АХМЕТ ЖҰБАНОВ

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Ахмет Қуанұлы Жұбанов есімінің алдында айтылатын анықтауыштар көп – композитор, ғалым-академик, білгір, ұстаз, дирижер, үлкен ұйымдастырушы, т.б. Осылардың әрқайсысы бір-бір адамға жүк болардай, солардың атақ-абыройын көтеріп, халқына қадірлі адам есебінде сыйлатар еңбекке толы. Ал егер тағдыр осындай қабілет пен еңбекті бір адамның басына жинап беріп, соның қолымен бір ұлттың ­музыка мәдениетіне байланысты ұлан-ғайыр істі атқаруға жазса, қайтер едіңіз? Бас шұлғисыз да, ризалықпен көнесіз. Ахаң – қазақ музыка әлеміндегі осындай адам, өз тұсында уақыттан оза шауып, елге, ұрпаққа бас болған ұлттық мәдениеттің жарық жұлдызы. Композитор есебінде қарасақ, бір «Абай» операсының өзі неге тұрады? Бұл шын мағынасындағы ұлттық операмыздың тұңғышы. Оған дейінгі бұл жанрдағы шығармалардың халық музыкасынан құрастырылғанын ескерсек, Ахаңның тұңғыш ұлттық операның авторы екендігіне ешкім таласа­ алмайды. Әрі қандай опера! Қойылғаннан бері (1944) елу жылдан астам сахнадан түспей, қазақ әншілерінің неше ұрпағын сыннан өткізген ұлттық музыка өнерінің өрен үлгісі емес пе? Ал ғалымдығын еске алып көрейік! Қазақтың ұлттық музыка өнерінің үлгілерін, халық күйшілері мен әншілерінің шығармаларын тәптіштеп жинап, оларды жаңа ұрпаққа үлгі еткен де Ахаң ғой. 1942 жылы шыққан «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» ­деген еңбегін біз бала кезімізде қолдан-қолға тигізбей, беттері жыртылғанша оқығанымыз есімізде. Менің сол кітабым әлі де сақтаулы. Қанша ұрпақ кітаптан тәрбие алып, ұлттық өнерге деген шынайы махаббатын ұштады. Қазақ халқының музыкасын әлемге танытқан осы кітап еді ғой. Сол үшін Ахаңа диссертация қорғамай-ақ­ өнертану ғылымының докторы­ деген атақ беріліп, 1946 жылы ұйымдасқан Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланғаны да шындық. Ахаң кейін қайта оралып,­ толықтырған осы еңбегінің «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» деген атпен екі том болып орысша, қазақша басылғаны да белгілі. 

Қазақтың ұлттық музыка өнерінің тарихын толық қамтыған бұл кітаптар күні бүгінге шейін теңдесі жоқ зерттеулер және осы саладағы бірден-бір сұранысы үлкен, үстел үстінен түспейтін еңбек. Ахаң ұстаз еді. Ол көп жылдар бойы музыка мектептерінде, орта дәрежелі арнаулы оқу орындарында, консерваторияда сабақ берді. Оның ғалымдық қабілетін, тілге шебер, материалға бай сабақтарын тыңдаған адамдар аузының суы құрып айтады. Ал арнайы дәріс тыңдамай, оның баяндамалары мен сөздерін тыңдаған біздің өзіміз Ахаңның ­сыпайы, әдемі сөйлейтінін, мазмұнды, юморға толы әңгімелерін ұмыта ­алмаймыз. Ол сол мектептердің көбін өзі ұйымдастырды, өзі басқарды. Қазақ консерватория­сының тұңғыш ректоры болды.­ Ал өзі басқарған ұжымдардың барлығында да ол ұстаздық етіп, көп адам тәрбиеледі. Ахаң қолынан шыққан көп мәдени ошақтың бірі – Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі ғой. Бүкіл дүниежүзін шарлап, қазақтың ұлттық өнерімен таныстырған, тыңдаушыларын тәнті еткен осы оркестрді ұйымдастыру мен жетілдіру бір кісіге аз жүк емес. Ұйымдастырушы есебінде Ахаңның өз басының жинақылығы, тәртіпке беріктігі, аз сөйлеп, ұжымға көп ­талап қоя білетіні және оны қалтқысыз орындата алатыны – жалпыға мәлім сипаттар. Оркестрдің екінші дирижері боп жүрген Латиф Хамиди жұмыс кезіндегі тәртіптің бұзылуын көргенде: «Мен Ахаңа барайын ба әлде өздерің тынышталасыңдар ма?» деп сұрайды екен. Мұның өзі-ақ Ахаңның абыройы­ мен беделін, сұсын танытады.­ Ахаңды менің бірінші рет көруім 1948 жылы еді. Студент кезіміз. Ақпан-наурыз айларының бірінде болуы керек, студенттердің қысқы сессиясынан және демалысынан кейін қалалық комсомол комитеті мен Оқу министрлігі өте жақсы оқитын студенттердің слетін шақырды. Слет Филармония үйінде (Гоголь, Пушкин көшелерінің бұрышында) өтті. Сол слетке студенттермен кездесу үшін үш белгілі қайраткер шақырылған екен, бірі – Ермұхан Бекмаханов, екін­шісі – Ахаң, үшіншісін – ұмыттым. Ермұханның жаңа ғана докторлық диссертация қорғап келген кезі, қылшылдаған жас (1947 жылы 32 жасында қорғаған), шешен, сыпайы сөйлейді екен. Қазақстан тарихының мәселелерін, Кенесары қозғалысының жайы жөнінде әңгіме айтты. Біз риза боп, қол соқтық. Екінші сөйлеген Ахаң біздің әлгі дәріскерге деген ризашылығымызды басып кетті. Ақырын ғана, баяу сөйлей­тін адамның әрбір сөзі салмақты, мағыналы, ойға толы көрінді.
Әуелде залға естіліңкіремей қалып, артта отырғандар «қаттырақ» деп айғайлап еді, Ахаң онан сайын­ ақырындап сөйлей бастаған соң ­тыныштала қалды. Ұшқан шыбын ызыңы да естілмейтіндей тыныштық орнады. Ахаң сөзін жұрт ұйып тыңдады. Ол қазақ өнері, өнерпаздар жайлы, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Біржан, Мұхит, Дина өмірлерінен қызғылықты әңгімелер айтты. 1934 жылы халық өнерпаздарының республикалық слеті өтіп, Дина, Лұқпан Мұхитов, Ғарифолла Құрман­ғалиев, Қали Жантілеуов сияқты өнер иелерінің бірінші рет көзге түсіп, ­Алматыда қалдырылғанын сонда Ахаң аузынан естіп едім. Ахаң ұзағырақ сөйлегенімен, уақыт қызғылықты өтті. Студенттер тұрып, ұзақ қол соқты. Дәріскерге үлкен құрмет, ризашылық көрсетті. Қол соғу тыйылмай, ұзақ кеткен кезде Ахаңның қайта тұрып келіп: «Біздің өнер адамдарында­ зал қол соғып, құрмет көрсетсе, алдыңғы айтқан әнін қайталап орындайтын әдет бар. Мен де жаңағы айтқан сөзімді қайтадан айтам» деп күлдіргені есімде. Ахаңның жылы юморы, жұртты күлдіріп қойып, өзі езу тартпайтыны содан есімде қалыпты. Оны кейін де көріп, тыңдап үйрендік қой. Ахаңа деген құрмет менде осы тұстан орнықты десем де болар. Ол кезде­ Ахаң мезгіл-мезгіл концерттерге­ шығып, дирижерлік ­жасап қойып жүретін. 1949 жылғы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне барған концерттің де көркемдік жетекшісі Ахаң болды. Сол бригада­ Мәскеуге барарда дайындығын көрсету үшін, қайтып келген соң, есеп беру үшін Алматыда концерт қойды. Алғашқы концерт филармонияда, соңғы концерт Опера ­театрында өтті. Афишалар жасалып, халыққа хабарланды. Соның екеуіне де қатысып, Ахаңның дирижерлік өнеріне қол соққаным есімде. Елуінші жылдардың бас кезінде Ахаң Жазушылар одағында бір сөз сөйледі. Сол кезде Қытайда Халық революциясы іске асып, жаңа үкімет біздің елмен қарым-қатынасын жақсарта бастаған. Шыңжан қазақтарына жол ашылған. Ахаң бастаған Қазақстан өнер шеберлерінің тобы Шыңжанға барып, қазақтар мекендеген жерлерді емін-еркін аралап қайтқан болатын. Ахаңды одақ басшылары осы сапары жайлы әңгіме айтуға шақырған екен. Ахаң сапардың сәтті өткенін, қазақ елінің өнерпаздарын Қытайдағылардың аса құрметпен қарсы алғанын әңгімеледі. Сол әңгімеде оған Қытайда қазақтың бір жас әнші қызы кездескенін, қазақ артистерімен бірге жүріп, концерттерде ән салғанын, кетерде оны Алматыға шақырғанын айтты. Ол – Әмина Бапина-Нұғманова болатын. Кешікпей-ақ Әмина Алматыға келді. Кездесу кештерінде құрметтің аса мол болғанын айта тұрып, Ахаңның «кейде дауысы жетіңкіремей жатса да, өңіне, көркіне қарап та қол соға берушілік болады. Біздің бір артистеріміз сондай құрметке көбірек бөленді. Мұның бәрі жалпы қазақ өнеріне деген құрметпен араласып, білінбей кетті» дегені де ұмытылған жоқ. Елуінші жылдар Ахаң үшін аса бір ауыр кезең болғаны белгілі. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ғылымының үлкен қайраткерлері қудалауға, ұлтшылдық айыптауларға ұшырады. Ахаң еңбектерінен де осы тектес «қателер» табылды, оны әшкерелеген мақалалар басылды, өзі партиядан шығарылып, жұмыстан қуылды. Орталық партия комитетінің тікелей нұсқауымен А.Жұбанов пен Қ.Жұмалиев Ғылым академиясының құрамынан шығарылды. Оны Ғылым академиясының жиналысы арқылы іске асырды. Академияға сайланған адамның оның құрамынан шығарылуы ешбір заңда және дәстүрде жоқ нәрсе екені де ескерілмеді. Осындай тұстарда Ахаң біраз уақыт басқа өзі тектес әріптестері сияқты Мәскеуді паналады да, ұзақ жүрмей Алматыға оралды. Осы тұста Ахаң Жазушылар одағына жиі келетін еді. Жазушылармен отырып, әңгіме-дүкен құрады. «Әдебиет және искусство» журналында істейтін кезім, мен де сондай әңгімелердің талайына­ қатысқаным бар. Ахаңның өзін соншалықты сабырлы ұстайтынына, «болған іске болаттай берік екеніне» ел риза болысатын.
Ел жиналған жерде әңгіме-қал­жың­ болмай тұра ма, Ахаң да қазақы қалжыңға шебер адам, жазушы ­бауырларымен әзілдесіп, күлісіп ­ке­тетін. Сол кезде Жазушылар одағын Ғ.Мұстафин басқарды. Оның жауапты хатшысы Қ.Жармағамбетов болды. Одақтың кеңесшілік қызметтерін атқарушылар ішінде Х.Ерғалиев, Ж.Саин, Қ.Сатыбалдин бар еді. Ғабиден ресми адам ғой, кабинеттен көп шықпайды да, қалғандары жиналып, әңгіме соғатын. Осындай күндердің бірінде қырғыз ақыны Қуанышбек Мәліков одаққа келеді. Кеңесшілердің бөлмесінде жалғыз Қапан отырады. Келіп амандасып отырып, қалжыңқой Қуанышбек: «Қалай, Жұмағалидың баласына шаш шықты ма?» деп сұрапты. Қапанның күлсе дарақыланып, өзіне-өзі ие бола алмай қалатын бір мінезі болатын, ол сол әдетіне басып, мәз болыпты. Оны күлдіріп қойып, өзі ақырын жымиған Қуанышбек: «Біздің қырғызда «Қырма тазға қырық теңге, ойма тазға он теңге, төбел тазға төрт теңге» деген мақал бар» дейді. Қуанышбек келіп: «Қазақтың бізден бір тазы артық екен» деп, Қапанның қолынан ұстапты. Осындай әңгімелерді айтып мәз боп күлісіп отырған бір кезімізде терезеден Ахаңның одаққа кіріп келе жатқаны көрінді. Жаздың күні, терезе ашық еді. Жұмағали Саин сырттан өтіп бара жатқан Ахаңа естірте: «Жігіттер, көз жаққа барыспайық, көз жаққа…» деп қалды. Ахаң кірді, жайлап басып, елдің бәрімен амандасты. Берілген орынға жайғасып отырған соң: «Жұмағали, сен әлгінде не дедің? Сен қазақтың тілін жақсы білетін ақын едің ғой. Қазақ «көз жаққа» демейді, «бас жаққа барыспайық» демеуші ме еді?» деді. Жұмекең қып-қызыл боп кетті, күлген болды. Ел тым-тырыс. Ахаң жекпе-жек қалжыңда әріптесін отырғызып кетті. Біз сияқты жастарға сондай әңгімелердің бәрі қызықты көрінетін. 1955-1958 жылдары мен «Социалистік Қазақстан» газетінің әдебиет пен өнер бөлімін басқардым. Осы тұста өнер адамдарымен көбірек араласып, театр спектакльдеріне жиі баратынмын. Репетицияларына қатысып, талқылауларды тыңдадым. Ахаң да театрға жиі баратын. Спектакльдердің қабылдауына қатысып, пікірін айтатын. Сондай талқылаулардың бірі есімде қалыпты. Ол – Шахмет Құсайыновтың «Ертіс жағасында» атты пьесасы бойынша М.О.Әуезов атындағы театр дайындаған спектакль болатын. Осы пьесаға пікір әрқилы болды. Мақтаушылармен қатар, сын айтушылар да болды. Ахаң пьесаның тартыс жүйесі нанымсыздығын, әке мен бала арасындағы кикілжіңнің сендірмейтінін айтты. Сонда: «Бәріміздің де баламыз бар. Кешегі бір қиын күндерде де соның бірі: «Әке, сен жамансың!» деген жоқ. Сондықтан әке мен баланы бір-біріне қарсы қойып, жаман етіп көрсету жағына сақ болу керек, – деді. Өз әдетіне басып, жұқалап, бір жағын мақтай тұрып, сыпайылап жеткізді. Сол талқылауда Асқар Тоқпанов марқұм тікелей ұрып, пьесаны іске алғысыз етті. Спектакль қойылды. Бірақ сахнада­ ұзақ тұрмады. Бір күні редакцияға келіп, Асқар Тоқпанов айтып кетіп еді. Ертеңіне консерваторияның ­алдында Ахаңа кездесіпті. Амандасқан соң: «Әй, Асқар, – депті Ахаң, – Сен осы өзіңді-өзің оққа байлап бергенді неге қоймайсың! Кеше сен айтқан сынды­ мен де айттым, мен сыпайылап жеткіздім. Автор маған ренжіген жоқ. Сен тікелей ұрдың – саған ренжіп кетті. Сен автоматпен маңдайына ұра аттың, мен пулеметпен үстінен, төбесінен түсірдім. Қайсымыздікі дұрыс?» депті. 1958 жылы Мәскеуде өтетін Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін дайындау жұмыстары ­басталды. Өнер шығармаларын іріктеу, оларды жетілдіріп, қайта қою ісін басқаратын арнаулы комиссияны Ахаң басқарды. Сол кезде Орталық партия комитетіндегі қызметіме байланысты менің де сол комиссия жұмысына біраз қатысқаным бар. Комиссия мәжілістері Опера және балет театры директорының кабинетінде өтетін. Ахаңның талапшылдығын, ешкімнің көңіл жықпастығы мен ырқына кете бермейтін принциптілігін мен осы күндері көрдім. Ол онкүндікке ­барады деген көп спектакльдерге­ биік талап қойып, пікір айтты. Біраз адамдарды өкпелетіп те алғаны бар. Е.Г.Брусиловскийдің «Дударай­» операсы талқылауға түскенде, Ахаң операға біраз сын айтып, оны жетілдіруді ұсынды. Брусиловский: «Мен ол тақырыптан қазір кетіп қалдым, оған қайта орала алмаймын» деп қашқақтады. Ахаң: «Олай болса,­ «Дударай» онкүндікке бармайды,­ біз жұрттың көңілін жықпау үшін отырғамыз жоқ» деп кесіп айтты,­ қатал тұжырым жасады. Осындай ымырасыз талқылаулар Ахаңның дұшпанын көбейткенін кейін білдік. Онкүндіктің өтуіне қарамай, менің қызметім ауысып кетті де, мен оған көп жазушының бірі болып қатыстым. Ал онкүндіктің қорытындысында одақтық үкімет наградаларын алған топтың ішінде Ахаңның аты болмағаны, оның біз куә болған үлкен еңбегі үшін рақмет те айтылмағаны жоғарыда айтылған жағдайлардан болғаны даусыз еді. Ахаңның өзіне лайық еңбегін бағалаудағы әділетсіздік кейін де жалғасып, оның өмірін қысқартуға да себеп болғаны шын. Бұрын да қиыншылықты аз көрмеген адамға бұл қосымша ауыртпалық әкелді. Кейінгі жылдары қасында көбірек болып, әңгімелесіп жүргенде Ахаң осыны санағандай қып ­айтып еді. Ағасы Құдайбергеннің ұсталуы, «халық жауының» інісі деп сенімсіздікпен қарап, тежеп ұстау, елуінші жылдардың ылаңы, әркімдердің өсек-аяңын тыңдаған ел басының қағажу көрсетуі бірімен-бірі жалғасып жатқанын әңгіме етті. «Маған реніші болса, өзіммен алыссын, ал балалардың не жазығы бар? Жұбановтар билей бере ме?» – депті, – деді ол ел басының атын атап. Бұл – Ғазизаны Композиторлар одағының төрағасы қызметінен босатқан кезі еді. Ахаң соған кәдімгідей ренжіді. «Ер бала да емес, қызға да зорлық жасауға бола ма?» дегені де есімде қалыпты. Өз тұстастары Е.Г.Брусиловский, М.Төлебаев «КСРО халық артисі» атағын алып жатқанда, Ахаңа ол да бұйырмады. Мұны да ол өкпе тұтып, ішіне бүкті. Қайран ­арыстарымызды бағаламай, қор қылған заман-ай! 60-жылдардан бастап Ахаң бірыңғай Ғылым академиясына орнықты. Әдебиет және өнер институтында музыка бөлімін басқарды. Филология жөніндегі Ғылыми кеңестің құрамына музыка­ зерттеушілерді кіргізіп, өнертану ғылымынан жас кадрлар тәрбиелеумен айналысты. Өзі сол докторлық ғылыми кеңес төрағасының орынбасары болды. Осы кезде Ахаң әдебиетшілермен араласып, олардың жазғандарын оқып, бірқатарын жақын тартты. Сондай сыйлас інілерінің қатарында мен де болғанымды бүгін ризалықпен еске аламын. Ахаң менің Сәкен Сейфуллин­ туралы кітабымды оқып ризалық білдірді. Сәкенді көрген, бірге болған кездері жайлы қызықты әңгіме айтты.­ Бір жолы менің «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан бір мақаламды оқып, телефон соққаны бар. Ол – философ ғалым Қ.Бейсембиевтің «XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси идеялық ағымдар» атты кітабына жазылған рецензия еді. Мен сол тұстың үлкен ақын-жазушыларын саяси көзқарасы тұрақсыз, кертартпа­ етіп бағалаған Қасымға дау айтып, Шәкәрімді, Сұлтанмахмұтты арашалаған едім. Шәкәрімнің бір рет ақталып барып, мұрасын басу әлі де шешілмей тұрған кезі еді. Ахаң осыған қолдау көрсетіп, менің мақаламның негізгі мазмұны көңіліне қонғанын айтты. Шәкәрім жайлы біраз әңгімелерді еске түсірді. Ахаңмен менің сыйлас болуыма Қажым да себепкер болған еді. Қажекеңе еріп, Ахаң үйіне бір-екі рет барғаным бар. Бір жолы Ахаңның анасы қайтыс болғанда көңіл айта барғанымыз, Қажекеңнің: «Жетім қалдың, енді детдомға береміз бе, қайтеміз» деп қалжыңдағаны бар. Ахаң естімеген адамдай, басқа әңгімеге ауысып кетті. Бұлай ету, ұнамаған әңгімені естімегендей елеусіз қалдырып, басқаға бұрылып кету Ахаңның әдетінде ­бар-ды.­ 60-жылдары Ахаң екеуміздің жиі кездесуімізге себеп болған нәрсенің бірі – гараждарымыздың көршілес ­болуы еді. Сол жылы машина­ алып, мен Ахаң гаражымен іргелес бір ­гаражды сатып алдым. Таңертең машина шығаруға барғанда, Ахаң да машинасына келіп тұрады. Машиналарды күту мен баптаудың шаруа­ларын да ортақ ақылдасып жүрдік. Бірде Ахаңның мені өзінің машинасын қарайтын бір шопырға ертіп апарғаны бар. Ол кісі асықпай, машинаны баппен жүргізетін еді. Екінші бір жолы менің машинама мініп: «Сен тым тез жүреді екенсің, алдыңнан біреу шыға келсе, қайтесің?» деп сақ, асықпай жүргізуге үгіттегені бар.
Осындай жылы қарым-қатынас екеумізді тілектес аға-інідей жақын­дастырып еді. Ахаңның тілектестігін мен докторлық диссертация қорғаған күндерімде (1964) анық сездім. Диссертацияны қабылдау, талқылау тұсында қолдаған Ахаң қорғау үстінде тым жылы сөз сөйлеп еді. Ол өзінің әдебиетші емес екенін ескертіп алды да, жалпы Сәкен туралы ойын, онымен кездескен тұстарын, Сәкеннің Құдайбергенмен достық, жақсы қарым-қатынаста болғандарын еске түсірді. 1965 жылы маусымда менің диссертациямды Мәскеуде Жоғары аттестациялық комиссия бекітті. Сонда­ Мәскеуде жүрген Ахаңның соны біліп, хабарлап, маған берген ­жеделхаты да бар. Өте жылы жазылған еді. Көп қағаздың ішіне түсіп кетіп, кейін таба алмай қалдым. Тауып, жариялау да ойда бар. Ахаңның қарамағында менің жерлес жолдасым Жиенбек Рсалдин аспирант болды. Ахаң оған жақсы музыка зерттеуші ­болады деп іш тартушы еді. Шынында, Жиенбек музыка зерттеу саласында көп жұмыс істеді, көптеген мақалалар, кітаптар жариялады. ­«Ахмет Жұбанов» деген монографиясы да шықты. Бірақ қорғалмай қалды. Оның әйелі Ғафура Бисенова да Ахаңның жетекшілігімен кандидаттық диссертация дайындады.­ Ғафура қорғап кетіп, Жиенбектің қорғамай жүргеніне Ахаң ренжитін де еді. Бірақ сыпайы Ахаң оған қатты ұрыспай, ескертумен тынатын. Осындайда мен сөзге араласып, Жиенбекке қаттырақ қалжыңдасам, ойындағысын айтқандай, Ахаң мәз болып күлетін. Ғафура қорғаған ғылыми кеңесте үзіліс кезінде Ахаңмен бірге тұрған Жиенбекке: «Ит-ай, саған керегі осы еді, қатының кандидат болды, енді жаныңды қинап, қорғап қайтесің?» дегенімде, Ахаңның рахаттана күлгені есімде. Өзі айта алмағанды мен айтқанға риза сезімде күлді. Өмірінің соңғы кезінде Ахаң науқастанып, көп уақытын Алматы шипажайында­ өткізді. Әуелі ота жасатты. Одан кейін де көп жатты. Нәукеңмен де барды.­ Нәукең осы шипажайда қайтыс болды.­ Мен де сол тұста бір еңбектер ­жазып, сол шипажайда көбірек болып жүрдім. Жалғыз қалған Ахаңа жиі барып, әңгімелесіп тұрам. Сондай бір күнде Ташкенттен докторлық диссертация қорғап қайтқан Болаттың әкесіне келгеніне куә болғаным бар. Ахаң баласын таныстырып, оның ғылыми ізденістері жайлы біраз әңгіме айтты. Баласына риза көңілі сезіліп тұрды. Ғазизаның музыка жолындағы табыс­тарына да ризалықпен қарайтын. Асып-тасуды білмейтін Ахаңның тым шашылмай айтатын ризалық сезімінің өзі де жеткілікті көрінетін. Сол күндері талай әңгіме айтылып еді. Көбі есте қалмапты. Ол кезде естелік жазамын деген ой да болмаған ғой. Ахаңнан қалған әңгіме көп. Ол кісінің тапқыр айта білетін әзілін жұрт зор бағалайтын. Консерваторияның ректорлығынан ­босатып, партиялық жағынан жазалаған бір тұста таудағы «Алатау» шипажайында Ахаң ­демалыпты. Шипажайдың емдік ванналары екі кісілік болатын. Екі ваннаға Ахаңмен бірге тағы бір өзі құралпы адам түсіпті. Ол әзілдеп, «Аха, қайратыңыз қайтты ма?» деп сұрапты. Сонда Ахаң: «Қайдам, ЦК-ның пікірі жаман емес қой» депті. Ахаңа тағылған айыптардың ішінде ол кісінің жігітшілігі туралы да әңгіме болған ғой. Ахаң осыны нұсқап айтқан. Үстінен әрқилы арыз жазылып, қазақтың алауыздық пәлеқорлығынан жапа шегіп жүрген Ахаңның бір күні маған: «Ригада екі қазақ тұрады екен. Бірі – көшеде тұратын милиционер, екіншісі – таксидің шофері. Милицио­нер шоферді күн сайын ұстап, айып ­салады екен» дегені бар. Қазақы мінезге деген сарказм жатыр ғой осы сөзде. Хамитке (Ерғалиев) қалай ­шофер болғанын мен Ахаңның өз аузынан естігем. Екеуі бір жерде қонақта ­болыпты. Қонақ үстінде әңгіме поэзияға ауысып, үлкен ақындардың аты аталыпты. Оған риза болмаған Хамит ол қатарда өзінің аталмағанына реніш білдіреді: «Аха, шыныңызды айтыңызшы, қазақта менен үлкен қандай ақыныңыз бар?» депті. Өтірік жалбақтауға жоқ Ахаң оған жауап бермей, естімеген боп басқа әңгімеге ауысып біраз отырады. «Бірақ мазам болмады. Сонсоң ертерек қайтайын деп үй иесінен рұқсат алып, тұра бастап ем, Хамит: «Мен де қайтам» деп, орнынан көтерілді. Қашып кету ыңғайсыз, менің машинама келіп отырды. Екеуміз келе жатырмыз. Мен үнсіз. Ол әлгі әңгімесін қайта бастады: – Неге үндемейсіз, менен үлкен қандай ақыныңыз бар? – деп зорлады. Ішкен адам қойып жібере ме деп қорқып, бір жағы қалжыңға сүйеп: «Сенен үлкен ақын дүниежүзінде жоқ» дедім. «Дүниежүзі» дегенім ерсілеу болды-ау деймін, маған қатал қабақпен, адырая қарады. Жасқанып қалдым да, сөзді жұмсартайын деп: «Өзің ойлашы, академик шофері бар дүниежүзінде қандай ақын бар?» дедім. Ол күліп жіберді» деуші еді. Ахаң халқының қадірлі ұлдарының бірі болды. Атағы зор адамның қарапайымдылығы, кішіпейілділігі, адамшылық мінезі оны білетін адамдардың құрметін де арттырды. Сондай ағалардың аз уақыт болса да қасында болып, әңгімелерін, сөздерін тыңдағанымызға, тәлім-үлгі алғанымызға, еңбектерін оқып, білімімізді ықтырғанымызға риза­лықпен қараймыз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.