Мейірім ЖОЛАМАНҰЛЫ, Индер ауданының әкімі: Руханиятсыз даму мүмкін емес

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздің жеткен жетістіктерін жетілдіре отырып, одан әрі дамытудың бағыт-бағдарын айқындап берген болатын. Осыған орай, Президент тапсырмаларының орындалуы аясындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауимен сұхбаттасқан едік.

– Мейірім Жоламанұлы, сөз басында өзіңіз жетекшілік етіп отырған Индер ауданы жайында аз-кем айта кетсеңіз. Одан кейін әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылып жатқан шаруаларға тоқталсаңыз.

– Жалпы Индер ауданы, Дендер өңірі арғы замандарда Асан қайғы, Қазтуған, Мамай, Жиембет жыраулар мен Малайсары би, ақберен батыр Махамбет, Мұрат Мөңкеұлы жырау мен Баламайсаң күйші сынды дүлдүлдерді бесігінде тербеткен қасиетті жер. Шығысы мен оңтүстігінде Қызылқоға, Махамбет аудандарымен, батысы мен солтүстігінде Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Ақжайық аудандарымен  шектесіп жатыр.

Өңір қазба байлықтарға өте бай болғанмен, кешегі кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін ірі өндіріс орындары жабылып, біраз тұралап қалғаны рас. Дегенмен, егемендіктің алғашқы жылдарында ауданымызға инвесторлар келіп, немістің «Кнауф» компаниясы гипстен құрылысқа қажетті материалдар шығара бастады. Әбден орныққан кәсіпорын келесі жылы 400 млн теңге инвестиция құю арқылы қосымша жаңа зауыт құрылысын салуды жоспарлап отыр. Ол жылдан-жылға қарқын алып, соңғы жылдары Үкіметтің қабылдаған шешімдерінің нәтижесінде кәсіпорындар жаңа белеске көтеріле бастады. Мысалы, тұз зауыты өзінің өнеркәсіп көлемін биылғы жылдан бастап,10 есеге дейін арттыруды көздеп отыр және ол жұмысты бастап кетті. Бұрын техникалық тұз болса, енді ас тұзын өндіретін зауыт салып жатыр. Жыл соңына дейін оны бітіріп, нақты іске кіріседі. Сондай-ақ осыдан 5 жыл бұрын ашылып, сәтсіздікке ұшыраған құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретінкәсіпорын мамыр айында іске қосылып, 8000 тоннаға дейін өнім өндірді. Оны облыстағы ірі құрылыс компаниялары пайдаланып жатыр. Бұл Президентіміз қойып отырған қарапайым заттар экономикасын дамытудағы біздің ауданның қосып отырған үлесі.

Жалпы осы жұмыстардың нәтижесінде аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 млрд 034,0 млн теңгеге жетіп, яғни нақты көлем индексі 170,2 пайызды құрады. Соның арқасында өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бюджеттің кірісі 659 млн теңгеге немесе 47,9 пайызға артып отыр.

Сонымен қатар тұзбұлақтың қасиеті туралы ел жақсы біледі. Жаз айларында шетелден де келіп демалушылар бар. Өкінішке қарай, ол маңда ешқандай жағдай жасалмаған. Сондықтан да биылғы жылы облыс әкімінің тікелей қолдауымен осы көл басына шипажай салу жөнінде инвесторлармен келіссөз сәтті жүргізілді. Қазір жобалау сметалық құжаттарын жасақтау басталып кетті. Арнайы жер телімі бөлінді, экология министрлігінен қажетті рұқсатын алдық. Бұйырса 2020 жылы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Бұған қоса айта кететін маңызды мәселе, келесі жылы тұзды көлге дейін асфальт жол төселеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етеміз. Қазір жобалары жасақталуда. Міне, осы ісіміз сәтті жүзеге асса, экономикалық белсенді халықты ұзақ мерзімге тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашылады.

 Заман талабына сай соны технологияларды игеру заман талабы екені сөзсіз. Маман даярлау ісі қаншалықты жолға қойылды деп ойлайсыз?

– Орынды сұрақ. Осы жерде республикалық газет арқылы мына мәселені қаперге бергіміз келеді. Қазіргі аграрлық саладағы жұмыстардың барлығы негізінен малбасын өсіруге бағытталған. Алайда одан алынған өнімнің көлемін, сапасын арттыруға әлі де мән беруді қажет етеді. Мысалы, ауылдардағы халықтың тұрмыс деңгейікөп өзгере қойған жоқ. Малды бағып, санын көбейтіп жүргендер сол бір адамдар. Яғни кішігірім беріліп жатқан несиелер ауыл халқының тұрмысын аз уақытта жоғары деңгейге көтеріп жатқан жоқ. Ол, біріншіден, үй шаруашылығындағы бір-екі сиырмен отырған тұрғындардың мүмкіндіктері шектеліп отырғандығы. Айталық, сүт және сүт өнімдерін, жүн-терісін өткізе алмауы осыған дәлел. Жасыратыны жоқ, екі сиыр мен азын-шоғын жандығына ғана қарап қалып отыр. Міне, осыны заман талабына сай дамытуымыз қажет. Қазір аз жерден көп өнім алу немесе айдалада мың қой баққаннан жүз сиыр бордақыға ұстаған әлдеқайда тиімді. Табысы да артады. Яғни жоңышқаның тиімділігі, гидропониканың пайдасы елімізде өте баяу жүріп жатыр және оған байланысты қолдаулар әлі де шектеліп отыр. Бұл менің жеке пікірім емес – ауыл халқының көтеріп отырған өзекті мәселесі.Сондай-ақ біз оқытып жатқан мамандар қазіргі сұранысқа сай емес. Оған тағы бір дәлел – біздегі көпбейінді ауылшаруашылығы колледжінің мамандары гидропониканың, жоңышқаның не екенін, тамшылатып суару әдісін білмейді. Оның үстіне теплицалардың да бірнеше заманауи түрлері бар. Оны меңгеру үшін колледждегі оқыту стандарттарын жаңарту қажет.

Елбасының «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы, жалпы әлеуметтік жағдай туралы да айта отырсаңыз? 

– Демографиялық ахуал, халықтың өсімі де басты назарымызда. Соған сай әлеуметтік инфрақұрылымдарды жүйелі жүргізе бермекпіз. Апаттық жағдайдағы жалғыз мектеп бар болғанмен, келер жылы жаңа мектеп салу жоспарда тұр. Аққала, Ынтымақ, Құрылыс ауылдарына балабақша салынатын болады. Жалпы әлеуметік салада айтарлықтай мәселе жоқ. Қажетті мамандықтармен алдағы уақытта толық қамтитын боламыз. Нақты жоспар бар.

Аудан бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 2 211,0 млн теңгені құрап, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 10,3 есеге артқанын ерекше екпін бере айтуға болады. Өткен жылы ауданда 26894 ш.м. 198 тұрғын үй пайдалануға берілсе,  ағымдағы жыл басынан қосымша 22977 ш.м. құрайтын 155 тұрғын үй іске қосылып отыр.

Қазір аудан орталығында төрт қабатты 48 пәтерлік 4 тұрғын үйдің, 5 қабатты 80 пәтерлік бір үйдің құрылысы жүргізілуде.

Елбасының «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аудандағы көптеген әлеуметтік мәселені жақсартуға жол ашып отыр. Биыл аудан бойынша 42 км ауылішілік жолдар жасалды. Оның ішінде, Есбол, Аққала, Ынтымақ ауылы көшелерінің жолдары жөнделсе, Индербор кентінде 22 км жол жөнделуде.Сонымен қоса 2019-2020 жылдары 8 жобалық құжаттама жасалып, 8 291,9 млн теңгеге 192 көшені қамтитын 95,2 км автокөлік жолдары, 55,5 км жаяу жүргіншілер жолдарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары аяқталуы тиіс. Және детұрғындарға қолайлы жағдай туғызатын көшелердің жарығы, саябақтар мен жаяу жүргіншілердің жолдары мен 17 нысанның жөндеуі жүріп жатыр.

Әрине, осының бәрінің басында адамның рухани дүниесі тұр. Онсыз даму мүмкін емес. Әр азамат өзінің тарихын білу керек. Жасыратыны жоқ облыс басшысы Нұрлан Асқарұлының қолдауымен өңірде біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Халықаралық шаралар қаншама. Оның лебі Индерге де келді. Қазір халық руханиятқа бет бұрды. Биыл М.Мөңкеұлына, Т.Досымовқа ескерткіш орнаттық. Шынында да, Махамбет те, Абай да бұлардың бәрі өз заманының сыншылары. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, халықты тура жолға шақырған. Әр адам өзіне сыншыл көзқараспен қарайтын болса, онда оның жауапкершілігі артады. Ол қоғамға әсер етеді.

Алдағы уақытта Махамбет мазары басына кешен тұрғызу жайын қарастырып жатырмыз. Биыл жоба бітсе, келесі жылы құрылыс басталады. Мұндай істердің бәрі, сайып келгенде, туризмді дамытуға жол ашады. Осы руханият арқылы жастардың ой-өрісін кеңейтуге болады деп есептеймін.

Жалпы мәдениет, білім, спорт салаларында өз алдына атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. Ауданда облыстық, республикалық деңгейде өтетін ақындар айтысы, жыраулар байқауы, күй, ән сайыстары мен шығармашылық кештер жаңа форматта өтіп жүр. Екі жыл сайын өтіп тұратын Махамбет поэзиясының күнібиыл жоғары деңгейде өтті.

Бұл жерде ерекше тоқталатын жай, мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы аясында да біраз танымдық мазмұнды шаралар бар.Тіл – ұлттың жаны, мәртебесі, айнасы екені баршамызға аян. Ауданымызда мекеме, кәсіпорындармен қатар, кәсіпкерлік нысандар да маңдайшаларындағы атауларын латын әрпіне көшірді. Сондай-ақ латын графикасы негізінде жалпыхалықтық диктант жазу акциясына аудан тұрғындары белсене қатысты. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғаса беретін болады.

– Президент жүктеген міндеттің бірі – халықпен тиімді кері байланыс орнату еді. Сондай-ақ «Жастар жылы» да өз мәресіне жетіп келе жатыр…

Бұқарамен байланыс жолға қойылған деуге толық негіз бар. Баспасөзбен қарым-қатынасымызбен қатар, арнайы телеграмм, фейсбук, инстаграмм әлеуметтік желілеріміз бар. Бұған қоса әр айдың соңғы жұмасына  ашық әкімдік күні өтеді. Оған барлық мемлекеттік мекемелер басшылары тұрғындарды өз кеңселерінде қабылдайды. Әсіресе, телеграмм желісіндегі тұрғындардың белсенділігі өте жоғары. Олардың бәріне арнайы уақыт бөліп, жауап беріп отырамыз.

Аудан бойынша 14-29 жас аралығында 8270 жас бар. Олардың дені мектеп оқушылары мен студенттерді құрайды. Бұрынғы «Борат» мәдениет үйі заманауи үлгіде қайтадан жарақтандырылып, жастар орталығына айналды.  Сәулеті мен кескін-келбеті келіскен орталықтың  ашылуына облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев қатысты. Сөйтіп, облыс жастарының басын қосқан жиында жастар жылының шымылдығы Индер ауданында ашылып, аудан жастары үшін үлкен сеніммен қанат бітірді. Жастарды қолдау бағытында сан салада лайықты тиісті жұмыстар атқарылды. Ел мен Елбасы сенім артқан жастардың жарқын жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «ZhasProject» жобасы қабылданды. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен бүкіләлемдік банктың қайтарымсыз несиелеуі бойынша 29 жас 1 млн теңге қаржылай қолдау көріп, осының аясында  84 жасты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Биыл 114  жас жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналасса, 275 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Қоғамдық жұмыс орындарына 126 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына 32 жас жіберілді. Аудандық жастар ресурстық орталығының әлеуметтік тапсырыс аясында  «Зерде» жобасы қолға алынып кондитерлік, тігіншілік, маникюр мамандықтары бойынша жас аналарға арналып семинар-курстар ұйымдастырылып оларға тиісті сертификаттар табысталды. «Самғау» жобасы бойынша  аудан бойынша 270 арнайы семинар тренинг өтті. Жазғы еңбек маусымы кезеңінде Индер аудандық жастар ресурстық орталығы «Инфо-орталық»  қоғамдық бірлестігімен бірлесіп 210 жасты  «Жасыл ел» еңбек жасағына жұмысқа тартты. Олар еліміз бойынша қолға алынған #BIRGE# «TAZAQAZAQSTAN» акциясына белсене қатысты.

Ауданымызда тұңғыш рет «Жас өркен» балалар демалыс лагерінде «JASTAR OTANGA» жазғы лагері өтті. Оған мұнайлы өңірден талай байрақты бәсекелер мен ғылыми додаларда қанжығасы майланған 110 жас қатысып, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлымен кездесті. Тағы бір жағымды жаңалық, орталықта «Меломан» компаниясымен бірлесіп «3D Lazer» жаңа форматтағы 290 орындық кинотеатр ашылып, пайдалануға берілді. Айтулы оқиға болып саналған кинотеатрда  «Қазақфильм» киностудиясының «Sataifilm» кино орталығымен бірлесіп түсірген режиссер Ақан Сатаевтың  «Томирис» туындысы көрерменге көрсетілді. Әрине, жастарды әркез қолдап, оларға барлық жағдайды жасай бермекпіз.

Жалпы қай сала болсын, Президент тапсырмасын орындап, халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі көтеру мақсатында жұмыс атқара беретін боламыз.

Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Өтеген НӘУКИЕВ
Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.