ТІЛГЕ КӨЗҚАРАС – ЕЛГЕ КӨЗҚАРАС

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері арасында тұңғыш рет «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» форумы өтті.
Мұндағы мақсат – Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуға арналған және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында міндеттелген қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру тапсырмасын орындау. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтарды үлгі ету, сондай-ақ олардың қатарын көбейту.

Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Әбдірахманов, Бақытбек Смағұл, ­Геннадий Шиповских, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбаев, ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сенім Ұлттық Кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса және басқа филология мен лингвистика саласының ғалымдары, БАҚ басшылары, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымының өкілдері қатысты.
Сонымен қатар еліміздің барлық аймақтары мен маңызы бар үш қаладан келген қазақ тілінде еркін сөйлейтін 100-ден астам этнос өкілдері жиналды.­ Олардың арасында орыс, армян, әзербайжан, неміс, күрд, түрік, украин, молдаван, татар, поляк, корей, ұйғыр және тағы басқа халықтардың өкілдері бар.
Алдымен сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев жиынды ашып, форумды ұйымдастыру идеясына­ тоқталды.
– Қазақстанның тұңғыш Пре­зиденті,­ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас» деп атап өтті. Мемлекет­ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне ­айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген болатын.­ Мемлекет көздеп отырған меже бойынша, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Осы орайда­ 130-дан астам ұлттың басын қосып отырған Қазақстан халқы ­Ассамблеясы қандай жұмыстар атқарып отыр және алдағы уақытта нендей үлес қосады? Осы форум арқылы біз түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген көзқарасымен бөлісіп, іс жүзінде қаншалықты меңгергенін нақты дәлелмен көрсетуді жөн санадық. Сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерін көпшілікке танытып, тілге деген құрметін ынталандыруды жөн санадық. Алдағы уақытта осы форумды барлық ­облыста ұйымдастырып, мемлекеттік тілді меңгерген этностардың қатарын көбейтуге күш салатын боламыз, – деп атап өтті.
Форум барысында қатысушылар жүргізушілер, танымал журналист­ Максим­ Рожин мен Оксана Лоскутованың сұрақтарына жауап­ беріп, алғаш рет тек қана қазақ тілінде пікір алмасты. Тіл үйрену жолдарын әңгімелеп, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру керектігін алға тартты. Мемлекеттік тілді қолдануды міндеттеу керек деген бірауыздан тұжырым жасап, көзқарастарын ортаға салды.
Жалпы еліміздегі этнос өкілдері арасында қазақ тілін меңгергендер қатары жыл санап көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыруға ықпал ететін бірден-бір маңызды мәселе деп білеміз. Форумда таза қазақ тілінде сөз сөйлеген азаматтардың бойынан байқағанымыз, олардың қазақ тілін үйренуді парызым деп білгені, міндетім деп сезінгендері ерекше. Осындай көзқарас тілді меңгеруге күш салмай жүрген өзге азаматтарға үлгі болса, қанеки. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – баршаға ортақ дүние екенін ұмытпайық.
Басылымның екінші бетінде фо­румға қатысушылардың ой-пікір­лерін ұсынып отырмыз.

Жамалаил ЭЛИМХАНОВ,
«Емир-Ойл» ЖШС тиімділік директоры

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ЕКІ ЖЫЛДА ҮЙРЕНДІМ

1995 жылы Шешенстанда соғыс басталғанда отба­сымыз Қазақстанға қоныс аударды. Ақтау қала­сында орыс мектебінде білім алдым. Мектепті бітіргеннен кейін Бейжіңдегі Қытай политех­ни­калық университетінің экономика және халық­аралық сауда факультетіне түстім. Қытайда 5 жыл оқып, бакалавр дәрежесіне жетіп, екі шет тілін мең­геріп шықтым. 2014 жылы Ақтауға оралып, жұмыс тәжірибем болмаса да, мұнай компаниясына жұмысқа тез орналастым. Ең алдымен шет тілдерін жақсы білетінім сеп болды. Бірақ мені «қазақ жерінде өстім, білім алдым, 4 тілді меңгер­дім, ал мемлекеттік тілді білмеймін» деген бір ой ма­залай берді. Көп ойланып, өзіме серт бердім: «мен қазақ тілінде еркін сөйлей алған кезде ғана өзімді қазақ­стандықпын деуге құқығым бар. Қазақ тілін қалайда үйренем» деп, 2016 жылы қазақ тілін үйренуді бастап кеттім. Оңай болды деп айта алмай­мын, өйткені ­шешен тілі қазақ тіліне мүлде ұқса­май­ды. Оның үстіне, жұмыс көп, уақыт аз. Соған қара­мастан, сабағымды жалғастырып, нәтижесінде 2 жылда қазақ тілінде еркін сөйлейтін деңгейге жеттім.
Сондықтан Қазақстанда тұратын азаматтарға айтарым, ұлтыңызға, жасыңызға қарамай, мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылыңыз. Бір өкініштісі, көпшілік мектеп жасында қазақ тілді орта болмағанын тілге тиек етеді. Бірақ менің ойымша, бұл – сылтау ғана. Қазақ тілін кез келген жаста оқуға болады. Бастысы – ынтаңыз бен өз еліңізге деген құрметіңіз. Менің қолымнан келді, сіздің қолыңыздан да міндетті түрде келеді!
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ер-азамат­тарға бір үндеу тастағым келеді. Қазақстанда ер баланы ел-жұртына қамқоршы, қорған болатындай етіп тәрбиелейді. Керек болса, ер жігіт Отаны үшін өмірін де қиған. Ал біз мемлекеттік тілімізді ­үй­ренуге бос уақытымызды қия алмаймыз ба, ­сонда?!
Тіл мәселесіне қамқорлық көрсету әр азаматтың міндеті. Өйткені Шыңғыс Айтматов айтқандай, «Тілі мәңгі жасаған халық, өзі де өлмейді»!

Илияр МУТАЛИПОВ,
Батыс Қазақстан облысы ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілі

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БАЛЫ ЕСЕПТЕЛУІ ТИІС

Мен жуырда мемлекеттік қызметке қабылдану үшін екі мәрте тест тапсырдым. Сол уақытта бай­қағаным, қазақ тілінің сынағы өте оңай. Алғашқыда 20 сұрақтың 19-на қиналмай жауап­ бердім. Екінші жолы келгенімде тест алушы «қазақ тілінен тапсырмасаң да болады, ол бәрібір есептелмейді, негізгі заңдарға зейін қой» деді. Бұл менің көңіліме қатты тиді, егер ешқандай маңызы болмаса, қазақ тілінің ұпайы саналмаса, сынаққа не үшін енгізді?! Мектеп бітірген уақытта да тап солай. Жоғары оқу орнына түскенде, мемлекеттік қызметке қабылдағанда алған балы есептелмеген соң, ешкім мемлекеттік тілді үйренуді қажетсінбейді. Керісінше, қазақ тілінен тест тапсыра­ алмаған азаматты мемлекеттік қызметке өткізбеу керек.

Владимир ЧЕПЕЛЬ,
Алматы облысы Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы

ЖАСТАРДЫ АУЫЛҒА  ЖІБЕРУ КЕРЕК

Орыс ұлтынан болсам да қазақ тілін кішкентай кезімнен білемін, өйткені ауылдық аймақтарда барлық этнос өкілдері қазақ тілінде сөйлейді. Қазақ тілін білу-білмеуге қатысты мәселе жоқ. Тілдің мәселесі – қалада, халық көп шоғырланған үлкен шаһарларда. Мегаполис тұрғындары ресми­ тілге құмар. Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін ­жастарды екі-үш ай ауылға тәжірибе алмасуға жіберу керек. Біліктілік арттырып қана қоймай, тілдің, діннің сақтаушысы болып отырған ақсақалдардың өнегесін алып әрі тіл үйреніп қайтады. Өз басым жұмыс барысында мемлекеттік тілді қолдануға тырысамын. Кейде жасы үлкен ақсақалдар келіп, түріме қарап мәселені орысша жеткізуге тырысады. Мемлекеттік қызметтің талабы бойынша, қай тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беруің керек. ­Дегенмен, мен алғашқы сөзімді орысша бастап, одан кейін «Құрметті ақсақалдар, бір-бірімізді жақсы түсінуіміз үшін әңгімені қазақша жалғастырсақ қалай болады?» деп сұраймын. Ондай кезде ағаларымыз «өзіміздің бала екенсің ғой» деп, арқамнан қағып жатады. Сондай сәттері мақтаныш сезімі кернеп, біразға дейін ішкі буың басылмай тұрады. Жалпы әр азаматтың жүрегінің түкпірінде тілге деген құрмет тұрады, тек соны оята білу керек!

Армен ОГАНЕСЯН,
Мамандандырылған күзет қызметі
басқармасының полицейі

НАМЫС ТҮРТКІ БОЛДЫ

Өзбекстан Республикасында дүниеге келгенмін. Ұлтым – армян. 2007 жылы отбасымыз Қызылорда қаласына көшіп келіп, орыс мектебінің табалдырығын аттадым. Сыныптастарым түрлі ұлт өкілдері болды, бірақ барлығы қазақ тілінде сөйлейтін. Олар маған жиі қазақша сұрақ қоятын, тіл білмегендіктен өзбекше жауап беретінмін. Аузымды ашсам, барлығы мені мазақ қылып күлетін. Бұл менің намысыма қатты тиетін. Ақыры, оларға «маған көмектесіңдер» деп қолқа салдым. Осылайша, достарымның арқасында қазақ тілін біртіндеп меңгере бастадым. Қазіргі таңда полиция қызметкерімін, жұмыс барысында небір қызық жағдайлар басымыздан өтіп жатады. Ауылдан келген кісілер кейде түріме қарап орыс тілінде жөн сұрайды, қазақша жауап бергенімде «балам қазақ екенсің ғой» деп қуанып кетеді. Жалпы қазақ тілін үйренуіме намыс түрткі болды, осы қасиет басқалардың бойында жетпей жатқан сияқты.

Виктория ТРЕГУБОВА,
Жамбыл облыстық «77» телеарнасының
жүргізуші-редакторы

ОРЫСТЫҢ  ҚАЗАҚ ҚЫЗЫМЫН

2000 жылы отбасымызбен Қазақстанға Ресейден қоныс аудардық. Анам Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылының тумасы. Мектеп бітіргеннен кейін білім іздеп, Ресейге барып әкемді кездестіреді. Екеуі шаңырақ көтеріп 5-6 жыл тұрғаннан кейін, анам әкеме туған өлкесін көрсеткісі келіп, Қазақстанға қыдырып келеді. Сол кезде қазақтың қонақжайлығы мен табиғатының ұнағаны соншалық, біз Ресейге қайта оралмадық. Әке-шешем өзімнен 3 жас үлкен ағам екеумізді қазақ мектебіне берген кезде қатты қиналды. Үй тапсырмасын орындау үшін көршілерді біраз аралап, көмек сұрауға тура келді. Мектеп кезінен іс-шараларға белсенді қатысып келе жатырмын. Әрдайым өзімді «орыстың қазақ қызымын» деп таныстырамын. Анам секілді білім іздеп, алысқа бармай-ақ қоюды шештім. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін биыл бітірдім. Менің болашағым, Қазақстанның келешегі қазақ тілінде екеніне кәміл сенімдімін.

Сабина ПАК,
Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі

АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗІН КОРЕЙ ТІЛІНЕ АУДАРДЫҚ

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Қызылқұм ауылында өмір есігін аштым. Отбасымызда кәріс, қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлесеміз. Алты жасымда қазақ мектебіне бардым. Достарымның барлығы – қазақ, қазақ тілін ерекше жақсы көремін және еркін сөйлеймін. Тіпті қазақ тілінде өлең де жазамын. Туған ағам Тимур Абайдың барлық өлеңі мен 45 қара сөзін жатқа біледі. Соның арқасында республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Екеуміз хәкім Абайдың сөздерін, оның ішінде отыз бірінші қара сөзін кәріс тіліне аудардық.
Қазіргі таңда университетте қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқып жатырмын. Өйткені қазақ бола тұра, өз ана тілінде сөйлемейтін жастардың көптігі мазалайды. Сондай-ақ мемле­кеттік тілдің не себепті екінші орынға ысырылып келе жатқаны қынжылтады. Сол себепті, қазақ тілін жетік меңгерген, ұлтына адал қызмет атқара алатын жеткіншектерді тәрбиелегім келеді.

Алексей ОВЧАРОВ,
ШҚО, Белоусовка ауылының әкімі

ТАЛАП ЕТІЛУІ КЕРЕК

Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Өзім үйрендім, ұлтым орыс болса да қазақ тілін жақсы меңгергенмін. Үйде бес ұлмыз, барлығымыз қазақша сөйлесеміз. Ол үшін анамызға алғыс айтқым келеді.
Өзім мемлекеттік қызметкер болғандықтан, Қазақстанда қазақ тілі қашанда бірінші орыннан көрінуі керек деп есептеймін. Ол үшін мемлекеттік мекеме басшылары қоластындағы қызметкерге қазақ тілін білудің міндеттілігін түсіндіруі қажет. Қызметке қабылдау кезінде үміткердің ұлтына қарамай, мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін ескеруі керек. Оған қоса, жұмыс барысында мемлекеттік тілді қолдануы тиіс.

Наталья Дементьева,
Көкшетау қалалық гуманитарлық-техникалық лицейінің директоры

ӘДІСТЕМЕНІ ЖАҢАРТУ ҚАЖЕТ

Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мәселесі мені білім беру саласында 17 жыл қызмет еткен ұстаз ретінде ғана емес, ел азаматы ретінде де қатты толғандырады.
Мәселен, біздің лицейде оқушылар қазақ тілінен тест тапсырғанда үнемі жоғары балл жинайды. Жазған кезде де грамматикалық қателіктер жібермеуге тырысады. Бірақ үзілісте бір-бірімен қазақша сөйлесе алмай жүр. Қазақ тілі қарым-қатынас тіліне айнала алмауына не себеп? Меніңше, қазақ тілін үйреткенде ағылшын тілін үйрету әдістемесін қолдану керек. Өйткені қазақ тілін үйрету барысында бала тілдік кедергіге жиі ұшырайды. Ұстаздар тарапынан көп ескертпелер айтылады, тыйым көп. Ақырында баланың тілге деген қызығушылығы жоғалады. Тіл үйренушілерге бастапқы кезеңде ерік берген дұрыс, кемшіліктерін бірден түзеуге асықпау керек, сонда жүре келе, оқи келе өз қателіктерін өздері түзейтін болады.

Юлиана Новикова,
Атырау облысы, Құлсары ауданы, «Өркен» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі

ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІМІН

Орыстың қызымын, қазақтың келінімін. Ата-енемнің қолында тұрамыз. Қазақ тілін мектеп қабырғасынан бастап үйрендім. Күн сайын ата-енеме­ сәлем саламын, үлкен кісілер «қосағыңмен қоса ағар, көп жаса» деген баталарын береді. Өкінішке қарай, қазыналы қарттардың осындай ақ батасын естімей жүрген құрбыларымыз қаншама?! Сәлем салу – өзін төмен көрсету, ескінің қалдығы деп санайды. Бұл – үлкенге құрмет, әдептілік белгісі. Сондықтан келіндерге ата-апаларымыздың ақ батасын алуға асығайық.

Светлана Крюгер,
Қызылорда облыстық «Қоғамдық келісім»
КММ қызметкері

ТӘРБИЕ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Қасиетті Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасымын. Ұлтым – неміс. Қалың қазақтың ортасында өстім. Мектепті орыс ­сыныбында бітіргенмін, жоғарғы оқу орнына құжат тапсырғанымда, сол жылы орыс бөлімі қабылдамайтын болып шықты. Мен еш ойланбастан, қазақ бөлімінде бақ сынап көруге бел ­будым. Бағым жанып, журналистика мамандығына түсіп кеттім. Құдайға шүкір, қазақ тілінде еркін сөйлеп, сауатты жазамын. Қазіргі таңда отбасылымын. Қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Жанерке, Жансая есімді екі қаракөз қыздың анасымын. Қыздарыма қазақы тәрбие беріп отырмын. Жас ата-аналар көп жағдайда баласын қай мектепке берерін білмей қиналады, өйткені өздері тіл білмейді. Замандастарыма айтарым, еш қорықпастан балаларыңызды қазақ мектебіне беріңіздер. Жемісін береді, қызығын көресіздер.

Алла Чечеткина,
Қостанай облыстық филармониясының
баспасөз хатшысы

БАЛАНЫ ҚАЗАҚ БАЛАБАҚШАСЫНА БЕРУ КЕРЕК

Менің ойымша, қазақ тілін үйретудің бірден-бір жолы баланы қазақ балабақшасына беру. Бүлдіршіндердің миы ақ парақ секілді, бірден қабылдап, сіңіріп алады. Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмеу ұят деп санаймын және өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлегендеріне таңғалмауымыз керек. Өйткені мемлекеттік тілді үйрену үшін жағдайдың барлығы жасалған.
Жұмыс барысымен шетелге шығып тұрамын. Испания еліне барған кезде байқағаным, шекарасынан аттағаннан кейін, олар тіпті ағылшын тілінде бір ауыз тіл қатқан жоқ. Тек испан тілінде сөйлеседі. Неге біздің елімізде мемлекеттік тілге осындай ­талап қоймасқа?!

Зульфия ТАИПОВА,
Каспий университетінің лекторы

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ САБАҚ БЕРЕМІН

Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент өңірінің тумасымын. Сол жерде ұйғыр тілінде білім алдым, одан соң Алматыда бакалавриат және магис­тратураны орыс тілінде оқыдым. Қазақ тілін түрлі шараларға, сайыстарға белсене қатысып жүріп, меңгеріп алдым. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда қалалық университеттің бірінде қазақ тілінен сабақ беремін. Қазақ тілі Абайдың, Мағжанның тілі, Әуезовтің тілі. Қазақ тілін білетін адамдар үшін бұл тілдің мүмкіншілігі кең. Алайда қазіргі өзекті мәселе ол терминдердің дұрыс аударылмауында.­ Психология­ саласы бойынша терминдердің ­аудармасы ала-құла және студенттерге түсініксіз жасалған. Алдағы уақытта осы мәселелерге назар аударып, бірізге түсіру қажет.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев тіл форумын қорытын­дылай келе, қозғалған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданатынына сенім білдірді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Кез келген мемлекеттің өзегі – оның бірегей мемлекеттік тілі. Бүгін мен қазақ тілін меңгеріп, оқып жүргендерге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Өз балаларын Отанының мемлекеттік тілінде оқытып, қазақ тілін білуі үшін балабақшаларға беріп жатқан ата-аналарға да алғысым шексіз. Бұл біздің бірегей азаматтығымызды білдіреді» ­деген сөзіне тоқталып, мемлекеттік тілді өз ана тіліндей меңгерген азаматтарға ризашылығын жеткізді. Соңынан мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» челленджін жариялады.

Д.ЖҰМАЖАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.