ШЫНДЫҚТЫҢ ЖОЛЫ

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері

Шындығы сол, халқының құрметіне бөленген, атақ-даңқынан ат үріккен тұлға туралы сөз айту да оңай емес. Ал бәріміз ардақтайтын Шерағаң – Шерхан Мұртаза жайында жазылған ондаған, жүздеген мақаланың бірін қалдырмай, тегіс оқып жүретін адамға тіптен қиын. Ағамыздың ел сүйетін аса бір аяулы­ қасиеттерін де, беттілердің беделіне иілмейтін, ептілердің қалтасына құйылмайтын нар тұлғаның қайталанбас мінезін де, қаламгерлік шеберлігі мен суреткерлік ерекшеліктеріне де, қазақ баспасөзінің қайта ояну дәуіріне жол салған бас редакторлық қыр-сырына да терең үңіліп, төгілтіп-толғана жазған небір марқасқа замандастары мен ойшылдардың, қатар келе жатқан әріптестері мен талантты шәкірттерінің ой-толғаулары бәрін де айтып, бәрін де тасқа ­басып қойғандай көрінген уақытта, «мен не айтамын?» деген кісілік сауал кесе-көлденең алдыңнан көлбеңдемей қоймайды.

«Шерағаның шекпенінен шықтық» деп жүрген жастар шоғыры бұл күндері қазақ әдебиеті мен баспасөзінде арқа тұтар тұлғаларға айналып та үлгерді. Абыз ағаның өзі айтпақшы «түнгі ­таудан оттай боп көрінген» тұста оның таңғажайып әлемі өзіне ынтықтыра түскендей әсерге бөлейді.
Бір ғана Әділ Дүйсенбектің ­ар­дақты­ ұстазы жайлы «Менің Шерағам» деген том-том ­естелік-­­кі­табын­ жазғалы көп болды. «Біздің Шерағаң», «Шын­дықтың шынары», «Намыс найзағайы» деген атаумен құнды дүниелер ағаның көзі тірісінде-ақ жарияланып жатты. Бар қазақ қалам­гері ол кісі туралы жазды десек те артықтығы жоқ.
Соның бәрін Шерағаң оқыды ма? Әрине, негізінен оқып, таныс болға­нына мына мен куәмін.
Өзі және шығармашылық қырлары туралы жазған дүниелерді жинастырып, жеке архивіне мұқият сақтап жүрді әрі сәті түскен сұхбаттарды тілге тиек еткен кездерін жақсы білеміз. Бұлай деуіме ол кісімен туыстық жақындығым, әрі қасында көп жыл бойы іні-шәкірт болып ілесіп жүргенім мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Шерағаның балаларының сүйікті анасы Мәрия Төлепбергенова менің әпкем еді. Жамбыл жерінің қызы. Төменгі Талас жағалауына қоныс тепкен Үшарал ауылында кіндігі кесіліп, жастайынан оқу іздеп, үлкен әулетте дүниеге келген тұңғыш нәресте-қыз болып өскен. Ел ішінде әпкемді жең­гелерінің қайын сіңлілеріне ат қою дәстүрімен «Науқыз» деп атайды. Үйдің үлкені дегені. Өмірде әпкем әулетіміздің үміті, әрі тірегі болды. Ал Шерағаның асыл жары, шаңырағының киесі болды. Ақтық демі таусылғанша сол киелі отанның қызуы басылмаған отын жақты. Ағамызды тұтас елдің құрметтейтін атпал азамат биігіне көтеріп, қазақ әдебиетіне кесек-кесек туындыларымен жарқырай көрінуіне шексіз әйелдік-аналық, қамқор көңілімен жағдай жасады. Жасыратын несі бар, Шерағаңның мінезі, жүріс-тұрысы аса бір қаталдық пен Күлмесхандай сезілуі мүмкін, алайда қарапайым ­жүріп-ақ­ хан қайырылып сәлем беретіндей бедел мен билікке ие болған кісінің үйінің табалдырығы келім-кетім адамдардан арылмайтын. Сол жылдары Алматыдағы Мұртазаевтың есігі ашық, қазаны оттан түспей, дастарқаны таң атқаннан түн ортасына дейін жаюлы тұратын. Мәрия әпкеміздің дарқан мейірімі­нен шуақ алған кісілер шаңырақ иесінің жүрек жылуына да разы ­болып қайтқан күндердің бәрі бірдей ­ме­нің есімде сақталмағанымен, ерекше әсер қалдырған сағаттар жадымда­ жаңғырады.
Мен 1975 жылдан, яғни Алматыға оқуға барған кезден бастап, қалың қазақтың қадірлісі Шерағаңның ­аға­лық­ өміріне біте қайнасып де­мейін, қажет кезде бірге артынан ілесе жүрген күндерім ерекше қымбат.
Шераға сол кезде «Лениншіл жас» газеті мен «Жалын» журналына редактор­ қызметтерін атқарып, Қазақстан ­Жазушылар одағының ІІ-хатшысы болған уақыт еді. Кеңестік дәуірдің мың батпан құйтырқысы құбылып, ұлттық мүдде көмескілене бастаған шақта ұлтжанды қаламгердің таза журналистика мен жазушылықты қатар алып жүргенімен қоймай, мемлекеттік басшылық қызметті де абыройлы атқаруы оңай болған жоқ. Мұның бәрін айтып отырмыз ғой, ол жылдары азулы қайраткердің әрбір күні күрес, әрбір сағатында жан-жағынан қызғаныштың қызыл иті үріп жататынын қайдан білейік. Тек Мәрия әпкем ғана кейде түнеріп, қабағынан қар жауып келетін ерін әдемі әзіл әңгімелерімен, көңіл кілтін табатын ойлы сөздерімен шерін тарқатып, жібіп салуына ыңғай жасайтынына сан рет куә болғанбыз.

Әпкем ұзақ жыл Алматыдағы А.Пушкин атындағы орталық кітапханада қызмет етті. Әкесі Ағыбай жәкеме ұқсап ауызекі әңгімеге өте шебер, есте сақтау қабілеті ерекше кісі еді. Жамбылда Адамбек Мұсаев деген майдангер, әрі облыста беделді қызмет тізгінін ұстаған жиен ағамыздың үйінде жатып оқып жүргенінде Шерағаңмен танысқан ғой, тағдыр қос жүректі бір жүрекке ішкі түйсігімен, адал махаббатымен осылай сыйғызып, табыстырған.
Сәл-пәл алға озыңқырап айтсам, Шерағаң­ның жүрекке жылы, оқуға жеңіл шағын да шебер әңгімелерінің кейбір желісінен әпкемнің соншама сүйіп, түр­лен­діріп айтатын қызықты оқиғаларын аңғаруға болатын. Көркем әңгімеге айнал­ғанда, әлбетте, оқиға өрбуі мен шиеленісі суреткердің шеберлігімен астасып, сұлулана түседі. Бір күні…
– Сақа, осы сен Жалаңбас батырды білесің бе? – деді Шерағаң сұраулы жүзбен тесіле қарап. Байқаймын, мен біле қоймайтын әңгіме деректі айтқалы отырған сияқты.
– Көкемнен батырдың есімін естіге­нім болмаса, небәрі 17 жасында ел басқар­ғанын, сол он сегізінші ғасырдың аяғында ағайын қолынан түсініксіз жағдайда қайғы жұтып, қаза тапқанын айтады ғой, – дедім түпсіз дерегіне жете алмай…
Шерағаң мені әкемнің еркелетіп қойған жанама атымен «Сақа» деп айтатын. Әпкем де төл­құжаттағы есімімді біл­мей де кеткен шығар, ол кісі де «Сақа» дей­тін. Тағы бір кісі – Шерағаңның кластас досы, еліміздің айтулы азаматы Қаратай Тұрысов та, ол кісінің үйіндегі Әскергүл әпкем де «Сақа» деді. Көзі тірі Әскергүл әпкем қай жерде, қай ортада отырса да «О! Мәрия әпкемнің інісі Сақа ғой!» деп бауырына басып, бетімізден сүйіп жатады. Сол кезде мен, өмірден небәрі 62 жасында қайтқан ғазиз жүректі әпкемді сағынышпен еске алып, көзімді жас бұлайды…
Иә, Шерағаның сол жылдары «Қара маржан» кітабы шығып, ол туындысы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Қаратау кеншілерінің өмірімен етене танысқан жылдарында, әлде Жамбыл-Талас жұрты арасында құймақұлақ қариялардан естіп, қанықты ма екен, менің екіұшты жауабымды естігеннен кейін:
– Қаратау жақта «Жалаңбас қағы» деген жер бар екен. Сол жер Ошақты Жалаңбас батырдың атымен аталады екен, – деді ағам диванда кеңінен жайғасып отырып: – Естуің бар ғой, ілгеріде Сапақ датқа Тәшкенде жиында жүргенде дұшпандары мөрін ұрлап, датқаның атынан ұлдары Жолшыбек пен Тойшыбекке хат жазып: «Менен туғандарың рас болса, Жалаңбасты өлтіріңдер!» деп, мөрін басып жіберген екен. Хатты алғаннан кейін Жолшыбек пен Тойшыбек Жалаңбасты сол Жалаңбас қағында өлтіреді. Мұны естіген Сапақ датқа: «Мұқалмайтын алмас қылышым-ай! Асылым-ай, күш-қайратым-ай, асқар белім-ай, алынбас қамалым-ай!» деп күйзелген көңілмен, аңырап дауыс салып жылаған екен. Содан ел іші бүлінеді.
Осы тақырыпты зерттеп көрсең қалай болар екен? – деді аз-кем ойға беріліп. – Бірақ оқиғаның ақиқатын білу үшін түбіне үңілу керек. Оны ойдан құрастырып жазуға болмайды. Бұны бір білсе, Мырзатай­ ­­Жолдасбеков ағаң білетін шығар. Бұл оқиғаның басқаша айтылатын түрі де бар секілді.
Бұл ауыр соғатын тақырыпқа терең бойлап, тарихи тағылым етіп көрсету сол 80-жылдары екінің бірінің ойына да оралмайтын, үстемдік идеологиясы қасарысып, деректі бұрмалап, қазақты қазаққа қарсы қою саясатына абай болуды қажет ететін. Тек тәуелсіздік жылдарында ғана жұрт ­тарихына Мырзатай Жолдасбеков бастаған зерттеушілер ден қоя бастады. Біз де бұл тақырыпты «Егемен Қазақстан» газеті бетінде жарияланған әдеби-зерттеу мақаламызда бірсыпыра айттық.
Ойтүрткі жасап, аузыма салған тақырып мұнымен шектелген жоқ…
Қызық болғанда ол кісінің ұлы Батылжанмен Қазақ Ұлттық университетінің жур­налистика факультетінде қатар оқыдық.
Одан әрі қызық тағы болды. Біздің студент жолдастарымыздың көпшілігі екеуміздің нағашы-жиен екенімізді оқуды бітіргенше білген де жоқ.
Себебі Шераға бізді солай тәрбиеледі. Атақты адамның атын жамылып, сол кісінің есімі мен қызметін алға тарту ойымызға да кірген жоқ.
Кейін бірсыпыра басылымдарда қызмет етіп, есейіп, «Егемен Қазақстан» газетіне ауысқанда басылымның Бас редакторы Нұрлан Оразалин жұмысқа қабылдайтын кезде «Мейрамбек, сен осы ағаның үйіндегі Мәрия жеңгеміздің інісі екенің рас па?» деп сұраған-ды. «Иә, рас!» дедім. Ол үндемеді. Тек онсыз да өткір көзін қадап ұзақ қарады.
«Жұрт ондай кісілерді алға салып…» дей салды.
Мен де ол кісінің не айтқысы келгенін іштей сездім.
Мұндай жағдай менің өмірімде бірнеше рет кездесті.
Шерағаң 80-жылдардың бел ортасында Төлебаев пен Совет (Әйтеке би) көшелерінің қиылысында кілең мықтыларға арнап салынған бес қабатты үйдің 4-қабатынан 5 бөлмелі, еңселі пәтер алды. Бір подьезде атақты қаламгер, Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Кәкімжан Қазыбаев, ақын Мұхтар Шаханов, КазМҰУ-дің ректоры, академик Көпжасар Нәрібаев, экономика министрінің орынбасары Қаһарман Бабағұлов, белгілі мемлекет қайраткері, өмірінің соңғы жылдары республикалық «Мысль» журналының Бас редакторы, екі тілде бірдей кітап жазатын Әбдеш Қалмырзаев секілді ел-жұртқа сыйлы кісілермен көрші тұрды.
Зерек ойлы Әбдеш аға Орталық Комитеттің идеология бөлімінде жетекшілік жасаған, аса бір зиялы, мәдениетті, лауазымды, талай адамды тәуір қызметке қоюға ықпалы бар кісі. Жақсы ағамен аралас-құралас болып жүріп: «Осы, қарағым, інім, менімен сарысулық жерлес екеніңді неге білмеймін. Шәкеңнің туысы, Мәкеңнің інісі екенсің ғой!» деп танысып, кейін бұл кісімен сыйластығымыз жарасты.
Шерағаңның өмірлік ұстанымын біз жастайымыздан түсіндік. Еңбегің мен адалдығың ғана алға жетелеуі керек ­деген. Университетті бітірген кезде ­Алматы облыстық «Жетісу» газеті өндірістік тәжірибеден өткізіп, өздеріне қызметке шақырып, біраз уақыттан кейін ғана бас редактор Пернебек Бейсеновтің жылы ­жымиып, әдемі езу тарта күлімсіреп: «Ой, сен өзіңді дұрыстап таныстырмапсың ғой!» деп астарлаған…
Шерағаң – бір қазақтың ғана жанашыры болса, кім болмақ? Қанша жерден туыстығы, бауырмалдығы елжіреп тұрса да, орынтағы биік дәулердің алдына туысына қызмет сұрап бару ол кісі үшін – өліммен тең болатын.
Сол 25 жыл ғұмырын кешегі қызыл төңкеріс кезінде ұлты үшін шырылдап жүріп, алтын басын оққа байлаған Тұрар Рысқұлов туралы бес том кітап жазуға арнаған уақыты пендешілік тірлікке бет бұруына да мұрсат берген жоқ. Сыншылар дұрыс айтады. Осы тұста кеңестік идеологияның қысымынан қаймықпаған Шерағаң ұлы қайраткер Тұрар есімін ұрпағына жеткізу үшін басын бәйгеге де тіккен шығар?! Бас кейіпкеріне егіз тамшыдай тарта туған дара мінезі, азаматтық тұғыры оны тым ұшар биікке көтеріп жіберді.
Артта қалған жылдарын сағынып еске алатын әр адам «Мұхит та бастауын біледі» дегендей, Шерағаның Мәскеу оқуынан оралған соң «Лениншіл жастағы» тілшілік қызметінің алғашқы іссапары Жамбыл облысының Талас ауданы Түгіскен қаракөл қой кеңшарынан басталады. Жас тілші 25 жаста, осы ауылға жаңа күйеу бала, бұрын-соңды келіп көрмеген ауылы. Шерағамның «Малды өлкеден хат» деген айдармен ­«Талас көктемі» деген тақырыппен газеттің екі нөміріне очеркі жарияланады. Бізге де бәрі таныс адамдар, еңбек адамдары. Әсіресе, жазушының «Жұмсақ алтын» деген әңгімесі құмды өлкеде мал баққан қазаққа қойылған ескерткіш тәрізді. Сол әңгіменің бас кейіпкерінің қызыл изен мен күлгін жусан ойпатында өмірін қалай өткізер күніне мың бояулы ой тастайтыны бар. «Бірде-бір қоғам малын шығын етпейік!» деген ұранға қалай құлаған-ау дерсің? Адам болып өмір сүру қиын-ақ… мал ішінде жүріп. Елің болмаса!.. «Күн еңбекшіл елмен қоштасып барады, аспан аясын қызыл нұрға малып барады. Ертең күн тағы шығады, ертең күн бұдан да тамаша». Үзілмейтін үміт, сөнбес сенім.
Шераға шамасында 50 жыл бойы Талас өлкесіне, Түгіскен ауылына үзіліссіз барып-келіп тұрды. Бала-шағасымен. Осы ауылдың адамдары өз баласындай, өз данасындай қатты құрметтеді.
1982 жылы ағаның 50 жасқа толған мерекесі «Есік» мейрамханасында өтті. Мұндай аса салиқалы, кілең марқасқалар жиналған тойды көрмегендер көп еді. Той салтанатын дара ақын Ғафу Қайырбеков, жас талантты жазушылар Оралхан Бөкей мен Кәрібай Ахметбековтер басқарды. Ұлы суреткер Ғабит Мүсірепов бар. Әйгілі әдебиет сыншысы Мұхамеджан Қаратаев, ақындардың ағасы Әбділда Тәжібаев бар.
Әдебиетте мойындау мен мойындалу деген ұғым аса қастерлі және ол өзінше бір жұмбағы көп, тылсымы терең әлем. Әйтсе де талантты мойындамау мүмкін емес. Өйткені, талантты таланттың танитыны бұлтартпас ақиқат.
Сол 50 жасында әдебиет әлеміне ­талантты қаламгердің келіп қосылып жатқанын айту да көп жайтқа себеп, ал бас редакторлық қызметіне Жазушылар одағы емес, таралымы 30 мыңнан 300 мыңға көтерілген газет-журнал оқырмандары тілеулес танытқан-ды.
Тойда ағаның аяулы анасы – Айша апамыз сөз сөйледі. Ол кісі баласының қандай жолдан өткенін айтқанда, бейнебір өлең оқып тұрғандай болды. Әлі күнге дейін құлағымда. Тебірене, толқып сөйледі. Қонақтар ол кісінің әрбір сөзін, әрбір ақылды ойын ұйып, елеңдей тыңдаған ақын-жазушылар бұдан әрі Шерағаның «Біз үшін, жетім қалған балалары үшін Айша анамыз Ай сәулесіндей киелі! Ай болмаса, Күн шығар ма еді?» дегендей бір сөз айтты. Құдай аузына салды ма, жазушы бүкіл шығармасының ең биік шоқтығы «Ай мен Айша» романын жазған жоқ па?
Кейде «Шерағам шаршап, шалдықпай ма?» дедік. Күндіз әріп түзетіп, кешке қаріп түзетіп, түнде роман жазып, осындай биік белеске көтерілу шын мәнінде ердің ғана қолынан келетін ерлік!
Ол кісінің шаршағанын емес, бір кезең оқиғасына байланысты нақты ширыққан сәтін айта кетейік. Себебі бұл сәт көп айтылып, көп жазылмады, өзі де айтпады. Сол бір жұмбақ дүние өзімен бірге кетті.
Алматыда өткен үлкен бір алқалы ­жиында (мен оған «Халық кеңесі» газеті тіл­шісі ретінде қатысқанмын) республи­калық теледидар комитетінің басшысы Мұртазаевқа біраз сын айтылды. Орыс­тілді көрермендер «қазақ телеарнасы тіл мәселесі жөнінде асыра сілтеушілікке орын беріп отыр» деп есептейді екен. Кадр мәселесі де солай.
Сонымен, бір кезде жарыссөзге Шерағаң шықты. Ол өзі басшы болып келгенге дейінгі республикалық телерадио ұжымында тіл, кадр мәселелері ылғи сыңаржақ шешіліп келгендігін, оған Орталық Комитет мән бермейтіндігін нақты мысалдармен дәлелдей сөйледі. Тартынған жоқ. Ыққан жоқ. Алған бетінен қайтқан жоқ. Бұл оның қайталанбас қайсар мінезі еді.
Одан әрі комитет төрағасы былығып кеткен жағдайды оңдауға тырысып, әрекет жасайтынын, егер ол бағытым кейбіреудің көңілінен шықпаса, олар көрермендерді бетке ұстап маған қысым жасай беретін болса, әрі ол Орталық Комитет тарапынан қолдау тауып отырса, онда мен қызметімнен кетуге дайынмын. «Алла Тағала қос қолыма, екі көзіме қуат беріп, миым істеп тұрса, жоспарланған шығармаларымды жазып, отбасымды асырауыма мүмкіндігім бар. Бірақ ұлт намысын қорғайтын мәселеде тайсақтамайтын адам дәл мен қазір істеп жүрген қызметте өте керек-ақ. Онсыз әлі талай жыл рухани езгіден құтыла алмаймыз!» деді.
Шерағаның тайсалмай, бар шындықты жайып салуы, сол жиында төменнен соққан дабылдың жұртқа жария болуы көп мәселеде оң шешім қабылдауға кейінгі тіршілікте сөзсіз әсерін тигізді. Егемендіктің елең-алаңында әртүрлі саяси-күресте нағыз ердің дауысы осылай естілді. Ұлт намысы үшін жаралған адамның дер кезінде, барынша қайратты үн қатуы қоғам үшін аса қажет еді.
Кешке қарай үйіне барғанымда, Шерағаңнан аса бір абыржыған көңіл күй сезбедім. Керісінше, қайраттанып, айбаттанып: – И..ә..ә.., бүгінгі жиынға өзің де бардың. Өмір осындай. Күнде осылай. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс – уақыт көрсетеді, – деді де қойды. Әрбір сөзді созыңқырап айтатын әдетімен.
Іші кең пәтерінің қонақтар бөлмесі құдды бір теледидардың штабына айналып кеткендей болды. Осы саланың басы-қасында жүрген Шәріп Омаров, Тыныс Өтебаев, Мұса Рахманбердиев секілді жігіттер күні бойы пікірталастан кейін жұмыстарын ұстаздарының үйіне келіп жалғастыратын. Ойласу сағаты түн ортасына дейін созылатын.
Ұзақ азапты тіршілікке бойұсынған олар Қазақ телевидениесіне ақиқаттың ақ туын қадап үлгерді. Жанын өткірдің жүзіне салған Шераға корпорациядан өз өтінішімен кеткен кезде де былқ еткен жоқ. Ешкімнен қорықпай, қорғанбай, даңққа кеуде салмай Қазақ телерадиосының тарихына ұлттық идеологияның алтын қазығын қақты, «негізі – бұл Қазақтың теледидары» деп!
«Тәуелсіздікті дайындаған тұлғалардың бірі – сөзсіз Шерхан Мұртаза!». Осы сөзді Әбіш Кекілбайұлы неге айтты дейсіз бе? Қиналған кезде қатайып шыға келетіні, әрдайым қайралған қылыштай қылпып тұратынын Әбіштей кім сезінеді?
Әнеукүні көрнекті мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Таразға келгенінде Орталық кітапханадағы Ш.Мұртаза атындағы рухани орталыққа арнайы бас сұғып, кең бөлме ішіндегі жазушының әр жылдардағы фотосуреттері мен қалам сиясымен жазылған жазуларға зер салып тұрып: «Қайран, Шераға! Мұндай адам енді жүз жылда тумайды!» деп елжіреп сала беріп еді. Қимастықпен көзіне жас алды. Ердің сойын алыптардың өздері де сағынады екен осылай.
Талай ғасыр есесі кетіп, тауы шағылған қазақ руханиятының талантымен тау жыға алған тарланы, атақты академик Өмірбек Жолдасбековтің Шерағаңа қаратып: «Парламентте Шәкеңнің дауысы естілгенде мен бар қазақ сөйлеп тұрғандай сезінемін» деп айтқаны бар. Қазақ рухының нағыз Геркулесі тап қасында Асанбай Асқаров, Қаратай Тұрысов, Өмірбек Байгелді иық тіресіп отырған кезде таудан гүрілдеп аққан судай қаһарланып айтқаны әлі есімде. Мәрия әпкемнің ақ дастарқаны үстінде. Халқының сөзін ұстап, ұлтының ылғи жел жағында жүрген Шераға шаңырағында ­талай қызықты дәурен өтті.
Сол кездегі Виноградов пен К.Маркс көшесі қиылысында жаңа тұрғынүйге көшті бір жылдары. Бесінші қабаттағы пәтерге үй жиһаздары, мыңдаған кітап, басқа да мүліктерді көшіріп, тасуға іні ­достары тойға келгендей қауымдасып жүретін. Оралхан Бөкей, Тұтқабай Иманбеков, Кәрібай Ахметбеков, Кәдірбек Сегізбаев, Қуанышбай Құрманғалиев, Қажығали Мұқанбетқалиев сияқты қаламгерлер жаңа үйге көшіріп барған соң, сол түні электр жарығы сөніп қалып, ағаның айтуымен Ғабит Мүсіреповтің үйінен мен барып алып келген білтелі майшамның түбінде кілең ­талантты, ұлтшыл жігіттердің өзара сыр­ласқан сәттерінде ел мен жер, ұлт тағдыры туралы қаншама ой туындап, сөз айтылды!..
Қоныс тойы тағы болды. 90-жылдарға қарай осы жазбамның бас жағында айтылғандай, кілең дүлдүлдермен қатар еңселі пәтерге ие болып, бір қуанды. Бұл үйге көшкен кезде сол бұрынғы достар ­тобына жазушы Қалихан Ысқақ, тағы бір-екі қаламгер қосылды. Әлі есімде, Шерағаңның жұртқа танымал шәкірттері – жазушылар салмағы ауыр үй жиhаздарын бір-бірлеп, арқасына салып көтеріп, төртінші қабатқа шығарып жатты. Ең ауырын Оралхан Бөкей көтеріп бара жатқанда Шерағаң: «Қазақ әдебиетінің» ауыр жүгін енді Оралхандар көтереді, біз бәріміз Оралханға бағынамыз» деген сөзді білгендей айтыпты-ау… Үзеңгілес әрі иықтас қаламгерлер әлгі сөзді естіп елеңдеп қалды. Өмірде де Шерағаның сол айтқан сөзі дәл келді. Оралхан Бөкей «Қазақ әдебиеті» газетін басқарды, аса талантты жазушының әдебиетке қосқан үлесін құбылыс деп бағалады. Орекеңдер де ағасына қаратып жазған бір жазбасында «Шәке! Артыңызға қараңызшы, көрінеміз бе?» деп айтуы да бекер емес-ау. Аға мен інілер сыйластығы Шерағаның өмірінің ең жарқын сәттерінің бірі деуге болады.
Бұл жаңа үйде электр жарығы жанып тұр екен.
Әзіл-қалжың айтылады. Осы қаламгер­дің барлығы да Мәрия әпкемді бірі «Мәке!», екіншісі «Әпке», үшіншісі «жеңеше» деп ерекше сыйлайтын. Әпкем де олардың әрбіріне жанама ат қойып, еркелетуші еді. Талантты жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің сүйкімді бала мінезіне орай «Қоғаш» деп еркелетсе, Кәрібай Ахметбековті жасы кішілеу болса да «Кәраға!» дейтін. Иә, Шерағаңның өзі де осылай атап, түбі Талас-Сарысудан Кәрібай ағамыздың отбасымен тығыз, нағыз туыстарша араласты. Кәнігі фототілші Сайлау Пернебаев та осы үйдің жиі келіп тұратын қонақтарының бірі болды. Шераға да суретке түсірумен беріге дейін айналысқан. Бірде Талғар-Жетігенде тұратын Пәтия әпкем мен Жеңіс жездемнің үш ұлын фотоаппаратына шақ етіп түсіріп алып, оны «Бәйгеге!» деген айдармен «Қазақ әдебиеті» газетіне кім түсіргенін білдірмей бүркеншік атпен жариялап жібереді. Сол фото бәйгеден үздік келгенде ғана барып жюри мүшелері «Әп, бәсе!» деп таңданыпты деген әңгімені естігенім бар. Тегінде Шераға мен әпкем Алматыда жоғары оқу орнын бітіріп, әр қиырда өз мамандығымен жұмыс істеп жүрген Пәрімбек, Әбітай, Мәжит ағаларым мен Күлия, Пәтия әпкелерімнің жағдайын сұрастырып, олардың үйлеріне арнайы барып-тұруы ол кісілер үшін қызығы мол дәстүр еді.
Жан әлемінің тазалығы ғой, мысалы, мен 1992-95 жылдары ол кісімен бірнеше облысқа бірге бардым. Шерағаңда сұрау, дүние жинау деген жоқ, қысқасы қазақта ары мен жүрегі таза, күштіні пір тұтпайтын, әлсізді демеп жіберетін екі кісі болса, ол – Шерағаң мен Әбіш Кекілбайұлы ағамыз деуге болады.
Бірде Шерағаң «Сақа, сен Ұлбике апаң туралы неге жазбайсың? Қайым айтыстың басы деп Мәшһүр Жүсіп айтқан. Жамбылдан сұра, Қызылордаға бар!» деді әлі Ұлбике ақын туралы ештеңе жазылмаған 80-жылдары.
Шерағаның бұл аманатын шамам келгенше, 1996 жылы орындап шықтым-ау. Мәшһүрдің төтеше жазғанын Сәрсенбі Дәуітұлы аударып, деректерді жан-жақтан іздестіріп, ақын Күләш Ахметова әпкем көмекке келіп, Ұлбике ақын туралы алғаш рет «Егемен Қазақстан» газетіне көлемді мақала бастырдық. Кітап болып та шықты. Поэзияның ақ періштесі туралы Шерағаң да өз сөзін айтты. Мырзатай Жолдасбеков музыкалық пьеса жазып, театрға қойды.
Әлгінде айтқанымдай, көп шәкіртінің бірі болып Шераға туралы көп жазғымыз келіп-ақ тұрады. Бірақ ұлы адам туралы толыққанды дүние жазуға батылымыз жете бермейді. Кейбір кісілердің жазғанына қарап, апыр-ай, көпке белгілі жайтты қайталап қоямыз ба деп, абайлап қарайтынымызды несіне жасырайық. Сөйтсе де мың күндік суреткердің өмірінен үзік сырларымызды ептеп айтып та, жазып жүрген жайымыз бар. Тағдырдың жазуын қараңыз, ол кісі зейнеткерлікке шыққан соң, Бас редактор Нұрлан Оразалиннің қалауымен «Егемен Қазақстан» газетіне шолушы болып оралды. Тап-тұйнақтай, қыздың жиған жүгіндей етіп кеңсесін ­дайындады. Ел мен Жер тағдырына қатысты публицистикалық өткір мақалаларын осы жылдары жазып, айбыны бұрынғыдан да асқақтай түсті. Қаламгердің даңқы дүрілдеп тұрды. Бір-екі жылдан соң, халықтың сұрауымен Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланды. Осы аралықта біз ағамен бірге бас газет редакциясында қызмет еттік. Алыс-жақын елге сапарлас болдық. Жақын тартып, көпке айта бермейтін кейбір сырын да айтатын. Қызмет бабымен Жамбылға ауысып келгенімде ол кісі қатты қуанды. Біздің отбасымызды, бала-шағамызды, тіпті немеремізге дейін жақсы біліп, ең жақын адамымыздың бірегейі болды.
Халық ол кісіні қайда барса да құшақ жая қарсы алды. Соның бәрін сезе жүріп асып-тасқан жоқ. Ал біз әрдайым қасынан табылдық. Егемендіктің елең-алаңында 60 жасқа толу мерекесін ағыл-тегіл жұрт болып атап өтті. Сол кезде-ақ қазақтың перзентін дәл осылай бұрын-соңды төбеге көтергенін біздің ұрпақ көрген емес. Алыс-жақыннан Жамбылға аты жеткен қаламгердің бәрі келді. Жазушының 80 жылдық мерекесін ұйымдастыруға бір інісіндей атсалыстық. Үлкен жиындар өткізілді. Дуалы ауыздан шыққан ерекше сөздерді естідік. Айтулы қайраткер, сол кезде Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Қазақ журналистикасының арғы-бергі тарихында Шерхан Мұртазадай журналист, редактор болған емес!» деп, бұл сөздің ақиқатын тұжырымдап берді. Қазақтың төрт ең ірі газеті мен ең ірі екі журналын ұлы қайраткерлігімен басқарған Шерхан Мұртазаны қазақ көркемсөзі мен журналистикасының бас қолбасшысы, бас сардары деп атады.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген үлкен-кіші бірдей Шерағаң туралы қаншама ақжарма сөз естіп қайтты. Ал Әбіш Кекілбайұлы, Әкім Тарази сияқты әйгілі ақын-жазушылар, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Абдрахманов,­ Ғарифолла Есім, Дарқан Мыңбай тәрізді қоғам қайраткерлері үлкен мінберде атақты қаламгер, арлы азамат жайында терең тағылымды әңгіме айтты. Асау ақын Темірхан Медетбектің «Сен Жел құсап есіп сөйлемейсің. Сен Қылыш құсап кесіп сөйлейсің! Халқың сені арда туған Арысым дейді. Жонына қол тигізбейтін Барысым дейді. Шерхан Мұртаза!» деп келетін отты да қуатты өлең жырлары мәңгілік тасқа қашап жазатындай-ақ!
Қазақ әдебиеті мен журналистикасында Шераға шәкірт тәрбиелеуде бетбұрыс жасаған адам. Маған да берген тәрбиесінің орны бөлек.
Әр алыс жол үстінде аузынан «Бәйдібек бабам! Домалақ анам! Айша анам! Әруақтарың қолдай жүрсін!» деген сөзін, қолынан тәспісін тастамайтын Шераға халықтың ағыл-тегіл махаббатынан артық сыйлық жоқ екенін сезінген. Сезіне келіп той салтанаты тарқар тұста: «Құрметті, қасиетті ел-жұрт! Көп пікір, мақтау айтылды. Артығы да, кемі де бар. Осы сөздің бәрі рас болса, мен онда әлемнің бақытты азаматтарының бірімін. Баршаңызға рақмет!» деген рухты сөзін айтты.
Шолпан жұлдыз түсіме жиі кіріп жүр деді. Бұл сөздің терең мәнін талантты інісі, жазушы Мархабат Байғұттың төгілтіп, тарқатып жазғанын жақсы білеміз.
«Шерағаның жазам деп, жаза алмай кеткен дүниесі бар ма? Жарияланбаған не аяқталмай қалған шығармасы бар ма?» деген сұрақтар жиі естіле бастады. Дүниеден өткеннен кейін. Солай болатыны да түсінікті.
Ағаның қызы Алманың айтуы бойынша, біраз жылдан бері, иә зұлматты жылдардың құрбаны болған әкесі туралы жазғандары болған дейді. Қызыл дәптерге жазып жүрген сияқты. Ал енді архивінде кейбір қолжазбасы сақталып, жарыққа шықпаған, ертеректе жазылған бір повесі бар.
Біз телевидениеге ауысып, 2012 жылы Шерағаң жайында «Шындықтың жебесі» деген деректі фильмнің сценарийін жазып, үш ай бойы жүріп, түсіргеніміз бар.
Бұл фильм аса талғампаз ағаға ұнады білем, «Мұның бәрін қашан түсіріп жүрсіңдер, ей!» деп бізді бір мәз қылды. Сол уақытта «Қазақстан» ұлттық арнасы да, «Қазақфильм» киностудиясы да Алаштың абызы туралы деректі фильм түсірген ­болатын. Салтанатты жиында ресми басшылар, басқа емес, тура біз түсірген фильмді көрсетуді дұрыс көрді. Бұл менің ақылшы ұстазым туралы алғашқы кішігірім туындым еді. Жылы сөз естіп қуанып қалдық.
Кейінгі жылдары Шерағаң төсек тартып жатып қалғаны рас.
Жолымыз түсіп, Алматыдағы ағаның үйіне елімізге белгілі қайраткер, Мәжіліс депутаты Серік Үмбетов бастап, белді азамат Ермек Үсенбаев қостап, бәріміз көңіл сұрауға бардық.
Шерағаң әрбірімізге үңіле қарап, танығандай болды. Аттарымызды атап едік, ол кісі: «Ой, не дегендерің? Сендерді білемін ғой» деп, көңілімізді көтеріп тастады.
Маған қарап: «Сақа, елде кімдер бар?» деп қалды.
– Елде дейсіз бе?
– Иә! – деді ақырын ғана. Ағамыз Жамбыл-Жуалы жақты ма, әлде ел жаңалық­тарын сұрады ма екен деп ойланып, кіді­ріңкіреп барып: – Аға, Әкім Тарази досыңыз 80 жасқа толды, – деп жақын адамы жайлы айттым.
– Әп, бәрекелді! Акім! 80-де! – Шерағаң жылы жымиып күлді. – Ашимов! Тарази! – деп қосып қойды.
– Олжас Сүлейменов те 80 жасқа келіп жатыр!
– Ый… – сәл үнсіздіктен кейін «Ол жас емес пе?» деді. Олай неге айтты, білмедік. Одан әрі…
– Жақында Әбіш Кекілбайұлы қайтыс болды!
Бағанадан бері жүзін сәл-пәл төмен ­салып отырған Шерағам селк етіп, басын тік көтеріп алды. Екі көзі шарасынан шығып кете жаздады.
– Әбіш дейсің бе? – Дауысы қарлықты.
– Солай! – Әйгілі жазушының дүниеден озғанын естімей қалды-ау деген оймен айтқан едім.
Әлгінде ғана ақырын-ақырын, баяу сөйлеп отырған Шераға отырған жерінде тас болып қатып қалғандай. Қалың ернін тістелеп, сұлқ күйінде, бізге көзін салмады.
Бөлменің ішін үнсіздік жайлады. Жан дүниесі алай-дүлей болды-ау ардагер ағаның… Кешегі жастық шағынан қасында жүріп, не нәрсені болсын жүрекке орап жазатын, жүректің сөзін айтатын, айнамыс бауырындай болған, қазақтың аса аяулы азаматынан айырылып қалудың қайғысына түсті ме екен, қайран аға! Іштей жоқтап жатты ма?..
Аға тіл қатпады. Үйден үнсіз ғана қоштасып шықтық…
Жер астына сыймайтын, өлді деуге қимайтын Шераға да өтті дүниеден…
Қазақтың ұзына бойғы тарихында «Аязды­ күні айналған, бұлтты күні толғанған, құрығын найзадай таянған, қу толағай жастанған Ер қазақтың» (М.Жұмабаев) өзі мен көзіндей болған Шерхан Мұртазаның шыққан шыңы біз үшін Алатаудай биік болып қалды.
Екі арада өзі салған шындық жолы ­жатыр. Өйткені шындық оның өмірлік серігі еді…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.