ШЕКАРАСЫ БЕРІК ЕЛДІҢ – ІРГЕСІ БҮТІН

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің академиясы шекарашы офицер кадрларын  дайындайтын еліміздегі бірден-бір әрі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы  аумағындағы бай тарихы бар, бірегей оқу орны. Өзінің даңқты жолымен айшықталған әскери оқу орны алғашында  Ф.Дзержинскийдің атымен аталған Алматы шекара училищесі Кеңес Одағы аумағына, тіпті одан тыс жерлерге де әйгілі болды. Бүгінде аталмыш оқу орны ҚР ҰҚК Шекара қызметінің академиясы деген атқа ие. 

Шекара қызметінің академиясынан түлеп ұшқан түлектер оның даңқын асырып­ келеді. Олар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, бейбіт күнде де ерлікпен Мемлекеттік шекара шебін күзете білді. 88 жылдық тарихы бар білім ордасын осы жылдары 35 000-нан астам түлек бітірді. Оның ішінде 45 түлегі Кеңес Одағының Батыры, біреуі екі мәрте және бесеуі Ресей батыры атағына ие болды. Сондай-ақ аталмыш оқу ордасының 300-ден астам түлегі генерал атағына қол жеткізді.
Бүгінде аға буын ұрпақтың даңқты жауынгерлік дәстүрін жалғастырған ізбасарлары егеменді Қазақстанның ­шекарасын сенімді күзетуде және Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің әскери бірлестіктерімен бөлімдері, басқа да бөлімшелерінде біліктілікпен басшылық жасауда.
Отан алдындағы айрықша қызметтері үшін көптеген шекарашы офицерлер мем­лекеттік жоғары наградалармен мара­пат­талған. Атап айтқанда, ІІ дәрежелі «Айбын» – 5 және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері – 1.
Тәуелсіздік алған жылдан бері Академияны­ 8 мыңнан астам офицер бітірді. Олар алғашқы қызмет жолын еліміздің шалғайда орналасқан шекара заставасы бастығының орынбасары болып бастайды.
Бүгінде Шекара қызметі академиясында­ 77 ғылыми қызметкер табысты еңбек етіп келеді. Оның 8 ғылым докторы, 29 ғылым кандидаты, 12 PhD докторы, 28 профессорлар ­мен доценттер абыройлы қызмет етіп жүр.
2019 жылдың өзінде 4 әскери қызметші халықаралық спорттық жарыстарға қатысып, еліміздің көк байрағын жел­біретіп, жеңімпаз атанды. Олар дене шы­нықтыру кафедрасының оқытушысы аға лейтенант Б.Шыналиев, лейтенант Ш.Жанғазы, курсанттар ефрейтор Р.Сәулебеков, Д.Тілепалды.
Сонымен қатар академия ұжымы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге, Алматы қаласында орналасқан №1 балалар үйіне, №6 арнайы мектеп интернатына шефтік көмек көрсетіп тұруды дәстүрге айналдырған.
Естеріңізде болса, Елбасы өз Жолдауында­ жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беріп, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру үшін елімізде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысын құру керектігін айтқан болатын. Мемлекет басшысы 2018 жылдың 5 қазан күнгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру әрбір орта білім беру оқу орындарына осы жұмыстарды қолға алуды­ тапсырған еді.
Міне, осыған орай ҚР ҰҚК Шекара қызметі Академиясының ұжымы мен ­Алматы қаласындағы «Жаңа ғасыр» №175 гимназия әкімшілігі бірлесе отырып,­ әскери патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту үшін гимназияда «Жас шекарашы» мамандандырылған сыныбын ашты. Бүгінде аталмыш мамандандырылған сыныпқа 3-оқу дивизионының курсанттары сабақ кестесіне сай алғашқы әскери, саптық дайындық сабақтарын жүргізіп келеді.
2019 жылдың 26 желтоқсанында аталмыш оқу ордасына табаны күректей 88 жыл толды. Осыған орай ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ұйымшыл ұжымы әскери бөлім күнін Алматы қаласының Жамбыл атындағы мемлекеттік филормониясында салтанатты түрде атап өтті. Шараға академияны әр жылдары басқарған ұлттық қауіпсіздік саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған генералдар мен офицерлер, Шекара қызметінің ардагерлерімен академияның жеке құрамы қатысты.
Мерекелік шара басталмас бұрын академия­ бастығы полковник П.Поливановтың пәрменімен әскери бөлімнің жауынгерлік туын ту ұстаушы топ сахна төріне алып шықты. Содан кейін, салтанатты мереке ашық деп жарияланды. Осы сәтте зал толы шекарашылар тікесінен тік тұрып еліміздің мемлекеттік әнұранын орындады.
Шара барысында көптеген шекарашылар ҚР ҰҚК Төрағасының бұйрығымен ІІ және ІІІ дәрежелі «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны» медалін алса, бірнеше шекарашы­ академия бастығының атынан мақтау қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ сабақта, спортта үздік нәтижелерге қол жеткізіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін 4-оқу дивизионының курсанттары Ли Владислав пен Мират Қадыров ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары­ – ­Шекара қызметінің ­Директоры генарал-майор Дархан Ділмановтан алғыс алды.
Шара соңы тәрбиелік әлеуметтік-құқық­тық және идеология жұмыстары басқар­ма­сының ұйымдастырылуымен өткізілген мерекелік концертке ұласты.

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,
ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының
баспасөз хатшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.