ЖАҢА ӘЛІПБИГЕ КӨШУ – ТАРИХИ СӘТ

Темірғали Көкетай,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры

Әлі есімде, 1986 жылдың көктемінде елімізде алғаш рет «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Міне, содан бері тура отыз екі жыл өтті. Оның 28 жылы Тәуелсіз Қазақстан еншісінде. Содан бері ана тіліміздің басынан не өтпеді? Не өзгерді? Шүкіршілік етер қандай жетістігіміз бар? Мемлекет, Елбасы­ тарапынан Ана тіліміздің өркендеуіне ізгі қадамдар, оң талпыныстар жасалуындай-ақ, жасалды. Бірақ соның нәтижесі қандай?! Енді, міне, латын графикасына көшудің өзі даулы пікірлер мен түрлі көзқарастарға тап болып отыр. Естір құлақ, көрер көз болса ана тіліміз туралы, оның болашағы, тағдыры туралы талай келелі ұсыныстар айтылды. Бірақ нәтиже жоқ.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Egemen Qazaqstan және Aiqyn газеттеріне берген сұхбатында Қазақстанда латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса беретінін айтқан болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы мәселеге қатысты өз ойын: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Көрші мемлекеттердің көпшілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Нақты белгіленген кесте бар. Сол жүйеден ауытқымаймыз. Бірақ қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану барысындағы ар­тықшылықтар мен олқылықтар ескері­леді» деп түйіндеген еді.
Менің білуімше, латын әліпбиіне көшу туралы сөз қозғалғанда, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инситутының профес­сор ғалымдары отыз жылға тарта уақытта ондаған нұсқа жасап, тіпті біразын тәжі­рибеден өткізіп еді. Нағыз тіл маман­дары жасаған нұсқаларды сыпырып тастап, қайдағы бір көлденеңнен қосылған, есі бар адамның басына қонбайтын қаптаған қос әріпті, авторы белгісіз нұсқа (жоба) шыға келгенде қазақ тілінің жанашырларының төбесінен жай түскендей болды. Көпшілік оны іске бірден алғысыз етіп қолдамай тастады. Оған да қарамай, құжынаған апострофтармен (үтірлер) екінші нұсқа ұсынды. Ол да қолдау таппады. Үшіншісі де көңілден шықпады.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ елінің алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне септігі мол екені сөзсіз. Әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінің түгелге жуығы латын әліпбиін қолданады. Сондықтан біздің де басты мақсатымыз – латын әліпбиіне көшіп, тіл аясын кеңейту.
Бабаларымыздың бізге аманат етіп қалдырып кеткен асыл қазынасы әуезді, қуатты, ең таза, бай, шұрайлы ана тілімізді жанымыздай сақтау қазіргі кездегі саналы әр азаматтың міндеті. Демек, латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін тарихи сәт. Сондықтан әліпби ауыстыру жай ғана таңба ауыстыру емес. Бұл түптеп келгенде сананы өзгертуге талпыныс. Басқаша айтқанда, бұл саналық та, сапалық та өзгеріске бастайды. Сол себепті бұл істе енді қателесуге қақымыз жоқ.
Кезінде орыс тілінен енген сөздерді жазу үшін қазақ тілінде жоқ, жат, кірме дыбыстар зорлықпен енгізілді. Емле саны көбейді. Жалпы әлемдік тәжірибеде әріп саны мен емле ережелерінің көптігі – ол әліпбидің әлсіздігін көрсететін факторлардың бірі.
Данышпан Ахмет Байтұрсынұлы осыдан 90 жыл бұрын қазақ тілінде 28 дыбыс бар екенін негіздеп, дәлелдеп берген. Ахмет «Түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта» деген.
Кириллицадан латын әліпбиіне ауысудағы негізгі мақсаттардың бірі қазақ тілін бұзып тұрған 14 әріптен (в, е, п, ф, х, һ, ц, ч, щ, ь, ъ, э, ю, я) құтылу еді ғой.
Қазіргі, ең кейінгі бекітілген латын графикасына енгізілген қазақ тілі әліп­биінде (№569, 2017 жылғы 26 қазан­дағы) тағы да төрт дыбыс қалып қойыпты. Төртеу түгілі қазақ тіліне жат, жалғыз дыбыс қалса да қазақтың тілі баяғыша бұзылған күйінде қалады. Ақаңның қазақ тілі туралы асыл ойы іске асырмақ түгілі қожырайды.
«Әліпби құрастырудың математикалық формуласы» атты еңбегінде атақты орыс ғалымы Н.Ф.Яковлев әліпби жасаудағы математикалық дәлдік пен нақтылық туралы айта келіп… «Осыған сәйкес тәсілмен әліпбидегі сингармонизм аталатын заңдылықты толық сақтаған, оны интуитивті түрде орындап шыққан түрік-татар тілдерінің бірі қазақ тілінің әліпбиін жасаған жергілікті қазақ Байтұрсын болды… Ол осындай формуладан шығып мүлтіксіз орындаудың жаңа көкжиегін көрсетті» деп, уақытында аса жоғары баға берген.
Бұл еңбегін профессор Н.Ф.Яковлев 1970 жылдары жазған, яғни Ахмет қайтыс болған соң, 30-40 жылдан кейін Н.Ф.Яковлевтің Ақаңның еңбегіне қайта оралып отырғаны Ақаң еңбегінің аса құндылығында болу керек, әсіресе оның әліпби жасалудағы негізгі принциптерінің маңыздылығын жоғары бағалаған ғой. Ол принциптер қарапайым болғанымен, өте маңызды, қысқаша айтқанда, төмендегідей: әліпби оқуға және жазуға жеңілдігі, тек қана төл дыбыстың жүйесін пайдалану, шетел дыбыстарын енгізбеу.
Бір қызық жағдай, орыстың атақты ғалымы Ахметтің 30-40 жыл бұрынғы еңбегіне аса жоғары баға беріп жатса, біздің қазіргі кейбір «профессорларымыз» «Ақаңның ол кезде жазғандары ескірген, қазір дамыған, алға кеткен заманда оның еңбектерін басшылыққа алуға болмайды» дейді.
Біз бір тілдің әліпбиін, бір тілдің емлесін жасаймыз деген ойды толық іске асыру үшін қазақ ұлтының төл дыбыстары ғана (Ахметтің 28 дыбысы) болу керек қой. Тамаша ой іске асу үшін артық кірме, жат 4 дыбысты әліпбиден алу қажет.
Егер біз бүгінгі таңда, қазіргі кезде латын тіліне көшудегі негізгі мақсатымыздың бірі қазақ тілінің төл дыбыстарын түгендеп, соған сәйкес таңба санын ықшамдау деп ойласақ, оны Ахмет Байтұрсынов баяғыда белгілеп берген, саны – 28. Олар: А, Ә, Б, Ғ, Г, Д, Е, Ж, З, Й, Қ, К, Л, М, Н, Ң, О, Ө, П, Р, С, Т, У, Ұ, Ү, Ш, Ы, І. Осылардан басқа қазақ тілінде дыбыс жоқ. Басқа дыбыстардың бәрі де кірме, қазақ тіліне жат дыбыстар. Жаңа әліпбиге олардың біреуі ғана кірсе де қазақтың төл сөзін бұзатын, дүниежүзі ғалымдары тамсанған, таңғалған әдемілігін, әуезін, күш-қуатын жоятын дыбыстар болып шықпақ.
Кірме дыбыстарға «ғашықтар», қазақ тілінің кейбір «жанашырлары» (олар­дың ішінде филология ғылымының док­торлары, профессорлары да бар) кейінгі қабылданған нұсқаға «В», «Ф», «Х», «Ч» дыбыстарын қалдырып қойыпты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Хабар» телеарнасының тілшілеріне берген бір сұхбатында латын әліпбиіне көшу туралы мәселеге арнайы көңіл бөліп, тілімізді басы артық, кірме дыбыстардан тазарту туралы айта келіп, олардың ішінде «Ч» дыбысы да бар екенін шегелеп тұрып айтқан еді. Сонда да кейінгі әліпбиге «Ч» дыбысын екі әріппен белгілеп енгізіп жіберген.
Олардың уәжі көрсетілген бұл дыбыс­тар, кірме дыбыстар тілімізде орныққан, оларды айтуға артикуляциялық базамыз қалыптасқан. Оны қайта өзгерту мүмкін емес. Сондықтан да бұл дыбыстардың әріптерін шетел сөздерін дәл таңбалау үшін жаңа әліпбидің құрамында болу керек» деп жұлқынады. Айналайындар-ау, біз әліпбиді шетел тіліне емес, қазақ тіліне жасап жатырмыз ғой.

Әліпби ауыстыру жай ғана таңба ауыстыру емес. Бұл түптеп келгенде ­сананы өзгертуге талпыныс. Басқаша айтқанда, бұл саналық та, сапалық та өзгеріске бастайды. Сол себепті бұл істе енді қателесуге қақымыз жоқ.
Кезінде орыс тілінен енген сөздерді жазу үшін қазақ тілінде жоқ, жат, кірме дыбыстар зорлықпен енгізілді. Емле саны көбейді. Жалпы әлемдік тәжірибеде әріп саны мен емле ережелерінің көптігі – ол әліпбидің әлсіздігін көрсететін факторлардың бірі.

Біріншіден, «орныққан» жоқ, «орнық­тырған», Кеңес үкіметінің зорлығымен «орыс тілінде қалай жазылса, қазақ тілінде де солай жазылсын» деген нұсқаумен. Біздің бабаларымыз атам заманда доктор, профессор болмай-ақ, университет бітірмей-ақ, тілдің сингармонизм заңына бағындырып, орыстың «самовар» сөзін «самаурын» деп өз сөзі етіп алған. Солай болу да керек қой. Кірме дыбыстарға «ғашық» болып жүрген «профессорлардың» біразы ауылда өскен шығар, сонда «самаурын» деген сөздің орыс сөзі екенін 15-20 жасқа дейін қалаға келгенше, ауылда орыс болмаса, білген жоқ қой. Шетелдің жат, кірме сөздерін өз тіліне сіңістіріп алудың классикалық үлгісін бабаларымыз баяғыда осылай қалыптастырып қойған.
Екіншіден, артикуляциялық базамыз «қалыптасқан» жоқ, оны да зор­лықпен «қалыптастырды». Негізінде «арти­куля­циялық база» деген ұғым қаншалықты дұрыс екенін білмеймін. Менің ұғымымда артикуляция деген адам тілінің қозғалу бағыттары. Әр халықтың тілі адамның тілінің бағыттарымен дыбыс шығарады. Сол дыбыстардан сөз құралады. Сөзден сөйлем құралатыны кез келген адамға түсінікті ғой.
Әр халықтың тілінің әртүрлі болуының себебі сол халықтың адамының тілінің артикуляциясына (қозғалу бағытына) байланысты. Мысалы, қазақ тіліне тән ерекше дыбыстар (ә, і, ң, ғ, қ, ө, ү, ұ) қазақ этносының ұлттық болмысын, ұлттық кодын, қазақ сөзінің ұлттық таби­ғатын танытатын маңызды дыбыстар. Сондықтан біздің қазақтың санасында, миында ұлтымызға тән дыбыстарды шығаруға арналған тілдің артикуляциясы қалыптасқан. Әр ұлттың тілінің артикуляциясы (қозғалу бағытының заңдылығы) ерекше. Біздің қазіргі тіліміздің артикуляциясы (тілдің қозғалыс заңдылығы) қаптаған кірме орыс сөздерінің әсерінен өзгерген, сонымен бірге әуезділігі де өзгерген. Сіз Қытайдан, Моңғолиядан келген қазақтарға «революция» деген сөзді айтқызып көріңіз. Мүлдем айта алмайды, себебі олардың тілінің қозғалу заңдылығы (артикуляциясы) қазақ этносына тән заңдылықпен қалыптасқан.
Бір кездесуде филолог профессор «В» дыбысын жаңа әліпбиге кіргізбесек, онда тегімізді (фамилиямызды) қалай жазамыз деп тұр, жылайсың ба, әлде күлесің бе? «В» дыбысының қазақ тілінде жоқтығы жоғарыда келтірілген «самаурын» сөзінен анық көрініп тұрған жоқ па?
Үшіншіден, кейінгі нұсқадағы кірме төрт дыбыстың біреуі қалып қойса, шетел сөздерін кірме дыбысты пайдаланып, бұлжытпай айтып-жазсақ, оларға қазақша қосымша жалғау-жұрнақтар жалғанғанда неше түрлі емле-ережелер туындайды. Неге олай жасаймыз? Латын әліпбиіне көшудің негізгі мақсаттарының бірі төл тілімізді түзетіп, емлені мүмкіндігінше азайтып, үйренуге оңай ету емес пе?
Халықаралық терминдерді, кірме сөздерді сингармонизм заңына, тіліміздің дыбыстық жүйесіне икемдеп жазу ең маңызды мәселе деп қарауымыз абзал.
Қазіргі соңғы жобадағы төрт дыбыстың біреуі ғана қалса баяғы таз қалпымызға келеміз. Себебі Кеңес кезіндегі кірме сөзді сол тілде қалай жазылса, қазақ тілінде солай жазылады деген ресми бұйрық болмаса да, анау дыбыстар толық жойылмай, қазақ тілі түзелмейді.
Кірме сөздер «сол тілде қалай ­жа­зылса, қазақ тілінде солай жазылуы тиіс» деген нәрсе қазақтың тілін бүлдіру үшін жасалған. Біріншіден, жалпы тілдің сингар­монизм заңына қайшы, екіншіден, оқуды қиындатады, үшіншіден ата-бабаларымыз дыбыстап көрмеген жат дыбыс­тар тілімізді қойыртпақтайды, тіліміздің ұлттық артикуляциясын бұзады.
Ұлы Ахмет айтқан еді: «азбаған асыл тілден еліме шығару керек» деп. Ал біз әліпбиімізге тілімізде жоқ, кірме дыбыстарды енгізу нәтижесінде азбаған асыл тілімізді бүлдіретін емле ойлап шығарып жатырмыз. Егер жалғыз жат дыбыс «в» жаңа әліпбиде қалып қойса ол үшін арнайы тағы да жаңа, қосымша емле, ереже ойлап тауып қазақ тіліне көріне көзге қиянат жасау емес пе, ал бекітілген жобада төрт жат дыбыс бар, оларға ереже жазылса тіліміз не болады?
Сонда Ақаңның «тілді бұзып, емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» деген алтын ойы қайда? Содан «айтылымға қарай жазылым» идеясы бұзылып» «жазылымға қарай айтылым» болып, тағы да қазақ тілімізді аздыратын боламыз.
Ахмет қалыптастырған қазақ тілі тағылымын терең түсінбей жүрміз. Ол айтып, жазып кеткендердің бәрін толық, өзгертпей іске асырмай тіл оңбайды. Ахметтен асқан әлі қазақта тіл маманы туған жоқ. Ақаң дауысты дыбыстар – сөздің жаны, дауыссыздар – сөздің тәні дейді.
Қазақ тілінің латын әріптеріне негізделген жаңа әліпбиі Ахмет ­Бай­тұрсынұлы­ның тоғыз дауысты және он тоғыз дауыссыз дыбыстардан тұратын әліпбиі болу керек. Тек осы жағдайда ғана қазақ жазуы өзінің төл табиғатын тауып, айтылым мен емле арасындағы сәйкессіз­діктен құтылады.
Бұрынғы нұсқадағы кемшіліктер жоғарыдағы көрсетілгеннен басқа да жетіп артылады. Мысалы:
1) ш, ч- дыбыстарын екі әріппен бірік­тіріпті, шәш, шәшу, шеше, т.б. қапта­ған сөздерді жазу үшін 3-4 әріптің орнына әрқайсысына 5-6 әріп жазасыз.
2) латынның 2 таңбасы с, w пайда­ланылмаған.
3) 6 әріпке нүкте (сызықша) қойылған.
4) и менен і бірдей таңбамен (І) берілгендіктен, олар қалай ажыратылады?
Қысқасы, алдағы көпшілік қабылдамай тастаған нұсқалардағы кемшіліктерді сол бетімен қалдырған. Осы кемшіліктерден арылу үшін Ел Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлипбиді латын қаріпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім» деп шегелеп тұрып айтып, тағы бір тамаша мүмкіндік беріп отыр.
Қазақ тілінің жанашыры ретінде жоға­рыда келтірілген ойларымызды қорыта келе қоғамдық пікірлерге өз нұсқамызды ортаға салып отырмыз (кестеде).
Ұсынылып отырған әліпбидің негізгі ерекшеліктері: Біріншіден, бір дыбысқа бір таңба (әріп) берілу принципі қатаң сақталады.
Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған 28 дыбыстан басқа ешқандай кірме дыбыс бұл нұсқада жоқ.
Үшіншіден, компьютерге ыңғайлы болу үшін латын әліпбиінің 26 таңбасы толық пайдаланылды.
Төртіншіден, осы нұсқа іске асса үйлесімнің (сингармонизм) заңы толық қолданылады.
Бесіншіден, кірме сөздердің жазылуы үндестік заңына бағынғандықтан, олар (кірме сөздер) қазақ тілін бұзбай, бояуын, шешендігін, әуездігін басқа да бай қасиеттерін жоғалтпайды.
Алтыншыдан, Алаш арыстары армандағандай «кірме сөздер қай тілден болса да басына қазақтың тымағын киіп, үстіне шекпенін жамылып, аяғына саптама етік кигізгендей» нағыз қазақтың әуезді сөзі болып шығады (бедре – ведро, самауырын – самовар).
Жетіншіден, емле-ережелер өте аз, оңай және қосымша басы артық ешқандай ереже мүлдем болмайды. Сын-ескертпелеріңіз болса қуана қарсы алып, талқылауға дайынбыз. Қорыта айтқанда пікірімді Абай атамыздың сөзімен аяқтағым келеді. Болашақ ұрпақ үшін латын графикасы Ана тіліміздің бар қасиетін жоғалтпай «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей» сипатта болуы керек.
Ұсыныс: латын графикасына негіздел­ген қазақ тілінің әліпбиін жасауда ­­А. ­Байтұрсынұлы­­ атындағы Тіл білімі институтының мамандарының пікірлері ескерілуі керек, жауапкершілік соларға жүктеледі. Негізін солар жасайды, басқалары өз нұсқаларын ұсынады. ­Комиссия құрылып өздері бекіткен нұсқаны БАҚ-та жариялап, талқылағаннан кейін ғана Үкіметке ұсынылсын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.