Шерлі жетімнің көз жасы

Біз «қалталы аю» атап кеткен осы бір қалқиған аңның кез келген тіршілік иесіне қылдай қиянаты жоқ деседі. Алда-жалда «қонжыққа» тиісе қалсаңыз, өткір тырнағымен бір осып қалу да ойына кірмейді, бар болғаны маймаңдай басып қашып кетуге тырысатын көрінеді. Сол қалталы жануарыңыз жетім балаша еңіреп, селкілдеп жылайды деседі білетіндер. «Жетім қозы тас бауыр, түңілер де отығар» дейді қазақ. Коала да өзіне тиіскенге түк те қарсылық көрсетпей, эвкалипт бұтағын тас қылып құшақтап, жапырақты ақырын тістеп қана бейкүнә қалпында отыра береді екен. 

Кей-кейде тұтас құрлықты мекендеген 25 миллионнан аса халықтың ішінде екі пайызын ғана құрап қалған (бес жүз мыңнан сәл асады) байырғы халық – аборигендер де коала тағдырлас па деп қаласың… Әңгімеміз коала болғандықтан, соған қайта оралайық. Сонымен­, коаланың көз жасын кім көріпті? Көрмей-ақ қоюға болар еді. Австралиядағы биылғы өрт қорғансыз жануардың мұң торлаған жанарын көз алдымызға бірнеше рет әкелді. Австралияның көп бөлігін жалмап үлгерген жалынның тілі жан-жануары мен өсімдік әлемі айрықша осы бір өлкенің талай байлығын жалап-жұқтап бітіретін тәрізді.
Қазірдің өзінде жергілікті экологтар жан-жануардың миллиардтан аса түрі оттың құшағында тұншыққанын айтып, дабыл көтерді. Төрт айдан аса уақытқа созылған өрттің кесірінен 6 миллионнан аса гектар орман аумағы өртеніп, 28 адам көз жұмған. Болжам бойынша, шамамен үш миллиард жан-жануар өрттен зардап шегіп, оның бір миллиардтан астамы тіршілігімен мәңгілікке қоштасқан. Сидней университетінің экологы­ Крис Дикман «өрт кезінде опат болған жан-жануардың саны миллиардтан асқанын» айтады. Нақты деректер әлі анықталған жоқ. Бірақ Дикман мысалға келтірген сан қайдан шықты? Бұл сан Жабайы табиғат халықаралық қорының (WWF) 2007 жылғы есебіне негізделген. Зерттеудің авторлары осы есепті пайдалана отырып, өртке оранған Жаңа Оңтүстік Уэльстегі сүтқоректілер, құстар, қосмекенділер популяциясының тығыздығының орташа есебін анықтаған. Жан-жануарлардың орташа санын орманның ауқымына көбейткенде осындай көрсеткіш шыққан. Яғни мұндай зерттеуде ғалымдар консервативті бағалауды пайдаланған, ал өрттен опат болған жануарлар саны бұдан аз немесе кем болуы мүмкін. Тағы ескерте кететін бір жайт, бұл санақта сүтқоректілер (жарқанаттарды санамағанда), құстар мен қосмекенділер ғана бар. Жарқанаттар, бақалар, жәндіктер мен өзге де омыртқасыздар бұл санаққа кірмеген. Енді оларды да есепке алса, миллиардтың қаншаға көбейерін ойлап көріңіз.
Экологтардың айтуынша, өрттен біз «қалталы аю» атап кеткен коалалар қатты зардап шеккен. Сөз реті келгенде айта кетейік, кез келген тіршілік иесіне қылдай қиянаты жоқ бұл аңды біз аю атағанымызбен, екеуінің арасында ешбір туыстық байланыс жоқ.
Коала мен жергілікті табиғатты жоюдың аз-ақ алдында қалған өрт бұл маңға жат емес. Қуаңшылық кезінде, аптап ыстықта өрт жиі лап ете қалады. Алайда ылғалы мол эвкалипт ормандарына өрт көп жолай бермейді екен. Биылғы тілсіз жау коалалар мекендейтін эвкалипт ормандарын да отқа орады. Австралияның Қоршаған ортаны қорғау министрі Сьюзан Лейдің сөзіне сенсек, коалалардың тіршілік мекенінің 30%-ы өрттен зардап шеккендіктен, коаланың да үштен бірі отқа оранған сыңайлы. Бәрін алдағы санақ көрсетеді, алайда министр Лей коалалар «жойылу қаупі бар» түрлердің тізіміне енуі мүмкін екенін айтып, алаң көңілін білдіргенін жоққа шығара алмаймыз.
Жалпы «коала тағдырлас ұлт» ­деген сөзіміздің бір себебі, байырғы халық – аборигендердің түсінігінде коала кезінде адам болыпты-мыс. Адам болғанда да, жетімкөкірек бала екен. Сонымен аңыз былай дейді: Ерте, ерте, ертеде, жануарлар әлі жануар болмай тұрғанда, бәрі адам екен-міс. Сол уақытта Куб-Бор (кішкентай аю) есімді кішкене бала да өмір сүріпті. Ата-анасы қайтыс болған оны елдің құрғақшылық жайлаған өлкесінде тұратын ағайындары өз қарауына алады. Су тапшы болғандықтан, олар шөлін күннің бір ғана мезгілінде қандырады екен. Оның өзінде отбасының әрбір мүшесі алдымен су ішіп, жетім балаға бәрінен қалған бір жұтым су ғана бұйыратын көрінеді. Иә, Куб-Бордың ұдайы кенезесі кеуіп, шөлі қанбай, еңкілдеп жылайды­ екен:
«Су ішкім келеді, су беріңдерші»…
Алайда ағайындары оған: «Жылама, Куб-Бор, сен жетімексің. Сені аяғандықтан ғана асырап алдық. Осы күніңе риза бол» дейтін көрінеді.
Ал ол жылауын үдетсе, таяқтың астына да алады екен. Ағайындары аңға кеткенде­ Куб-Бор суды ішіп қоймасын деп жасырып кетіп жүріпті. Куб-Бор суды эвкалипт ағашының жапырағынан сығып алуды үйреніпті. Бірақ одан қайбір су шықсын? Міне, бірде ағайындары су толы құмыраларды жасыруды ұмытып, аңға шығады. Куб-Бор суды тойғанынша сіміреді. Ол өмірінде бірінші рет шөлін басады. Күн еңкейе бастағанда ағайындары оралатынын, суды тауысқанын көріп жазалайтынын ұққан Куб-Бор қолына бос құмыраны алып, эвкалипт ағашының басына шығады. Шығады да, зарлы әуенге басады. Басына түскен тағдырдың жазуына назаланып жылаған шығар, әлде ата-анасын әнге қосты ма? Белгісіз. Алайда оның зарлы әнін тыңдап жаны ашыған ағаш «басқалар баланы ұстап алып, жазалап қоймасын» деп, биіктей беріпті. Аң аулаудан арып-ашып жеткен ағайындары үйде су да, Куб-Бор да жоғын байқайды. Баланың биік ағаштың ұшар басында отырғанын көрген ағайындары оған: «Әй, жетімек, жаныңның барында түс, түс те бізге құмыраны қайтар» деп айғайлайды. «Жоқ, түспеймін» дейді Куб-Бор: «сендер де шөлдің азабын тартыңдар». Бір әңгімеде екі ересек адам ағаш басына әупірімдеп шыққаны, енді бір аңызда жергілікті бақсыны шақырып, соның көмегімен ағаштың ұшар басындағы баланы жерге құлатқаны айтылады. Не болса­ да биіктен құлаған бала аман қалмайды. Жетімектен құтылдық-ау деп, ағайындары өліктің қасына келгенде оның әлдебір аңға айналып бара жатқанын байқайды… Коала осылай пайда болған деседі. Ол адамдардан өзінің бала рухын оятып жібермеуін сұраған. Рухы оянса: алапат құрғақшылық орнап, одан аң да, адам да аман қалмақ емес. Қаһарланған Куб-Бордың рухы өзен-көлді құрғатып, бір кездері өзі тартқан шөл азабын адамдар да сезінетін болады. Аборигендердің пікірінше, коалалар содан бері су ішпейтін болса керек. Жалпы коала сөзінің өзі байырғы халықтың тілінде «су ішпейтін жануар» деп аударылады.
Ал коала аптап ыстық болмаса, суды аса қажетсінбейді, қажет ылғалды эвкалипт жапырағынан да ала алады…
Аборигендердің ғана емес, күллі Австралия­ның символдарының бірі ­кенгуру болса, екіншісі коала еді. Міне, енді күллі әлем осы бір қорғансыз жануарлардың алапат­ өрттен қашқан шарасыз қалпына куә болып отыр. Эвкалипт ағашының бұтағын құшақтап қана отыратын коаланың көз жасы күллі Австралияның байырғы халқының (осы күні саны миллионға да жетпейді), орман-тоғайының, аңыз кейіпкерлерінің ағыл-тегіл ағылған жасы болып, көктен жаңбыр болып төгіле бастағанда, қуанған, шүкір айтқан адам аз болған жоқ. Алайда қуануға әлі еререк дейді білетіндер. Себебі бұл өрт әлі бірнеше аптаға созылуы ықтимал. Өйткені ол аймақта ақпан айы – біздің шілдеміз секілді, ең аптап мезгіл.
Иә, Австралияда жаз енді-енді басталды…
Австралияның аң-құсы ғана емес, ерекше­ ормандары мен өсімдік әлемі де үлкен апаттың алдында тұр. Өрттен Гондванда тропиктік ормандары да үлкен зардап шегуі мүмкін. Бұрындары жойылып кетті деп есептеген Воллемия реликті қарағайлары 1994 жылы Вуллеми­ паркінен кездейсоқ табылған ­болатын. Жүз шақты түпті адамнан қорғау үшін ауқымды парктің нақты қай жерінде өсіп тұрғанының өзі құпия сақталып келген­ еді. Енді сол қарағайлар да өртке оранып, жойылып­ кеткен болар деп ­болжайды экологтар. ­Австралияны мекендейтін жануарлардың 80-нен аса пайызы – эндемик, яғни тек сол құрлықты ғана мекендейді, жер шарының басқа бөлігінен ол аң-құстарды кездестіре алмайсыз. Соңғы екі ғасырда, адам қолынан, түрлі табиғи апаттардың кесірінен Австралияда­ 34 түр мен түрше мәңгілікке жойылған. Бұл дүниенің өзге құрлықтарымен салыстырғанда тым ауқымды көрсеткіш. Биылғы өрт те бұл маңда ғана тіршілік ететін біраз аң-құстың түрін жойып жіберуі мүмкін деп алаңдағандар көп. Мәселен, экологтар ­Австралияда ғана тіршілік ететін Айткен қалталы тышқандары мен қоңырбасты какадулар жойылып кетуі мүмкін деп болжайды.­ «Қалталы тышқандардың мекендейтін аймағы толық өртке оранғандықтан, олар тірі қалды ма екен деп қатты алаңдаймыз» дейді австралиялық эколог Пэт Годженс. Тіпті тірі қалған күннің өзінде (оттан сақтану үшін індеріне тығылып қалса да) орман тып-типыл етіп кеткендіктен, жеуге азық таба алмай қырылуы мүмкін. Ал Австралияның флорасы мен фаунасының қайта қалпына келуіне ондаған жыл, тіпті одан да көбірек уақыт керек. Өзі де құрып бітуге таяу, отқа оранған жан-жануарлары көп аймақта қалған коала жыламай қайтсін?!
Өрттің себебі аптап ыстық қана емес. Аңызақ жел де оның таралу аймағын ұлғайтып отыр. Осы кезге дейін Австралиядағы ең үлкен құрғақшылық 1903 жылы болды­ деп есептеліп келген. Ал 2019 жылы жаңбыр сол 1903 жылғымен салыстырғанда екі есе аз жауған. Өрт адамдар ең көп шоғырланған шығыс аймақтарда қаулап жатыр. Ал бұрындары өрт, әдетте адам сирек қоныстанған ­батыс пен солтүстікте тұтанатын. Тіпті салыстырмалы түрде ылғал деген аймақтарды да қазір өрт жалмап барады. Олар: эвкалипт ормандары, батпақты жерлер және банан плантациялары. Батпақты жерлерде көмірқышқыл газының көптігінен өрт бір басталса ұзаққа толастамайды. ­Австралияда жауын басталса да әлі күнге өрттің өршіп тұрғанының бір себебі – осы. Бұл өрт адам мен аң-құстың өмірін жалмап қана қойған жоқ, ауаның қатты ластануына себеп болды. Атмосфераға 250 млн тоннадан аса көмірқышқыл газы таралған. Орман өртінің кесірінен Австралияның астанасы­ Канберадағы ауаның ластануы «өмірге қауіпті» деген бағадан 26 есе ұлғайып кеткен. Сидней, Мельбурн, Брисбен, Канберраны басқан қою түтіннің кесірінен адамдар көшеге шыққанда маска тағатын болған. Қою түтін мұхит асып Оңтүстік Америка жағалауына жетіп, Чилиді де «орап алды». Австралияның қорғаныс министрлігі ел тарихында бірінші рет резервтегі әскерді мобилизациялады. Бұл да апаттың ауқымын білдірсе керек. Қазір әскерилер, өрт сөндірушілер, еріктілер, көрші елдер: Жаңа Зеландия, Вануату мен Папуа-Жаңа Гвинеяның мамандары және АҚШ, Канаданың өрт сөндірушілері де көмекке келген. Дүниенің төрт тарабындағы көптеген адам көмек қолын созып, адамдарға, аң мен құсқа көмегін жөнелтіп жатыр.
Өрт жайпап өткен аймақтарда інге ­жасырынып, әйтеуір қашып үлгерген аң-құс енді аштан қырылмауы үшін бұл маңға азық-түлік қорын тікұшақ арқылы тастап кетіп жүр. Мәселен, Жаңа Оңтүстік Уэльстегі кенгуруларға тонналаған тәтті картоп (батат) пен сәбізді тікұшақ арқылы тастағаны сол еді, сәбіз кемірген кенгурудың да суреті әлеуметтік желілерде пайда бола бастады. Демек, қанша жыл керек болса да, Австралияның тұмса таби­ғаты мен айрықша өсімдік пен жануар әлемі сақталып қалуға тиіс. Оған жаңбырын төккен табиғат та, жанары жәудіреген кенгуру да, көрген бұтағын құшақтай алып, қорға­ныш іздейтін коала да, Австралияның барлық ерекше­ аң-құсы да, осы жерде өніп-өскен байырғы халық та, бұл маңға тағдырын байла­ған өзге жұрт та жаппай атсалысатын болады.


Бұл өрт – Австралияның ғана емес, біздің тағдырымыз. 2017 жылғы – Калифорния, былтырғы – Амазонка, биылғы Австралиядағы өрттің себебі – жаһандық жылыну екенін айтқан ғалымдар да көп… Жаһандық ­жылыну күллі адамзаттың өмірін өзгертетін тағдыршешті сәттің басы ғана.
Коаланың көз жасы адамзаттың көз ­жасына айналып кетпей тұрғанда, жергілікті халықтың наным-түсінігіне салсақ, шерлі жетімек Куб-Бордың рухы оянып кетіп, күллі құрлықты құрғақшылықтың мәңгілік құрсауында қалдырмасын десек, осы кезден­ әр құрлықта емес, бір жер шарында тұратынымызды ұмытпасақ екен…
Жақын арада Австралия ормандарындағы өртеңге шыққан көктің суреті де жариялана бастады. Қылтиған көк пен қызылды-жасылды гүл үміттің әлі де сөнбейтінін ұқтыратындай…
«Куб-Бордың рухы, тыныш ұйықта» деп жатқан болар саны азайып, күллі құрлық халқының екі-ақ пайызын құрап қалған Австралияның байырғы халқы…

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.