АРМАНШЫЛ ШАҚТЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ

Алдымда үйіліп жатқан көп кітаптың бұрыш-бұрышын тышқан кеміріп тастағандарын біртіндеп лақтыра бастағанмын. Ішім удай ашиды-ақ. Арқалап қайда бармадым бұларды. Ендігі жатқан жері қараңғы жертөле. Кейбірін әлі оқып та үлгермеппін. Оқығанымның өзі, көшіп-қонып жүріп, жадымнан өшіп қалған. Біртіндеп лақтырып отырғаным – қимағаным шығар. ­Қимайтындай-ақ­ дүние! Көбісі студент шағымда жиғаным. Стипендия алған бойда ескі базар маңындағы кітап дүкеніне ентелеп жетуші едік. Ашқарақтана ақтарып жүріп, бірер кітап сатып алсақ, бізден бақытты адам жоқтай көрінетін. 

Үйілген кітап арасынан қымбат бір дүние көзіме оттай басылғаны. Студент шағымызда өзіміз шығарған жұп-жұқа қолжазба журнал. Оның да төменгі жақ бұрышын тышқан мүжіген. Қолыма алып, бас-аяғын ақтарып, көз алмай ұзақ қарадым. Екінші нөмірі. 1989 жылғы наурыз-көкек айларында­ жарық көрген. Бірінші нөмірі де ­жадымда. Жадымда­ болатыны, оның жалғыз-ақ данасы жарық көрген-ді. Сол жалғыз дана журналды дәрісхана қабырғасына жіп тағып, іліп қойғанбыз. Шығармалар кәдімгі шарикті қаламмен әдемілеп тұрып жазылған. Кім жазды екен? Ұмытыппын. Мүмкін өзім жазған шығармын. Олай дейтінім, төртінші класта оқып жүргенімде «Қауындықта» деген көлемі алақандай ғана жалғыз дана прозалық кітабым «шыққанда» да осылай қолмен жазғанмын. Тоғызыншы ­класта «Бәйшешек» атты өлеңдер жинағым жарық көрді. О да жалғыз дана. Ол да өз қолыммен жазылған. Жетінші класта оқитын бір сүйкімді қызға арнағанмын. Сол жалғыз дана блокнот-кітапты әлгі қалқатайдың өзіне беріп жібергенім есімде. Кейінгі жылдарға дейін сақтапты. Соны естігенде жүрегім елжіреп сала берген.
Осылайша, қолмен жазып екі кітап шығарғанда, қалайша жұп-жұқа альманахты өзім жазбадым екен деген ой осы қазір келіп отыр. Мейлі, мен өзім жаздым ба, әлде қолтаңбасы маржандай біреуге жаз­дырдық па, ол жағы маңызды емес. Әй­теуір, қазір Қызылордада тұратын ақын­дар – Дүйсенбек Аяш пен Елубай Әуезов жазбағаны анық. Дүйсенбектің қолтаңбасы біркелкі болғанымен, тышқан­ның ізіндей ұсақ, ал Елубайдың жазуы өзінің жүрісі сияқты, әріптерінің бірі шалқайып, екіншісі еңкейіп, жел шай­қаған қамыстай ұйпа-тұйпа болады да тұрады.
Қабырғаға ілген альманағымыздың сол алғашқы нөмірін студенттер құмарта оқып тұратыны есімде. Біз әлгі дәрісханаға бас сұғып, ілген жерімізде аман тұр ма екен деген қауіппен ауық-ауық қарап кетеміз. Сондай бір «аңду» кезінде факультетте сырттай оқитын «шал» студенттердің қадалып оқып тұрғанын көзім шалған-ды. Араларында Жалағаштан келген ақын Жақсыбай Сарбалаев пен Қармақшыдан келген ақын Сәнтөре Пірманов болды. Сол тұста облыстағы тәуір ақындар қатарына ілігіп үлгерген осы екі ағам да, ұмытпасам, «Үкілі үмітке» өлең ­ұсынды-ау деймін.
Альманахтың осы екінші нөмірі енді қолмен жазылып емес, баспаханада басылып шыққан-тұғын. Міне, соңғы бетіндегі жазу: «Подписано в печать 03.05.1989 г. О.О.П. Вычислительного центра. Зак – 132. Тир – 50».
«Жалын» альманағына ұқсатып шыға­руды ойлаған түріміз. Бірақ қазақ қол­жазба журналы тарихында 1915-18 жылдары Бейімбет Майлин ұйымдастырып шығарған «Садақ» қолжазба журналынан кейінгі екінші журнал екенін білмеппіз. Ойымды ұстазым, филология ғылымының кандидаты Темірхан ­Тебегенов ағайға айтқанда, ол кісі қолдап ала жөнелген. Сөйтіп, альманахтың аға кеңесшілігі «қызметіне» Темірхан ағайдың өзін тағайындап жібергенмін. Редакция алқасына Нұрлыбек Сафин, Лена Әбдіхалықова, Елубай Әуезов, Сәуле Жүсіпова, Гүлбану Шамахова, Гүлбибі Есқараева, Алмас Әбсадықов, Дүйсенбек Беркінбаев, Гүлжаһан ­Домбылова деп тізімдедік. Шынымды­ айтайын, қолжазба альманахтың әдеби дүниелерін бастан-аяқ оқып, түгендеп жүрген өзімді сонда бас редактор деп жазғым-ақ келген. Бірақ жазбаппын. Сірә, бас редактор деген атынан жүрексінген болуым керек.
Альманах қырық бет. Бет көлемі – 15×20 см. Мұқабада «Үкілі үміт» деген басылым атауы жазылған. Одан төмен ашық жатқан дәптердің суреті. Оның жанында үш тал гүл кескінделген. Екінші бетке «Қалайша жүрем жастықтың ­жырын толғамай…» деп басталатын ақын Мұхтар Шахановтың бір шумақ өлеңі. Қолмен жазылған. Өз қолтаңбам. Үшінші бетте: «Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты. Тарих-филология факультеті, «Қазақ тілі және әдебиеті» бөлімінің жанынан құрылған Ә.Қоңыратбаев атындағы әдебиет үйірмесінің екі айда бір рет шығатын әдеби-көркем қолжазба альманағы. 1988 жылдың ноябрь-декабрь айынан бастап шығады» деген жазу бар.
О, дариға! Содан бері отыз жыл өмір өтіпті. Альманах отыз жыл бұрынғы тарихқа айналып үлгеріпті. Айтуға тұра ма, тұрмай ма?
«Беташар» айдарымен ақын Сейіл Боранбаевтың «Үйірмеден басталған мөлдір бұлақ…» атты мақаласы. Одан әрі «Проза» айдарына кезек беріледі. Дәуіржан Елубаевтың «Үміт сәулесі» атты новелласы мен Н.Сафиннің, яғни менің «Бақыттысың ба?» атты новеллам қатар жарияланған. Мен өз новелламды­ Дәуіржанның шығармасынан кейін қойыппын. Бұл менің өрекпіп алға шығудан тартынып тұратын мінезім. Кейбіреу болмашы нәрсесін жалаулатып, дүниені дүрліктіріп бітеді ғой. Маған мұндай мінез жат. Әлі де сондаймын. Кейде «бұл менің кемшілігім шығар» деп те ойлап қоям. Аты-жөнімді де Н.Сафин деп қысқа қайырыппын. Өзіме келгенде неге мұнша тарылдым екен? Осы жері қызық-ақ.
Одан кейінгі бес бет «Қонақкәде» айдарымен М.Мәметова атындағы педучилищенің ақын қыздарына арналыпты. Айгүл Қалниязованың, Дамира Ибрагимованың, Рая Жақыпованың өлеңдері, Фатима Дәулетованың юморы берілген. Қазір қайда екен, сол қыздар?
Сол жылы екінші курста оқып жүрген Елубай Әуезовтің өлеңдері келесі үш бетті тұтас алыпты. Алғашқы өлеңі – «Тастанды бала». Бұдан бұрынырақ мен «Тастанды баланың атынан» деген өлең жазғанмын. Бір өлең жазсақ, ­дереу бір-бірімізге оқып беруге асығатын сол кездегі қалыптасқан әдетіміз. ­«Тастанды баланың атынан» өлеңімді оқыған соң, Елубай көп ұзатпай осы «Тастанды баланы» жазған. Мынау – сол. Сөйткен Елубай шашы аққудың мамығындай аппақ болып, жасы елуден асты. Облыстық теледидарда, облыстық «Сыр бойы» газетінде, «ҚазАқпарат» агенттігінде журналист боп қызмет етті. Жыр жинақтары жарыққа шықты.
Одан әрі студент ақындар – Раушан Шопанованың, Маржан Хизированың, Гүлжаһан Өксікбаеваның, Мира Дөнен­қожаеваның өлеңдері жарияланыпты.­ Қазір оқып отырсам, қай-қайсы­сының да балауса жырларынан тап-таза мөлдірлік байқалады. Қай-қайсысында да сәтті шумақтар жетерлік.
Альманахтағы келесі бір дүние – сол тұста «Ленин жолы» облыстық газе­тінің бөлім меңгерушісі, ақын ағамыз Мұхамеджан Нұрхановтың «Бастауы­ мөлдір бұлақтар» атты мақаласы. Онда Нұрлыбек Сафин, Дүйсенбек Беркінбаев, Гүлжаһан ­Домбылова, Гүлнәфис Әсімовалардың балауса­ өлеңдеріне пікір айтып, сәт сапар тілейді.
Жазушы Қази Данабаевтың «Гүлдәурен» атты прозалық кітабы ­туралы Дәуіржан Елубаевтың, Гүлмараш Жайықбаеваның пікірлерін топтастырыппыз. Дәуіржан осы күндері облыстық «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы.
Альманахты шығаруға Дүйсенбек, Алмасбек, Леналар (Елена Әбдіхалықова) білек сыбанып атсалысты. Дүйсенбек қазір «Сыр бойы» облыстық газетінің бөлім меңгерушісі. Бірнеше жыр жинағы шыққан ақын. Алмасбек Әбсадықов ­болса, қазір Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің проректоры. Филология ғылымының докторы. Профессор. Еленаның сол кездің өзінде айтыскер, әнші аты шыға бастаған еді. Кейін композитор ретінде елге кең танылды.
Альманахтың екінші данасын тасқа бастырып, көбейтпек болған ойымызды Темірхан Тебегенов ұстазымыз қатты қолдады. Реті келгенде айта кетейік, Темір­хан ағай қазір Алматыдағы Абай атын­дағы университеттің профессоры. Фило­логия ғылымының докторы. ­Академик.
О кезде Қызылордада қазақ әріптері бар жазу машинкасы қат. Ал біз альманағымыздың қазақ әріптерімен басылғанын қаладық. Бұл тығырықтан да алып шыққан Темірхан ағай. ­Обком жағынан машинкасы қазақша бір апайды тауып берді. Қырық бет қағазды тергізу үшін редакция алқасы тізімінде тұрғандар өзара ақша жинамақ та болғанбыз. Соны естіген Темірхан ағай сөзге келместен қалтасынан тұтас жиырма бес сомдықты суырып алып, қолыма ұстата салды. Сөйтіп, ұстазымыз «Үкілі үміт» альманағының аға кеңесшісі ғана емес, бүгінгі тілмен айтсақ, қаржылық демеушісі де болған. Ұстазымыз берген жиырма бес сом ақша альманахтың елу данасын жасауға жетті.
Өкініштісі, «Үкілі үмітіміздің» өмірі екі данамен шектелді. Неге олай болды деп ойласам, мен 5-курсқа көшіп, жаңа жылға дейін педпрактикаға Павлодар облысына аттаныппын. Редакция алқасының ішінде баспагерлік жұмыстың ыстық-суығына төзетін адам Дүйсенбек еді, бірақ ол осы жылы, бірінші курс студенті болса да облыстық кеңестің депутаттығына сайланды. Жиналысы көп, сабағы тағы бар. Өзі отбасылы, Рүстем атты ұлы бір жасқа енді толған. Алмасбек 4-курсқа көшкен, шамасы дипломдық жұмыстан бас ала алмай жүрсе керек. Елубайдың болса да қиялы аспанда. Ленаның қолына домбыра алып, ақындар айтысына араласқан кезі.
Бір бұрышын тышқан кемірген «Үкілі үмітім» біртін-біртін алыстап бара жатқан студенттік шағымды көз алдыма әкеле береді. Арманшыл шағымыздың қолтаңбасы осылай көңіл толқытты. Әдебиет әлеміне бет бұрған кездегі жүрек лүпіліміз сезілетін қымбат ескерткіш көзге де, көңілге де сондай ыстық көрінеді.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
республикалық «Таң-Шолпан» журналының бас редакторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.