Таланты таңғаларлық еді

d0bad183d0bbd0bcd0b0d182Күні кеше құлын-тайдай тебісіп қатар жүрген жастық шағымызды, пікір алысып, пікір сайыстырып, бір-біріміздің қуаныш-табыстарымызды бөлісіп келген, кемелдену шақтарымызды бірге өткізген, жүзбе-жүз, күнбе-күн көрісіп жүрген жолдасымыз, әріптесіміз, сыйласымыз Құлмат Өмірәлиев арамызда жүрсе бүгінде 80 жасқа келіп, ұлан-асыр той жасап жатар едік. Амал не, ерте көз жазып қалдық.
Құлмат 1930 жылы байтағымыздың оңтүстігінде, қасиетті Қазығұрттың баурайындағы «Алтын» ауылында дүниеге келген. Әкесінен 5 жасында қалған Құлмат ержете келгенде “арқа сүйер асқар тауы, жан көкесі” – туған ағасы Адыхан Өмірәлиевтің тәрбиесінде өсіп-жетіледі. Соғыс және еңбек ардагері, парасатты, еліне қадірлі азамат Адекең 6-7 жас қана үлкендігіне қарамастан, інісіне әкесіндей қамқорлық жасап оқытады, еңбекке баулиды, адамгершілік қасиеттерді бойына дарытады.

Құлмат еңбекке өте ерте араласады: 1948-1950 жылдары мектепте оқи жүріп, Жарлытөбе ауылсоветінде мал дәрігері (ол 1946-1947 жылдары ветеринарлар дайындайтын техникумды да оқып бітірген ғой) және Қаратас аудандық газетінің жауапты хатшысы болып жұмыс істейді. 1950-1952 жылдары Шымкенттегі пединститутты үздік бағамен бітіріп, мұғалімдік қызметке кіріседі. Көріп отырмыз, Құлмат қаршадайынан түрлі жұмысты: оқу, мал дәрігері, колхозда есепші-табельші, ау­дандық газет қызметкері сияқты екі-үш жұмысты 17-18 жасына дейін қатарынан атқарып жүріпті және ешкімді ұятқа қалдырмай, «жас қой» дегізбей атқарыпты. Бұл – тәрбие мен еңбекқорлық сияқты адами қасиеттердің жемісі екені айдан анық. Осы қасиеттер Құлматты әрі қарай да тыныш жатқызбады, жоғары білім алуға ұмтылдырды: Абай атындағы Алматы педагогикалық институтына түсіп, оны да үздік бағамен бітіріп, аспирантурасына қалдырылады әрі осы институтта қазақ тілінен, қазақ тілінің тарихынан дәріс оқиды.
Кеңес дәуірінде қолына жоғары білімді танытатын диплом алған адам өз таңдауымен жұмысқа орналаспайтын: оны оқу-тәрбие істерін басқарушы жоғарғы орындар белгілі бір жерлерге жұмысқа жіберетін. Аспирантура мерзімі аяқталған соң, жас қызметкер Өмірәлиевті Гурьевтің (қазіргі Атыраудың) пединститутына аға оқытушы етіп жібереді. Сөйтіп, қазақтың кең өлкесінің оңтүстік қиырында туып-өскен Құлмат батыс шалғайынан бір-ақ шығады. Бірақ мұнда көп аялдамай, Алматыға қайта оралып, “Қазақстан мектебі” атты педагогикалық журналда бө­лім меңгерушісі болып 10 жыл тер төгеді. Бұл қызмет Құлматтың өз бетімен білімін арттыра түсірген, ғылымға қадам бастырған мектеп болды. Алматыда ғылыми орта болды. Осы орта Құлматты тағы тыныш отырғызбады. Ол енді ғылыми ортадағы ғылымның нағыз ордасы – Ғылым академиясына келді. Сөйтіп, Құлмат Өмірәлиев 1972 жылдан 1985 жылдың 27 мамырына дейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында аға ғылыми қызметкер болып еңбек етті: кандидаттық диссертация қорғады, 4 монография жазып, жарыққа шығарды, әрқайсысы бір-бір құнды ғылыми жұмысқа пара-пар бірнеше ондаған мақала жариялады. Бұл – Құлматтың бас-аяғы 12-13 жылға ғана созылған ғылым жолындағы еңбегі еді. Алла Тағала Құлматқа, ең болмағанда, енді бір 10-15 жылдық ғұмыр берген болса, қазіргі біздің қолымызда бірнеше монографиялар мен ғылыми-танымдық, теориялық, әдістемелік еңбектер болып, оларды біз оқып, ғылым дүниесіндегі тағы бірқатар тың тақырыптармен танысып отырған болар едік. Өйткені жоғарыда айтқан монографиялардың әрқайсысы­ның құндылығы ерекше болатын.
Алғашқы монографиясы 1976 жылы «Ғылым» баспасынан «ХV-XIX ға­сыр­лардағы қазақ поэзиясының тілі» деп аталған еңбегі еді. Бір қарағанда, бұл тек поэзияның тілдік әсемдігі жайындағы жұмыс болар деп қалуға болады. Ал, шындығында, бұл монография қазақ әдебиеті мен әдеби тілінің тарихына үңілген, тек көрсетілген бес ғасырлық тарихы ғана емес, ол тарихтың бастауларына барған, қысқасы, етек-жеңі тұйықталған аса мәнді ғылыми ізденіс болды. Осынау үлкен проблеманың, яғни қазақ халқының 5 ғасырлық тарихындағы тілдік болмысына үңілу үшін әдеби-көркем дүниесі, сөз өнері – поэзиясының да сан ғасырлық қыр-сырын әдебиеттанушы ретінде талдаған еңбек болды.
Бұл еңбектің теориялық құндылығы өз алдына: поэзия тілін зерттеудің қырлары (аспектілері) тәптіштеп көрсетілді. Поэзия тілі мен әдеби тілдің грамматикасы дегендер бір категориялар еместігін, сондай-ақ синтаксис саласында да өлең тілі айырып зерделейтін дүниелер екендігін автор жақсы көрсетеді. Қазақ поэзия тілін оның жанрымен бірлікте қарау деген сияқты белгілі аксиома болып көрінетін танымды Құлмат қазақ өлең-жырларының табиғаты мен тұрпатына қарай өзгеше келетін тұстарды нақты дәлелдермен көрсетіп берген.
Аталған монографияның аса бір құн­дылығы, мұндағы тың (бұрын қазақ тіл білімінде көп талданбаған) тақырып – «Көне түркі дәуірі әдебиеті мен қазақ поэ­зиясы арасындағы дәстүр, стиль, форма бірлігі» деп аталған тарауы. Ғалым Орхон-Енисей жазбалары поэтикалық дүние емес, тарихи хроника деп орыс зерттеушілерінің тұжырымдарына қарсы пікір айтады.
Бұл еңбекте тағы бір көңіл аударатын пікір ертеректегі қазақ поэзиясындағы ортақ мотив пен варианттылық мәселесін қоюы болды, яғни мотиві бір кейбір толғау немесе өлең-жырлардың үзіктері бірнеше ақын-жырауларға телініп кеткендігі, оның себептері жақсы айтылған. Оған көптеген фактілерді келтіреді. Әсіресе, Махамбеттікі деп беріліп жүрген біраз өлең тармақтары одан 3-4 ғасыр бұрын жасаған Шалкиізден де табылады (немесе керісінше, өйткені Махамбетке Шалкиіздің өлеңдері таныс болды ғой). Бұл кітапта Құлмат көрсетпеген тағы бір мысалды біз де көрсетіп жүрміз. Ол – көпке дейін Махамбет мұрасының ішінде беріліп келген «Жапанға біткен бәйтерек» деп басталатын 14 жолдық өлең мен Шалкиіздің «Жапырағы жасыл бәйтерек» деп басталатын 12 жолдық өлеңі бірді-екілі сөздері болмаса тап-таза бір-бірінің көшірмесі болып келеді. Бұл о баста ХVI ғасырдың – Шалкиіздің толғауы болар, онда ел қорғаушыларын батырлыққа шақыратын мотив бар, ал бұл идея Махамбеттің шығармашылығына да тән, демек, оның өлеңдерін кезінде елге таратушылар, кейін ақын мұрасын ел аузынан жинаушылар Махамбетке теліген. Бұл – ортақ мотив құбылысын танытатын әдемі мысалдардың бірі деп білеміз.
ХV-XIX ғасырлардағы поэзияны сөз еткен тарауларда зерттеуші жеке ақын-жыраулардың мұрасын бөлек-бөлек талдап танытады. Бұл да – тың зерттеу. Мұнда Бұқардың (ХVIII ғ.), Махамбеттің (XIX ғ.) өлең-толғаулары лингвостилистикалық тұрғыдан талданады.
Қ.Өмірәлиевтің екінші монографиясы – «Қазақ поэзиясының жанры және стилі» («Ғылым» баспасы, 1983). Бұл – баспа жүзін едәуір ғылыми пікір таластан кейін көрген еңбек. Монография авторының біраз пікірлеріне жасы үлкен бірқатар аға ғалымдар қарсы шығып, енді бірсыпыра әріптестері Құлматтың талдаулары мен танымдарын жақтаған болатын. Солардың бірі мен де болдым. Еңбекке жауапты редакторлық міндетті алдым. Қарсы шыққан аға буын өкілдері саяси-идеологиялық бағыты жағынан кеңестік, коммунистік платформаны ұстауға тырысқандар болды, өйткені ол кезде бұл саясат мықты орын тепкен шақ болатын, көптеген қазақ ақын-жазушылары мен ғалымдары әлі де «Халық жауы» деген таңбадан құтылмаған кезі еді. Ал Құлматтың бұл кітабын баспаға ұсынуды қолдамаған кейбір әріптестеріміз тіпті болмаған соң өзге дау айтты, олар Құлматтың бұл еңбегін түсініп оқу қиын, стилі ауыр автор «оң құлағын сол қолымен қасиды» деген сияқты сындарды алға тартты. Бұларды да түсінуге болады. Құлмат аталған монографиясында поэзия дүниесіндегі көркемдік тұлға-тәсілдерді, сөз-образ дегендерді, өлеңнің композициялық-құрылымдық тәртібін, мұндағы жаңалықтарды арнайы сөз еткен болатын, ал бұл проблемалар қазақ тіл білімінде әлі кеңінен қолға алынбаған, көптеген методологиялық ұстанымдары мен термин-танымдары қалыптаспаған еді. Құлмат осыған жол ашқандардың бірі бол­ғандықтан, жазғандарының кейбір тұс­тары түсініксіздеу болғаны да рас болар.
Сөйтіп, бұл пікірталас Дулат Баба­тайұлының шығармашылығы, оның ақын­дық шеберлігі мен азаматтық-идео­логиялық кредосы жайында болды. Пікірлер екіұдай: бірі, Дулат – кертартпа, феодалдық идеологияның жаршысы, діндар ақын дегенді айтты, екіншісі, Дулат – қазақтың жазба поэзиясында фор­машылдық дәуірді бастаған ақын, яғни қазақ өлеңінің күрделі үлгі-пішіндерін ұсынған, қазақ поэзиясының тақырыбына әлеуметтік мәселелерді енгізген қаламгер, демократтық ұстанымдардың иесі. Осы қарама-қарсы келген екі пікір ғылыми тайталасқа түсті. Ақырында соңғы таным жеңіп, қолжазба баспаға ұсынылды. Құлматтың бұл еңбегі нағыз ғылыми-теориялық жұмыс болатын. Кейін оны дұрыс бағалағандар, әсіресе, Құлматтың Дулат Бабатайұлы сияқты қазақ поэ­зиясының Абайға дейінгі ең ірі өкілін «қараңғыдан жарыққа алып шыққанын» тек тіл маманы емес, нағыз әдебиеттанушы ретінде көрінгенін айтушылар көп болды. Бұны Дулаттың туғанына 190 жыл толуына арналып, ақынның туған өлкесі – Аягөз қаласында 1992 ж. 17-20 желтоқсан айында өткізілген ғылыми-практикалық конференцияда айтылған пікірлер дәлел­дейді. Конференцияны ұйымдастыруға ұйытқы болған – әл-Фараби атындағы университеттің қазақ әдебиеті кафедрасы, оның профессоры Тұрсынбек Кәкішев еді. Сол конференцияға А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынан бас баян­дамашы болып мен бардым. Баяндамада Қ.Өмірәлиевтің Дулат жөніндегі пікірлері мен ұстанымдарын негізге алып, өзім де біраз ізденіп, Дулат Бабатайұлының шығармашылық мұрасын, оның қазақ әдебиеті мен мәдени-рухани дүниесіндегі орнын, Абайға тигізген әсерін барынша дәлелдеуге күш салдық. Дулат елі ұлы ақындарын жаңадан танығандай болды, аса ризашылықпен қабылдады. Сол ресми жиында Дулатты алғаш дұрыс танытқан ғалым Құлмат Өмірәлиевке Аягөз қаласынан көше атын беруді сұраған едік, оны да конференцияға қатысқан аудан басшылары қабылдаған еді, бірақ бұл талабымыз аяқсыз қалды. Мұндайда ұсыныстың орындалуын күнбе-күн қадағалап отыру керек екен. Оны ғалымдар істей алмады. Кейін сұрастырсақ, «одан бері аудан басшылары ауысып кетті, көп шаруаның ішінде естен шықты» деген сияқты ақталған жауап алдық.
Енді Құлматтың тағы бір құнды еңбегі – «Оғұз қаған» эпосының тілі» атты зерттеуін аз-кем сөз етсек. Бұл – соңғы кезеңдердегі дәстүр тұрғысынан келгенде, нағыз жоғары аталатын, белгілі сыйлықтардың лауреаты атағын алуға тиіс ғылыми жұмыс болатын. Ол да «Ғылым» баспасынан 1988 жылы жарық көрді. Мұның да жауапты редакторы мен және М.Мырзахметов болды. Мен бұл шаруаға өз қалауыммен бардым, өйткені зерттеу бас-аяғы әбден түгелденбеген қолжазба күйінде қалды, авторы қайтыс болып кеткен-ді. Жұмыстың мазмұнын, баяндау стилін, пікір-тұжырымдарын ешбір өзгертпей, бірақ жарыққа шығару үшін бірсыпыра редакциялық жұмыс жүргізу керек болды: машинкадан шыққан данасын реттеу, машинкада терілуден кеткен орфографиялық, пунктуациялық қателе­рін түзету, әсіресе, ескерткіш мәтінін бір графикадан қазіргі қазақ жазуына транскрипциялауда мұқият болу сияқты қыруар «қара жұмысқа» 3-4 ай отырып істеп шығуға тура келді. Бұл, бір жағынан, осындай еңбек бере алған әріптесімізге риза болып, рухына бас игеніміз еді, бұл сияқты баға жетпес түркологиялық зерттеудің автор қолынан ақырғы рет жөнделіп шықпаған, баспаға дайын емес кітапты қалай болса солай жариялай салуға азаматтық арымыз жібермеді десек те болар. Мұны жауапты редакторлық еңбегімізді бұлдау үшін емес, қазіргі жас ғалымдарға үлгі болсын деп айтып отырмын.
«Оғұз қаған» эпосы – орта ғасырдың дүниесі, түркі жазба ескерткіштерінің ең алғашқыларының бірі. Ол Қ.Өмірәлиев­тің пайымдауынша, ХIII ғасырда хатқа түскенмен, бұл кезеңнің, тіпті ХI ғасырдың емес, одан да бұрынғы кезеңдердің ес­керткіші болып танылады.
Енді бұл көне түркі жазба дүниесінің грам­матикалық тұрпатын, аңыздың сти­лін, сөздік құрылымын жеке-жеке тарау етіп талдайды. Бұл жерде ең қиын да ма­шақаты көп жұмыстың бірі – мәтінді ұй­ғыр жазуынан қазіргі қазақ жазуына транс­крипциялау. Екіншісі – «Оғұзнаме» деп ұсынылып келе жатқан мәтінді осында аты аталған қыпшақ, қаңлы, қарлұқ, қалач ха­лықтары жайындағы өзге аңыздарды, яғни Рашид-ад-дин мен Әбілғазы берген ше­жірелерінің мәтіндерін салыстырып көр­сету болатын, ол бір бетті екі баған етіп, ұқсастықтарды қатар беріп салыс­тырды.
Бұл кітапта өте қызық материалдар­дың бірі – «Оғұз қағанда» бар жалқы есімдер мен олардың солай аталу мәнін түсіндірген тарауша. Бұл жерде Құлмат әрі тарихшы, әрі этимолог болып көрінеді. Оғұз деген есімнен бастап Көкбөрі деген этнонимге дейін ондаған түркі жалқы есімдерін талдап береді. Материал тек тіл мамандарын ғана емес, барша оқырман қауымды қызықтырады.
Еңбектің 2-бөлімінің 1-тарауында эпостың графикалық, фонетикалық, мор­фологиялық, синтаксистік құрылым-тұл­ғаларын көрсетеді. Бұл жерде Құлмат – күшті грамматик, білгір фонетист. Ал жұмыстың екінші тарауында ол ескі түркі жазбаларының өзіне тән стильдік, композициялық пішінін сөз етеді.
Бұл ғажайып құнды еңбек «Оғұз қағанның транскрипцияланған толық мәтіні мен сөздігін» берумен аяқталды. Сөздік „Оғұз қағанша-қазақша», яғни эпостағы ескі (әлде көне) түркі сөздерінің қазақша баламасы не түсіндірмесі берілген, мысалдары келтірілген. Ал осындай қыруар зерттеу жұмысы Құлмат Өмірәлиевтің соншама мықты еңбекқорлығын, ғалым­дық ізденімпаздығын, аңғарымпазды­ғын, жауапкершілігін көрсетеді. Бұл – тек нағыз ғалымға, үлкен ғалымға тән қасиет екені даусыз. Бұл ізгі қасиеттер Құлматтың тек монографияларында ғана емес, жеке мақалаларында айқын көрінеді. Бірер жыл бұрын маған текстология мәселелеріне қайыра көз салуға тура келді. Белгілі абайтанушы, әдебиеттанушы профессор Қайым Мұхамедхановтың “Абай шығармаларының текстологиясы” деп бұдан 40 жылдан астам бұрын шыққан еңбегінің 2-басылымына кіріспе (алғы сөз) жазуым керек болды. Осы тұста ұлы ақын мұрасының текстологиясы жайын­да жазылған мақалаларды түгелге жуық қайыра қарап, оқып шыққанда, ең сауатты, ең ұқыпты, ең дәлелді мақала Құлмат Өмірәлиевтікі екеніне көзім жетті. Қысқасы, нағыз ғалым қашанда да, қай еңбегінде де табиғатынан танбайды екен.
Бұл айтқандарымыз есімін еске алып, 80 жылдығын атап жатқан бүгінгі тіл зерттеуші қауымға Өмірәлиевтің аз уақыт ішінде тындырған жұмысы, таңғаларлық таланты, кісілік келбетін көрсетеді. Сондықтан бүгінгі жас тіл мамандары оның аталғын монографияларын мұқият оқып, ден қойса, бірқатар мақалаларына да зер салса деген тілек айтқымыз келеді, олардың зерттеп жүрген тақырыптарына тікелей қатысы болмаса да, Құлматтың қаламынан шыққан жұмыстар қазақтың мәдени-рухани дүниесінен, қазақ поэзиясы мен қазақ тілінің даму тарихынан аса құнды танымдық мағлұматтар береді. Ал мұндай мағлұматтарды білу – әрбір филолог маманның міндеті ғой. Бір қуанарлық жайт – қазақ тіл білімінің жанашыры, көмекшісі, нағыз қызметшісі “Арыс” бас­пасы Құлмат Өмірәлиев еңбектерінің 4 томдығын қолымызға ұстатқалы отыр.
Артына осындай мұра қалдырған Құлмат өзінің жолын жалғастыратын, тіл туралы ғылымның өзі айналыса алмаған тақырыптары мен жаңа бағыттарына барып отырған ұрпағын да қалдырды. Қызы Жанар Ыбыраева күні кеше “Саяси лингвистика: қос тілді коммуникативтік кеңістік” деген тақырыпта докторлық дис­сертация қорғады, ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде пси­холингвистикадан дәріс береді, “Пси­холингвистика негіздері” деген атпен қазақ тіліндегі оқу құралын жазып, жарыққа шығарды.
Міне, бүгін біз арамыздан ертерек кеткен, бірақ құнды қазына – том-том ғылыми еңбектер қалдырған, асыл азамат, есімі өшпес ғалым Құлмат Өмірәлиевтің өзі жетпей кеткен 80 жылдығын зор ықыласпен, ақ адал көңілмен аруағына бас иіп атап отыр­мыз. Еңбектерін еселеп таныта берелік, тани берелік. Филолог жастардың атынан «асқар тауы», Құлматтың жан көкесі Адыхан Өмірәлиев аталарына, ғылым жолында еңбек етуге мейлінше көмек берген, ұлы мен қызын жақсы тәрбиелеп, қол созған биіктеріне жеткізген, өзі де ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, бірнеше жыл Абай атындағы университетте дәріс оқыған жан жолдасы, жан жары Аидаға бүгінгі атаулы күнде барша игілікті тілейміз.

Рәбиға Сыздық,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.