Нүсіпбеков оқулары

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында көрнекті ғалым, академик, тарих ғылымының докторы, Қазақ КСР Мемлекеттік сый­лығының лауреаты Ақай Нүсіпбековке арналған «VII Нүсіпбеков оқу­лары» аясында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұ­мысы басталмас бұрын, А.Нүсіпбеков атындағы кабинет салтанатты түрде ашылды.

Қазақстанның ғылымға еңбек сіңірген қайраткері А.Нүсіпбековтің ұрпақтары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысқан «Академик Ақай Нүсіпбеков және Ұлы дала тарихының зерттелуі» атты республикалық конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы ­Тарих және этнология институтының ­директоры, ­тарих ғылымының докторы Зиябек Қабылдинов жүргізді.
ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы У.Шалекенов, Алматы қаласы мәслихатының депутаты­ М.Әділханов, ­Медеу аудандық ардагерлер­ кеңесінің төрағасы К.Серікбаев, Медеу аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Аралбаев, ҚР Мәдениет қайраткері, Райымбек ауданының Құрметті ­азаматы Ж.Абдраманов, Кеген ­ауданынан арнайы келген делегация атынан ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Досымбеков құттықтау сөз сөйлесе, ақын М.Ережеп ғалымға арнаған арнау өлеңін оқып, Е.Құдайбергенов әннен шашу шашты. Ғалымның бес томдығын шығару жайы сөз болды.
Негізгі баяндаманы «Академик Ақай Нүсіп­беков және тарих тағылымы» атты тақы­рыппен ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы Б.Ешмұхамбетұлы жасады. Ш.Уәлиxанов атындағы Тариx және этнология институтының ардагері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Б.Нұрланқызы, тарих ғылымының докторы­ С.Әжіғалиев, Қазақ ұлттық Аграрлық университетінің ­«Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі Х.Әбжанов, ­тарих ғылымының докторы­ Ә.Құдайбергенов, ­әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Т.Омарбеков, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі,тарих ғылымының кандидаты С.Шілдебай және т.б. ғалымның еңбектеріне, адамгершілік қырларына тоқталып, қоғам және мемлекет қайраткерінің жүріп өткен өмір жолынан сыр шертті.
Шара барысында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жас ғалымдарына арналған Ақай Нүсіпбеков атындағы стипендия салтанатты түрде тапсырылды.
А.Нүсіпбеков Қазақстанның тарих ғылымында танымал ғалым-зерттеуші, ғылымды ұйымдастырушы көрнекті тұлға ретінде белгілі. Оның соғысқа дейінгі еңбек жолы білім және мәдени-ағарту жұмыстары салаларымен тығыз байланысты. Мемлекеттік қызметте түрлі жауапты жұмыстарды атқарған жас ғалым 1942 жылы мамырда Алматыдан даңқты генерал-майор И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясын толықтыруға арнайы жіберілген бір топ қазақ жауынгерлерінің қатарында майдан шебіне аттанды. Соғыстың аяғына дейін ұрысқа қатысқан А.Нүсіпбеков аға лейтенант, миномет батареясының саяси жетекшісі қызметінен дивизия саяси бөлімінің аға нұсқаушысы дәрежесіне дейін жетіп, майдан жолын 1946 жылы майор шенінде аяқтады. 1946 жылдан бастау алған А.Нүсіпбековтің белсенді және сан алуан ғылыми-ұйымдастырушылық, ғылыми-шығармашылық қызметі Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында өтті. Ғылыми ізденісті кіші ғылыми қызметкер лауазымынан бастап, институт директоры, академик, Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті қызметіне дейін көтеріліп, қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның қол астында қызмет еткен Тарих институты Кеңес Одағында алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу мекемелерінің қатарына кіріп, оның ғылыми ұжымының еңбектері жақын және алыс шетелге­ танымал болды.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.