ДИМЕКЕҢНІҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ

Қаңтар айының жаймашуақ бір күні еді. ҚазҰУ-дың тұсында Есентай өзенін ­бойлай келе жатыр едім. Ентелей қуып жеткен кісі тосыннан:
– Бүгін күн қалай ? – деді.
– Күн нұрлы, жарқын екен! Шырайлы шатты күн екен – қалың қар түсіп, күн шайдай ашылып, дала құлпырып тұр.
– Бүгін Димаш ағаның туған күні. Қазақстанды Қазақстан етіп, Одақтағы абыройлы, еңселі республика етіп көтерген – Димекеңнің еңбегі. Мұны ұмытпаймыз. Құдай рақымын берсін ол ағамызға! – деп тоқтап, ентігін басты кісі. Содан кейін әңгімесін жалғастырып: – Мен Сарыарқада туғам. Алматыға қоныстағалы талай жыл болды. «Бетегелі Сарыарқаның бойында соғысып өлген өкінбес!» дегенді оқыған боларсың, – деді.

– Доспанбет жырау ғой, – дедім.
– Бәрекелді! – деген мадақты аямады.
Осы әңгімемен Фараби даңғылына жетіп, ол кісі ары асып, кең ашыққа сіңіп кетті.
«Қазақстанды Қазақстан етті» ­де­мекші, бұл жай көп жылғы демо­гра­фия­­лық күйзелістен кейін халқы­мыздың сан жағы­нан, рухани жағынан қуаттануға бет алған жылдарында анық көріне бастаған еді.
Алматы педагогикалық шетел тілдері институтында қызмет істеген жылдары институттың мұқтажымен Димекеңнің қабылдауында болдым. Негізгі мәсе­лелер айтылып болған соң, Димекең жаңадан салынған жатақхананың жайын сұрады. Жатақхананың бітіп, студенттер кіргенін хабарлай отырып, байқамай кішігірім мәселе аузымнан шығып кетті. Жатақхананы жабдықтауда электр счетчигінің әлсіз қойылып, жарық жиі өшіп қалып, студенттердің оқуына, тұрмысына көп кедергі болып жүр еді. Құрылысшылар мәселені қиындатып, Украинаға заказ беру керек, бару керек дейтін.
Димекең сәл жымиып, маған қарады да:
– Мәселені олар бекер қиындатады. Райымбек даңғылының Әулиеатаға (Димекең қаланы осылай айтты) шығар жолында «Завод низковольтной аппаратуры» деген бар. Соған барыңыз, олардың көмек беретін жағдайы бар, – деді.
Жанға батып жүрген жай еді. Көп ұзатпай заводты таптым. Заводта көрге­нім мені қатты таңғалдырды, қуантты. Директоры орта жасқа жетпеген қазақ кісі екен. Жұмысшылары маған түгелдей қазақ сияқты болып көрінді. Цехтары­ зертхана сияқты: қатар-қатар үстел, жұмысшылар аппарат құрастырып жатты.­ Завод тез арада керекті аспапты жасап берді. Студенттердің тұрмысы қалыпқа түсті…
Дінмұхамед Ахметұлы республи­каның тілдерді білу мәдениетіне көп зер салатын. Ағаның ұсынысымен 1976 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ- да араб тілінен маман дайындайтын бөлім ұйымдастырылды. Мектептерде шет тілі ретінде араб тілі оқытылатын болды.
Аға «Бір тіл білген – бір есе адам, екі тіл білген – екі есе адам» деген бар ғой, сырт елдердің мәдениетін, шаруашылық мәселесін біліп жүру үшін, үйренуіміз үшін көп тіл білуіміз керек» дейтін. Осы айтқанына сай ол кісі біздің институттың материалдық базасының нығаюына, кадр құрамының біліктілігінің өсуіне көп көмектесті.
Көмек сұрап барғанда «Тапсырып қоямын, пәленшеге барасыз, түгеншеге барасыз» демей, тиісті кісілерге бірден телефон соғып, мәселені табанда шешіп тастайтын.
Д.Қонаев заманында республика,­ облыс, аудан дәрежесінде партия, совет, шаруашылық салаларын басқаратын мықты кадрлардан тұратын база қалыптасты, олардың қатарында ұлттық кадрлардың саны өсті. Олар заман стиліне сай қызмет атқара білді. Бұл ұлттық кадрлардың табысты, адал қызметі ұлттық кадрлардың мәртебесін күшейтіп, бұлардың қатарының өсе түсуіне жол ашты.
Әйгілі болған қайраткерлер шықты, олардың аты әлі де халық есінде жүр. Ұлт атаулы – адамзаттың генофонды, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмір сүру тәжірибесінің қайнар көзі. Сондықтан да кең өріспен жүретін, қайрат ететін азаматтар ұлт мәселесіне зерек қараған. Аталған кредо анық болғанымен, Батыс империализмі, ресейлік империализм, советтік билік өз ниетіне сай оны аяқасты етіп, табиғат, қоғамдық өмірдің бағытына қарсы, теріс саясат жүргізді.
Бұл тұста Димекеңнің дипло­ма­тиялық шеберлігін, ақылмен жүзеге асырып отырған іс-әрекетін атап өткен жөн.
АҚШ президенті Дуайт Эйзен­хауердің Д.А.Қонаев жөнінде айтқан мына сөзін мақтанышпен келтіремін: «Мен бүгін ұлы адаммен кездестім. Бұл кісі – тереңнен ойлайтын дипломат екен, әрі халық даналығын бойына мол сіңірген кісі екен. Мұндай адам Советтер одағында сирек» (2016 ж. күнтізбеден алынды).
Д.А.Қонаевтың Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деп аталатын өлкені басқаруда қазақ халқын, ұлтын жетілдіру бағытындағы саясаты, істері Француз ағартушылығы бастап, қоғамдық ғылымдардың жетілдірген гуманистік теориясынан нәр алып ­жатыр. Димекеңнің үйінде сөреде тұрған кітаптар соны дәлелдейді. Қазақ халқының индентивтігін құрған компоненттерді тануы соны көрсетеді. Димекеңнің бұл бағыттағы талаптары, ізденуі М.Ерімбетовтің «Самарқанға саяхат» деген мақаласында жазылған.
Бұл сапарында Димекең қазақ ­тарихына қатысты объектілермен қатар, исламдық мәдениет ескерткіштеріне де көп көңіл бөлген. Бұл қызығушылық Димекеңнің Орталық Азия халық­тарының этникалық өзгешелігі бола тұра, біртұтас мәдени ареал деп танитынын байқатады.
Димекең Қазақстанның интеллек­туалдық қуатын еселеуге көп әрекет ­жасады. Интеллигенцияның твор­честволық жұмысына жағдай жасауды­ қарастырды. Оларға арналған үйлер, демалыс орын­дары салынды, олардың еңбегін идеоло­гия­лық тұсаудан босаңсытуға талаптанды.
Тарихи оқиғаларды жаңаша көрсете­тін шығармалар туды. Бүгінгі еңбек адамдарының тіршілігін, жай-күйін жіті, тартымды, нанымды етіп ашатын шығармалар жарық көрді.
Өз басым Димаш ағайды соңғы рет 1989 жылы көрдім. Бұрын Қазақстан коммунистік партиясының орталық комитетіне қарайтын демалыс үйіне жұрт жолдамамен еркін бара беретін болған. Сонда демалып жатқам. Қыркүйектің аяқ кезі еді. Бір күні әйелдер «Димаш Ахметович­ остановился возле играющих в шахматы. Его обступили отдыхающие» деп, фоэге дүрлігіп кірді. Мен шыққанша, Димекең кетіп қалыпты. Ізімен жүре бердім. Бақтың жоғарғы жағында Димекең қонақтар үшін ­резиденция ретінде салдырған үйі бар еді. Сәулеті өте ажарлы, барокко мәнерінде тұрғызылған, сәулетті. Одан сәл арыда антикалық стильдегі арка тұр. Жанында­ жүзім бағы. Самал жел жүзімнің күз қызартқан жапырақтарын желпінді. Димекең арканың жанында осы бейненің бәрін қызықтап тұр екен. Жүзім бағын жағалай су ағып жатыр. Төңірек жусап жатқандай тып-тыныш. Димекең тіп-тік тұр. Дене қайраты, ой қайраты қалпында, сабырлы.
Мен ағаның босаңсып, еркін демалып тұрған қалпын бұзбағанды дұрыс көрдім. Жетпіс жасқа толғанда, елден келген ақсақалдардың «Димаш, жетпіс жасың толағай болсын, сексеннен секіріп өтіп, тоқсанға тоқтамай өтіңіз, жүзден жүзіп өтіңіз» деген сөзін Димекең қайталап еске түсіріп, халыққа, елге риза болып, айтушы еді дейді ағайындары.
Халықтың Димекеңе ризалығы мәңгі өшпейді.

Рақыш ӘМІР,
филология ғылымының докторы,
профессор, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.