ҚОСТАҒАН

Суретте: Венгр ғалымы Иштван Қоңыр «Лениншіл жас» газетінің редакциясында. 1979 жыл, желтоқсан. 

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

1979 жылдың желтоқсан айы болатын. Болашақ кейіпкерімізбен  күтпеген жерден кездесуге тура келді. Оған себеп болған Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына қоңырау шалуымыз еді. Телефон тұтқасын көтерген әріптес жігіт қажетті мәліметтерге жауап беріп болды да: «Сендер оны білуші ме едіңдер?» дегендей қызық бір хабардың ұшын қылтитты. 

– Біздің Тіл білімі институтына­ Венгрия Ғылым академиясынан бір ғалым келді, – деді сөзінің аяғында ол. – Аты-жөні Мандоки Конур Иштван. Мамандығы – түрколог. Өзі қазақ тіліне ағып түр.
– Қойшы?
– Шын. Сенбесең…
Әріптес жігіттің одан кейінгі сөзінен ұққанымыз – венгр ғалымының бұл Алматыға осымен үшінші рет келуі екен. Сапарының негізгі мақсаты – Венгрия Ғылым академиясының жанындағы тунгус-моңғол тілдерін зерттейтін ­алтаистика институты мен Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі ­институты, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және ­этнография институтымен өзара достық, ғылыми байланыс орнату. Мұның үстіне ол Будапештегі Етвеш Лоранд атындағы университетте оқытушылық кызмет атқара жүріп, Венгриядағы ежелгі қыпшақ мәдениетін зерттеумен де айналысатын болып шықты.
– Қызық екен, – дедік біз мына ­хабарды естіген соң. Халқымызда «бір күн дәмдес болғанға мың күн сәлем» ­деген нақыл бар. Ендеше, біздің республи­камыздың ғылым ордаларымен байланыс орнатуға жанашыр болып жүрген ғалыммен неге жолықпасқа? Сөйттік те, Тіл білімі институтындағы жауапты адамдардан алған адрес бойынша «Жетісу» қонақүйіне хабарластық.
– Мен венгр жерінен сіздердің елдеріңізге келген алғашқы да, соңғы да адам емеспін. Тарихи деректерге жүгінер болсақ, ежелгі байланыс іздері тым тереңде жатыр ғой.
Қонақ жігіт осы бір сөздерді айтты да, бір сәтке үнсіз қалды. Байқаймын, екеуміздің арамыздағы әңгіме желісін ол әріден бастамақ ойы бар.
– Сіздің айтайын деп отырғаныңыз Вамбери, Мате Залка өміріне қатысты жайлар ғой.
– Ол да бар. Сонан соң…
Осы сәтте оның сөзін оқыста шыр ете қалған телефон үні бұзып кетті. Бұл үзілістің біразға созыларын байқаған мен өз ойымды енді қонақ жігіт айтқан жаңағы әңгімеге қарай бұрдым. «Иә,– деймін іштей. – Азия, Еуропа мәдени байланысы дамуының тарихында саяхатшы ғалымдардың, интернационалист ақын-жазушылардың айтарлықтай рөл атқарғанын бұл күндері кім білмейді. Солардың бірі өз өмірлерін азды-көпті болса да қазақ жерімен байланыстырған саяхатшы ғалым Армений Вамбери мен революционер жазушы Мате Залка емес пе?
…1863-1864 жылдардағы Орта Азия сапары туралы ағылшын тілінде ­шық­қан­ кітабынан кейін Венгрия Ғылым академиясының мүшесі Армений ­Вам­бериді еуропалықтар ерекше таныды.­ Өйткені беймәлім елді біліп қайтуға аттанған батыл ағылшындар – Конноли мен Стоддардтың қайғылы қазасы туралы хабардың әсері әлі суып болмаған шақта қауіпке, қиындыққа толы сапардан аман қайтқан, әрі өзінің кітабымен шығыстану ғылымына үлес қосқан Вамбери кезінде «Орта Азияны аралап шыққан жалғыз ғана еуропалық адам» аталып та жүрді. Вамберидің кітабынан қазақ жұртының көшпелі тұрмысын, меймандостығын, этнографиялық өзгешеліктерін сипаттай­­тын суреттемелермен қатар: «Біз олар­дың музыка мен поэзияға бейімділігін көрсек, екінші жағынан ақсүйектік тәкап­парлығына ғажап таңғалдық» деген пікірді кездестіреміз. Ал ­Вен­грия­­ның ұлттық ­батыры, жазушы, ­интернационалист Мате Залка есімі ше? Біз, қазақстандықтар, оны ерекше құрметтейміз. Жетісуда ұжымдастыру жылдарының күрделі оқиғаларының дәл ортасында жүріп, жаңа оянған қазақ елі туралы Мате Залка «Правда», «Советская степь» газеттері мен «Огонек» журналына бірнеше мақала, очерк, әңгімелер жариялады және «Тұман сыртындағы елді мекен» атты тамаша реалистік повесть жазды. Міне, мұның бәрі венгр-қазақ мәдени байланысының ежелден бері бар екенін айқын аңғартады.
– Бұл бертінгі тарих, – деді телефон арқылы әлдекімдермен сөйлесіп болған Иштван: – Ал одан арғы деректерге жүгінер болсақ, сіздер мен біз бір жағынан туысқан да болып келеміз.
– Сонда қалай?
Венгр ғалымының сөзіне қарағанда, Еділ, Жайық бойларын ерте замандарда мекен еткен Дешті Қыпшақ мемлекеті бар емес пе?.. Ондағы көшпелі халықтың бір тобы Карпат тауларының қойнауындағы Мажар (мадьяр) даласына қоныстанады. Бұл тайпа сол заманнан бері өзінің қыпшақ деген атауын сақтап қалғандығы мажар елінің тарихнамасынан белгілі. Бүгінгі Венгриядағы олардың ұрпақтары өздерін ақ қыпшақтар, кумандар деп атайды.
Біздің ата-бабаларымыздың Еуропаға қоныс аударуының себебі неде еді?
1217-1218 жылдары басталған моңғол шапқыншылығы Орта Азия мен ­Қазақ­станды­ мекендеген түркі тайпаларының Жетісу мен Сыр бойындағы Тараз, Талас, Сайрам, Отырар­ секілді шаһарларын жермен-жексен етіп қиратып, халықты аяусыз қырды. Халық басына қайғы бұлтын үйіріп, үлкен бақытсыздық әкелді. Осындай алапаттан ежелгі қазақ сахарасын мекендеген қыпшақ тайпалары да құтыла алған жоқ. Қыпшақтар жат жерлік басқыншылармен аянбай батыл соғысты. Тарихшы Рашид ад-Дин өз шежіресінде осы жайтқа байланысты былай деп жазды: «Моңғолдар алан өлкесіне келген кезде, ол жердің халқы қисапсыз көп еді, аландар қыпшақтармен қоян-қолтық бірігіп, моңғол әскерлерімен шайқасты. Екі жақ та жеңіске жете алмады. Сонда моңғолдар қыпшақтарға: «Біз және сіздер бір тайпадан тараймыз. Бір халықпыз. Аландар болса бізге жат, біз сіздермен келісімге келіп, өзара тиіспеу туралы шарт жасайық, қалауларыңызша алтын мен киім-кешек береміз» деп, көп дүние жіберді. Қыпшақтар майдан даласын тастап, өз мекендеріне қайтқан соң, моңғолдар аландарды тізе бүктірді. Қырды, жойды. Моңғолдар енді күтпеген жерден бейбіт шартқа сеніп тып-тыныш өз өлкелеріне қайта оралған қыпшақтарға жойқын шабуыл жасады. Қолға түскендердің бәрін өлтірді. Өздері бергеннен екі есе дүние, мал-мүлікті жинап алды. Тірі қалған кейбір қыпшақ ауылдары орыс еліне ауа көшті».
Шежіредегі айтылған «орыс еліне ауа көшкендердің» бірі – жазушы В.Янның «Шыңғыс хан» романында суреттелген қыпшақ ханы Қотан болатын. Артына 40 мың түтін ерткен ол және сол сияқты басқа ауылдар содан Закавказье, Қара теңіз, Кіші Азияға дейін қоныс аударды. Венгрия жеріне жетті. Суздаль князі арқылы Венгрия короліне жолдаған хатында Батый хан оларға былай деп қоқан-лоқы көрсеткен ғой: «Құлдарым кумандарды (куман деп отырғаны – қыпшақтар) қанатыңның астына алып қорғаштағаныңды да білдім, егер мені өзіңе қарсы қойғың келмесе, келешекте оларды маңыңа жуытпауды бұйырамын. Өйткені тұрағы жоқ көшіп-қонбалы кумандарға қашып кету оп-оңай, ал сен болсаң баспанаң, жерің мен қалаң бар, қалай менен құтылмақсың?» ­­(С. А.Аннинский,­ Известия венгерских миссионеров XІІІ-XVІ в.в. о татарах Восточной Европе, 1940, том ІІІ, 88–89 стр.).
– Батысқа, Мажарстанға (Венгрияға) орын тепкен біздің бабаларымыз одан кейінгі жеті жүз жыл бойына сол кездегі тілін, әдет-ғұрпын, салт-санасын сақтап келді, – деді Иштван сәл үнсіздіктен соң. – Әйтсе де көптеген тарихи-әлеуметтік, экономикалық өзгерістер негізінде жергілікті халықпен етене араласып кеткендіктен, бұл тіл XІX ғасырдың ортасынан бері бұрынғыдай қызмет атқармайды. Бірақ қыпшақ тілінде оның ауыз әдебиетінде көптеген ескерткіш мұралар сақтаулы. Менің зерттеп жүргенім, міне, негізінен осы жайлар.
– Атап айтқанда?
– Қазір мұндағы қыпшақтар ­мажарша сөйлегенімен, олардың тілінде мажар тілінен біршама айырмашылық, ерекшелік бар. Өйткені қыпшақтардың мал шаруашылығына, ауылшаруашылық кәсібіне, аңшылыққа, үй тұрмысына байланысты атаулардың басым көпшілігі көне қыпшақ тілінде айтылады. Венгриядағы Қарсақ қаласында тұратын қыпшақтар мажардың ауызекі сөзінде қазіргі тіл қатынасында жоқ көне қыпшақ тілінің көптеген сөздерін қолданады.
Осы сәтте менің ойыма жазушы В.Янның «Шыңғыс хан» дилогиясының екінші кітабындағы Қотан хан есімі оралды. Еділ, Жайық бойынан өзінің соңына 40 мың түтін ерткен қыпшақ ақсақалы сол кезде өз туыстарының одан арғы тағдыры не болатынын ойлады ма екен. Бұған қазір нақты жауап беру қиын. Бірақ бір нәрсе айқын. Ол сол кездегі қазақ сөзінің баламасы «қыпшақ» деген атауды иеленген елдің шағын бір бөлігінің мадьяр жұртымен бірге қилы-қилы ғасырларды, қилы-қилы тағдырларды артқа тастап барып бүгінгі өркениетті заманға жетуі.
– Кешіріңіз, – деді венгр ғалымы бір мезетте маған қарай бұрыла түсіп: – Мына мысалдарға назар аударып көріңізші, бұл түркітілдес халықтардың мәдени ескерткішіндегі ұқсастықтарды зерттеу үшін өзіммен бірге ала келген венгр қыпшақтарының ауыз әдебиеті нұсқалары.
Қараймын, мұндағы кейбір сөздер бізге тым жақын секілді. Оның үстіне оқып отырған жаңылтпаш, жұмбақтар өзіміз бала кезімізде ойнайтын тақия тастамақ, жасырынбақ, санамақ сияқты ойын ережелеріндегі тақпақтарды қайыра еске түсіргендей. Тек мұндағы өзгешеліктер – жоғарыдағы сөздердің фонетикалық заңдылықтарында ғана бар сияқты. Мәселен, біздің ауыз әдебиетіміздегі «бір дегенің – білеу, екі дегенің – егеу, үш дегенің – үзік, төрт дегенің – төсек» деген жаңылтпаш-санамақ мажар қыпшақтарында: «Бірім – білеу, екім – егеу, үчім – үзік, төртім – төшек» деп келеді екен. Байыптап қараған жанға осы мысалдардағы кейбір сөз әріптерінің («ш»-ның орнына «ч», «с»-ның орнына «ш») қазақ тілі фонетикасымен ептеп қайшы келетіні көрінеді. Осындай ерекшелік ондағы батырлар жырында да, дастандарда да, мақал-мәтелдерде де кездеседі. Осы арада бізге бұл ескерткіштердің кейбіреулерін түркі халықтарының тілімен салыстырсақ, көп сөздің мағынасын, мән-жайын, төркінін шешуге болады екен-ау деген ой келеді. Өйткені өзіміз әңгімелесіп отырған ғалымның пікіріне қарағанда, бұған дейінгі зерттеулер бойынша түркітектес халықтар тілдерінің арасынан Мажарстандағы қыпшақтар ауыз әдебиеті ескерткіштерінің тілі қазіргі қазақ тіліне тіптен жақын болып келеді екен.
– Қазақ КСР Ғылым академиясы мен Венгрия Ғылым академиясы арасындағы өзара достық байланысын сіздер қай тұрғыдан сабақтастырып келесіздер? – дедім мен келесі бір әңгіме барысында.
– Түркология саласы бойынша, – деп жауап берді бұл сұраққа Иштван­ Конур. – Бұл ғылымның біздегі көп жетістіктері профессор ­Немат еңбектеріне ­байланысты. ­Өйткені ол Венгрия Ғылым академиясында түркітектес халықтар тілін зерттеуге алғаш рет негіз салған ғалымдардың бірі. Біз, оның шәкірттері, қазіргі таңда бұл жұмысты одан әрі жалғастыруды өзіміздің басты борышымыз деп білеміз. Венгрия Ғылым академиясының ­алтаистика ғылыми-зерттеу институты мен Будапештегі Етвеш Лоранд атындағы мемлекеттік университеті филология факультетінің түркология бөлімі мамандарының соңғы кездері Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтымен тыңғылықты байланыс орнатуы да біз үшін қуанышты нәрсе. Ал венгр-қазақ мәдени байланысына келетін болсақ, бұл салада да жақсы жұмыс нышандары бар. Мәселен, Алматыдағы А.Жұбанов атындағы музыка мектебі, №12 қазақ орта мектебі оқушылары мен біздің ­Будапешт қаласындағы мектеп оқушылары, ҚазГУ-дың филология факультеті мен Будапешт мемлекеттік университетінің студенттері үзбей хат алысып, араласып тұрады.
–Туысқан венгр жазушыларының біздің тілге аударылған шығармаларын көрген боларсыз. Әдеби байланыс – достық елшісі емес пе? Бұл тұрғыдан алғанда, сіздерде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Осыдан 23 жыл бұрын жыр алыбы Жамбыл өлеңдерін венгр аудармашысы­ Имре Тренчени Вальдапфель венгр оқырмандарына алғаш рет таныстырған еді. Содан бері қазақ совет жазушылары М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің шығармалары жарық көрді. Біздің қазіргі ойымыз – қазақ жазушыларын венгр тіліне түпнұсқадан тікелей аудару.­ Бұл бағытта табыссыз да емеспіз. Өткен жылы Будапештегі ең үлкен ­басылым «Еуропа» баспасынан қазақ ­жазушылары Д.Досжанов, Ә.Кекілбаев, С.Мұратбеков бастаған 19 қаламгердің әңгімелері жарық көрді. Алдағы уақытта біздер Ә.Әлімжановтың, Д.Исабековтің шығармаларын аударуды жоспарлап отырмыз.
…Қамшының сабындай қыстың қысқа күні көк ала аяздан көзін аша алмай тұрған көкжиекке көрінбей батып барады. Алматы көшелеріндегі неон шамдар буалдыр тұманнан бозарып көрінеді. Қонақүйден кештетіп шыққан менің ойымнан венгр ғалымы Иштван Конурдың: «Сіз бен біз туысқанбыз» ­деген сөзі кетер емес.

АВТОРЛЫҚ АНЫҚТАМА

Құрметті оқырман! Ескертіп айта кететін бір нәрсе, бұл, яғни 1979 жылы «Лениншіл жас» газеті арқылы түрколог Иштван Мандоки Қоңыр туралы қазақ баспасөзі бетінде шыққан тұңғыш мақала еді. Өйткені Венгриядан Қазақстанға ол алғаш рет ат басын тіреген 1976-1979 жылдары біздегі көп адам оған онша мән бермеді. Келген сапарына, зерттеп жүрген тақырыбына күдікпен қарады. Кейін, 1989 жылы ғой, оған деген көзқарастың өзгеріп, жанашырлардың көбейгені. Ал автор – біз бен кейіпкер – оның сол 1979 жылдан кейінгі қарым-қатынасына келсек, мәселе былай.
Сол 1979 жылғы біздің сұхбаттан соң, іле-шала газет редакторы Сейдахмет Бердіқұлов венгр ғалымын редакцияға қонаққа шақырып, ұжыммен кездесу өткізді. Қонақ Алматыдағы екі айлық іссапары кезінде 200-дей кітап жинаған екен. Әңгіме барысында ол сол дүниелерін өз еліне қалай жеткізуді ойлап мазасызданып отырды. Оған Қазақ ­Совет энциклопедиясы редакциясынан келіп қатысып отырған бөлім менгерушісі Байұзақ Қожабеков ағамыз көмектесетінін айтты. Солай болды да. Бір апта ішінде кітаптары Мәскеуге дейін толық жөнелтілгенін көрген ол келесі жетіде Алматыдан риза кейіппен аттанды.
1981 жылы Иштван Қоңырдан маған Будапеште өзінің «Мажарстандағы құман тілінің ескерткіштері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағаны туралы хат келді. 1983 жылы ол Алматыға қайыра соғып, Ғылым академиясындағы жұмысының ара-арасында мені көп іздепті. Іссапарда едім, таба алмаған. Қолөнер шебері Дәркенбай Шоқпарұлының айтуынша, сол жолы Иштван қазақтың Айша атты бойжеткенімен көңіл жарастырып, оны өзімен бірге Венгрияға алып қайтқан. 1989 жылы ол халық ақындарының Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Сарайда өткізіліп, Қазақ телевизиясына түсірілген «Айтыс» хабарына­ келіп қатысқанда осы жолдардың авторын тағы да іздепті. Таба алмаған. Өйткені мен ол жолы да іссапарда жүр едім. Ал, 1994 жылы… иә, сол жылы көктемде Будапештен Махачкаладағы түркологтар форумына қатысуға келген Иштван Қоңыр жүрек талмасынан кенеттен қайтыс болыпты деген суық хабарды естідік. Марқұмның аузынан шыққан ең соңғы сөз: «Мені Қазақ елі – ұлы далаға апарып жерлеңіздер» болыпты. Ол кезде Дағыстанның халық ақыны, атақты Расул Ғамзатов тірі еді. Нарық қысып, жағдай қанша қиын боп тұрса да, міне, сол кісінің көмегімен және біздің республикамыздағы ер көңілді біраз намысқой азаматтардың күш-жігерімен Еуропадағы ежелгі қыпшақтардың бір тұқымы – Иштван Мандоки Қоңырдың денесі ұшақпен Кавказдан Қазақстанға алып келінді де Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.