маза бермейді, – деп ағынан жарылды.
Шіркін, өмір дегенің қызық қой, өң мен түстің арасында өтеді де кетеді. Үңгірде ұйықтап жатқандай күй кешіп, кенеттен оянып кететіндей сезінесің кейде.
Қанша тырбаңдап еңбек етсе де, тірінің шаруасы бітпейді. Аттан түскен күні – атыңнан айырыласың. Тақтан түскен күні – тағыңнан айырыласың. Әйтеуір, бітпейтін талас. Бірақ сол айқастың бәрі де аяқсыз қалады.
Мәңгі ұмытылмайтын нәрсе – рух пен ізгілік.
Әулие мен абызды, баба мен ­батырды, ақын мен жазушыны ұмыт­пай­тынымыз содан шығар. Ал ұйықтап кеткен ұлыларымыз, ұлылар­дан қалған рухымыз қашан оянар екен?

МӘҢГІЛІК ӨМІР

БиБиСи жаңалық таратты. Оңтүстік Кореяда «тірі мәйіт» дейтін ем жүргізіледі екен. Ем алушыларға кебін кигізіп, табытқа жатқызады. Бірнеше минуттан кейін қайта тірілткендей ­болады.
Ем алушы қарт кісі:
– Өмірдің қадірін осында келіп түсіндім. Бекер ғұмыр кешпеппін. Арғы бетке де дайындық керек, – дейді.
Бір жас жігіт ішкі сырын ақтарып:
– Бәсекеге қабілетті болу керек деп, досымызды қас, бауырымызды жат көре бастаппыз. Ал мынау табыт бәсекелестіктің бәсін жойды. Өмірдің мәнін түсінгендеймін, өз-өзімді бақыт­ты сезінемін, – дейді.
Ал өз-өзіне қол жұмсағысы келген әйел бүй дейді:
– Өмірден күдер үзген күні осында келдім. Жүрегімде сенім қалмап еді. Бірақ өлім мен үшін үлкен сабақ болды. Арғы дүниені сезінгендей болдым. Мен мәңгілікке құштармын!
Адам деген қызық қой, кейде жастық шағына, бойындағы күш-қуатына, тіпті, істеген қызметіне де сенім артады. Соның барлығы аяқсыз-ақырсыз болып көрінеді. Жағ­дайы нашарласа да, дүниеден айыры­лып қаламын деп қорықса да, өзінің ақыр-түбі о дүниелік екенін ойламайды, керек десеңіз, ол ­туралы сөз етуден бас тартады. Бір қадірлі жазушы ағамыздың биік мінбеде тұрып: «Қазіргі молдалар өлім туралы көп айта береді, өмір туралы көбірек айтсын!» дегеніндей.
Абай атамыз: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деп жырлайды. Иә, мәңгілікке құштар жан иесі бұ дүниеге қонақ екендігін естен шығармайды. Тіпті кез келген уақытта көшіп кетуге дайын тұрады. Өлімді еске алатыны содан шығар. «Насихат керек болса, өлім жетеді» деп, тағы бір ойшылдың айтқаны бар еді.
Осы орайда шығыс әдебиетінде Зұлпықар болып бейнеленетін Әзірет Әлі мәңгілік өмірдің мәнін аша түсетіндей сөз айтады: «Бұ дүниенің беті ары қарап кетіп барады. О дүние бері қарап келе жатыр. Сендер бергі беттің емес, арғы беттің перзенттері болыңдар! Өйткені бүгін амал бар, есеп жоқ, ал ертеңгі күні есеп бар, амал жоқ!».
Әлгі ем алып жүрген кореялық­тардың мәңгілік өмірге қалай сенгенін білмейміз. Ондай емді біз де күнделікті тіршілікте алып жүрген сияқтымыз. Бірақ өрелі мақсатқа жететін өнегелі өмір сүру үшін де өлімді ұмытпау керек екені рас. Түрік ақыны Нежип Фазыл: «Өлім деген көркем ғой – бұл бізге жеткен ақпар, Көркем болмағанда ше, өлер ме еді пайғамбар?» деп, осыны аңғартса керек.

ТІЛ

Түрік ағайындардың жиі айтатын бір күлкілі әңгімесі бар:
Қара теңіздің жағалауында туған ­Темел бір күні Лондонда тұратын ­Жамал досына қонаққа келіпті. Үйге кіріп, жайғасып болған соң, одан досы:
– Сен ағылшын тілін білмейсің ғой, мұнда жеткенше қатты қиналған шығарсың? – деп сұрапты.
– Жоғ-ә, – депті сонда Темел. – Ұшақтан түскеннен осында жеткенше ағылшындардың өздері қиналды ғой…
Әзіл де болса, рас!
Түрік ағайындар өздерінің ана тілінде сөйлеп, бүкіл дүниежүзін аралап­ жүре береді. Керек болса, табыс та ­табады.
Ал біз ше, көршінің тілі, туыс­қанның тілі, қонақтың тілі (Құдай-ау, тағы қандай тіл бар еді?) деп, жалпақшешей болып, бәрін меңгеруге тырысамыз. Шетелде өз тілімізде сөйлеуді былай қойғанда, өз елімізде шетелде жүргендей күй кешеміз.
Өзгенің тіліне алаңдамай, өз тілімізде сөйлеп өмір сүрсек қалай ­болар екен, а?..
Төрт тілді меңгерген, әрине, біз үшін де қызық…

КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕН  ТУҒАН КЕҢЕС

Бір күні ұстаз бен шәкірт арасында әлдебір мәселеге бола келіспеушілік туады. Ұстазымен тіл табыса алмай, бірден ашуға булыққан шәкірті сабақтан шығып, үйіне кетеді.
Кешкісін қарт ұстаз үлкен ­басымен шәкіртінің үйіне келеді. Жас жеткіншек аң-таң болып, абдырап қалады. Ұлағатты ұстазы сөз бастап:
– Шырағым, бәрімізді біріктіретін жүздеген мәселе тұрғанда, біріктір­мейтін бір ғана мәселеге бола араздасып бізге не көрінді?! – дейді. Содан кейін есте мәңгі қалатындай ақыл айтады:
Қателіктен жирен, бірақ қателескен кісіден жиренбе!
Күнә атаулыға тіксініп қара, бірақ күнәһар жанға қамқор бол!
Айтылған сөзді сына, бірақ сол сөзді айтқан адамды құрметте!
Біздің басты міндетіміз рухани емдеу екенін ұмытпа, ендеше, шипа тілеген кісіге қиянат жасама!
Бұрынғы ақсақалдарымыз ұстаздың айтқан осы ұстанымымен бақытқа кенелді емес пе. Жалғанды жалпағынан басып жүрген біз оны неге ұмыттық?

БАУЫР

Біреу есік қағады.
– Кім бұл? – дейді үй иесі.
– Бауырың ғой, аш есікті!
– Қай бауырым?
– Жын ұрған ба? Кәдімгі туған бауырың ғой!
– Абылсың ба, Қабылсың ба?!
Сонда есіктің ауызында тұрған ­бауыры:
– Саған кім керек өзі?! – депті.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

5 Пікір

  1. Наз

    керемет жазылган

  2. Таке

    Түсінікті тілде жазған, еліміздің әдебиетінін келешегі бар болғанына сенім артатын мақалалар. Жолыңнан таймай, дәл осылай жалғастыр.
    Қаламыңнын сиясы бітсе де, өзің бітпе Мәлік баурым.

  3. Aşur Özdemir

    Тaқырып жaғынaн дa, әңгiмелеу жaғынaн дa, түр жaғынaн дa соны әңгiмелер. Ежелгi xикaя мен жaңa әңгiме өте бiр шеберлiкпен ұштaсқaн.

  4. Есенай

    Мәлік тыңға түрен салатын талантты қаламгер. Сәулелі дүние екен. Бір деммен рахаттанып оқып шықтым. Газетке рахмет! Соңғы кезде оқылатын дүниелер көп шығады. Серік Қирабаевты оқып тұрамын. Жанболат Аупбаевтың жазғандары жақсы. Мәлік сияқты авторларды көбейте беру керек. Менің біліуімше ол өз-өзін жарнамаламайтын таза жігіт. Шындықты әдемі жеткізген.

  5. Дәулетбек

    «Ой қазан» сонсоң «Бір қайыры бар дүние», енді міне, «Біз күткен бақ» желілес, тамырлас еңбектер екен. Негізінен оқиғаға емес, ойға, сөзден гөрі амалға шақыратын ғибратты дүниелер желісі жасалыпты. Ой орамы ұзарып, шалмасы асауға түсетіндей құлашыңызды жазыпсыз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.