ЖҮР, БӨБЕГІМ, ЖЫЛ КЕЛДІ

«АНА ТІЛІ» КІТАПХАНАСЫНАН

Қалижан БЕКХОЖИН

(Нәрестем Мирасгүлге)

Жүр бөбегім, жүр жылдам,
Ақ шанаңды ала жүр.
Ақ торғынмен жылжыған,
Келе жатыр Жаңа жыл.

Көкем, күтіп тұрмайық,
Қалсын анаң қалғыған.
Жүр екеуміз шығайық
Жаңа жылдың алдынан.

Ақша бұлттар аспанда,
Аққу қаздай жебелеп,
Жерге шашу шашқан ба,
Ақ моншағын себелеп.

Жалтырайды ұлпа қар,
Әппақ түсті бояудай,
Омбы белде ұландар
Ойнақтап жүр қояндай.

Құздар алтын шатырлы,
Жамылғаны ақша қар,
Сені тойға шақырды,
Алқа таққан аршалар.

Қар бораса бүлк етпе,
Аяз Ата – мен өзім
Сендей балғын бөбекке,
Күндей ыстық мінезім.

Ертең тауға, кім білсін,
Ертіп сені барам ба?
Уыз денең шынықсын,
Үйрене бер боранға!

Болдым мен де жас ұлан,
Өсе келе шынықтым, –
Демін жұтып жасымнан
Сұрапыл мен суықтың.

Аязда да ойнай бер,
Жылама да жаурама, –
Ақ қояндай жайнай бер,
Аппақ қарға ауна да.
Сескенбе сен суықтан
Боз торғайдай бүрсиіп.
Бал бетіңді домбыққан
Жылытармын бір сүйіп.

Барып тауға Мирасым,
Жаңа жылды тойлайық,
Шырын денең ширасын
Қар лақтырып ойнайық.

Ақ қанатын Жаңа жыл,
Алатауға тұр жайып.
Жаңа жылдан – дана жыр,
Екеуміз бір тыңдайық.

Білмейсің-ау, бөбегім,
Сақал-шашы қыраулы, –
Әлі де жас, өлеңі,
Әкеңді – қарт жырауды.

Жырлар едім мен саған
Аңыз болған күн жайлы.
Сөзімді, жыр аңсаған
Барша бала тыңдайды.

Сол жырымды, сәбиім,
Сен де оқып білсең-ау? –
Несіне мен налиым,
Арманым сол – болшы сау…

Сең-сең қардан сен үшін
Аққаланы салайын.
Мәр-мәр мұздан сен үшін
Сырғанақты соғайын.

Сен зымыра шанаңмен,
Аққан құстай аспаннан.
Болашаққа саған кең,
Сапарың бұл бастаған.

Ақша құзда – ақ сарай,
Тұр ғой саған арналып,
Айналасы бақшадай,
Төсеніші – қар-мамық.

Ұстап берем қоянның
Көжегімен ойнайсың.
Алтын қарлы аяңның
Қызығына тоймайсың.

Басы қарлы тұр терек,
Қойды баққан атадай.
Балалар жүр еркелеп,
Тайраңдаған ботадай.

Балалық сол ойнақта,
Мәз-мереке базар бар.
Жүрген шығар сол жақта,
Ақмарал мен Ажарлар.

Мейлі сонау шыңдарға,
Есе берсін Ерландар.
Мен болдырсам – сені алға
Жетектейтін Гүлнәр бар.

Жүр, Мирасым, жүр жылдам,
Жетейік тез тау жаққа.
Аса бер сен, шың-құздан,
Мен қалсам да аулақта.
Артта қалды кезеңім,
Мен де асыр салар-ем
Ал, асқардан, көжегім,
Зымыра, сен шанамен!

ҰЛЫМА

Ояндым естіп бүгін мен,
Өзгеше бір таң шуын.
Алақайлап жүгірген
Кітап ұстап Ерланым.

Алмұрттай ғана жүрегі,
Асыға соқты түнімен.
«Оқуға барам!» дегені,
Жарасып шықты тілінен.

Таңғы таза үмітпен
Кигізді ана киімді,
Анасының көп күткен
Осы еді бір арманы…

Мереке менің үйімде,
Өзгеше бір шақ бүгін
Басты бір қадам өмірге,
Ерланым менің шаттығым!

Жөнелдім өзім жетектеп,
Сапарға бұл алғашқы.
Әке-бала күлімдеп,
Үмітіміз жалғасты.

Шалқыған таза сәріден,
Шаттығымды бүгінгі.
Білерсің балам, әлі сен,
Өскенде болып білімді.

Ашты саған есігін,
Алдыңнан келешектерің.
Оқы, білім бесігін,
Құтты болсын мектебің.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.