Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ: БҰЛБҰЛ ҚАДІРЛЕНБЕГЕН ЖЕРДЕ ҚАРҒА ҚАРҚЫЛДАЙДЫ…

Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ,
Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, ҚР Халық артисі,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Өнертану ғылымының кандидаты, профессор:

Театр сахналарында жас актерлерден байқайтын бір кемшілік – тіпті өздері сомдаған кейіпкердің өлеңін бұзып айтады. Бәлкім, өлеңді жаттай алмайды. Мүмкін, асығыс жаттайды, өлең-сөздің тереңіне үңілмей, бетін қалқып, бір реттік сахна қойылымы деп, үстірт оқып шығады. Оқып шығады демекші, осы күнгі жас актерлерде кітап оқу мәдениетінің өзі қалыптаспағандай көрініп кететін мысал көп. Ал театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов кітапқа қол созатын адамдардың тұтасымен азайып бара жатқанын айтады. Бүгінгі жаппай білімсіздіктің етек алуын да осы кітап оқымаудан көреді. Кино мен театрдың сахнасында бір өзі бірнеше кесек образдарымен танымал болған актердің ­жанын не ауыртады, жүрегін нендей жайт мазалайды? Бүгінгі қоғамның, мәдениеттің уытты мәселелері актердің алаң көңілін қалай қозғайды? Тұңғышбай Жаманқұловпен әңгіме барысында осы түйткілді дүниелерді ірікпей айтқызуға тырыстық. Ендігінің сөзін ұстайтын буынның жүрегін қозғаған жайттар бүгінгінің де адамына жат болмауы керек қой… 

– Тұңғышбай Қадырұлы, әңгімемізді өнер әлеміне қадам басқан уақытқа сапар шегуден бастасақ. Сізді кино мен театрға, жалпы өнерге іңкәр еткен не нәрсе? Осы саланың маманы болсам деген арманыңыз бірден орындалды ма?
– Менің балалық шағым теміржол бойындағы разъездерде өтті. Әкем Қадыр кезінде екпінді құрылыс болған Мойынты-Шу теміржол телімін салуға атсалысқан маман еді. Екінші жаһан соғысынан орала салысымен, Тәшкеннің теміржол құрылысы техникумын бітірген бойда ол осы құрылысқа жегілген болатын. Теміржол құрылысындағы мамандардың біразы орыс жұртынан болған соң, ойын баласы жоқтың қасы, менің балалық шағым жалғызілікті өтті. Оның үстіне үйдегі балалардың үлкенімін, іні-қарындастарымнан оқшау болып жүрдім. Тұңғыш немересі ретінде бауырына басқан атам мен әжемнің ертегілері мен қиссаларын тыңдап, анда-санда­ ел аралап жүретін жыршылардың терме-аңыздарын әбден әлсіреп ұйқыға кеткенше тыңдаушы едім. Ол кезде раио-­телевидение жоқ, айында-жылында бір келетін вагон-клубтан неше түрлі киноларды көретінбіз. Көбіне ­айдалада жалғыз каңғып жүретінмін. Әжем екеуміз қозы-лақтарды бөлек жаятынбыз. Өйткені біздің үй қой сауатын. Қойдың сүті мен айранының маңызына тойып өскен бала болдық. Жалғыз ойнап жүріп, атам мен әжем, әлгі жыршылар айтқан оқиғаларға беріліп, іштей сол ертегілерге араласып, арман қудық қой. Кейде сол шым-шытырықтар түсіме де кіретін. Анда-санда болатын той-томалақтарда, әкем мен шешем қосылып ән айтып, құрдастарымен кәдімгідей айтысатын. Атамның әзіл-шыны аралас шешендік сөздері мен уытты мақал-мәтелдері де санама құйылып жүрді-ау деймін. Солардың бәрі өсе келе өнім бере бастағандай ма, әйтеуір ән-жырға құмарлық пайда болды. Кейде үйге келіп жүретін әкем мен шешемнің қазымыр дос-жаранына «сұрақты дұрыс қойсаңызшы» деп «ақыл» айтатын болдым. Мысалы,­ олардың «әкең қайда жүр?» ­деген ұзын-сонар жауап беруге керек сұрағына, «үйде ме?» деп, бір-ақ сөзбен сұрасаңызшы, сонда мен бір-ақ ауыз сөзбен жауап беремін, «жоқ» ­немесе «иә» деп, дейтінмін… Театр дегенді білмейтінмін, вагон-клубтан көретін үнді киноларындағы Радж Капур, әкем аса қастерлеп өткен Сталиннен кейінгі ең атақты адам болды ғой. Айтпақшы, Стекең өлгенде бүкіл разъезд болып, ботадай боздап екі күн жылағандары есімде. Есейе келе, мектеп есігін аша бастаған соң, кітапқұмарлық пайда ­болып, шатпақтап өлең жазып, ыңылдап ән ­айтатын болдым, тыңқылдатып ­домбыра шерте бастадым. Бүгінгідей арнайы репетитор жалдау қайда-а-а, өз бетімізбен оңды-солды сабаладық қой. Әлі күнге домбыраның техникасы мен ноталарын жетістіре алмай жүрмін.
Өнерге келу, артист болу ойда болған жоқ, кейбір әріптестерім сияқты «өмір бойы армандадым» деп айта алмаймын. Өнер әлеміне деген іштегі сүйрік сезімді сыртқа шығармайтынбыз. Өнерпаздықты адам баласына ­Жаратушы Иеміз дарытады, «олар ерекше адамдар ғой, маған не жоқ» деген қастерлі ойдан еш арылған емеспіз. Ән айтсақ, өлең жазсақ, тек өзіміз үшін ғана, құпияда, оңашада болды.
Себептен-себеп болып, үлкен өнерге келдік қой, ол жайлы талай айтқанмын, жазғанмын, қайталамай-ақ қояйын. Арман орындалды ма дегенге келсек, бір сөзбен «иә» немесе «жоқ» деп айту асығыстық болар. Менің атам Жаманқұл-рахымелі айтатындай «бірі кем дүние…». Шүкір ғой, талай киноға түстік, театр сахнасында да «тау қопардық, тасты жардық»… Жалпақ жұртқа танымалмыз, ел сүйіспеншілігіне бөлендік… Шүкір… Ешнәрсе оңай келген жоқ… Алайда өнердің қадірі осыншама арзандайды деп ойламаппын. Менде бір адамға жетерлік, атан түйеге жүк боларлық абырой-атақтар бар… Оған да шүкір… Жанымды жегідей жейтін басқа нәрсе… Ол – Ұлы өнердің қарабайырланып кеткені, кім көрінгеннің мазағына, қолжаулығына айналғаны. Актер­лердің адам атаулының алтыншы сортына түскені. Білмеймін, ұлт ретінде, мемлекет ретінде, қоғам ретінде мәдениетіміздің парқы осындай ма, әлде шіренген шенеуніктердің өнерді қолжаулық қылғаны үрдіске айналды ма, әлде өзіміз арзандадық па, сайқымазақ күйге түстік пе… Қайсыбірін айтайын, 1995 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы мәдениет күндері өтті. Әуезов театры Самарқанға барып, сол жылдары театрымызда, қоғамда едәуір уақиға болған «Турандот ханшайым» қойылымын көрсеттік. Самарқан вилоятының хокимі кешке қонақасы берді. Әлемге әйгілі әнші Насиба Абдуллаеваны өзінің орынбасарын арнайы көлігімен жіберіп, дастарқанға алдыртты. Ресторанға кіре бергенде, орнынан қарғып тұрып, алдынан шықты да, қолын көкірегіне қойып, иіліп тұрып, әншіге өтініш айтты: «Насиба-хон, – деді хоким, аса кішіпейілділікпен, – біттә илтимос, бұ қозақ мехмонларимизгә бір-екки кәттә хошықны айтып берәмисиз, сураном!». Не деген мәдениет, өнер адамын бағалау! ­Мейман ­болып отырғандардың ішіндегі үлкені марқұм Жұмабай ­Медетбаев пен мен ғана, қалғандары театрға жаңа келген ­жастар болатын. Нәсиба әнді еңіретіп тұрып шырқады. Шылғи өзбек тілінде, өзбектің жүрек қылын үзер мақамдары… Ән біткенде, хоким әншіні оң жағына отырғызып, тағам ұсынып қызмет қылды. Өнер адамына деген соншама қасиетті көзқарасты, сыйластықты, қадірлеуді, биік бағаны алғаш көрдім-ау деймін. Біздегілер мұндай кісіліктен мақрұм екенін тілге тиек етпей-ақ қояйын.
Сіз арман орындалды ма дейсіз…
Ұлы өнерге өмірін арнаған адамда­ жеке бастың арманымен бірге, Ел азаматы ретінде Елдікке жетудің Ұлы арманы болады екен… Өнер – ұлттың маңдайындағы жұлдызы ­болуы керек, жүрегінің шері мен көкірегіндегі шемені… Орынсыз ыржаң емес, бойы бұлғаң емес, сөзі жылмаң емес… Атам Жаманқұл-рахымелінің «Бұлбұлы қадірленбеген елдің қарғасы қарқылдайды» деген ащы мақалы еске түскенде үнім өшіп, сарыуайымға батам…
– Талай ұстаздың алдын көрдіңіз. Өзіңіз де ұстаз болдыңыз. Сол кезең­дерді аз-кем еске алсақ. Сізге көбірек не ұнады: шәкірт болған ба, ұстаз болған ба?
– Шәкірт боп жүрген көбірек ұнайды. Орыстар «век живи – век учись» дейді ғой. Білмегеніміз басымыздағы шашымыздан көп. Алла өмір берсе, оқи бергенге, біле бергенге не жетсін… Шәкірт кезде тоқи бергеннен басқа үлкен мақсат пен жауапкершілік аз. Ал ұстаз… Ұлы мәртебелі өнердің қолжаулық болып арзандамауынан­ ­бастап, талғам-таразысын, өре-деңгейін, қарым-қауқарын, сана биіктігін, қанат-құлашын, білім мен білік тереңдігін, арғы-бергі өткеніміз, өртеңіміз бен ертеңіміздің іздеушісін, ұлты мен елінің жанкешті патриотын шәкірттің санасына ғана емес, сүйегіне сіңірудің қаншалықты қиын, жауапты һәм қауіптілігін санамаласам – жағаңызды ұстар ма едіңіз! Болашақ ұрпақтың жайдақтығы мен санасыздығы әке-шешеден кейін Ұстаздың мойнында! Білімсіз һәм қарабайыр ұстаз – қылмыс жасаушымен барабар! Ұстаздық – үстірттіктен аулақ, шалалыққа жан-тәнімен қарсы болуы керек! Шәкіртіне өз қанасынан шыққан баласынан артық көзқарасы мен жауапкершілігі болмайынша, еліміздің ертеңі бұлыңғыр болмағы бәрімізге аян. Еліміздің ертеңі демекші, қалай ойлайсыз, ертеңіміз қандай? Бүгінгі ең басты ұстаз – қалтателефон екені ойға қалдырмай ма? Үйде де, түзде де, көлікте де, жаяу да, асүйде де, дәлізде де, күні бойы, түні бойы, тіпті әжетханада да сол телефонға үңілген жұрт… Бала-шаға да, үлкен-кіші де, тіпті емізулі нәрестеге дейін! Кітап қарау құрдымға кеткендей… Не болар екенбіз… Қалта телефондарыңызды өшіріп, назарыңызды тиянақтап, келелі әңгіме тыңдайық деген адамға ата жауындай аларып қарайтын ұрпақ келді… Кісінің есігін сығалап, терезе мен көрпе астын аңдитын, көршісінің қанша есегі бар екенін көре алмайтын Кеңес заманының іштарлық пен қызғаныш сезімі көкірегіне кенедей жабысқан дертті жамағатқа жақсы болды. Қалтателефоны бар қазағымыз ауыл-үйдің өсекші қатындарынан еш жері кем емес. Жынойнақ пен жөнді-жөнсіз кәнсерт, шуылдақ шоу, қылы да қисаймайтын қауесет-хабар жайлаған теледидар мен сыпсың-телефон ең жақын ақылшымызға, мұңдасымыз бен сырласымызға айналды. «Жау шапты!»­ деген атойға атына жайдақ міне сап, «қайда?» деп, патырлатып шаба жөнелетін бұрынғы батырларымыздың ұрпағы төріндегі дивандарын тоздырды. Бұл Әбіш аға көтерген мәңгүрттіктің ­заманауи тәсілі! Кезінде текежәумітке тұтқынға түскен жалғыз-жарым емес, бүгінгі бүкіл ұлттың мәңгүрттенуі осы емес пе?.. Бас терісін тақырлап алып, жаңа сойған түйенің өркешінің терісіне тұмшалаған жан түршігерлік жазадан жүз мың есе асып түскен нәубет төнгенін ұғады деген ұрпақтан айырылдық па?.. Асылы, адам баласын әу бастан өсек-аяңға құмар қылып арбаған Ібілістің арманы нәйеті бес-алты жылда-ақ іске асты! Адам Ата мен Хауа Анаға алдап ұсынған бидайдың жарты дәнінен Жерге қуылғанымыз түк болмай қалды! Енді әрқайсымызға бір-бір қалтателефон ұстатып, Тозаққа аттандыруда!.. Ұстаз – Ібіліс, шәкірт – Мәңгүрт! Жағаңызды ұстасаңыз да, ұстамасаңыз да шырқыраған Шындық осы! Ақырзаман жақындады, оның алапат адымын аялдату Адамзаттың, әсіресе қазақтың қолынан енді келе қояр ма екен! «Қара аспан төндірдіңіз» дей беріңіз, кезінде айтылмаған сөздің атасы өледі! Сөз – ем болудан кеткен! Атасы өлген!..
– «Қазақфильм», «Ленфильм», «Өзбекфильм» киностудияларының фильміне түсіп, талай рөлді сомдадыңыз ғой. Сол рөлдерді қайта ойна десе, нені өзгертер едіңіз?
– Өкінішке қарай, таспаға түскен тағдыр өзгертілмейді. Меніңше, қайта ойнаудың да қажеті жоқ. Қайта түсірілген фильмдердің оңғанын көрмедім, керісінше мазақ қылғандай, жайдақ, өресіз, суреткерлік пен талғам өресі «плинтусқа» дейін тө­мендеді, мыжылды… Бәрібір, бүгінгілердің «тірлігі» бұрынғылар жасаған дүниенің тырнағына тұрмайтынын көзіқарақ­ты көрермен күнде қынжы­лып ­айтады. «Көпшік» қойылып, тапсырыспен еріксіз таңылып, зорлап түсірілгендердің құйрығы бір-ақ тұтам… Өтті, кетті… Өнердің шала шенеунігі талай жыл төрде тайраңдады, саф өнер етекте қалды… Сериал қуған «серілер» таза өнердің тамырына балта­ шабуда… «Ой, қаражат аз бөлінеді, сондықтан амалымыз жоқ» деген жылаңқы уәждері – өнер атаулыға қып-қызыл қиянат! Онда кино түсірме, шала жұмыс істеме! Ақшаға құл болып, арзан былдырыққа бой ұру да қылмыс! Қаражатқа «қожайын» жоғарыдағы «құдайдың құлағын ұстаған жылмаңдар мен жолбикелерге» ұғындыр, ұғынбаса кабинетіне кіріп «көтеріліс» жаса! Өзің жеме, «шәпкі» берме, қазаныңа ортақ қылма. Жақында ғана кино ­туралы қабылданған жаңа заң-сымақ, бұрынғы басшылықтың кезіндегі бидай-былдырық екені рас. Мына қызықты қараңыз: бұдан былай сол заң-сымақ бойынша, қандай кино, және оны кім түсіруі керегін КиноФонд деген құрылым айтады екен! Ол құрылымның құрамын тап-тұйнақтай етіп қайта қарау керек деп ойлаймын. Ал, ең бастысы, үкіметтен бөлінген тақыл-тұқыл қаражатты қыл үстінен бөліп беруге хұқылы – яғни фондтың құрылтайшысы, бұрынғы Мәдениет миністірінің бүгінгі «ұясы» Ұлттық музей екен! Ал, ендеше! Осылай деп естідік! Естіген құлақта жазық жоқ!
Өнер жоға­рының нұсқауымен тумайды. Өнер білектің ісі емес, Жүректің ісі! Әр әумесердің «ақылына» көніп, әр шикі шенеуніктің айдауын­да жүрсе не ­болады! «Көп айтса – көнді, Жұрт айтса – болды, Әдеті надан адамның» деген даңғойлықпен қайран Абай хакім де қарсыласқан… Әлі қарсыласып келеміз… Қашанғы! «Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын…» «Халық» деген ұғымды қазір «шенеунігім» деп ауыстырған абзал… Абайды күнде қайталайтын ­Бекболат-ау,­ қайдасың, неғып отырсың?.. Құлағың бітелді ме, тілің байланды ма?.. Деңдер! Атой салыңдар! Мені ғана құрбандыққа шала бермей!
– Бүгінгі театрдың жайы туралы не айтасыз? Сахнада қандай кейіпкер жетпей жатыр деп ойлайсыз? «Біздің заманның қаһарманы» сіздіңше кім ­болуы керек еді?
– Ой, бұл үлкен тақырып қой… Бір сұхбатта берілетін бір сұрақтың ­жауабымен қамтылмайтын қамырықты күй. Қысқа қайырсаң – немкеттілік танытасың, ұзын-сонарға кетсең, мылжың атанасың. Бүгіндері ол жайлы­ қоғам да, адам да бас ауыртпайды, тіпті қыстырмайды да. Зымыраған ­заман, сүйретілген өмір. Шағынарың да, табынарың да таусылған. «Сөз ем болудан кетіп, ауыздан шыққан жел есебіндегі» кері кеткен кезең! Айтасың – естімейді, жылайсың – көз жасыңды сүртпек түгіл, көрмейді, бұрылып та қарамайды! «Ойбай, өлдім» десең, аузыңа қара су да татырмайды!
Абай айтқан кейінгі жас ­балалардан мен де қорқамын. Отызға келген­ жас орда емес, «морда» да бұза ­алмайды! Қырықтағың он жасынан-ақ­ «омақасып», арманы алданып, өз ертегілеріне өздері сеніп жүр. Қырттықтан қарттыққа қадам басып бара жатқандардың ісі жанымды жегідей жейді. Ал ақыл айтуға керек көзі тірі абыз-ақсақал атымен жоқ! Жер басып жүргендері бас қамы мен төс қамынан ары аса алмайтын шал мен шауқан ғана… Ол бірді-екілі жарықтықтар кезінде атақ пен шатақ қуалап, ағалық та жасай алмай, жанына торсық та байлатпай, алдындағысын тістеп, соңындағыларын теуіп, желбуаз күйде желе бергенге мәз боп уақытын өткізіп алған. Сахнаның «самородный сары алтындары» келместің кемесіне мініп кеткелі, «жағада тұрған» ешкім жоқ… Бүгінгі театр туралы осылай ойлаймын. Өйткені театр – өмір, ойын емес! Халық деген Құдайдың бір аты ­жойылып, тіл мен жағына сүйеніп сөйлей білгенмен, бас көтеріп ойлай білмейтін, күресуден қалған, жүресінен отырған, көзіндегі мұңы тіліне тиек бола алмайтын тобырға айналған. Қаһарман жоқ, шабарман бар. Берермен жоқ, аларман бар. Арман көз түгіл ой жетпейтін алыста, тарих қол жетпейтін қоқыста қалды!
Театрдың толғайтын толғақты тақырыбын жалпылама сөзбен айқай сап айттым-ау деймін. Талқы боларлық жалқы сөзге көш десеңіз, еліміздегі елу алты театрдың бәрі деп көпке топырақ шашпайын, бірталайының еңсесі төмен, тақырыбы таяз, көлшік емес, саяз шалшықты шалпылдатып кешіп жүргендерін білсе де, білек ­сыбанып, биікке талпынарлары кем. Анау деп, мынау деп аттарын атамай-ақ қояйын, іштері біледі. Жаңа қойылымға қажетті қаржы жетім қыздың жасауы­нан кем, жалақылары қайыршының күндік қол жаюынан сәл артық болар… Қанжығасына байланған сегіз театр­ды жетістіріп «семірте» алмай жүрген министірлік, үй сыртында қалған қырық сегіз театрдың қыр-сырынан мақрұм. Оларды да кінәлай алмайсың, заң ­бойынша, Алматы мен астанадағыларға ғана «айбат» шегуге шегенделген, ал сырттағы театрларды жергілікті әкім-қаралардың қоржынына сүзілдіріп қойған! Әкім әділ, нәзік жүректі болса ғана жағалары жайлауда! Ол жайлауға да ауа жайыла алмастай қылып, қаржы ма, еңбек пе, әйтеуір әлдебір білектілердің құрып қойған қаржылық торынан аса алмастай етіп амалданған. Ет-бауыры елжіреп келіп, жергілікті бюджеттен ептеп жырып берейін десе, торды бұздың деп, итжеккенге айдамаса да, жемқор қылып, ағаш атқа жайдақ мінгізіп жіберетін қаржыпол деген қанды қол бар! Тіпті театр өнеріне емешегі үзілер қалталы дейтін ағайын да өз қалтасынан қыл үстінен бөліп беруге үрейлі! Қалтаңдағыны қайдан алдың деп, қандарын ішеді! Осыла-а-а-й…
…Өнер ұжымының парқы мен нарқының көрінісі дейтін репертуардың өресі мен тақырып талғамына тас лақтырмай-ақ қояйын, «су ішкен құдығыңа түкірдің» деп, сумаң ете қалатын, сөз көтермейтін, бір атым насыбайдан көңілі қалатын жарым көңіл жамағайыным бар… Жырақтағы жарықтықтарды былай қойғанда, атынан ат үркетін театрлардың да жетісіп жүрген ешкімі жоқ… Түкке тұрғысыз уақиға қуып, жетім шал мен жесір кемпір, шайпау келін мен жігерсіз ұл, қапияда өлген актер мен қатыны өлген қария, шын ақынның өтірік хикаясы, пұшық мұрын мен мырық қайғы, артын ашар күлкі мен парқы нашар жыртың жайлаған сахнадан жалықпайтын болдық! Бірді-екілі ­тарихы тереңге кетер тақырып толғаған қойылымдар қоңы қалың болғанмен, сойы жұқа, сонда да тізгін ұстап, «аспанды» тіреп тұрғандай болатын басшы-қосшылардың бөтекесіне жақпай, репертуардан сызылып, сырғытылып жүр. Қайтейік, қайсыбірін айтайық… Театрдың қамын ойлаған біз сияқты қамкөңілдердің айтқандары айтылған жерде қалып, әйкәпір болып алас­талуға сәл-ақ қалғанбыз… Сол сойы жұқаларға қайсыбір жылдары қағба болған гиеннің созар мойыны ұзын, кірер арты кең болған екен… Жастары шарасыздық пен ессіздіктен, жасамысы тексіздіктен кірер тесік іздеген-ау… Өкінішті… Осы ауру мен әдеттің, амал не, «беті күшті»…

Шүкір ғой, талай киноға түстік, театр сахнасында да «тау қопардық, тасты жардық»… Жалпақ жұртқа танымалмыз, ел сүйіспеншілігіне бөлендік… Шүкір… Ешнәрсе оңай келген жоқ… Алайда өнердің қадірі осыншама арзандайды деп ойламаппын. Менде бір адамға жетерлік, атан түйеге жүк боларлық абырой-атақтар бар… Оған да шүкір… Жанымды жегідей жейтін басқа нәрсе… Ол – Ұлы өнердің қарабайырланып кеткені, кім көрінгеннің мазағына, қолжаулығына айналғаны. Актер­лердің адам атаулының алтыншы сортына түскені. Білмеймін, ұлт ретінде, мемлекет ретінде, қоғам ретінде мәдениетіміздің парқы осындай ма, әлде шіренген шенеуніктердің өнерді қолжаулық қылғаны үрдіске айналды ма, әлде өзіміз арзандадық па, сайқымазақ күйге түстік пе… 

– Театр қайраткерлері одағы­ның жай-жапсарымен де таныстыра отырсаңыз. Нендей жаңа­лықтарыңыз, қандай қуаныш-сүйініштеріңіз бар?
– Ол одақта жай жоқ, жапсар бар. Мініп жүрген көлігіңе де бесінші дөңгелек керек екенін жұрт біледі. Запасқа. Біз де солай болуы керек едік, бюджетте болмасақ та, запаста. Қоғамның қажетіне, запасына. Олай болмады. Бюджетте жоқ болған соң, есепте жоқпыз. Бұрынғы мәдениет саласын басқарған шенеуніктің ойы жүзеге аспады. Есесіне, есі бар – жасы бар, жасамысы­ бар артистер, суретшілер… тіпті М.Лермонтов театрының алпысты алқымдаған етікшісі де одағымызға мүше болып қабылдауымызға арыз берді! Әуелгіде 2500-дей едік, бүгіндері мүшелеріміздің саны 2650-ден асып жығылды! Бұрынғы мәдминнің қазған орынан қарғып өттік, аман қалдық. Алайда кесірін көп тигізді. Журналымыздың үш-төрт нөмірі шықпай қалды, «Еңлікгүліміз» де ентікті… Нәжістің иісі біразға дейін баратыны сияқты, енді-енді «дизенфекцияланып» келеміз. Көтеріле бастадық. Жоғары жаққа жапсар емес, жоспарларымызды жеткіздік. Оң ­шырай бар. 2023-жылға дейін кететін жоба-жұмыстарымыздың тақырып-талайын айтып, тиісті министрліктің басын қатырдық-ау деймін. Білегіміз сыбанулы,­ ықыласымыз екі есе, қажырымыз қарулы. Түстік пен теріскейдегі, батыс пен шығыстағы, төр мен төскейдегі елу алты театрдың көкейкестісін, мұң-шерін, көген-шеменін, ой-орманын, арман-мүддесін келелі сөз қылып, шешімін табуға ниеттейтін форум-фестивальдердің, мастер-кластардың, кездесу-талқылау конференциялардың, елдегі барлық халық театрларының да додаға қосылар дүмпуі жыл басынан «Еңлікгүлмен» басталмақ! «Тыныштық тек түсімізде ғана!» деген Б.Пастернактың ұраны біздің де ұран болғалы тұр, бұйырса! Бұйырады!
– Біраз уақыт бұрын Президентпен кездестіңіз. Не жайында ой-толғап, қандай сауалдарды көтердіңіз?
– Жоғарыдағы толғағымның бәрін айттым. Көлгірсігем жоқ. Тайсалғам да жоқ. Жасырғам да жоқ. Жарбаңдаған да жоқпын. Нәтижесін ол Кісінің Жолдауы­нан тыңдадыңдар. Сау театрлардың да, «ауру» театрлардың да атын атап, түсін түстедім. Ауруын­ жасырған – өледі! Емдеу керегін айттым.­ Алғашқы дәрі – жалақы… Жыл басынан «егіле» бастайтын болды! Ары қарай – жан нәсіп! Бастысы – Президент бізді ерекше сыйлайтынын білдірді, қоғамға керек, кемшіндігі қатты байқалып жүрген идеология құралы екенімізді қайта есімізге салды! Үміт үлкейді, күдік сейілді!
– Әңгімеңізге рақмет

Қарагөз Смәділ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.