Өнегелі іске – өріс кең

Биыл Атырау облысы Тілдерді дамыту­ жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тіл аясын кеңейту, жас ұрпақтың тіл қорын байыту, ақын-жазушылардың шығармаларын жан-жақты насихаттау бағытында көптеген іс-шаралар өткізілді. Әрине, әрбір іс-шараның өз міндет-мақсаты болады. Бұл жөнінде ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Дияшеваны әңгімеге тарта отырып, бірқатар мағлұматтар алған едік.
Жеміс Сәлуқызы сөз басында ең алдымен «Достық» үйінде өткен «Тіл – парасат» облыстық форумына айрықша тоқталды. Айтуынша, бұл жобаның мақсаты – өңірдегі үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып ­табылады екен. Форум аясында өзге этнос өкілдері арасында қазақ тілінің білгірлерін анықтайтын байқау ұйымдастырылыпты. Сонымен қатар қатысушылар этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысып, жексенбілік мектептердің қызметі жайында хабардар болған.

– Пленарлық мәжіліс бөлімінде Тілдерді дамыту­ жөніндегі басқармасының басшысы Әсия Баян­қызы­ мен «Светоч» славян этномәдени бір­лестігінің төрайымы Раиса Биткова сөз сөй­леп, мемлекеттік тіл мәртебесі жөнінде ой қоз­ғаса, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық ор­та­лығы» АҚ филиалы Атырау облысы ­бойын­ша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру­ инсти­тутының аға оқытушысы Гүлжан Нұрсұлтанова «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі» бойын­ша шағын тренинг өткізіп, ­форум қаты­сушы­ларын қазақ тілін үйрену жолдары­мен таныс­тырды. Байқауға 18-22 жас аралығындағы 5 қаты­сушы қатысып, бақ сынады, – деді Жеміс Дияшева.
Бөлім басшысының сөзінен білгеніміздей, жиынға «Теңізшевройл», «ЕмбіМұнайГаз», «Атырау-Жарық», «Атырау жылу электр орталығы», «ҚазТрансОйл», «2016 әскери бөлімі» өкілдері және мемлекеттік қызметкерлермен қатар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен жастар қатысыпты. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және қаржылай сертификаттармен марапатталған екен.
Үш кезеңнен тұрған сайыстың қорытындысына сәйкес, Атырау қаласынан қатысқан үміткер ­Сергей Яшков ынталандыру сыйлығына ие ­болыпты. Жүлделі ІІІ орынға атыраулық Руслан Юн мен Махамбет ауданынан келген Ирина ­Чеченова, жүлделі ІІ орынға Наталья Михайлова­ лайық деп танылған. Ал Жылыой ауданынан қатысқан Юлиана Новикова байқаудың жеңімпазы атанған.
Байқауға телеарна және қоғамдық-саяси газеттерден барлығы 10 журналист қатысты.
Жеміс Дияшеваның айтуынша, өңірде қазақ елінің өркендеуіне, оның ұлттық болмысының айнасы – мемлекеттік тілдің өз тұғырында берік орнау­ына атсалысып жүрген ойы жүйрік, қаламы ұшқыр журналистердің де еңбегі ескеріліп ­отырады. Осындай азаматтарды анықтап, марапаттау мақсатында журналистер арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы жыл сайын өткізіліп келеді екен. «Биылғы байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің баспасөз клубында жүзеге асырылды. Жүлдегерлерге келетін болсақ, «Атырау» облыстық газетінің тілшісі Меңдібай Сүмесінов жеңімпаз атанып, одан кейін республикалық кезеңге жолдама алып, «Алғыс хатпен» оралды. Жүлделі ІІ орынға «Атырау» телеарнасының тілшісі Индира Мұқашева лайық деп танылса, ІІІ орынды аталған телеарнаның редакторы Нұржан Өмірбаев пен оператор Ержан Шеруенов өзара бөлісті. Мұндай шара – журналистер қауымын ынталандырып, қазақ тілінің толғаулы мәселелерін баспасөз беттерінде жиі көтеріп, оның міндеттерін шешуге атсалысуға себепші болмақ» деп атап өтті Ж.Сәлуқызы.
Елімізде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар үйреніп, білуге ерекше көңіл бөлініп келе жатқаны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үш тілді білу – заман талабынан туындап отырған қажеттілік екенін өз сөздерінде жиі айтып келеді. Қазіргі таңда жастар мен жасөспірімдер арасында халықаралық тілге айналып үлгерген ағылшын тілінде сөйлейтіндер аз емес. Жалпы әрбір жаңа тілді меңгерген сайын адамның алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылатыны сияқты, қазақ жастары да бұл бағытта жақсы нәтиже көрсетуде. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер де үш тілді бірдей меңгеруге ынталануда. Осы орайда Жеміс Дияшева қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл шебері» облыстық байқауы басқарма тарапынан тұрақты өткізіліп келе жатқанын жеткізді. Биыл бұл шара Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония ­залында ұйымдастырылыпты.
– Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің тіл мәдениетін көтеру, үш тілді меңгерген азаматтарды анықтау және қолдау. Сайыс үш кезеңнен тұрды. «Тұсаукесер» кезеңінде тапсырылған тақырыпты қазақ тілінде толық ашу қажет болса, «Өнертаным» бөлімінде ағылшын тілінде өнер көрсету міндеті қойылды. «Ұлттаным» кезеңінде үміткерлер берілген сауалдарға үш тілде толық жауап беруі қажет болды, – дейді.
Шара қорытындысы бойынша Атырау қаласы әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау бөлімінің бас маманы Наргиза Абылхасанова жүлделі І орынды иеленіп, республикалық байқауға жолдама алыпты. Ал Исатай ауданы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат Бекмұханбет ІІ орынға табан тіресе, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Аманжол Қаженбаев пен Жалғансай ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы­ Қапиз Лұқпанов екеуі жүлделі ІІІ орынға лайық деп танылған.
Тақырыпты әрі қарай сабақтай түскен Жеміс Сәлуқызы ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы – ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазына екенін айтты. Қазақ әдебиетінің дамуына үлкен серпін берген көрнекті ақынның туындыларын кеңінен насихаттау арқылы жастар легінің қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне ­деген қызығушылықтары арта түспек. Ақынның даналық ойлары мен ұлағатты сөздерін жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында да арнайы байқау ұйымдастырылыпты. Ол «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы» деп аталған екен. Шара мақсатының бірі – мемлекеттік тілдің аясын кеңейтумен ­байланысты. Сонымен қатар жастардың тілге ­деген талғамын қалыптастыру.
Биылғы байқаудың бір ерекшелігі, мұнда Абаймен бірге биыл елімізде мерейтойлары кең көлемде атап өтіліп отырған Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Сәбит Дөнентаевтың, Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы да қамтылып, мән беріліпті. Қазылар алқасының бағалау қорытындысы бойынша­ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Ақан Иғламов, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының ­2-курс студенті Нұртай Мәжит, Сарытоғай мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұргүл Жалмұқанова, Махамбет атындағы академиялық Қазақ драма театрының әртісі Әйгерім Силықовалар жүлделі орындардан көрінген екен.
Соңғы екі жыл көлемінде елімізде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты көптеген дайындық шаралары жүріп жатқаны белгілі. Ауқымды әрі кешенді жобаны журналистер арасында да насихаттаудың өзіндік мәні бар. Себебі латын әліпбиінің қажеттігін бұқара халыққа ең алдымен журналистер қауымы тиянақты түрде жеткізеді. Осы ретте «Латынға көшу – өркениетке қадам» атты журналистердің облыстық байқауы ұйымдастырылыпты. Байқауда 14 қатысушы өзара бақ сынапты. Бұл шара турасында ойын ортаға салған Жеміс Сәлуқызы әрі қарай сөзін Қазақстан халқының тілдер фестиваліне ұластырды.
Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі тәуелсіз еліміздің рухани байлығының, этностар достығының, ел бірлігінің символына айналғанын айрықша атаған ол шараға мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген тіл жанашырлары, әртүрлі этнос өкілдері, тіл саласында көптеген жыл қызмет еткен ардагерлер, әскерилер қатысқанын жеткізді.
– Қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазынасы қазақ тілі – еліміздің ұлттық мақтанышы, бірлігіміздің тірегі десек, сол тілдің дамуы жолында атқарып жүрген игі істері мен тіл саласын дамытуға қосқан үлестері үшін тіл жанашырлары алғыс хаттармен ­марапатталды. Соның ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің «Алғыс ­хатымен» ­Жылыой ауданы мәдениет және тілдерді дамыту жөніндегі бөлімінің бас маманы Үміт Кенжина, облыс әкімінің «Алғыс хатымен» ­Атырау қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді ­дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев, облыстық мәслихаттың «Алғыс хатымен» үш қызметкер, Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының «Алғыс хатымен» 17 тіл жанашыры марапатталды. Шара барысында мемлекеттік тілде, сондай-ақ этнос өкілдерінің төл тілінде әндер шырқалып, күйлер ойналып, фольклорлық ансамбль өнер көрсетіп, жалпы тілдің халықты біріктіруші күші паш етілді, – дейді Жеміс Сәлуқызы.
Биылғы айрықша атап өтерлік қуанышты жайт, өңірде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, жалпы тіл саясатын жүзеге асыруға еңбек сіңіріп жүрген бірқатар тіл жанашырлары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғыс хатымен» ­марапатталыпты. Олар: Атырау қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Абат Кенжеғали, «Атырау бас жоспар» ЖШС директорының орынбасары Әділбек Шакиров, Индер ауданы Аққала ауылы мәдениет үйінің ­директоры Камалиден Ізімов, облыстық «Атырау» газетінің арнаулы тілшісі Меңдібай Сүмесінов, Атырау облысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов.
Міне, осындай игі жаңалықтарымен бөліскен Жеміс Дияшева алдағы жылда да өңірдегі мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға көңіл бөліне беретінін жеткізді.

Өтеген Нәукиев
Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.