ҒҰЛАМА КЕЛБЕТІ

(Академик Әбдуәли Қайдардың туғанына 95 жыл)

Бүгінгі әңгіме академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдаров жөнінде. Алдымен есте тұтар бір шындық мынау: Ол жүріп өткен өмір жолы, көрген тауқыметі, жеткен биігі, алған ләззәті ешқандай әсірелеп, әрлеуді, асырып мақтап, артық баға беруді қажет етпейтін еңбек пен ерлік жолы. Өмір көрген әрбір азаматтың бойында кейінгілер сүйінер тым болмағанда бір қасиет болса, соның өзінің де тәрбиелік мәні зор. Ал бейбіт өмір мен майданда бірдей азаматтықтың, адамдықтың үлгісін көрсеткен сан алуан ардагерлер туралы әңгімені аз айту кешірімсіз кемшілік. Олар жайында жас ұрпақ не біледі? Бұл мәселе бәрімізді толғандыруға тиіс. Сөз осы жайында. Еліміздің ырысы мен тәжіндей әсем де асқақ Алатаудың әдемі бір қойнауы – Талдыбұлақ (Еңбекшіқазақ ауданы) селосында тұратын Қайдар отбасы үшін 1924 жылдың бір таңы ерекше қуанышпен атты. Дүниеге сәби келді. Оның келісінде анау айтқан ерекшелік, немесе бір пәлендей оқиға бола қойған жоқ. Сол кезеңнің өзіне шақ шілдехана ырымы жасалды. Әкенің алып бара жатқан сауаты бола қоймағанмен, төрт кластық білімі бар, көзі қарақты, елдің бас көтерер, естияр азаматы болатын. Ә дегенде біраз жыл колхоз басқарды, кейіннен аудандық милицияда қызмет етті. Шешей де жасында колхоз жұмысына араласып, кейін үй шаруасын бағып қалған қарапайым көп ананың бірі болды.

Баланың пайымдылығын, оқуға зейінділігін әуелден байқаған әке «Оқы, балам, оқы!» ­дегеннен бөтен бейсар сөз айтқан емес. Құлағына қатты сіңген осы сөз бе, әлде тумысынан байқалған білуге құштарлық сезімі ме, әйтеуір Әбдуәли о бастан-ақ әр нәрсені білуге құштар, зерек болып өсті. Мектеп қабырғасында оның әралуан қабілеті ашыла бастайды. Өлең, жырға, музыкаға, домбыраға құмарлығы, сурет салуға икемі баланың бойында әрқилы талап пен талант ­нышаны барлығын сездіретін. Сабақты жақсы оқып жүріп, сурет салуға машықтанады, домбыра үйренеді, мондол тартады, ән салады. Тіпті оның сол мектеп қабырғасында жүріп салған суреттерінің қайсыбірі – Абай мен Амангелді портретінің көшірмелері көп жылдар бойы сол мектепте сақталыпты.
Қысқасы, не керек, ол сәбилік, бозбалалық шағының өзінде, қайсыбір тұрғыластарындай желпінісі көп жел жүріспен өткізбей, жан сезімін оятатын, пайым-түйсігін ұшқырлайтын пайдалы іспен шұғылданады.
Егер ол осы аталған өнердің бірін ұстап, сол жолды қалап алғандай болса,­ бәлкім біздер бүгінгі күн ғалымды емес, ғажайып бір суретшіні, не керемет бір музыкантты тамашалап отырар ма едік, кім білсін?! Иә, бозбала қиялында әртүрлі арман қанаты қалықтайтын. Мұның қайсысын қаласа да, аяғына ­жетер, басына шығар қабілеті бар, табанды да қажырлы, пайымды да парасатты бір жас жігіт жетіліп келе жатқанын жұрт сезетін. Бірақ көктен түскен жай отындай суық хабар бала қиялын 9 класқа жеткенде су сепкендей басты. Соғыс басталды. Қару асынуға жарайтын елдегі естияр азаматтың бәрі майданға аттанып кетіп жатты. Бір шаңырақ, бір әулеттен үш бірдей адам – әкесі, екі ағасы кетті. Төртінші боп, кезекте өзі тұрды.
Есі-дерті өнер мен оқуда жүрген бозбала, ел басына күн туғанда есейіп шыға келді. Он алтыдан жаңа асса да өзін ересектер қатарына ерте қосып үлгерген ол, бір күні өзі теңдес балалармен бірге әскеркомның есігін қағады. Майданға жіберуді өтінеді. Сол кездегі әскерком Томарбеков балалардың ниетіне риза бола отырып, жасы жеткенде бұларға да кезек келетінін айтып шығарып ­салады. Шынында, ол кезде өзі тіленіп майданға аттанып жатқан адамдардың көп болғаны мәлім. Ал тоғызыншы класс түлектерінің, оның ішінде Әбдуәли сияқты балалардың зіл қаратас ауыртпалықты қатты сезініп, Отан алдындағы борышын осылайша өтеуді ойлап өтініш етуі кісіні толғандырмай қоймайтын мінез, отаншылдық рухта тәрбиеленген жас түлектердің жоғары саналылығын ­танытатын бір ғана ­мысал. Мұны кезінде аудандық газет те көре біліп, жоғары бағалап, Әбекеңдер өтінішін жариялап жіберген екен. Талдыбұлақ түлектері мен Еңбекшіқазақ азаматтарының бұл да бір ескере жүрер ісі болса керек. Патриоттық тәрбиені шыңдай түсетін осындай деректер Әбекең өскен аймақ мерейін өсіре түспесе, төмендетпес ­еді-ау­­ дейміз.
Әбдуәли әскеркомнан хабар күтіп, қарап отырмай Түргендегі мұғалімдер дайындайтын он айлық курсқа түседі, онда әрі оқып, әрі соғыс тәсілін үйрене береді. Ақыры 1942 жылдың 2 мамырында көптен күткен шақыру қағаз қолға тиіп, ол әскер қатарына алынады. Ә ­дегенде Ташкенттегі радио-телеграфис­тер мамандығын тез арада игереді де, қанды соғыстың қақ ортасы­ – ­Великия Луки қаласынан бар-ақ шығады. Алматыда жасақталған ­100-інші ұлттық бригада ол кезде осында шайқасып жатқан болатын. Бір қызығы Әбекеңнің әкесі де осы маңда қатар соғысыпты. Дәл сол жерде Құрбан болыпты. Мұны ол кейін біледі. Сол бір кезеңдер кейпі жауынгер көңілінен ешқашан ұмыт болған емес!
…Соғыс алаңының әрбір күні, әрбір сәті таусылмайтын дастан, бітпейтін жыр ғой. Соның солай екенін білгенмен, кейде күнделікті күйбең тірлік салдарынан еленуге, ескерілуге тиісті нәрселердің елеусіз қала беретіні өкініш. Әйтпесе, қай ауыл, қай село өз ардагерлерінің қадіріне жетіп, оның майданда басынан кешкен ерлік жолдарын қайсысы терең біліп жатыр. Түбі ұрпақ бұған да келер, өз майдангерлерінің тарихын жазатын да болады. Майдангерлер қатары мүлде селдіремей тұрғанда әр аймақ, әр ауыл өз әрекетін жасап үлгергені мақұл ғой.
Ал жауынгер Әбекең басынан кешкен майдан оқиғаларының қайсыбірін айтып үлгерерсің. Соның бірді-екілі ғана сәтін еске түсіріп өтудің өзі көп нәрсені аңғартқандай.
…Сол күнгі шайқас тым ұзаққа ­созылды. Жаудың толассыз жүргізген шабуылы жауынгерлерді әбден титықтатса да, мына төбеден оларды қуып шыға алмай фашистер жанталасты. Соғыс алаңына үстемдік құрарлық маңызы бар бұл биікті қатып ұстап, қайтпай соғыс салып жатқан Әбдуәлилер ротасы болатын. Күн ұзақ жасалған шабуылдан нәтиже шықпай өшіккен жау түнге қарай тынышталды да таң сыз бере жер-көкті неміс артиллериясының гүрілі билеп алды. Төбеге төгілген оқтың есебі жоқ. Оқ нөсері бітісімен, жаудың жаяу әскері тағы да төбеге қарай қаптады. Олар кешегідей емес, билеп-төстеп еркін келеді. Шамасы, жаңағы артиллерия дабылынан соң ешкімнің тірі қалуы мүмкін емес деп ойлаған болу керек. Бірақ олар тағы да жойқын тойтарысқа кезікті. Алдыңғылары баудай қырылып, кейінгілері кейін жапырылды. Оныншы,­ он бірінші шабуыл да осылай аяқталды. Шабуылдың сәл саябыр тапқан бір сәтінде екі арада қалған жау пулеметін «қолға қалай түсірсек екен» деп іштей жоспар құрып жатқан Әбдуәлиді бір мезгілде рота командирі шақырды. ­Командир жағдайды қысқаша баяндады да:
– Байланысшылардан хабар жоқ. Келер көмек белгісіз. Жау сыйқы мынау, «төбені алмай тынбаймыз» деп қағынып тұр. Біздің енді бір ғана шабуылға төтеп берер қауқарымыз бар. Ендігі амал, әзірше мынау: Ана орта жолдағы жау пулеметін көріп тұрмысың. Манадан бері үнсіз қалды. Оқ дәрісі де жетерлік. Соны қолға түсіру керек. Қалай әкелесің, өзің біл. Түсінікті ме? – деді.
– Түсінікті, бұйрықты орындауға рұқсат етіңіз, жолдас капитан.
– Рұқсат. Тек қасыңа біреуді ерт.
Бұл желтоқсан айы, қыстың қақап тұрған кезі болатын. Төбеден еңіске қарай бомбыдан қазылмаған жер қалмаған. Екі араның әрбір бұтасы, әрбір нүктесі екі жаққа да әбден жаттанды болып алған. Қыбыр еткен қимылды қалт жібермей аңдысып алған шақ. Әбекеңдер барар жолды барлап алып, жер бауырлап жылжи бастады. Барарында білдірмей барған олар, пулеметті іліп алып кері жылжуы мұң екен, жау нысанасына ілікті. Оқ қарша борады. Не керек, ол солдат Саша екеуі пулеметті әрең жеткізіп үлгерді. Ар жағы есінде жоқ. Ертеңінде ол Торопец­ қаласындағы госпитальда жатты. Есін әрең жиып, көзін ашты. Білек салбырап, жіліншік сынған, екі құлақ тас бітіп, көз тұнған. Ол ауыр контузия алғанын сонда ғана шамалады. Алайда мақсатын орындап, жаудың кезекті шабуылына тойтарыс жасауға себепші болғанын есіне алып, іштей сүйсініп жатты. Осы ерлік әрекеті үшін ол ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
Осыдан кейін де қаншама шайқас­қа араласып, қаншама қатерді ­бастан өткіз­генін еске алып, есебін шығару оңайға соқпайды. Соғыстың өз заңдылығы оны талай сұрапыл соқпақтармен жүргізіп, шыңдай берді, шыңдай берді. 1943 жылы Костромадағы Ленинградтан көшірілген Жданов инженерлік әскери училищені қысқа мерзімде бітірген соң, ол Белорусияны, Польшаны, т.б. елді мекендерді азат ету жорықтарына кіші лейтенант шенінде қатысады.
Соғыс кезіндегі алға басқан әрбір қадам мерекелік салтанатты шеру емес екені белгілі. Шегінген сайын шектен шыққан жауыздықтың адам ақылына сыймайтын түрлерін ­жасап баққан фашистер жан-жағына өлім себумен болды. Ал азаттық үшін әділет соғысын тамамдап келе жатқан біздің жауынгерлердің алға басқан әрбір қадамы ерлік пен даңққа бөленіп жатты. Бұл кезде жиырмадан жаңа аса бастаған Әбекең майданның от-жалынында шыңдалған, кексе де көсем, тепсе темір үзетін айтулы жауынгер қалпында жеңіс күнінің жақындай түсуіне жан аямай үлесін қосты. Сол бір қиямет кезеңдерді сұрай қалсаңыз, ол терең күрсініп барып, «жаман соғысқан адам аз болды ғой, Отан үшін алға! – деп ұмтылған кездегі бойға біткен күш-қуатты тілмен айтып қалай жеткізерсің» деп, көбіне өз жорықтарына тереңдей бермей, сабыр сақтайды. Жаратылысына біткен сыпайылық, өз жетістігін айтып мақтанбайтын кішіпейілділік оны артық әңгімеге жібермейді. Бұл жөнінде қаншама «сараңдық» жасағанмен (мен бұл сөзді тырнақшаға алып айтып отырмын), қазір біз көптеген мәліметтерді тауып, майдан жолының сырын толығырақ әңгімелеп берерлік халдеміз.
Әбекеңнің жауынгерлік жорықта­рын анық көрсете алатын тағы бір сәтті аттап өтуге болмас. Ол мынау:
…Совет әскерінің тегеурініне төтеп бере алмай ығысып бара жатқан неміс басқыншылары Висла өзенінен өтіп, тоқтады. Соның арғы жағасын бекініске айналдырар ойларын барлап біліп отырған біздің қолбасшылар шабуылын тоқтатпай, өзеннен өту қамына кірісті. Бір қолында автомат, екінші қолымен қолтығына қысып мойыннан асыра орап алған темір арқанды Әбдуәли және бір топ жауынгер өзенді кеше алға сүйреп әкетіп барады. Әлгі арқан үстіне әп-сәтте қалқымалы камералар орнатылып, көпірге айналды. Көпір әскери техникаға жол ашты. Сөйтіп, біздің әскер немістерді Висла жағалауына да тұрақтатпай тағы да түріп айдап шықты. Штеттен қаласын алды. Әбдуәлилер бірнеше жылға созылған қанқұйлы соғысты осы қалада аяқтады. Өйткені дәл осы қалада тұрғанда Рейхстагқа ту тігілді, фашистер ордасы ортасына түсті деген хабар жетті. Осы сәтте кіші лейтенант кеудесін нендей сезім билегенін, бәлкім өзі ғана білер, ал сол 1945 жылдары мектеп табалдырығын енді-енді аттап, сабағымыздың көпшілігін аман жүрген жауынгер ағаларымызға хат жазумен аяқтайтын Әбекеңнің інілері – мына біздер «Жеңіс!» деген ұлы сөздің құдіретін ең алғаш сонда сезінген едік. Сол сөздің мағынасына нұқсан келтірмей жеңісті жеңіске ұластырған жауынгер ағаларымызға бас иеміз, сол күнге жетпей жанын құрбан еткен марқұмдарға құрмет көрсетіп, тағзым етеміз. Жылдар өткен сайын ұмытылып бара жатқан ағаларымыздың осынау жойқын ерліктерін еске алып отыру кейінгілердің міндеті.
Әбекең омырауында жарқыраған ІІІ дәрежелі Даңқ, І дәрежелі Отан соғысы, екі Қызыл жұлдыз ордендері мен медальдарының әрқайсысының ізіне түсіп, тарихты қопарар болсақ, жоғарыда келтірілгендей талай ерліктің сырын ашар едік. Бірақ мұның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Білуге ынтық жандар болса, бұл болашақ сырласулар арқауы болмақ.
Алайда есте болар бір жайт мынау. Мыңдаған кеңес жауынгерлері сияқты, Әбекеңдер де орден үшін, атақ пен даңқ үшін соғысқан жоқ. Ең алдымен туған ауыл, отбасы үшін, ұлы Отан үшін, байтақ жер үшін, тіпті, керек десеңіз, мынау ақ басты Алатау үшін, халық үшін шайқасқан. Қысқасы, ол 22 ­жасында ажалмен әлденеше рет бетпе-бет айқасып, Алла қолдап, аман-есен елге оралды.
Майданнан зарығып жеткен қайсыбір ағалар сияқты аз күнін сауық құрып, бейбіт өмір рақатын бейқам жүріспен өткізуіне оның да қақысы бар еді. Егер мұндай сейіл-серуенге беріліп, серілік қуса ешкім бетіне келіп, қолын қақпас та еді. Бірақ соғыстан соңғы елдің жүдеулі күйін көрген ­саналы азамат бұлай ете алмады. Бейбіт өмірдің бейнетті шаруасын қалап алды. Бітпей қалған оныншыны үздік бітірді. Мектепте жүргенде бой меңдетіп, ой кездірген тәтті арман қайта оянып, діттеген ­межеге түбегейлі бет түзетеді. «Өнердің ағып жатқан бұлақ, ғылымның жанып тұрған шырақ» екенін ерте түсінген жан жастық ­жалынын осы жолда сынауға салады. «Есепші болсаң да жетеді, қарғам-ау, ол да ешкімнен кем емес» деп өзеуреген ананы әрең көндіріп, оқ-дәрінің иісі кетпеген ­китель мен шинелі иығынан түспеген күйі, ол 1947 жылы КазГУ-дың филология факультетіне құжат тапсырады.
Елдің әлі тойып тамақ іше алмай, бүтіндеп киім кие алмай, бірақ бейбіт тірліктің қамына қамықпай кірісіп жатқан бір керемет кезең еді ғой бұл. Қиыншылықтың сан түрін көріп келген жауынгер, бейбіт өмір тауқыметінің біріне де сыр берген жоқ. Майданда шыңдалған төзімділік пен жауапкершілік бұл жерде де оны абырой биігіне жетелей берді. Екі курс программасын бір жылда бітіріп шықты. Және, жай емес, үздік бітірушінің бірі ретінде академияның аспирантурасына қабылданды.
Әбекеңнің тілді қалап алуында өзіндік сыр бар. Тумысынан ана тіл мен туыс ұйғыр тілінің неше алуан­ қазынасын қазбалап, салыстыра, салғастыра жүруді дағдыға айналдырған ол келе-келе мұның ғылыми тұрғыдан қарастырылып шешілуге тиісті қыруар мәселелері бар екенін сезе бастайды. Әсіресе, университетте жүріп игерген ғылыми-теориялық ілім, орыс тіл білімінің әрқилы жетістіктері оны ғылыми ізденістерге итермелейді. Ал аспирантурадағы жылдар оның білімі мен білігін мүлде тереңдетіп, күрделі еңбектер жасауын жабдықтай алатын дәрежеге жеткізеді. Сөйтіп, оның ғылым жолында сүйенері, тірек етері орыс тілі мен орыс тіл білімі жетістіктері болса, объектісі, пікір өрбітер тұсы – қазақ тілі мен ұйғыр тілі мәселелері болады. Аспирант болып кірген күннен бастап есептесек, оның Академияда, оның ішінде Тіл білімі институтында қызмет еткені, аз ба, көп пе, алпыс-жетпіс жылға таяу уақыт болыпты. Барынша мағыналы, мәнді өткен бұл жылдар ішінде Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар кіші ғылыми қызметкерден академик тұғырына дейін көтерілді.
Өткен еңбек жолын саралап отырсақ, ерлік майданда ғана емес, бейбіт өмірде де әркімнің айналдырған кәсібінде де бола береді екен. Тіпті, керек десеңіз, ғылым жолында да жасалып жатқан ­талай ерліктер бар. Бұл сөзді мен аталған жылдар жөнінде жасалған жұмыстарды сарапқа сала отырып айтып отырмын. Шынында, бір қарағанда, біздің тіл білімі деген ғылым саласында пәлендей бір жаңалық ашып, ерлік жасап, жұртшылықты таңғалдыра қою қиын. Алайда өз ісіне шын беріліп, өте бір үлкен жауапкершілікпен, тыңғылықты еңбек ете білген адам мақсатына жетпей қоймайды екен, ерлікке татырлық еңбек бермей тұрмайды екен.
«Дарақ бір жерде көгереді» дейтін тәмсіл бар халықта. Бір мекемеде ­баянды қызмет етіп, ғылымның негізгі бір саласына өмірін бағыштаған адам, тамырын тереңге жіберіп, жапырағын жая түскен шынар ағаш сынды жайқала бере ме деп ойлаймын.
1956 жылы әйгілі түрколог Конс­тантин­ Кузьмич Юдахиннің (Қырғыз КСР Ғылым академиясының академигі) жетекшілігімен қорғалған «Қазіргі ұйғыр тіліндегі қос сөздер» деп аталатын кандидаттық диссертациясы ә дегеннен-ақ мамандар назарына ілікті. Мұнда ол ұйғыр тілі деректерін негізге ала отырып, бүкіл түркі тілдеріне тән қосарлы сөз тудыру тәсілдерін, олар­дың түпкі сырын ашып берді. Ол алғашқы диссертация қорғалған тұстың өзінде-ақ түркология ілімі саласында аса күрделі проблемалардың түйінін шешіп бере алатын білікті маман өсіп-жетілгенін ел байқаған болатын. Солай болды да.
Ә.Қайдардың, әсіресе ұйғыртану іліміне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ең алдымен кандидаттық диссертацияның жеке кітап болып шығуы (1958 жылы), сосын 1962 жылы «Ұйғыр тілі мен әдебиетінің» библиографиялық көрсеткішінің түзілуі, сондай-ақ 1969 жылы «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы» (І бөлім) ­деген күрделі монографиясының жариялануы ғылымға қосылған маңызды үлес ­болып табылады. Осы монографиялық зерттеуде өрбітілген ойлары, 1970 жылы қорғалған докторлық диссертациясында дамытыла түсті, соған негіз болды. Мұнда автор ұйғырдың жалпы халықтық тілін бар аумағымен алып тексереді. Оның диалектілік негіз, әдеби тіл, т.б. тәрізді тарам тараулары талданады. Әсіресе, КСРО мен Шыңжаңда екі ыңғайда өріс алып отырған ұйғыр әдеби тілінің екі вариантының нормалануына негіз болған процесті, сондай-ақ диалектілер мен говорды негізгі белгілеріне қарай жіктеудің принциптерін жасап берген бұл еңбек бүкіл түркология ілімінде өте жоғары бағасын алды. Дәл осы еңбегі үшін оған 1971 жылы Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлық берілуі де тегін емес. Осылайша еңбектену нәтижесінде, ол 1956 жылы ғылым кандидаты, 1970 жылы ғылым докторы, 1972 жылы профессор және Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1982 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, 1983 жылы Академияның толық мүшесі болып сайланды. Басқа атақ-дәреже, лауазым қызметінің түр-түрін санамалап жатудың дәл қазір қажеті бола қоймас.
Тіл мұхитында пайда болып, жалғыз желкендей жоғалып кетіп ­жататын есімдерді де білеміз. Филология ғылымында өзіндік бет-бағдарын ала келген Ә.Қайдар сол мұхиттан өз бағытын, өз жүзу әлемін тапқан зерттеуші. Оның арқалаған жүгі ауыр. Соған қарамастан ол түркология теңізінде еркін жүзіп келе жатқан бір теңіз флотының адмиралы іспетті еді.
Академик Ә.Қайдардың ғылыми ­орбитасы кең де көлемді. Оның тіл тарихы,­ этимологиясы, яғни сөздер төркіні, мағынасы көмескі сөздер мен оның бөлшектері, түркі тіліндегі қос сөздер табиғаты т.т. толып жатқан проблемалар төңірегінде туған теориялық ойлары мен болжамдары дәлелдемелері бүгінгі қазақ тіл білімінің мерейін ­бұ­рын­ғы одақтық және әлемдік сапаға, ғы­лыми биікке көтеріп отырған туындылар.
Қазақ, ұйғыр, орыс тілдеріндегі бейнелі сөздер табиғаты мақал-мәтел­дер сыры, фразеологизмдер жайы да оның үнемі қадағалап қарастыратын объектісінің бірі. Осылар жайындағы түбегейлі ойларын түйіндеп, жұртшы­лыққа ұсынды.
Ал қазақ тілінің этнолингвистикалық проблемалары жайында жинаған материалдары, фонетикаға, грамматикаға, ономастикаға, орфографияға және терминологияға байланысты әлденеше зерттеулері өз алдына бір төбе әңгіме.
Түркі-моңғол тілдерінің өзара байланысы жайында да терең толғаныста пікір айта білетін ғалым, тіпті алтаистика­ (түркі, моңғол және жапон тілдері) проблемасы төңірегінде де тың ойлар өрбітіп жүрді.
Мұның сыртында әйгілі түркологтар өмірі мен шығармашылығы хақында тебірене жазған ғылыми очерктерінің де маңызы ерекше.
Теоретик ғалымның көп жылғы ізденістерінің нәтижесі 1985 жылы Қазақ КСР-інің «Ғылым» баспасынан «Қазақ тіліндегі бір құрамды түбір мен негіздердің құрылымы» («Структура односложных корней») ­деген ­атпен ­басылып шықты. Көлемі 20 баспа табақтан асатын бұл еңбек түркологияда ежелден қалыптанып тұрақтана бастаған беделді пікірлердің біразын сынға алып, батыл түйін ­жасайды. Ол қазақ тіл құрамында көне заманнан бері келе жатқан жеке сөздер мен өлі түбірлерді тірілтіп, түркі сөздер морфемасы, атомарлық лексика ­туралы тың ойлар айтады. Яғни тілдің әлгіндей бөлшектерін терең тексере отырып, оның эволюциялық даму жолын анықтайды. Ал 1986 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Түркологияға кіріспе» (М.Оразовпен бірге) еңбегі осы ғылым саласының табыстары мен жетістіктерін кеңірек әңгімелейтін алғашқы жинақы жұмыс болды. Бұл аталған екі еңбек те тез арада тарап кетті. Оны қазір таба алмайсыз. Жер-жерден, тіпті шетелдерден келіп жатқан өтініштер бұл зерттеулер сапасының қаншалықты екенінен хабар береді.
Ғалымның жалпы саны жеті жүзден асатын еңбектерінің көбі жұртшылыққа танымал, ғылыми көпшіліктен жоғары бағасын алып келе жатқан дүниелер.
КСРО ҒА академигі А.Н.Кононов­тың, КСРО ҒА корреспондент-мүшесі Э.Р.Тенишевтің, әйгілі түркологтар: швед ғалымы Гуннар Яррингтің, неміс ғалымы Герард Дерфердің, америка ғалымы Карл Менгестің, т.с.с. әлемге та­нымал ғұламалардың Ә.Қайдар еңбек­­теріне назар аударып, аса жоғары баға­­лағанын да мақтанышпен еске аламыз.
Жасыратыны жоқ, әралуан қоғам­дық қызмет атқара жүріп, соншама мол ғылыми туындыларды бірінен соң бірін толассыз беріп келген ғалым қаламының жүрдектігіне таңғаласың. Бұл, біздіңше, үлкен білім иесінің еңбексүйгіштігінің, ғылыми зейінділігі мен ерекше зердесінің нәтижесі. Ол қай кезде де, қандай жағдайда да неше алуан ғы­лыми идеялар құшағында, сан түрлі жос­пар-жорамалдар әлдиінде жүретін еді.
Осыдан байқалатындай, Ә.Қайдар жарты ғасыр барысында екі тілді (қазақ, ұйғыр) түбегейлі зерттеп, ғылыми ой-толғауларын үш тілде (қазақ, ұйғыр, орыс) бірдей жазып келді. Басылған, жарияланған еңбектер көлемі 700 баспа табақтан асады, ал басылымға дайын тұрғаны да осы шамалас. Ерлік пен барабар осынау еңбек жолында ол көз тіккен мәселелерді мынадай тақырыпқа бөліп саралауға болады:
1) Лексикология, 2) диалектология, 3) этнолингвистика, 4) тіл құрылысы, 5) түркітану және алтаистика, 6) ғылым ­тарихы, 7) тіл саясаты, 8) ғылым жалғасы оқулық, т.б. Бұлардың әрқайсысынан балалап, туындап жататын сан түрлі ғылым тармақтарын да ғалым ғылыми електен өткізіп отыратын.
Кең көлемде алып қарасақ (солай ету керек те), тіл білімінің мынадай сөз байлығы, сөз тану, сөз төркіні – этимология, жер-су, ру-тайпа, кісі аттары – ономастика, ғылым, білім, техника атаулары – терминология, тұрақты тіркестер – фразеология мен парелило­логия, сөз мағынасы мен мәнін айқын­даушы – семасиология сияқты жеке-жеке салаларын қамтитын лексикологияны Ә.Қайдар көптеген жылдар бойы қызыға да құныға қарастырып, нәтижелі еңбектер туындатып келе жатқан саласы еді деп айтуға әбден ­болады.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
бас ғылыми қызметкері,
Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының президенті,
ҚР ҰҒА академигі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.