Гүлсина МЕРҒАЛИЕВА: РЕЖИССЕРГЕ ҚАЖЕТІ – ЕРКІНДІК

Гүлсина МЕРҒАЛИЕВА Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты: 

Театр әлемінде режиссер деген ардақты мамандық бар. Біз әспеттеп ардақты атағанымызбен, қиындығы мол, «соқтықпалы, соқпақты жолдағы» мамандық қой, ауыртпалығын білген жанға. Шығарма­шылықтың ләззатын сезініп, жаны қалаған қойылымын қойып, жүрек сөзін көрерменіне жеткізе білгендер үшін бұл мамандықтан артық ештеңе жоқ екені және рас. Гүлсина Бақытжанқызының өзінен бұрын шығармашылығымен таныстық. Олай дейтініміз, сонау маң далада көркемдіктің көрігін соққан Маңғыстау театрына бара алмасақ та, Елордадағы жұмысын көрдік, риза болдық, таңдандық, тамсандық. Атырауда өткен Р.Отарбаев атындағы фестивальде өзімен танысып, жүздесуді бұйырыпты. Оның театрына деген, актерлеріне деген айрықша қамқорлығын, ерекше ілтипатын байқадық…
Айтқандай, «Сахнагер-2019» ұлттық театр сыйлығының иегерлері анықталғанда, «үздік режиссер» номинациясын Г.Мерғалиева алғанын да айта кеткен жөн.

– Гүлсина Бақытжанқызы, әдетте қыздар, негізінен, актриса болуды ­армандайды ғой. Ал театр режиссері болу қайдан ойға келіп жүр?
– Мен Ресейдің Самара аймағында туып-өстім. Анам ауылдық Мәдениет үйінде қызмет етті. Яғни түрлі мәдени шаралар, кездесулер өткізуді де қоса атқаратын. Сол іс-шаралардың себебімен бала күнімізден сахнаға шығып жүрдік. Анам қызмет атқаратын Мәдениет үйінде бірнеше мекеме бар еді. Әсіресе кітапханасы үлкен-тін. Сол жерге күніге барып кітап оқитынбыз. Ол кезде кинопрокат деген де болды. Күніне 20 тиынға кино көрсететін. Кеңес одағындағы кинолардың ­сапалы болғаны белгілі ғой. Міне, анамның тәрбиесі, бас алмай оқыған кітаптар мен күнде көрген кино өмірлік таңдауыма негіз болды ғой деп ­ойлаймын. Әйтеуір төртінші сыныпта жүріп-ақ күнделігіме «режиссер болғым келеді» деп ­жазыппын. Иә, біз ол уақытта күнделік жүргізетінбіз. Кішкене бір кезімде әуелі актриса болғым келгені есімде. Ал төртінші сыныпта жүргеннен режиссерлікті неліктен, қалай таңдадым – есімде жоқ. Бәлкім, сахнадағы негізгі шешімді қабылдайтын режиссер екенін сол кезде түсінген болармын.
– Ең алғашқы қойылымды сахна­лағанда біраз қиналған, жүрексінген боларсыз? Әлде жастық жігер басым сәттерде қиналыстан қуаныш басым түсті ме?
– Сөзімнің басында айттым ғой, мен туып-өскен Самарадан арман қуып келген әсем Алматының Жүргеновіне дейінгі жолым өзінше күрделі, өзінше қызық. Жолымның болғаны сол ғой, таңғажайып режиссер, шебер, халық артисі, қазақ режиссурасының теория­сын жасаған адамның қолына түстім. Ол Маман Байсеркенов еді. Біздің ең қиналған, ең қиын, ең күрделі кезеңіміз осы оқу жылдары болған сияқты. Біз бес жыл оқыдық. Ол өте күрделі бес жыл еді. Неге? Себебі біздің ұстазымыз өте қатаң, өте талапшыл болатын. Біраз ащы терімізді бес жыл оқуда сығып алды. Өзі де: «Қатал болатын себебім, қазір қиналсаңдар, кейін оңай болады»­ дейтін. «Ал қазір қатты қиналып, шыдай алмасаңдар, онда кеш болмай тұрып мамандықтан бас тартыңдар, қазір кетсеңдер, кейін маған алғыс айтасыңдар, себебі бұл жол сендерді оңай жолға, оңай өмірге бастап апармайды» дегенді жиі айтатын. Оқуға 16 бала түсіп, бесеуіміз ғана оқуды бітірдік. «Қазір қиналсаңдар, кейін оңай болады» дегені рас болды. Біз өзіміздің ең алғашқы қойылымымызды қоюға кеткен сәтте, өзгелердің атынан сөйлемейін, өз айтымнан айтсам, оқу оқып жүрген кездегідей аса қиналған жоқпын. Себебі, театрларда кәсіби артистер еді. Менің ең алғашқы тәжірибем Семейде «Сказка» қойылымын қойдым. Кейін Көкшетауға барып, Н.В.Гогольдің «Ревизорын» және С.Ахмадовтың «Келіндер көтерілісін» қойдым. «Келіндер көтерілісінде» халық артисі Жібек Бағысова ойнады. Ең алғаш кәсіби сахаға шыққанымда ­«Шынымен де сахна алдында тұрмын ба? Қандай керемет!» деп шаттандым. Ал қалған актерлер, тіпті үлкен, құрметті артис­тер де сахна сыртында менің сөзіме құлақ қойып тұрған еді. Сол алғашқы репетициядан кейін үлкен актерлердің бірі, Еңбек сіңірген артист, Жұмағалиев маған қарап: «Болатын баласың» деді. Болдық па, жоқ па білмеймін, алайда алғашқы қойылымым осындай жорамалмен басталған еді.
Студент шағымызда Әшірбек Сығай біздің дәрісханаға келгенде қатты қуанатынбыз. Себебі ­Маман Байсеркенов екеуі бір-бірімен кәсіби әңгімеге кірісетін. Театр, драматургия немесе белгілі бір театр қайраткері туралы сөйлесетін. Біз де Байсеркеновтің қаталдығынан сәл-пәл сергіп қалатынбыз. Сондай шуақты отырыстардың бірі еді. Әшірбек аға мен Маман аға кәсіби сахна туралы қызу пікірталасқа кіріп кеткен. Біз өзара сыбырға көшкенбіз. Кенеттен Әшірбек аға кілт бұрылып, мені саусағымен көрсетті де: «Осы қыз халық артисі болады» дегенде маған артылған жауапкершіліктің үлкен жүгін сезіндім. Сол сәтте режиссурадан, осы бағытымнан мүлдем ауытқымауым керек екенін түсіндім. Осы екі ұлы адамды алдамауым керегін, олардың үмітін ақтауым керегін ұқтым. Әшірбек ағаның мені көрсеткен саусағын, сол сәттегі Маман ағаның аялы жанарын ешқашан ұмытқан емеспін.
– Үлкен марапаттарға жас ­ке­зіңізден іліктіңіз, жас шағыңыздан театр саласындағы үлкендердің батасын ал­дыңыз, мақтауын естідіңіз. Бұл сізге қанат бітірді ме, әлде үлкен белестерді бірден бағындырып алдым-ау деген бір сезімдер бойды биледі ме?
– Өмір несімен тамаша? Эмо­циялардың барлық бояуын көруімен тамаша дер едім. Менде ешқандай сезім болмады деп айта алмаймын. Иә, менде де түрлі сезімдер болды. Маған адамдар сенді, марапаттар берді. Бұл, бір жағынан, еркіндік сыйлады.­ «Шексіз қиялымды, қолтаңбамды көрермен, қазылар алқасы түсінді, қабылдады» ­деген сенімді ұялатты. Сөйте тұра мен ­театр эстетикасы заңынан ауытқымадым. Ешқашан сахнаға ­немесе эстетикаға қарсы дүниені ­жасамадым. Мейірімнің ­жолынан адастыратын бағытқа жоламадым. Мен әркез мейірім, адамгершілік, тазалық сұлулық жағындамын. Әуел бастан ұстазым бойыма осы сезімді сіңірген еді. Менің ішкі жан-дүниемнің қалауы сол. Мен осы дүниелер туралы­ көбірек, тіпті мүмкін батылырақ айта бастадым. Иә, «бақыттан басым айналып» демей-ақ қояйын, бірақ өзімді астам ұстаған сәттер болды ғой деп ойлаймын. Жастықтың буы ғой. Бәлкім мені бәзбіреулер тым өркөкірек деп есептеген сәттер де кездескен шығар. Сырт көз солай көруі де мүмкін ғой. Оның себебін білмеймін. Алайда менімен сөйлесе бастаған сәттен: «Сен ашық-жарқын, мейірімді адам екенсің ғой» деп таңғалып қалғандарды да көргенмін. Құдай берген мінезбен театрдың шығармашылық әлеуетін арттырып келеміз. Ал өзіңіз айтқан «мінездерді» бойымнан көретін сәттер қазір де кейде қылаң беріп қалады. Алайда, ондай сәтте өз-өзіңді сабырға шақырып: «Гүлсина, тыныштал» дейсің.
– Сізбен замандас-қанаттас режиссерлер сахнаға жаңа сарын әкеліп жатты. Олардың сол еңбегі бағаланды, сыншылар тарапынан жұмыстары лайықты түрде талданды деп ойлайсыз ба? Жалпы Қазақстандағы режиссерлер кезігетін басты мәселе не?
– Қазіргі жас режиссерлердің жұмысына әлеуметтік желілерде көрермендер, журналистер бағасын беріп жатады. Ал біз ең алғаш жұмысты бас­таған кезімде дәл менің құрдаста­рымнан Рүстем Есдәулетов секілді бірен-саран режиссер болмаса, қатарластарым көп болмады. Нұрлан Жұманиязовтар менен үлкен еді. Сондықтан бұл сұраққа қанаттас емес, замандас режиссерларды мысалға ала отырып жауап берейін. Ең әуелі сынның қайсысы шын, қайсысы жалған немесе лайықты екеніне мен төрелік айта алмаймын. Себебі жан-жағыма қарауға уақытым жоқ. Мен өз мақсатым, міндетім, өз театрым бар адаммын. Ол жұмыстармен қатар, мен туралы әлдене жазып, біздің театр, яғни Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау мемлекеттік театры­ туралы жазғандардың ақ-қарасын айырып отыра алмаймын ғой. Иә, ол материалдарды оқимын. Керек дүниелер айтылса, көңілге тоқып қоямын, болды.­ Ал енді замандас ­режиссерлар ­туралы жазып жатыр ма, ол жазғандары лайықты сын ба, оны елеп-екшеп отыруға, шынымды айтсам, уақыт тарлық етеді. Демек, замандастарым дұрыс бағаланып жатыр ма, оны да айта алмаймын. Бұл бәлкім эгоизм де шығар. Әйтеуір ешкімді қадағалап та, оның жұмысын қызғанып та жүргенім жоқ. Өз ісіммен айналысамын. Спектакльдер қоямын, кино түсіремін, іс-шараларды өткіземін, фотокөрме, кейін сурет көрмесін өткіздім. Қысқасы, осындай іс-шаралар… Жақында ғана әрбір артист туралы кітапшалар шығардық. Осындай жұмыстармен айналысамын. Өзге режиссерлер қалай бағаланып ­жатыр, оны білмеймін. Білетінім – жақсы режиссерлар өте көп. Олардың ішінен Қуандық Қасымовты ерекше айтар едім. Жетпістен асқан ол ҚР Еңбек сіңірген қайраткері емес. Бұл өте қате дүние. Ол лайықты бағалануы керек.
Режиссер болсын, болмасын, кез келген адамның өз мәселесі бар. Режиссердің көп мәселесінің бірі – шығармашылыққа қатысты. Қоюшы-режиссердің еркіндігі болғанын қалар едім, оған «мынаны қой, себебі бүгінгі күнге осы қажет» демеуі ­керек. Қайта: «Сен нені қойғың келеді?» деп сұрағаны жөн. Немесе «Біздің театрға осы қойылым қажет, мынаны қой» ­демесе екен. Әрине, режиссер оны қояды, себебі мамандығы сол ғой. Бірақ «Ал қандай қойылымды қойғың келеді, қандай қойылымда актерлер өздері армандаған рөлінде ойнай алады?»­ деп сұраса. Мен үшін ең басты мамандық – актер. Ол ең ұлы мамандық. ­Режиссер өз мамандығына келген сәтте бір маңызды дүниені түсінгені жөн: «Актердің арманы, актердің құдай берген таланты алдында режиссер жауапты». Ол соны түсініп, актерді ашуы керек, актердің талантының ашылуына, актердің театрдағы өмір жолына режиссер жауапкершілікті алады.
Режиссердің тағы бір басты мәселесі – оның денсаулығы. Дәл қазір сырқаттанған соң ұмыт болатын режиссер көп. Барлығы бірдей оны ұмытып кетеді. Олардың өлуден басқа жолы қалмағандай. Бұл өте қорқынышты. Медициналық көмекті қажет ететін жас режиссерлар да бар. Олар жас қой, анау ауырып жүр деп атын атап, түсін түстегім келмейді. Алайда қандай да бір қамқорлық керек. Себебі ­режиссер сахна алдында жалғыз өзі тұрып алып, қыруыр еңбек етіп, бір театрдағы елу шақты, жүзден аса адамға шығармашылық импульс беріп жүрген тұлға. Оның денсаулығына ерекше күтім керегі анық. Оларды мемлекеттік бағдарлама болсын ­немесе Театр қайраткерлері одағының атынан болсын, тіпті Қазақстан театр­лары ассоциа­циясы атынан болсын, шипажайларға апарған, емдеген жөн. Жас режиссерлар ауырып жүр, тіпті дерті ауыр жастар бар, мен оларды білемін. Тек аттарын атай алмаймын. Өздері де ауырып жүрмін деп айтқысы келмейді. Болашағы зор жас режиссерлерді қадағалап жүремін. «Емделсеңші» деймін. Алайда, олардың кейбірінің емделуге де жағдайы жоқ, кейбіреуі күндіз-түні жұмыс істегендіктен, уақыт таппайды. Режиссерлардың көпшілігінің емделуге жай-күйі келмейді. Жақсы бір режиссеріміз бар, елге еңбегі сіңудей-ақ сіңген жан. Қазір көпшіліктің көңілінен өшіп бара жатыр. Себебі сырқаттанып қалған. Оның кім екенін айта алмаймын, маған өкпелейді ғой. Алайда сырқаттанған соң ұмыта салар болсақ, режиссерге құрметіміздің құны қандай?


– Соңғы кездері өзіңіз көрген, қатты ұнаған, тебіренткен қойылым­дар­дың бесеуін ата десе, қандай қойылымдарды атап шыға аласыз?
Рача Махатаев, Санкт-Петербурге тұратын қазақ режиссері. Гогольдің «Ревизоры». Семейде қойды.
Сергей Потапов. Ә.Кекілбаевтың «Шыңырауы». Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында қойды.
Дина Жұмабаева. Шыңғыс ­Айт­матов­тың «Ана – Жер-Анасы». Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыс­тық музыкалық драма театрында қойды.
Асхат Маемиров. А.П.Чеховтың «Дядя Ванясы». М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ­театрында қойды.
Шамиль Дыйканбаев. Гогольдің «Чичиковы». Ақмола облыстық драма театры қойды.
– Сізге қай бағыттағы қойылым­дарды сахналаған ұнайды? Ал біздің театрларда­ қандай жанр, нендей бағыт сирек кездеседі деп есептейсіз? Неге?
– Режиссердің қолтаңбасы болмаса, ол да үлкен мәселе. Бізде шығармашылық кеңес деген де бар. Алайда ол шығармашылық кеңестер шығармашылық ойда бола бермейтіні де рас. Өздерін осы шығармашылық кеңесте сөйлеуіме болады екен деп ойлап қалғанда да осы шығармашылық кеңеске кіріп алатын жағдайлар кездеседі. Олар өздерінің интелекті шеңберіндегі таным-түсінігімен ғана сөйлегісі келеді. Режиссер ол ауқымды, жаһандық мамандық. Оларға былай қойып бер дей алмайсыз. Спектакль қойғанда ішкі бақылаушың, эстетика, стиль тұрғысынан сені нәзік жолға жетелейді. Ол сенің ­режиссер ретіндегі ішкі «менің». Ең бастысы – сенің еркіндігің. «Мынаны түсінбейді ғой» дегенді ойламай жұмыс істеуің керек. Оқырман қазір бәрін өте жақсы түсінеді. Интеллектуалды көрермен интернеттен, ютубтан әртүрлі жұмыстарды, ­киноларды, клиптерді ұдайы көріп жүр. Ол қазір бәрін тез түсінеді, біледі. Оларды­ ештеңе түсінбейді деп қарабайыр дүние жасау өте үлкен қателік дер едім. Алайда кейде қысымның кесірінен, кейде көрерменді бағалай алмай біз сондай қадамға барамыз.
Режиссер ретінде, мен спектакль­дерді «жазамын». Шығармаларды араластырып, жазамын. Мені не дәстүрлі, не модернист режиссер деуге келмейтін шығар. Символиканы жазады деуге­ де келмейтін болар. Оны сыншылар айтсын, өзіме баға бере алмаймын ғой. Алайда Қазан қаласында ­«Цунами», «Қарақұрт» спектакльдерін қойғанда олар мұны постмодернизм деп бағалады. Сол екі спектаклім өзімнің қалағанымдай қойылған, өзіме ұнайтын қойылымдар. Қазір музыкалық шығармалар қойылуға тиіс. Ол өте қызық. Сахнада билей алу да маңызды. Маған ондай сұлулық ұнайды.
– Жалпы өзіңіздің жұмысыңызда сахналық, сюжеттік идеяларды қайдан іздейсіз?
– Жолымның болғаны сол, мен жас шағымнан шығармашылық жетекшімін. 24 жасымнан шығарма­шы­лық жетекшімін. Шын қаласам үш қойылымды қоя беремін. Қаласам деген шығармашылық адамына өте керек дүние. Мен осыны айтқанды қалаймын, осыны көрсеткенді қалаймын деу шығармашылық адамы үшін маңызды. Н.Жантөрин атындағы театрымызда барлық мамандық иелерінің өз «мені» бар. Олардың қалау еркі бар, олардың айтар сөзі бар.
– Бір емес, бірнеше театрларда спектакльдерді сахналадыңыз. Көрер­мендердің де, театр сыншыла­ры­ның да жақсы пікірлері айтылып жатты. Өзіңіздің көңіліңізден шыққан, осы бір сәтті дүнием болды-ау деп көңіліңіз ерекше марқайған қай туынды?
– Спектакльдерімді көп жерде қойған жоқпын. Елорданың екі театрында ғана қойылды. Н.В.Горький атындағы орыс мемлекеттік академиялық ­театрында екі қойылымым: Булгаковтың «Мастер и Маргарита» және Қ.Жандарбеков­тің «Томирис царица сакская» қойы­лымдары жүріп жатыр. Қ.Қуанышбаев  атындағы  мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма­ театрында Роза Мұқанованың ­«Саррасы» қойылып жүр. Иә, олар ­туралы жақсы, жылы пікірлер айтылды. Қазір оларды бәлкім, сәл басқаша қояр ма едім. Алайда қандай жағдайда да өзіндік «меніме» адал ­болып келемін. Кейбір сәттерді барынша ойластырып қояр едім деп ойлаймын. Жантөринде де, басқа қалаларда да қойған қойылымдарымның кейбір тұстарына неліктен қайта үңілгім келеді? Жыл өткен сайын өзің де өзгергеніңдей, мына бір жерін басқаша өзгертер едім деп ойлайсың.
– Сіз үшін шығармашылық, тех­никалық тұрғыда не маңызды, қойы­лымдарды сахналағанда не нәрсеге аса көңіл бөлесіз?
– Бәрі де маңызды. Ең бастысы актер маңызды. Ал жарық, дыбыс, техникалық дүниелер, сахна да өте маңызды. Біздің театрлардың дамуы да маңызды. Қазір қай театр жақсы? Бұрындары салынған театр жақсы. Қазіргі салынған театрда дыбыс дұрыс емес немесе акустикасы нашар. Ал ­заманауи театрларда мұндай кемшілік болмауға тиіс. Шетелік заманауи театрлардың сахнасы көпфункциялы. Олардың декорациясын тіптен көркем етуге мүмкіндік мол. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев Қытайда спектакльде­ болған бір жайтты айтып берді. «Бір уақытта залдың үстін әйнекпен жауып­ еді, мұхиттың түбінде жүргендей болдық. Үстімізден су сылдырап, оқиғаның ортасында жүргендейсің» дейді. Техникалық жабдықталу, Батыс елдерінде, Қытайда өте жақсы. Ресейде ондай жабдықтау жоқ. Бізде бар болса, қуанамыз, жоқ болса да жұмыс істеп жүрміз. Бәрін қолдан жасап, маталарды қиып, жұмыс істей береміз.
– Режиссураға мамандар өмірді көріп, біліп, толысқан шағында бір-ақ келуі керек деген пікір бар. Бұған қатысты ойыңыз қандай?
– Кейбір адамдар әлденемен айналыса алмайды деген қатаң қағиданы бұзу керек. Мен, мысалы, киномен, концерттік қызметпен де айналыса аламын. Менің театр мектебім де бар, оны балалар үшін ұйымдастырып едім. Әуесқойлар үшін үлкендерді де осы мектепте оқытып жүрмін. Бизнесмен де, педагог та бола аламын. Қаласам, кім болғым келеді, сол боламын деп ойлаймын. Егер өмір жолында басқа бағытты таңдап жатсам, меніңше, еңсермейтін ештеңе жоқ. Алайда театр ең ұлы, ең ғажап өнер. Мен бұл мекенді жаныммен сүйемін. Жаны қалаған адам театрда қандай қызметті де атқара алады деп ойлаймын.
Сөз соңында мынаны айтқым келеді. Испанияда тұратын менің достарымның балалары испан-ағылшын мектептеріне барады. Оларда «драма» деп аталатын пән бар екен. Олар мектеп қабырғасынан шығарманы талдайды,­ сахналайды. Мектептегі кезінен өнерді үйренеді. Бұл материалды терең түсінуге, сөз байлығын қалыптастыруға, жақсы сөйлеуді үйретуге, сөзді дұрыс айтуға ғана емес, өзін жақсы ұстауына да көмектеседі. Қазір балалардың көбі жалғыздықта қалған. Себебі оларда өзі мен мобильді телефоны ғана бар. Олар өздерін-өзі жалғыздықтың тұтқынына тастаған. Ал сахнада сен көпшілікпен араласасың, ашыласың. Меніңше, театр әлемді, адамзатты, адамзаттың жанын құтқарады. Ол көп болуы керек. Жақсы театрлар көп болсын. Ал біз жақсы театр­лар жасай аламыз. Қазақтың болмысы керемет, біздің дәстүріміз тұтас театр. Бізге театр жат емес.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Қарагөз Сімәділ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.