Қаламгер жүгі зіл батпан

Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қазақтың үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің туғанына 125 жыл толуына және Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдық мерейтойына арналған мерекелік пленум өтті. Ұлт әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдері, зиялы қауым мен алыс-жақын шетелдерден келген әдебиет майталмандары қатысқан басқосуға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысып, сөз сөйледі.

Қазақстан Жазушылар одағы Бас­қар­ма­сының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жазушылардың қара шаңырағының 85 жыл бойы жүріп өткен жолына үңіліп, байыпты баяндама жасады. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев құттық­тау сөз сөйлеп: «Ұлтқа ұран тасталған кезде алдымен үн қосып, өнегелі істі өрге сүйреп, іліп әкету – қалам ұстаған қайраткерлер қалыптастырған игі дәстүр. Сондықтан қазақ елі қашанда жазушылар қауымын жанына сүйеу, рухына тіреу санайды. Ежелден сөз өнерін кие тұтқан, асыл сөзді ардың ісі санаған халқымыз өткен ғасыр басында бір тілекке ұйысқан ақын-жазушыларға дәл осылай үміт артқан болатын. 85 жылдық тарихында сөз зергерлері сол үмітті халық қамы мен ел сенімінің темірқазығына айналдыра білді. Қазақстан Жазушылар одағының ғасырға жуық ­тарихын тарата зерделейтін болсақ, одан қазақтың қилы кезеңдерімен тұтас жатқан жүздеген томға жүк болатын қызығынан қасіреті басым тауқыметті тағдырлардың шежіресін көреміз. Оның бірсыпырасы жазылып та жүр. Ал қалтарыста жатқаны одан әлдеқайда мол. Сипаты мүлде бөлек осы заманда қазақ әдебиетін әлемдік әдебиетке кіріктіру, оны жаһандағы мәртебелі межеге жеткізу жолында талмай қызмет атқаруларыңыз керек. Алдағы уақытта қаламгерлеріміз қасиетті қазақ халқының арман-мұратын, талайлы тағдырын арқау еткен әлемдік деңгейдегі үздік шығармаларымен қуанта беретініне сенімдіміз» деді. Қырымбек Елеуұлы Мемлекет басшысының Жазушылар одағын бюджеттен қаржыландыру мәселесін оңтайлы шешуді Үкіметке тапсырғанын сүйіншілеп жеткізді. Бұл мекеннің тарихы Алматымен тұстасып жатқанын тілге тиек еткен Бақытжан Сағынтаев 85 жыл бұрын бой көтерген одақтың бірнеше буыны Алматыда қалыптасып, шығармашылық еңбек еткенін сөз етті. Алдағы уақытта одақпен байланысты нығайтып, қаламгерлердің 20 кітабын шығарып беру жоспарда бар екенін жеткізіп, «Әдебиет қайраткерлері халықтың рухани мұрасын құрай­­тын тарихты, дәстүрді, тілді күні бүгінге дейін көздің қарашығындай сақтап келді және солай болып қала береді» деп атап өтті қала әкімі Бақытжан Сағынтаев. Нұрғиса Дәуешов ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.


Жиынға қатысқан Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлы, Тәжікстан Жазушылар одағының төрағасы Низом Косим, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Данил Салихов, Башқұртстан Жазушылар одағының төрағасы Зәки Әлібаев, Ресей Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Игорь Янин бастаған бірқатар мәртебелі қонақтармен қатар, ақын ­Олжас Сүлейменов, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, академик Мұрат Жұрынов ақжарма тілегін айтты.
Осы мерекелік пленум барысында ақын-жазушылар Олжас Сүлейменов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Шаханов,­ Қабдеш Жұмаділов, Әкім Тарази, Марфуға Айтқожина, Мұхтар Мағауин, Әнес Сарай, Софы Сматаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Дулат Исабековтерге «Қазақстан­ның Құрметті жазушысы» атағы берілді. Серік Қирабаев, Мыңбай Рәш, Кәдірбек Сегізбай, Бексұлтан Нұржекеұлы, Заида Елғондиева, Молдахмет Қаназ, Жүсіпбек Қорғасбек ­«Алматы қаласына сіңірген ең­бегі үшін» атағымен марапатталды.
Мерейтойы аясында және биылғы Жастар жылына орай, Қайсар Қауымбек, Әлібек Байбол, Тұрсынбек Башар, Бағашар Тұрсынбайұлы, Бекзат­ Смадияр,­ Нұртас Тұрғанбек, Аслан Тілеген, Досхан Жылқыбай, Батырхан Сәрсенхан сынды бірқатар жас әдебиетшілер одаққа мүшелікке қабылданды. Мерекелік пленум концерттік бағдарламаға жалғасты.

Қ.Серікқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.