ЕРЛІК ЕСКІРМЕЙДІ немесе қараша – Панфилов дивизиясының адамзатқа даңқы шыққан ай

«Бауыржан кеудесін көтеріңкіреп, қынабынан қылышын суырды. Аласа күңгірт блиндаждың ішінде қарудың сұсты жүзі жалт-жұлт етті.
– Шартымыз мынадай болсын. Сіз шындықты жазуға міндеттісіз. Кітап дайын болғасын маған келесіз. Бірінші тарауын оқимын да, ұнамаса: «Жаман екен, өтірік жазыпсыз!» деймін. Сонда сол қолыңызды үстел үстіне қоясыз. «Әп!» деймін де, сол қолыңызды шауып тас­тай­мын! Екінші ­тарауын оқимын. «Жаман екен өтірік сықпыртыпсыз!» десем болғаны, оң қолыңызды тоса беріңіз. «Әп!» деймін де, оң қолыңызды тағы шабамын. Көнемісіз? – Көнем, – дедім мен». Бұл романның 13-бетіндегі жолдар. Кітап осылай басталады деуге болады.
Батыр атамыз­ ­Бауыржан Момышұлы туралы­ жазылған бұл «Арпалыс» ­(«Волоколамское шоссе») романындағы оқиғаға биыл 78 жыл болыпты. Дәл осы қазан-қараша айындағы Мәскеу түбінде Волоколамск тас жолындағы жан алып, жан берген қиян-кескі ұрыс кезіндегі шынайы тарихи оқиғаны сюжет еткен ғажайып шығарма. Жазушы­ Александр Бектің Бауыржан Момышұлын майдан даласынан тапқан кезі 1942 жылы еді. Кітап жазылып, Б.Момышұлының қарауынан өтіп, 1944 жылы жарық көреді. Содан бастап әлденеше рет қайталап ­басылып шығады. Менің қолымдағы Құрманбек Сағындықовтың еркін аудармасы бойынша «Бірінші кітаптың төртінші, екінші кітаптың үшінші басылымы». Үлкен төрт бөлімнен, 664 беттен тұратын кітап.

«Арпалыс» – соғыс жайында менің сүйіп оқитын кітаптарымның бірі болды және солай болып қалды да. Өзімнің бұл кітапты сүйетіндігімді былай қойғанда, мұның өзі біздің әдебиетіміздегі соғыс жайында жазылған ең таңдаулы кітаптардың бірі екеніне менің сенімім кәміл» депті, өз алғысөзінде Константин Симонов.­ Ал аудармашы «Бек майданға барғасын Бауыржан Момышұлымен кездесіп, кітапқа негіз болған материялдардың бәрін содан алды. Осы кітапты ­аударушы да нақ сол кезде Бауыржан­ басқаратын полкте болатын. Сонда­ Бауыржанның А.Бекке айтқан әңгімесін өз аузынан есіткенбіз» депті, қаламгер Құрманбек Сағындықов. Міне, көріп отырсыздар, жоғарыдағы екі пікірден романның шынайылығын, жазушының шеберлігін аңғарамыз. Енді оған бас кейіпкер Момышұлының қолжазбаны өзі көзден кешіргенін, түзету енгізгенін қосыңыз.
Осыған дейін жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен Аңыз» диалог романын оқығаным бар, онан анау жылдары Жазушылар одағының «Ан-Арыс» баспасынан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты мемуар романына редактор болып, кітапты шығаруға қатысқанмын. Оның үстіне бала жасымыздан ­Бауыржан Момышұлы туралы естігеніміз, оқығанымыз, көрген киномыз бар еді. Тіпті Александр Бектің «Арпалысты» жазу үшін оны қалай іздеп тапқаны, алғашқы жинаған материялын пойызда ұрлатып алып, екінші рет сүмірейіп Момышұлына қайта барғаны туралы, амалын тауып көндіріп қайтадан сөйлеткені туралы кітапты оқығанмын. Осы деректер батыр туралы біршама мағлұматқа ие еткені рас еді. Батырдың әңгімесі айтыла бастаса тебіренбей есту мүмкін емес. Ал мынау «Арпалыс» ­романын оқып отырып сәт сайын толқып, сәт сайын құбылуға тура келеді екен. Оқиға қазан айы мен қараша айындағы қан-қасап қызыл қырғын, қиын-қыстау сұрапыл шайқастың үстінде өтеді. Менің байқағаным, соғыс бір уақытта үш бағыт, яғни параллель үш линияда тең өрбиді. Біріншісі, ең негізгі әскери міндет гитлершіл шапқыншыларға қарсы жан аямай шайқасу. Сол тұстағы біртұтас Кеңес Одағының ортақ мүддесі жолындағы Отанды қорғау шайқасы. Әскери борыштары мен азаматтық парызын өтеу мақсатындағы бұйрықты орындау. Екінші соғыс, мезгілдің, табиғаттың қиқар мінезі. Ол қазанның қара дауылы,­ жаңбырлы суық жел. Ит тұмсығы өтпейтін меңіреу орман, тізеден малтыққан ми батпақ. Онымен жалғаса келген қарашаның қақаған аязы мен бет қаратпас үскірігі. Тоң жерді ойып оқпана қазу, бауыр­лап жатқанда бауырыңнан өтіп қалшылдатқан ызғарлы қатты суық. Жорық жолындағы ілгері басқан аяғыңды кері кетіретін омыраудан келетін омбы қар. Бұған қоса қоршауда қалған сәттердегі азық-түліктің ­таусылып аштықтың азабын қатар тартуы қаһарына мінген сүркейлі немістен кем соқпайды. Үшіншісі, соғысқа деген қорқыныш, үрей азабы, өрмекшінің торындай шырмаған мезеттік (кітапта мезгеулік) соғыстан қашу қатері. Қысқасы, Момышұлының сөзімен айтқанда, «Психикалық соғыс». Бұл желі романның басынан аяғына дейін қатарласа созылып ­жатыр. Байқауымша, бұл тең өрбитін үш соғыстың ішіндегі ең қатерлісі, ең аждаһадай арбайтын сұмпайысы осы ПСИХИКАЛЫҚ соғыс деп атаған болар едім. Алдыңдағы жаумен бетпе-бет және табиғаттың қиқар мінезімен соғысудың сәтті-сәтсіз болуы түгелдей жан дүниедегі үрейді жеңуге тікелей байланысты. Бауыржанның батальоны да бұл шырғалаңнан сырт қалмайды.
Кеңестер Одағы 20-жылдардан 40-жылдарға дейін жиырма жыл соғыс көрмеген, тіпті соғысты ұмыта бастаған мемлекет болатын. Аға буын ащы-тұщының дәмін татса да, жиырма жастың төңірегінде соғысқа тоғытылған жастар мүлде жаугершілік көрмеген сарауыз балапандар еді. Сол тұста азаматтық борышын өтеп жүрген негізгі әскер неміс шапқыншыларын тосуға, кері қайтаруға жеткіліксіз ­болады да, барлық одақтас республикалардан жаппай әскерге адам қабылдап, небары үш айдың ­шамасында ғана әскери жаттығудан өткізіп апай-топай жантүршігерлік майданға салады. Дүниежүзілік бірінші соғысты, онан кейінгі азамат соғысын кинодан көргені болмаса, соғыстың шын мәнінде не екенін түсінбейтін боздақтар лек-легімен шепке тартылды. Міне, сондықтан да, ең алдымен үрейді жеңу, соғысқа көз үйрету мен бой үйрету оңайға соқпады. Бұл секілді қобалжулар Бауыржан ­батальонын қалтыратқан кездері кітапта бүкпесіз жазылады. Сол «психикалық арбасудың» алғашқы құрбаны деп, ­жауынгер Боранбаевты айтуға болар еді. Өзі взвод командирі бола тұра алғашқы мылтық дауысынан ес-түсінен айырылып орманға қашып жан сауғалайды. Ол қатарынан үш қылмысты қатар ­жасайды: қорқақтық танытып қашады, командир ретінде жауынгерлерін жұртқа тастап бас сауғалайды, сосын соғыстан сырт қалу үшін өз қолын өзі атып жаралайды. Мұндай жағдай сонымен ғана бітпейді, одан кейін де Брудныйдың өзін жоғалтуы, Заевтың пулемет орнатылған арбаны, өзімен бірге төрт пулеметшіні қоса ертіп құйынперін қашып орманға кіріп жоқ болуы… осының бәрі үрейдің зардабы еді. Боранбаев сотталып, өз саптастарының оғынан ит өліммен өледі. Ал Брудный мен Заев аса қиын сынақтар арқылы кешірім алып соғыста шыңдалып ерлік көрсетеді. Брудный кескілескен соғыста батырлықпен қаза тауып, Заев романның соңына дейін аман жетеді. Міне, бұл айтқандарым үшінші соғыстың ішінара жанды мысалдары дер едім. Бауыржан Момышұлы да мұндай үрейдің арбауына екі мәрте ұшырап, асқан парасаттылықпен бойын басқан зілбатпаннан зорға құтылады. Тіпті соңғы жолы немістердің бытырлата атқан оғынан өлімге кіріптар бола жаздайды.
Осы арада мынаған көзім жеткендей, Бауыржан Момышұлы осы «үшінші соғысты» қатты назарда ұстайды, одан мүлде арылуға болмайтынын да сезеді, ол кенеттен сап ете түсетінін жасырмайды. Бауыржанның оған қарсы тапқан емі – ТӘРТІП. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөз сол үшін шыққандай. Тағы бір тәсілі, «Бейбіт күнде әскерге аяушылық танытсаң, соғыста қирай жеңілесің» деген қағиданы қатаң ұстанады. Бұл жерде кітапты бастан-аяқ әңгімелеп отыру шарт емес, дегенмен, пікірімізді дәлелдейтін мысалдарды айтуға тиіспіз. Былай қарағанда «Комбат» Момышұлы тым қатал адам секілді көрінеді, тіпті рақымсыз, аяушылығы жоқ, бірбеткей кісі деуге болады. Ал оның нәтижесін кескілескен ұрыс үстінде, табандылықтың құдіретін мойындаған сарбаздар, жеңіске жеткенде анық көреді. Тұтас майдан шебін көз алдыма­ келтіре отырып, батальондардың, полктердің, ең сорақысы кейбір дивизиялардың қирай жеңілуі орыс әскерінің аздығынан ­немесе әскери күш-қуатының кемдігінен емес. Қайта, жауынгерлердің рухани таяздығынан, тәртіптің жоқтығынан деуге болар еді. Егер күллі армияның басында­ Бауыржан­ Момышұлы секілді ­командирлер тұрғанда Мәскеу түбіндегі соғыстарда Қызыл армия орасан зор шығын тартып, масқараға ұшырап артқа шегінбес еді. Ал кітапта баяндалғандай Бауыржан батальоны­ бес мәрте ірі шайқаста шебін тастап бұйрықсыз бір қадам да шегінген жоқ, алды-алдына тырақайлап қашқан емес. Жаңбырдай жауған оқ пен толассыз атылған зеңбірек-минометтердің астында топыраққа көміліп қалса да тапжылмай соғысты. Тіпті қоршауда қалса да қорқыныштан қолды-аяққа тұрмай теріс айнала қашқан жоқ. Қайта серіппедей тартылып жауына сілейте соққы беріп отырады. Соғыс кезінде Бауыржан батальоны қорғаған шептен қанша өңмеңдесе де бірде-бір дұспан алдыға өткен емес. Шепті сетінетпей сақтай білді. Сол үшін әр қолбасшы Момышұлындай батыр, батыл, тәсілге шебер, тапбермеде ақыл таба білетін тәртіпке берік болғанда немістің алдына түсіп безіп бермес еді…
Б.Момышұлының осынша қайсар және қолбасшылық міндетті мығым ұстауына не себеп? Бірінші, оның ұшқан ұясы кемел, дәстүрі берік, намысы биік. Мысалы, осы қасиетін қадірлеген генерал Панфилов соңғы жолы әңгімелесіп қоштасарда «Саған сенемін, жолың болсын қазағым!» деп қолын қысады. Жарғы бойынша сөйлесіп, әскери тәртіппен тіл қатысудың жөні бір басқа, ал іші-бауырыңды елжіретіп, арқаңды шымырлатар «Қазағым!» ­деген сөздің күш-қуаты қаншалық екенін сезіне беріңіз! Ол осы сөзді ең қиын шақта міндет артып отырып екі жолы қайталайды. «Борыш», «Міндет», ­«Намыс», «Сенім», «Ұят» секілді сөздер аса үлкен рөл атқарады. Яғни «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді», ­«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Адамның көтеріңкі көңіл күйі – ұрыста ең айбарлы қару», «Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің», «Әрбір бұйрықтың орындалуы – бұлжымас шарт» деген секілді сөздер қанжардан да өткір, оқтан да жылдам екенін жақсы сезінген батыр әрқайсысын керекті жеріне дәл қолдана біледі. Екінші, өзіне де, өзгеге де қатаң бола отырып, сөзі мен ісі бір жерден шығатын әділдігі оның жанындағы жалауы. Тіпті бірбеткейлігі ту болып желбіреп тұрады. Үшінші, ол менменшіл емес, кісілік жүрегі бар, ол да елжірей білетін, ол да бауырмал екенін сезесің. Мысалы,­ қорқақтығы үшін, майданды­ тастап қашқаны үшін Заевқа өлім ­жазасын өкім етіп әскери сотқа тартуға ­айдатып жібереді, алайда адамдық махаббатының арқасында қайтадан тәртіпті бұза отырып, ­Заевты қамаудағы жерінен ­босатып батальонға қайтарып әкеледі. Ол соғыс кезінде жауынгерлерді ғана емес, өзін де тәрбиелейді. Төртінші, ол әскери жарғыға сай қатып қалған қарадүрсін командир емес, қайта жағдайды дұрыс зерттеп, теорияның жетегінде кетпей, тыңнан жол тауып отырады. Оның қолданған тәсілін сол кездің өзінде генарал Панфилов соғыс тактикасына енгізіп, іске қосады. Тіпті шұғыл жағдайға тап болғанда солдаттарын аман сақтап қалу үшін төпелеген снарядтардың астында босқа шығын болғанша, шептен уақытша шегініп, бейқам дұшпанды қапы қалдырып тарпа бас салады да, жүндей түтеді. Қайта лап қойып ­жебедей атылып, жауының бүйірінен қадалған тың тәсілі батальонның қирап құрып кетуінен сақтап қана қоймай, табысқа кенелтіп жауын жайратып, олжаға батып орнықтылыққа ие болады. Бұл әскери тәсіл сол кезге дейін жазылмаған жаңалық еді. Бірақ сол үшін «бұйрыққа бағынбау» деген қылмысқа тап болып, генарал-лейтенант Звягиннің қаһарына ілініп, өмірімен қош айтыса жаздайды. Алайда Панфилов сияқты парасатты көреген басшының ара түсуімен өз міндетін онан ары жалғастыра береді. Армия қолбасшысының бұйрығын қасақана орындамай, өз басының істі болуынан қорықпай солдат өмірін сақтап қалады, оның үстіне жауынгерлердің рухын көтеріп басқарушы ретінде беделі артады. Алыстағы майдан шебінің жағдайын өз парасатымен меңгеріп тиімсіз жағдайды тиімді жағдайға ауыстырып ырықтылыққа шығады. Бесінші, генерал Панфиловтың тәлімін шын мәнінде жадына тоқып, әр сөйлемін, әр тәсілін қиын-қыстау кездің өзінде кәдеге ­жарата білетін, ұстазының ойын қас-қабағынан сезетін айнымас адал шәкірт болды. «Доғаша иілу», «Серіппедей атылу», «Өзінен асып кету», «Маневер жасау» секілді амалдар генерал мен ком­баттың шебер үйлесімімен өмірге келген жаңалық ретінде өз нәтижесін берді.
Осы арада бір қадап айтатын мәселе – Александр Бек романды ­батыр Бауыржан Момышұлы туралы жазып отырғанымен, Бауыржанның миында роман генерал Панфиловқа арналған деуге болар еді. Тұтас кітап дивизия командирі Панфиловтың ақыл-парасатына, кемеңгерлігіне, басқару тактикасына, мейірімділігіне бағышталған деуге толық негіз бар. Алматыда құрылған «316-атқыштар» дивизиясының жоқтан бар болып кемелденуін, даңқы бүкіл әлемге әйгілі «28 панфиловшы-гвардияшылардың» шығуын, онан ары генералдың баптап-баулуы арқасында қажырлы қайрат көрсетіп, шебер қимылдағаны үшін «8-гвардиялық» атқыштар дивизиясы деп аталған кезге дейінгі арпалысты жолдары Панфиловтың ұшан-теңіз еңбегі екенін дәлелдейді. Момышұлы мен Панфилов арасындағы түсіністіктер ыммен, айтқызбай түсінумен, тұспалмен жылжып отырады. Қазақта «Ымды білмеген дымды білмейді» ­деген мәтел бар. Бұл арада екі алыптың арасындағы ой жарысы мен тапқырлық үндестіктер осылайша құлашын кеңге жаяды. Тағы бір жағынан генералдың қарапайымдылығы мен болжампаздығы көп жерде жауға сілейте соққы беруге жол ашып отырады. Сондықтан да бұл романды Панфиловтың мектебі, Момышұлының тәжірибе алаңы ­деген болар едім. Осылайша, қос алып қол ұстаса қимылдап армияға тән академиялық «оқулық» жазып шығады. Жеңіске жетуде басшының қол астындағы адамының қарым-қабілетін бағалай білуі, жан дүниесінің күрмеуін шешіп, көңілін таба білуі үлкен шешуші рөл атқаратынын түсіндіреді. Бұл жағынан Генерал Момышұлын бағалай білсе, Момышұлы Толстунов­ты, Рахимовты, Бозжановты, Заевты, Брудныйды, Филимоновты дәл танып, адал сарбаз, айнымас досқа айналдырып тұтас қосынның үлгі-өнегесіне көтеріп жеңіске жетелейді. Бір шындық бар, ол болса, романдағы кейіпкерлер Б.Момышұлы, Рахимов болсын жүз пайыз мүлтіксіз «жағымды кейіпкер» болып суреттеле бермейді. Момышұлының полковник Хрымовпен болған тікбақай тілдесуі, батальонның штаб бастығы ақылды, адал Рахимовтың орманда адасып қалып, саптастарын іздеместен тылға тіке тартуы алтынның да ақауы бар екенін көрсетеді…
«Қызыл Армияның басқа да бөлімдерімен бірге тарихтың бетін бұрдық та, жауды Москвадан әрмен қуып тастадық. Бұл туралы «Ленинград тас жолы» деген тақырыппен тағы да бір кітап жазуға болар еді. «Старая Русса түбінде» деп те жазуға болады. Бірақ кітап бітті. Ал болашақта сізге қояр бір ғана шартым бар. Салалы саусақтарымен қылыштың балдағын ұстады да, Момышұлы күтпеген жерден қаруын суырып алды. Күңгірт блиндаж ішінде болаттың қылпылдаған жүзі осы кітаптың басталар кезіндегідей тағы да жарқ-жұрқ етті. Бір ғана шартым бар, – деп қайталады Момышұлы, – Өтірікті сықпыртсаңыз – оң қолыңызды стол үстіне қоя беріңіз. «Әп!» деймін де, оң қолыңызды шауып тастаймын. Осыған көнетініңіз рас па? – Рас, – дедім мен». Міне, роман осылай аяқталады. Әрине, Бауыржан оның қолын ­шауып тастамас еді, дегенмен, мұндағы қылпылдаған қылыш жүзі шындықтың жүзі, ақиқаттың айнымас серті болатын.
Соңында айтарым, бұл кітап кешегі империя Кеңес Одағы кезінде жазылғанымен, ол қай заманға да үйлесетін бағдаршам, сауыт бұзар сұр жебе секілді. Көңілге күдік ұялатпайтын көркем шығарма екені анық. Оны тек қана әскери адамдар ғана оқумен шектелмей, тұтас қоғам мүшелері оқулық ретінде оқып, тәлім алатын таңғажайып дүние. Ол тәртіпті, намысты, жасампаз, мінезді, мінсіз болуға баулиды. Оны мектеп оқушыларынан тартып, мемлекет қызметкерлеріне дейін оқуға, тоқуға тиіс! Жастар оқыса ынжық болмас еді, шенеунік оқыса парақор болмас еді, жауынгер оқыса борышына адалдық танытып майданынан тапжылмас еді, ұстаз оқыса ұрпақты тура жолға бастар еді!.. Кітапты оқыған сайын адамдық сезімдеріңді қозғап алқымыңа өксік тығылып, жанарың жасқа шыланады. Бірде, арқаң шымырлап айызың қанады. Рухыңды серпілтіп, адамша өмір сүруге намысыңды қайрап, онан сайын жетілдіре жани түседі…
«Арпалыс» романы аласапыран ­болып арпалысқан тірлікте адаспай алға тартудың сөнбес алауы.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.