ПАРАДОКС

Зәулім құрылыс салуға шеберміз, бірақ төзіміміз тар, жолымыз кең болғанымен, ойымыз қысқа. Көп шашылғанмен, пайда­ ­шамалы, көп нәрсе сатып алғанымызбен, рахаты аз. Үйіміз үлкен болғанмен, отбасымыз кішкентай, жағдайымыз мықты болғанмен,  уақытымыз шектеулі. Біліміміз мықты десек те, білігіміз төмен, ­танымымыз терең ­десек те, таңдауымыз әлсіз. Айналамызда­ сарапшы ­толып жүргенімен, мәселе шаш етектен, медицина ­дамып кеткенімен, сырқаттар сансыз. Ішуден тартынбаймыз, темекіге құштармыз, ақшаны шашуға да шеберміз, бірақ бақытты емеспіз. Аз оқимыз, көгілдір экранға көп телміргенімізбен, жаратқанға сыйынуға сараңбыз. 

Айналаға айтар өкпеміз көп болғанмен, өзіміз қадір тұтатын дүние кем. Сөзіміз көп болғанымен, жақсы көруіміз сирек, жек кө­руі­міз тез. Қалай жан бағуды бі­ле­тін шығармыз, алайда қалай өмір ­сү­руді білмейміз. Уақытты бағын­дыр­ғанмен, өмірімізге иелік ете алмадық. Айға да барып, таңсық пла­нетаны меңгеріп қайттық, бірақ көшеден өту мен көршімен танысу неге қиын? Көктегі әлемді бағын­дырғанмен, өз жанымызды түсіне алмайтынымыз да қызық.
Үлкен істер тындырғанымызбен, үздік істер жасай алмай келеміз. ­Ауаны тазартсақ деп армандағандар, өз арын лайламаса қандай жақсы. Атомды меңгердік, алайда өз ­се­німімізге әлі қожа емеспіз. Жаз­ға­нымыз көп, білгеніміз аз. Арманымыз биік, жетістігіміз төмен. Асығуға үйренгенмен, күтуге ша­банбыз. Алуан ақпаратты сақ­тайтын жаңа компьютерлер ойлап таптық, бірақ адами қатынастан алыстадық. Расында қазір апыл-ғұпыл тамақтанып, ас қорытуға уақыт жетпейтін, ірі адамдар мен ұсақ жандар көбейген, пайдасы тез болғанмен, жылы қарым-қатынас жоғалған уақыт.
Отбасылық табыс көбейсе де, ажырасу саны артқан кез. Әдемі үйлер көбейгенмен, жылуы қашқан шаңырақтар өскен заман.
Қазір қысқа байланыстар мен көсемсудің кезі, артық салмақ пен таусылмайтын дәрілердің мәселесі басты орынға қойылған. Бізді еліртетін де, сабаға түсіріп, өлімге жетелейтін де солар. Қазіргі ­заман сөрелер толып тұрғанымен, қоймалар қаңырап қалған кез.
Сондықтан өзіңіз жақсы ­кө­ретін жандарға көбірек көңіл бөліңіз, өйткені олар мәңгілік емес. Мүмкіндік болғанда жақыныңызды бауырыңызға тартып, жақсы сөз айтыңыз. Себебі жүректен шыққан шынайы сезім жүрекке жетеді. Сезіміңізге сенімді болмасаңыз сүйікті адамыңызға «сүйемін» дегенді айтпаңыз. Шын жүректен шыққан сезім ғана адамды да, әлемді де өзгертуге қауқарлы.
Бірге жүрген, бірге өткізген тәтті кездерді бағалаңыз, өйткені бұл адамның да сізден алыстайтын кезі болады. Жақыныңызды сүюге, жақыныңызбен сырласуға, жақыныңыздың көңілін аулауға уақыт табыңыз. Себебі өмір қанша жыл тіршілік еткеніңмен емес, ­жү­ректі қозғайтын әсерлі сәттердің көптігімен өлшенеді.

Джордж КАРЛИН,
жазушы, киносценарист
(АҚШ).

(Аударған Айнұр Сембаева)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.