РУХАНИ ЖҮДЕУЛІКТЕН САҚТАНАЙЫҚ

Баспасөз ардагері Итен Қарымсақұлы Қызылорда облысы, Сырдария ­ауданы, Аманкелді ауылының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін 1966 жылы бітірді. Құқық тақырыбына жазатын журналист-жазушы. Ол ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Зейнет жасына шыққанына қарамастан газет-журналдармен тығыз қарым-қатынас жасап жүрген аға буын өкілдерінің бірі.
Жақында журналист-жазушы Итен Қарымсақұлымен кездесіп, пікірлесудің сәті түсті. Онда негізінен қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі тілге тиек етілді.

– Аға, 80-ге келген мерейлі жасыңыз құтты болсын! Жуырда туған жеріңізге барып, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанып қайттыңыз. Облыстық «Сыр бойы» газетінен басталған еңбек жолыңыз Сізді абыройға бөлеп, ел-жұртқа танымал етті. Осы тұста еңбек жолыңызға тоқталып өтсеңіз…
– Рақмет! 1958 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газетінің редакциясына әуелі хат тіркеуші болып қабылдандым. Арада көп уақыт өтпей мектеп қабырғасында оқып жүріп, мақала жазып, танымал болғандықтан, редакция алқа мүшелерінің ұсынысын газет редакторы З.Жарқынбаев пен хат бөлімінің меңгерушісі, қазақтың көрнекті ақыны Ә.Оңалбаев қолдап, еңбекшілер хаттары бөлімінің әдеби қызметкерлігіне жоғарылатты. Арада бір-екі жыл өткенде әскер қатарына шақырылдым. 1960-1963 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім. Әскери округте оқып, арнайы білім алдым. Сержант – взвод командирі әрі округтік әскери «Красный боец» газетінің штаттан тыс тілшісі болдым. Елге оралған соң бұрын өзім еңбек еткен облыстық газетте әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары қызметтерін атқардым. Одан кейінгі жылдары Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінің редакциясында жауапты хатшының орынбасары,­ Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінің редакция­сында бөлім меңгерушісі әрі алқа мүшесі, Қызылорда қалалық кеңесі атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек етіп, облыстық газет редакциясына қайта оралдым. 1985-1996 жылдары «Сыр бойы» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі әрі облыстық прокуратураның бас маманы қызметін қоса атқарып, танымдық-құқықтық басылым «Прокуратура ­тынысы» газетінде редакциялық кеңестің мүшесі болдым. 1996-2009 жылдары Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы, ал 2014 жылдан бері республикалық «Құқықтық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары қызметін атқарып келемін.
«Сыр бойы» газеті редакциясында ширек ғасырға жуық еңбек еткендіктен «Сыр бойы» және ­«Кызылординские вести» газеттерінің тоқсан жылдық мерейтойына орай жақында Қызылордада өткен рес­публикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға шақырды. Марапаттау рәсімінде жерлестерім омырауыма «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісін тақты. Демек, бұл марапат 80 жылдық мерейтойыма жерлестерімнің көрсеткен шынайы құрметі әрі сыйы деп ойлаймын.
Газет жұмысының өте ауыр әрі аса қиын-қыстау кезінде жұмыс істедік. Әріп қолмен теріліп, бет жасалатын. Қайнаған қорғасын әріп болып құйылып, қол-басымыздың бәрінен қорғасын иісі аңқып тұратын-ды. Бет-аузымыз бояуға малынып, шаршап-шалдығып баспаханада түнімен жүретінбіз. Партияның сьездері, конференциялары, сессиялар, әсіресе, жергілікті кеңестердің сайлауы өтетін кезде жұмыс істеу тіпті қиын еді. Құлаш-құлаш баяндама телетайптан алынып, теріліп, газет бетіне түскен соң, көп ұзамай жаңа редакцияда қайта теруге берілетін-ді. Біз осындай қиын жұмысты бастан өткердік. Жергілікті кеңестердің сайлауында күллі материал орыс тілінде келетін-ді. Біз оны қазақ тіліне аударамыз. Тәртіп солай қалыптасты. Берілген тапсырманы орындауға міндеттісің.
Мен Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары болған М.Ықсанов, Х.Бектұрғанов, Н.Әуелбеков, С.Шаухаманов, содан соң Алматыға қызмет ауысқанға дейін Б.Сапарбаевпен де іс-сапарға жиі шығып, көп нәрсені үйрендім, үлгі алдым. Журналистік қызметті адал атқардым. Әсіресе, Алматы шаһарына келген күннен бастап бұқараман тығыз байланыс жасап, әртүрлі тақырыпқа қалам сілтеп, әсіресе, мемлекеттік тіл мәселесіне ұдайы зер салдым. Алматы қаласы әкімінің 80 жылдық мерейтойыма­ жазған құттықтау хаты осы сөздің толық дәлелі. Онда былай дейді: «Жұртшылық Өзіңізді қазақ журналистикасы саласында өзіндік орны бар қарымды қаламгер, кәсіпқой журналист ретінде танып-біліп, ерекше құрмет тұтады. Сонымен қатар Сіздің мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту ісіне қосқан үлесіңіз де қомақты. Алматы қаласының прокуратура органдарында іс-қағаздарын қазақша жүргізуге көп күш жұмсап, мемлекеттік тілдің құқықтық салада қолданылуы мен дамуына зор еңбек сіңірдіңіз».
– Бір сұхбатыңызда «қалада мемле­кеттік тілге деген қамқорлық талапқа сай емес, іс-қағаздарын жүргізу жұмыста­рында әлі де кемшілік пен олқылық бар, мемлекеттік тілді менсінбейтіндер, тіл десе тілі күрмелетіндер арамызда көп кездеседі. Жасыратыны жоқ, бұған бірінші кезекте жоғары органдар ­тарапынан жол берілуде. Олар өздеріне бағынышты органдарға нұсқауды, тапсырманы орыс тілінде қарша боратып жолдап жатады. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба солай жүреді» ­дегендей, төменгі буын да жауапты сол тілде қайтаруға тырысады» депсіз. Бұл қателеспесем, сіз прокуратурада қызмет істеген кез. Арада 16 жыл өтті. Бүгінгі жағдай қалай? Мемлекеттік тіл – қазақ тіліне деген құрметіміз қаншалықты артты?
– Тілді дамыту мен қолдану ­мә­селесін 1996 жылдан бастап күні бүгінге дейін айтып та, жазып та келемін. Бұл өзі тұрақты қаузайтын тақырыптың біріне айналды. Сізге бір қызық айтайын, еліміздің прокуратура органдарында тұңғыш рет 1996 жылы Алматы қалалық прокуратурасында баспасөз хатшысы болып іске кірістім. О баста маған жүктелген басты міндет – прокуратураның тыныс-тіршілігін, жасап жатқан жұмысын халыққа жариялап, хабардар ету болатын-ды. Уақыт өте келе, жұмыс басқа қырынан, тіпті өзгеше ұйымдастырылды. Бір-екі жылдан кейін, прокурорларға іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу үшін қазақ тілінен сабақ беріп, емтихан алуыма тура келді. Сонда барлық тауқыметті көтердім десем, артық айтқандық емес. Өйткені бүкіл іс-қағаздары орыс тілінде келеді. Көпшілік жағдайда орысша мәтіндерді қазақшаға аударып, Бас прокуратураға жолдап отырдым. Арыз-шағым, өтінішті жазған – қазақ, ал біз оған орысша жауап береміз. Себебі бізде өтініш қай тілде жазылса, сол тілде жауап жазылуы ­керек деген ұғым бар. Тіпті өзі орысша сөйлей алмай тұрып, арызын орысша жазатын қазақ та бар. Бұл қазақ тіліне жаны ашымағандық, жете мән бермегендік.
Алматы шаһары – халықтың тығыз, өте көп шоғырланған жері. Ұзақ жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс жасап келемін. Тіл мәселесіне күнбе-күн ­назар аударып, қадағалап отырмаса алға қойған мақсатымыздың жүзеге асуы қиындай бермекші. Өйткені көп адам ресми тілде сөйлейді, қазақ тілінде сөйлеуге, жазуға шорқақ. Кез келген мекемеге барып, іс-қағазын немесе арыз-шағымдарды тексеріп көріңізші, бұған анық көзіңіз жетеді. Кезінде әскери комиссариаттарда іс-қағаздар ресми тілде, орыс тілінде жүргізілген. Ал мұндай шаралар әлі сол қалпында, баяу жүзеге асып келеді. Сөз көп, іс мардымсыз.
Көшедегі жарнамаларға қарап, қазақтың тіліне жаның ашиды. Адамның ойына келмейтін, ешкім түсінбейтін атауларды жазып қояды. «Ау, бұл қалай?» деп, бас қатырып жат­қан қазақтың бір азаматын көрмей жүрмін. Жауапкершілікті ешкім мойнына алғысы келмейді. Бұл жұмысқа нақты жауап бере алмайды. Сондықтан мемлекеттік тіл әлі өлместің күнін көріп келе жатыр. Тілге жаны ашымаған адамның, қоғамға да жаны ашымайды. Қоғамға жаны­мыз ашымаса сонда біздің кім болғанымыз?..
Елімізге шетелден келген қандас­тармен ара-тұра жүздесеміз, бас қосамыз. Қаракөздер бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанын көргенде, меймандар «Сіздер қазақсыздар ғой, ә!» деп таңғалады. «Біз қазақпыз, бірақ солай дағдыландық, бұл сүйекке әбден сіңіп кетті» деп күлеміз. Ұятты қойдық. Негізі, бұл күлетін нәрсе емес. Орыс тілінде сөйле деп қысым жасау жоқ. Оқыған-тоқыған зиялы­ларымыздың үйіне бара қалсаң, бала-шағасы қазақша білмейді. «Ассалаумағалейкүмді» айта алмай, орыс тілінде шүлдірлейді. Осылай кете берсек, біздің ұрпағымыздың күні не болады? Біз қанымызға сіңген, қарапайым, шұрайлы тілімізбен сөйлесек, ертең ұрпағымыз да солай өсері анық. Сондықтан әрбір азамат өзінің ана тілін, ана сүтімен дарыған қазақ тілін ұрпақ санасына сіңіруде қажымай-талмай еңбектенуі тиіс.
Бұл тұрғыда басшылықта отырған азаматтар белсенді болуы қажет. Мәселен, менің үйімнің жанында №176 мектеп-гимназия бар. Қазір онда екі мыңнан аса қазақтың баласы оқып, білім алып жүр. Бәрі де жақсы оқиды. Директор Г.Әденованың ұйымдастыру қабілеті зор, талабы күшті. Сондықтан тәртіп қатаң сақталады. Ауданның барлық мәдени іс-шаралары осында өтіп жүр. Осы мектеп-гимназияның тыныс-тіршілігіне қарап, қуанамын, мақтаныш етемін. Мектеп-гимназия өткізген күллі шараларға белсене қатысып, қазақ тіліне деген жанашырлықты сүйсіне әңгімелеймін. Ата-аналар жиі бас қосып, түрлі ­мә­дени шаралар ұйымдастырып, мектеп-гимназия ұжымының атқарған жұмыстарына ұдайы қызығушылық танытады. Егер қаладағы барлық мектеп-гимназия істі дәл осылай нақты қолға алатын болса біздің мерейіміз үстем, ұтарымыз көп болар еді. Есесіне, қазір баласын орыс мектебіне беру көбейіп тұрған заманға тап болдық.
– Газеттің қиын кезінде жұмыс істеген едім деп айтып қалдыңыз. Ол уақытта газеттің таралымы қандай еді? Бүгінгі оқырман мен сол тұстағы оқырманның арасында қандай да бір айырмашылық, өзгешелік бар ма?
– Рас, ілгеріде газетке жазылу бір қызу науқан еді. Жақсы таралды. Оқырман ынтасы артты. Газет бір күн үйіне кеш келсе ренжитін де адамдар болды. Ал бүгінгі таңда баспасөздің таралымы көңілден шықпайды. Сондықтан қазіргі оқырман мен бұрынғының арасы жер мен көктей алшақтап кетті. ­Газетке жазылу және тарату мәселесіне мұрындық болатын әкімдіктер, өзге де мекемелер бұл жұмысты доғарды. Ал газет оқымау өмірден артта қалу деген сөз. Ең басты мәселе – газеттің таралымын көбейтпей, біз қазақ тілін өркендете алмаймыз. Іс-қағаздарын да қазақыландыра алмаймыз.
Қазіргі таңда ғаламтор қызметі ерекше қызықтырады. Не іздесең бәрін табасың. Амал не, көңілге бір түйгенім қазірде қазақ тілінде жазылған дүниелердің оқылуы өте мардымсыз, көңілім толмайды. ­Демек, көп адамдар газет те оқымайды, ғаламторды да ашпайды, көрмейді. Бұл үлкен кемшілік. Түсінген адамға ғаламтордың қызметі рухани дүниеңді жаңартатын зор байлық, әлемдегі жаңалықты лезде жеткізетін ең құдіретті құрал, үлкен мүмкіндік. ­Рухани жүдеулік үдеп бара жатқаны мені қатты қынжылтады. Демек, жастарға қазақ тілінен артық тіл жоқ екенін ұғындырып, олардың санасына терең сіңіре білу керек. Қазақтың тілі біздің болашақ өміріміз, үлкен байлығымыз. Еліміз жақсы, өркениетті ел болсын ­десек – қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде жазу қажеттігін жастардың санасына мықтап сіңіру біздің басты міндетіміздің бірі болуы тиіс деп ­санаймын. Ағайын, рухани жүдеуліктен сақ болайық!
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.