Өмірдің өрмегінен үзілмеспін…

Нәзікен  АЛПАМЫСҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

ДАЛА ПЕРЗЕНТІ
Мұхтар Әуезовтің рухына

Дәл осы Бетпақдалада
Төртпақ табандылар болған деседі.
Бірде жайлау деп,
Бірде жаулар кеп ылғи көшеді.
Қазынаға толы,
Шежіреге толы тақырға
Еміренген жаудың
Кеңірдегін де кеседі.

Бұл шыжғырған шегір құмдарда
Бұлтқа телмірмейтіндер күн кешеді.
Жер түбінен нәр алып,
Көк түбінен нұр алып
Сірескен сексеуіл сындылар өседі.
Буынын бұрап сығымдап
Дүлей жел тынбай еседі.
Кезеріп ерні топырағын иіскесе
Өзекке теппей өз ұлын
Табанына алақанын төседі.
Кеудесі иіп
Кәусарлар шапшып шыңыраудан
Жеті қат жерді теседі…

Осылай Намыс пен Төзім сомдаған
Алпауыт елден
Алпауыт перзент тумаса,
Халқым деп жанып,
Мәңгілік жолын қумаса
Тағдыры тозып, рухы да жасып өшеді.
Бүгін де осы Бетпақдалаға
Төртпақ табандылар керек деседі.
Тек шөлде шыңдалған шымырлар
Қазақ елінің
Ақберен айбар сесі еді.
«Шөлі бар халық – зор халық» деп,
Абыз Руми де
Бекер айтпаған болар кешегі!

ШЫРАҒДАН

Күмәнданып бәріне де,
Күдікпен қарап әріге де
Екі қолым төбемде шырылдаймын:
Ғұмыр-сәуле бір күндік, мәнің неде?
Ірілерді таниды тек ірілер.
Тірілерді жалғайды тек тірілер,
Қайдан келдің, Тірілер, сырың неде?
Жасаған да жаратпас жоқтан барды,
Жаның қайдан, Ой қайдан, берді неге?

Лықып тұрған айналаң ақыл дейді,
Бар болмыстың жаны бір жақын дейді.
Даналарың туады бәрін біліп,
Ес-ақылың жанға еккен дақыл дейді…
Дақыл өшпей бүр жарса, тәубе деймін,
Сөзге сыймай кей сырлар әурелейді.
Сөз біткенің тұспалдау – бәрі кәде,
Тыңнан теңеу тауып көр – бәрі көне.

Жасын сынды қиялым батыл болса,
Қилы сырлар жаныма жақын болса,
Сырдан сауға сұрауға ақым болса…
Жұмыр жерді айналып келсем деп ем,
Адам жоғын жоқтайтын хақым болса.
Жан мен ойдың төркіні жалын дейді,
Жалын лаулар жағатын отын болса…
Шырағданым, жана тұр отың болса!

ТЫНЫМСЫЗ ТІРЛІК

Ми – жүрек тынбай қайнауда,
Тек сауал талмай сүзгенім.
Сүбелі ойды байлауға,
Сүбелі сөзді іздедім.

Жан сырын бойлап барлауда,
Қасірет-мұңнан безбедім.
Төл тағдыр көнбес алдауға,
Тасыған өзен жүзгенім.

Жылусыз сөзден, ойдан да,
Тат басса, жанды төзбедім.
Адамды тіккен майданда,
Адалдан күдер үзбедім.

ДӘУІР КЕЛБЕТІ

Әр дәуірдің
Түйнеген түйіні бар,
Арға таңба өкініш-күйігі бар.
Зиялылау заманның жеткен жері
Арал-Атом – алапат тұйығы бар.

Әр халықтың
Рухани тұнбасы бар,
Уақыт жүгін көтерер тұлғасы бар.
Ел-жерім деп, шоқ басқан адал барда,
Мәңгі өшпейтін шежірең – жалғасың бар.

Әр ұрпақтың
Өз өрі, бір шыңы бар,
Келер күнмен жанасар тың сыры бар.
Адам рухы шыңдалған әр кезеңнің
Өз бұғауы, кісені, шынжыры бар!

КҮРЕҢ ШЕТЕН

І
Жан шаншуым бүргенде,
Өрттей ойлар жанға дамыл берген бе?
Шыңға шығып, құздан тайып жүргенде,
Көзім түсті заңғарда өскен шетенге,
Тасты жарып, тал да өмір сүрген бе?

Үскірік те мойытпаған шетенсің,
Аптапқа да төтеп берген бекемсің.
Ала жаздай көрмесең де ақ нөсер,
Қандай нәрмен желкілдеп тұр екенсің?

Тұрсың ба сен құдіретімді көрсін деп,
Тебірендім жүрек тулап дүрсілдеп…
Тұл тірлігін тұғырынан тайдырып,
Қайсарлықпен өз тағдырын өрсін деп.

ІІ
Қинадың аямастан,
Тағдырым қар мен жаңбыр араласқан.
Биікке ұмтылып ем бала жастан,
Адастым күйбеңге еріп, алдым жартас,
Алыстап кетті-ау арман қарамастан.

Тарылтты өрісімді тас қамалың,
Шыға алмай қалам ба деп, жасқанамын.
«Торықпа, іздесеңші» дейсің шетен,
Өзіңе тірек болар басқа амалын.

Қорықсам әр қатерден мен өнбеймін,
Аптабын, ақ боранын мен жеңбеймін.
Салса да от пен мұзға аямай-ақ,
Көнеді тіршілікті сүйген деймін.

Осынша көп қинаған төл баласын,
Бұ жалған сырын бойлап толғанасың.
Ащы мен тәтті дәмін қайтіп білмек,
Жаншылып бұла жүрек талмағасын.

Әрқилы сынға түсіп көрмегенге,
Шындықты мың сүрініп термегенге.
Шел қаптап сезімін де, санасын да,
Парық пен парасатты бермеген де.

Ардақтап атамекен әр тасын да,
Азды-кем абзалдардың ортасында.
Тілеймін жүрек жанып, жалын шарпып,
Ерітсін мұзарт биік жартасын да!»
ІІІ
Шетенім, жан сырласым!
Биікке шақырсаң сен, тағдырласым,
Жүрегім ұяласын заңғар басын.
Тоқырап орта жолда жүрген жан ем,
Құлазып енді жүрек дағдармасын.

Көңілім жетімсіреп ұмтылғанда,
Тауға кеп жұбанамын мұң тұнғанда.
Бір бастың көңіл кірі бұйым боп па,
Жарқырап аспанымда күн тұрғанда!

Жүрегім, бақ пен мұңды тең көтергін,
Жарық күн, қимай сені мен кетермін…
Көктемде шетен болып қайта келіп,
Тауымды жайқалтып бір түлетермін.

Бұл тірлік қаңтарылып қалмас тұрып,
Бір ұрпақ бір ұрпақты алмастырып.
Өмірдің өрмегінен үзілмеспін,
Адамның асқақ рухын жалғастырып!

ҰЛЫ КӨШ

Зулаған замандарда,
Дүниені дүркіреткен бабаларым.
Жүйткіп бір кең жиһанға таралғанда,
Аттила, Күлтегін мен Бейбарыстар,
Тулаған тосын мінез амалдарда,
Тайсалып бұза алмаған қамал бар ма!
Көгінде Көк Тәңірі қорған болып,
Өз жолын жаттан бөлек таба алған да!
Не қилы қара дүлей өткелдерде,
Сенбеген жұлдызына оңалған ба?
Қазақты жер мен көкке тең теліпті,
Қиялын, тарпаң рухын жырға өріпті.
Ақ жол деп,
Тәуекел деп, ғасырларда
Ұлы көш қоңырауы тербеліпті…
Сенбесең бәрі бекер,
Сенім жоқ жарық дүние мәні кетер.
Халқым бар тек өзіне сеніп өтер,
Балайтын өз тағдырын аңызға да,
Сенетін аманатқа,
Парызға да,
Күлігін күллі әлем шаңға көміп
Бәйгеден озып келген қобызға да!

ЕРКІНДІК
Зейнолла Серікқалиевке

Еркіндік деген бар дейді,
Еркінді елден көргем жоқ.
Бәрінің басы байлаулы,
Кеңдікті ешкім берген жоқ.
Көне Римде де тек Спартак
Өр кеудеге көмген шоқ
Құл дәуірді шайқап бір
Кісенін үзді – көнген жоқ!

Қиянаттың не түрін
Адамның өзі тапқан-ды:
Асауларға бұрау сап
Сындырып сағын шаққан-ды.
Дараларын дарға асып
Даналарын отқа жаққан-ды.
Мың жылдық қырғын бір тынбай
Дариядай қаны аққан-ды.

Не сұмдық қалды жалғанда
Өз ғасырым ойлап таппаған,
Қарайып қаның қатпаған?..
Айналаңда жан бар ма
Ғұмырын да,
дарынын да,
арын да
Бір күлшеге сатпаған?

Намыс та жоқ, ой да жоқ,
Кіл зомбилер жүр қаптаған.
Көгендеулі жандар қайда жоқ,
Кісілігін жер қып таптаған.
Қай түрі бар қорлықтың,
Жүрегіңе шеге қақпаған?..
Ал Спартак сынды болар ма
Еркіндіктің уызынан бір татпаған?!

СЕНІМ – ӨМІР ӨЗЕГІ

Сенім деген құдірет,
Сенім жоқта жан жетім,
Адам да жоқ.
Сауап та жоқ, әрине, обал да жоқ,
Бас сауғалар әр сыннан панаң да жоқ.
Аршып алар арыңды амал да жоқ.
Мінәжат та болмайды, тәубесі де,
Қанағатсыз өртенер кеудесі де.

Сенген жандар алданған емес дейді,
Сенім жолы жеңіл де демес мейлі.
Сезім, үміт, өнер де, жұмағы да,
Білімің де, ділің де, тозағы да,
Бәрі сенім –
Көнесің азабына.
Сенім барда түңіліп тозғаны жоқ,
Төрт аяқтап тоқырап азғаны жоқ.

Адам деген осал ғой – қайран қалма:
Атомға да сенеді, нейронға да,
Барыңа да сенеді, жоғыңа да,
Тәңірінен адасып жаңылды да
Кетті ілесіп қым-қиғаш ағымға да.
Қайдан келді, кетеді қайда енді,
Жауабын таба алмай бір
Тиянақ жоқ көңлінде, оңалмай жүр…

КӨНЕ ТҰРАНДА

Армысың, көне Тұраным,
Ежелгі түркі тұрағы!
Тарихын терген жадында,
Аңызын өрген сағымға,
Құйындай желген бөкені
Бір сырын ашты мекенім:
Басқан жерім ғарыштың
Дәл ортасы екенін.

Осынау шексіз кеңдіктен
Қырық бесінші еңдіктен
Төбеден көкті төңкеріп,
Көкжиекпен көмкеріп,
Көзбен өлшеп көлемін,
Дөп-дөңгелек бөлегін
Еншіме менің берген бе,
Тағдырыма мәңгі өрген бе!

Осынша қыруар байлықты
Маңдайына елдің жазыпты.
Шегіне кеңнің жете алмай,
Сағымын қиып кете алмай
Жонында тұрмын Ұлы жазықтың.
Дөңгеленген шеңберде
Көгендеген бір жерге
Бейнебір Темірқазықпын!

ҚАЗАҚ ҮЙДЕН КЕЛІП ЕМ

Қазақ үйден
Келіп ем Алматыға.
Мәскеуге де кетіп ем
Қазақ үйден.
Қоржын толы қазынам:
Ерлік дастан, аңыздар,
Шайырлар мен абыздар,
Күмбірлеген жетіген,
Күңіренген қобыз бар.

Аттың жалы,
Түйенің қомында мен
Ылди-өрлі
Ұлы көш жолында тең,
Өр Қазағым,
Сені ойлап уайымдап ем.
Сыр білтелеп
Көп жайды пайымдап ем.
Ауыр ойлар
Жаншып бір қалыңдап ең…

Іргелі елім,
Керегеңді кең жайып
Көбейдің бе!
Көк байрағың
Көгіңде желбіреп тұр,
Көкжиегі естінің кеңейдің бе?
Қазынам мол, жан азығым
Жетеді алысқа да.
Түбінде мен
Қазақ үйден
Шығамын ғарышқа да!

ҚҰМБЕЛ ШЫҢЫНДА
Абай рухына

Ақиықтар
Көк тіреген шыңдарда тірлік кешкен.
Ызғарлы жел өтінде тұрған ұлып
Құзар тікте
Заңғар гүл – Еңлік өскен.
Екеуін де аңызға айналдырып,
Арпалысып дауыл мен арман қуып
Қатер-сыннан өткен де ерлік дескен.
Еңлік-мекен,
Көп адамды әуреге салмадың ба,
Япыр-ай,
Аяқ жетер биік те арманы ма?
Жерден таппай мұратын көктен іздеп
Жанын кешкен талайы бармады ма,
Қайтарында қалжырап қалмады ма,
Тауы қайтып тасырқап талмады ма?

Қыран биік,
Мұзарт тұр сені қорғап алдың тұйық.
Мазам жоқ…
Түске кіріп болдың күйік.
Нар тәуекел, ал енді әлді жиып,
Қыл шылбырын күдіктің алдым қиып.
Еркіндігін көксеген түз құсындай
Тіке тарттым жолсызбен жанды түйіп.

Асқақ Құмбел!
Осы ма бар құдіретің?
Өзің жартас, айналаң тастақ белдер,
Несіне адам қиялдап аңсап келген?
Қасынан бір биікті көрейін деп,
Жалын жүрек жылуын төгейін деп
Арып-ашып
Қиналып шаршап келсем.

« – Иә, мен тік Құмбелмін,
Тек бүркіттер мен бұлттар ұясымын,
Мың дәуірдің мәңгілік куәсімін.
Өзі тапсын әр ақын өз биігін,
Тас жүректен от кесер сөз жасынын.
Бір ғасырды
Көтерер бір-ақ Тұлға,
Іздеп табар бір-ақ жан ОЙ асылын!».

ЖЫР-ЖОЛБАРЫС
Жамбыл рухына

Дара тұр
Дауылпаз жыр дабыл қаққан
Өзегін қалың қазақ жалындатқан.
Қуат бар Жамбыл сынды
Жыр алыбы
Жау түгіл, уақытты да мойындатқан.
Майтөбе – өнер тұнған балуан қыр,
Сыйыпты ақындыққа алуан сыр.
Серпілген көкті тіліп
Жолбарыс-жыр
Бір ғасыр асып-тасқан
Керуен-жыр!

Ғаламат
Сөздің пірі дарыған ел,
Өткір сөз ақ алмастай қарыған ел.
Байрағы
Көкбөрі екен айға шапқан,
Жанкешті батырлығы дамыған ел.
Батырлық
Ақындықпен өріліпті,
Тектілік
Сөз саптаудан көрініпті.
Көгімен тасқын шабыт шендескенде
Жарқылдап жасын жырлар төгіліпті.

Өр Жамбыл
Өртше лаулап шабыстарда,
Аламан орақ ауыз қағыстарда
Дем беріп сексен ақын, сексен батыр
Алмаған бір ғасырда жарыс бар ма!
Дара ақын,
Дана халқым – дарқандарым,
Лайықты бір-біріне жайсаңдарым,
Жыр Жамбыл
Қазақ рухын аспандатып
Мың жылдық даңқ сыйлаған
Асқан дарын!

МҰҚАҒАЛИҒА

Қасиетті елің бар, талғамы – шың,
Өлең-жырсыз ел болып қалмағы сын.
Талай сағы сынса да, рухы сынбай,
Өзегінде өткір сөз жанғаны шын.

Буырқанған дәуірдің жан дауысын,
Ой-өресін, арманын, толғанысын,
Қиян-кескі ғаламат кезеңдердің
Тұлға болған арқалар ар-намысын.

Бір өзіңді таңдапты кең ғарышың,
Хан Тәңірі!
Поэзия ардағысың!
Сен келгенде өнердің бағасы артып,
Көп өлеңнің су татып қалғаны шын!

АҚЫН ТАҒДЫРЫ 
Мағжанға

Дүрмегін тартып алсаң да
Жүрегін тартып алмассың.

Кәсібін тартып алсаң да
Нәсібін тартып алмассың.

Жарығын тартып алсаң да
Дарынын тартып алмассың.

Барлығын тартып алсаң да
Тағдырын тартып алмассың!

МЕЖЕ

Жүректің өзі білер –
Кімге құларын.
Бүйректің өзі білер –
Кімге бұрарын.
Көңілдің өзі білер –
Неден қаларын.
Сағыңның өзі білер –
Неден сынарын.
Тек
Ой-сана, парасаттан,
Намыс пен ар-ұяттан
Білсін деп менің сұрарым:
Адамды хайуанаттан,
Әділдікті қиянаттан,
Тіршілікті қияметтен
Бөліп
Меженің қайда тұрарын!

АЛАУЛАҒАН ШАРАЙНА

Ерке әуездер тебірентіп жер бетін,
Күллі тірлік нұрға бөлеп келбетін,
Поэзия – құпия бір шарайна,
Кең ғарыштан ақтарылған арай ма?

Жұлдызды әлем қыруар сырлар төгетін,
Дария-көңіл алуан қырын көретін,
Жан дүние – толқып тұрған шарайна,
Бірде ақ шуақ, бірде ақ боран борай ма?

Сегіз қырлы сөздер қайда өретін,
Жалынға өртеп саф алтынын беретін.
Жыр көрігі – алаулаған шарайна,
Жан тірлігін зерлеп өру оңай ма?!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.