АРНАЛЫ АҒЫС

Адам әлемі шексіз. Өмір мәні, еңбек мұраты, мүмкіндіктері де мол.
Гәп, Адам атты ардақты есімді, оның өмірі мен еңбегін, дүниетаным арналарын, білім-ғылым ісін, тәрбие тәлімін аялау мен бағалауда болса керек.
Адам-пендеге берілген қысқа ғұмырды әркім әрқалай ұйымдастырып, түрліше өткізеді. Абай айтқан: «жан мен тән құмарының» («Жетінші сөз») байы­бына барып, оны өмір мұратына айналдырғандар сирек-ақ. Ой-сөз жүйесін көрнекті қазақ қаламгері Ж.Аймауытұлы жазбаларымен сабақтасақ: «Адам – өзінің ыңғайымен, еркімен қызмет ететін зат. Кісі іштен туғаннан-ақ бір өнерге, қызметке икем болып туады, басқаша айтқанда бір нәрсеге талап, ыңғай, қабілет, яки зеректік болады. Біреу бала оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу әскерлікке, біреу жазушылыққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға, біреу сөзге, біреу дауға ыңғайланып жаралады. Кімде-кім өзінің біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп, қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. «Өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ» («Неге айналсаң, соны істе»). Адам мұраты, өмір мәні терең танылып-ақ тұр.
Осы орайда, журналист һәм ұстаз-ғалым Намазалы Омашұлының өмірі мен шығармашылығына қысқа шолу жасасақ, әлгінде айтқан «өз орнында» деген қағидалы ойлардың ақиқатына, шынайы шындығына көз жеткізер едік.

Ең алдымен байқалар жайт: Н.Омашұлы­ның еңбек кітап­шасындағы өмір жолы мен қызмет орнына қатысты дерек-жазбаларда бірін-бірі толықтыру, өсу, есею секілді бірізділікке толы бел-белестер болмаса, ала-құлалықтар жоққа тән. Барлық тұстардан, әсіресе өмір өрнектері мен еңбек белестерінен іргелі ізденіс, айқын көзқарас, мол тәжірибе жіті танылады. Адами болмысы, азаматтық қырлары айқын. Кездесу, жүздесулерде өзін еркін, емен-жарқын ұстайды. Өмірде қарапайым, ұстамды. Еңбекте табанды. Жақын-жуық, дос-жарға адал. Қамқорлығы да мол. Өзім аңғарған, көз жеткізген тұстарым – Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы ЖОО-ғы қатар жүрген, ертелі-кеш кездесу-сұхбаттардан адами мұраттары мен сапалық қырларын, дүниетаным иірімдері мәнді де ғибратты болды. Әр кез-ақ өзі айтып жүргеніндей, басты ұстанымы: адалдыққа жаны жақын, әділетті істі жақтап-қолдайды, шынайы шындыққа ғана табан тірейді.
Профессор Н.Омашұлының шығарма­шылық ізденіс, еңбектеріне ден қойсақ, тақырып әр алуандылығы байқалғанымен нені айтып-жазуға келгенде әлдекімдерше «көсемдік қолтаңба» қалдыруға құмар емес. Керісінше, қайсыбір тақырып, мәселеге қалам тартып, ой толғаған тұстарда өзі біліп, көзі жеткен жайттарға ден қоятыны, соны ғана ақыл-парасатқа серік, сөз жүйесіне негіз ететіні, нәтижесінде: кемел ой, көркем өрнектермен байыпты талдап-толғап, нанымды, әсерлі жеткізетіні айқын аңғарылады. Басты тақырып, маңызды мәселелерге басымдық береді. Түпкі нәтижеге, түйінді тұстарға назар аударады. Көлемге емес, қысқа қайырымға бейіл екен.
Біз оқып-танысқан Н.Омашұлының «Жол-үстінде журналист» (Алматы: «Атамұра» 1999, 168-бет), «Белестер» (Алматы: Қазақ университеті, 1999, 273-бет), «Радиожурналистика»//1981//, «Қазақ радиожурналистикасы»// 1992//, «Ақпарат әлемі» (2006) атты әртүрлі жанрларда жазылған еңбектері адам әлемінің мың сан иірімдерін, өмір-уақыт шындықтарын, ұлттық журналистиканың, қазақ радиосы мен теледидарының арғы-бергі тарихы мен ақпарат жүйесін, маман даярлаудың түйінді тұстарын, маңызды міндеттерін, оқу, оқыту ісіне қатысты көкейкесті көзқарастарды жіті бақылап, сергек сезінуден, жалпы әсерлі әлем, көрікті ойлар жиынтығынан тұрады. Ақпарат әлемі ағысты арна, кең өріс құрайды.
«Жол үстінде – журналист» атты еңбекте ұлттық журналистиканың қалыптасу, даму тарихы мен өзіндік белгі-ерекшеліктерін шетелдік журналистикамен алма-кезек ­салыстырып, содан түйген түйін-толғамдарды қалың көпшілік, ғылыми қауымға – «Жер иесі», «Ел киесі», «Сөз жүйесі» секілді тарауларда кеңінен қамтып, әсерлі баяндап, нанымды жеткізеді.
Алдымен байқалар жайт: кітап құрылымында жүйелілік, ішкі тақырып, бөліктерде бірлік, сабақтастық, табиғилық терең танылар еді. Ой-сөз жүйесін дәлдік пен нақтылыққа бағыттасақ, кітап тараулары­ мен ондағы тақырып-мәселелер ұлттық мүддеге, елдік мұраттарға, ақыл-парасатқа негізделгенін аңғарар едік. Айталық, кітаптың «Жер иесі» атты тарауында мұхиттың арғы жағындағы, алыстағы Американың Оклахома­ университетімен жасасқан келісім-шарт негізінде екі ел, оның оқытушыларының бір-бірімен тәжірибе алмасулары білім-ғылым мүддесімен бірге жас маман даярлаудың, ғылыми зерттеулер жүргізудің, байыпты бағдарлама жасаудың тиімді әдіс-амалдары, қыр-сыры, негізгі нәтижелері мен тағылымды тұстары дәлелді де нанымды баяндалады.
Алғашқы тұста Америкаға жеткенге дейінгі көрген-білген жайттардың әдемі әсері, ғажайып көріністерімен басталған кітаптың бастапқы тараулары сол елдің ерекшеліктерін, әсіресе заң тұғырының – биік, тәртіптің – қатаң, уақыттың – үстем екендігін, қысқасы америкалық үлгі, өмір салтын жүйелі сөз етеді. Өрнекті өрісі, өнегелі үлгілері бағалау мен байыптау, салыстырулар тұрғысынан жан-жақты қарастырылады. Мәнді тұстары жұртқа жеткізіледі.
Кітаптың құндылық қыры мен рухани әсер-ықпалын арттырып тұрған жайттардың бірі – америкалықтардың еңбекке, қызметке көзқарастарының жоға­рылығы, мемлекеттік мүддеге адалдығы, білім-ғылым жүйесінің өмірге, адамға қызмет етуге негізделуі, үлкен-кішінің бәрі заңға, тәртіпке табан тіреуі секілді белгі-ерекшеліктері тап басып көрсетіледі. Әсіресе, білім-ғылым жүйесіндегі интеллектуалдық деңгейі, ғылыми жұмыстың бір-ақ рет қорғалып, ондағы негізгі нәтиже – жаңалықтың өмірге, өндіріске енуіне зор маңыз берілуіне ерекше назар аударылады.­ Оқу жүйесі туралы айтқанда: әр студент белгілі бір мамандыққа ғана бейімделіп, сол салада­ ізденіп, оқитынына көп көңіл бөлінеді.Өмірмен байланыс, еңбекке көзқарас, өзіндік өзгешелік қырлары нақтылы мысал-деректер негізінде кең өріс алады.
Кітаптың «Ел киесі» атты тарауында ұлттық журналистиканың мұрат-міндеттері, әдебиет пен өнердің өріс-өресі, жекелеген тұлғалар – Бөлтірік Әлменұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, т.б. өмірі мен шығармашылығына қатысты көзқарас, түйін-толғамдарға кең орын берілген. Автордың өмір құбылыстарын көркем пішінге көшірудегі баяндау әдісі, деректі сөйлету мәнері, ой-сөз жүйесіндегі дәлдік, т.т. қалыптасқан қолтаңбаның із-бедерін айқын көрсетеді. Ел-жерге қатысты тарих тағылымы, ұлттық мұратты арқау еткен жылнама-шежірелер,ондағы танымал тұлғалардың бейне-бедерлері, аңыз-әңгімелер желісі мен жүйесі уақыт талаптары тұрғысынан нақты да көркем, бейнелі һәм бедерлі беріледі.
Кітаптың «Сөз жүйесі» атты тарауы: «Бүгінгі тіршілік кестесі тым шапшаң түрленіп жатыр. Оның бұрыннан санамызға қалыптасқан ­бояуы, өрнектері күрт ыдырап, жаңа түс, жаңа белгілерге көшті. Өң түгіл, түсімізге енбеген осындай соны үрдістерді дағдымызға айналдырып, өмір салтымызға ендіріп жатқан – уақыт дейтін құдірет. Оның тәуелсіз Қазақстан журналистикасына да алып келген жаңалығы жетеді» деген кемел ойларымен басталып, ұлттық баспасөздің бүгінгі, болашақтағы мұрат-міндеттеріне барлау, түйінді тұстарына талдау жасалады. Автор қоғамдағы, күнделікті өмір-тұрмыстағы баспасөздің бағыт-бағдарын алыс-жақын елдер тәжірибесімен еркін ­салыстырады, ортақ белгі, кемшіліктері туралы да келелі пікірлер білдіреді. Нәтижесінде: баспасөз – қай кезеңде де халық мұратын көздеп, жұрт тілегін жүйелі жеткізетін, тағдыр-талайына жауапты, нәтижеге бағытталған деген байыпты да бағдарлы, түйінді тұжырымдар жасайды.
Негізінен алғанда, «Жол үстінде – журналист» атты еңбек ұлттық баспасөздің мұрат-міндеттерін, бұрынғы-соңғы тәжірибе-тағылымдарын алуан бағытта, кең көлемде салыстырып, танып-таразылаумен маңызды.
Журналист-ғалым Н.Омашұлының ­«Белестер» атты очерк пен фельетон, портрет пен мақала, рецензиялардан тұратын кітабы құрылым-түзілісі тұрғысынан, мазмұн-тақырыбы жағынан, ең негізгісі кеше мен бүгін мәселесін, адам мен оның іс-әрекеттерін, қоғамдағы орын-үлестерін еңбегіне қарай бағалап, танып-талдауымен мәнді. Атап айтқанда, қайсыбір жанрдағы туындылар табиғатына тереңдей енер болсақ, өмір шындығы мен уақыт сырлары, адам мен оның іс-әрекеттері нақтылы сөз етілетініне көз жеткізер едік.
Маңыздысы: автордың қандай тақырыпқа қалам тартса да негізгі нысана – объектіні терең зерттеп барып қордалы ойлар қозғайтыны, оның өзінде атүсті сөз етпей, еліктеу-тамсануға бой алдырмай, керісінше таразы басын тең ұстап, таным мен талғамға, өмір-уақыт ұсынған көкейкесті жайттарға көңіл бөлетіні терең ­танылар еді. Ең бастысы, еңбек ортасында болып, ондағы шешуші тұлға – Адамдармен кездесіп, ортақ мұраттар туралы келелі кеңес құруы, тіпті олардың мұң-мұқтажы мен мерейлі мақсат-мұраттары туралы сыр-сұхбаттарға баруы жүйелі де көркем, табиғи өріс алып отырады. «Очерктер» бөлімінде Адам мен оның еңбегі, олардың өмірге, қоғамға көзқарастарының тағылымды тұстары ашылады.
Ал «Фельетондар» бөліміне енген ­материалдар («Май шелпек», «Сауда сақал сипағанша», «Кексе студент», «Қулар ­жарысы», т.т.) қоғамдағы, өмірдегі келеңсіз көрініс-құбылыстарды, адам бойындағы жағымсыз қасиет, белгілерді еңбек үстінде сынап-мінеп, себеп-салдарын қысқа, нұсқалы үлгіде жеткізуімен ерекшеленер еді. Автор өмір оқиғаларын қарапайым суреттеп, адамдар бойындағы келеңсіз қасиеттерді, күлкілі жайттарды, зиянды әрекет, теріс мінез-қылықтарды тақырып табиғатына, өмір-уақыт шындықтарына, характерлер қақтығысына қатысты нанымды, көркем көрсетеді. «Өмірде не болмайды» деген қағидалы ойларды негізгі назарда ұстай отырып, қоғамға, адамға қарсы әрекеттерді ақ-қара, үлкен-кіші демей, әуелгі негіз-арнасын айқындап, зиянды, көлеңкелі тұстарын сынап, мінейді. Адам мінсіз, қоғам кінәратсыз болу үшін әркім заңға, тәртіпке бағынуы, өз орнында болуы қажеттілігі жан-жақты көрініс тапқан.
Кітаптың «Портреттер» бөліміне енген туындылар есімі мен еңбегі еліне, алыс-жақын халықтарға кеңінен таныс тұлғалардың адами­ бейнесін, өмір өріндегі, сөз өнеріндегі орын-үлестерін ашуға арналған.
Бұл тұстарда да кітап авторы таразы басын тең ұстап, өзіндік көзқарасын, таным-талғамын нақтылы еңбек, деректер төңірегінде жүйелі өрбітеді. Тақырыпты ашып-меңгеруі, деректі қолдануы мен жеткізуі, қайсыбір туын­дылардағы өмір құбы­лыс­тарының көркем пішінге көшірілу жай-күйі, қаламгердің шы­ғар­машылық жұмыс тәртібі, әдебі мен әдеті, әдеби еңбектің құрылым-жүйесі, идея, проблематика мәсе­лелері, т.т. нақтылы баяндалып, кеңінен ашылып, нанымды беріледі.
Ой-сөз жүйесін журналист, ұстаз-ғалым Н.Омашұлының шығармашылық еңбектері хақында ағысты арнаға бұрсақ, айнала-әлемдегі әр алуан көрініс-құбылыстар, өмір-уақыт шындықтары, адам әлемінің мың сан иірімдері, бәрі-бәрі жанр ерекшеліктеріне сай кемел ой, көркем өрнектер негізінде байыпты баяндалатыны айқын аңғарылады. Бұл – бір. Екіншіден, автордың Қазақ ­радиосы мен теледидарының тарихы, теориясы мен тәжірибесі туралы алуан ізденіс, ғылыми зерттеулері қалың көпшіліктің, осы саланың маман-қызметкерлерінің қызығушылығын туғызып, ықылас-назарын аударары хақ. Үшіншіден, ҚазМУ-дың журналистика факультетінің деканы ретінде ұлттық журналистика ғылымын дамыту ісін, осы сала бойынша диссертациялық кеңес жұмысын, «ҚазМУ хабаршысы» журналистика сериясын, студенттердің «Сана» телерадио студия­сын, ЮНЕСКО кафедрасын, т.т. дұрыс жол, кең арнаға салуы білікті де іскер, басшы-ұйымдастырушының адамдық қасиеттерін, азаматқа лайық биік тұлғасын асқақтатып, даңқ тұғырына шыңдап-сомдап, көтере түскені анық. Сондай-ақ «Журналистика» мамандығына арналған мемлекеттік білім стандартын, Типтік оқу бағдарламасын, БАҚ менеджментін қалыптастырды. Қысқасы, ақпарат әлемінің бағыты, айбыны мен айдыны кең көлемде көрініс береді.
Бұдан басқа, профессор Н.Омашұлы «Алаш көсемсөзі» (10 том), «1920 жылдардағы кеңестік журналистика» сынды ұжымдық еңбектерге жетекшілік жасады. Бұл еңбектерде ХХ ғ.б. қоғамдық жағдай, ұлттық мұрат пен руханият арналары, жекелеген танымал тұлғалардың тағдыр-талайы кеше-бүгін мәселесі тұрғысынан сөз етіледі. Бастысы, Алаш әлемі мен мұраты, тарих пен таным арналары, ұлт пен ұрпақ қамы, білім-ғылым ісі, баспасөздің бұқаралық Һәм қоғамдық сипаты, оның мән-маңызы кең орын алады.
Анығында, профессор Н.Омашевтың ғылыми жетекшілігімен 2007-2009 жылдар аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты даму негізі» атты бағдарлама аясында «Ұлттық идея қайнар көзі – Алаш публицистері мұраларын жинастыру, жүйелеу, талдау және жариялау» деген тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның нәтижесі қалың көпке жетті.
Сонымен бірге 2010-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алаш баспасөзі тігінділері мен нөмерлерін іздеп табу, жария­ланымдарын араб әліпбиінен кириллицаға аудару, академиялық жинақ етіп шығару» атты ғылыми жоба (Ғылыми жетекші: Н.Омашев) бойынша жұмыстар жүргізілді. Мұнда ғасыр басында араб қарпімен жарыққа шыққан қазақ басылымдары: «Айқап», «Қазақ», «Қазақстан», «Серке», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Абай», «Бірлік туы», «Алаш», «Ақ жол», «Сана», «Қазақ тілі», «Таң», «Шолпан», «Жас Түркістан» газет-журналдарында жарияланған Алаш қайраткерлерінің құнды көсемсөз мұраларын кириллицаға түсіріп, академиялық 10 томдық кітап жарық көріп, кітапханаларға таратылды. Бұл еңбектер, сөз жоқ жас ізденушілерге, ­магистранттар мен докторанттарға мән-маңызы жоғары.
Н.О.Омашев – танымал публицист, оның мақалалары республикалық газет-журналдарда жарық көріп тұрады, радио және телебағдарламаларға жиі қатысады. Публицистің қаламынан туған жолсапар және портреттік очерктері мен түрлі эсселері, ғылыми-танымдық мақалалары мен деректі ­фельетондары оның шығармашылық дарыны мен публицистік шеберлігін айғақтайтын «Ақпарат әлемі» атты таңдамалы шығармаларының екі томдығына топтастырылған (2006). Публицист очерктері сезімге әсер ететін суреттер мен нәзік лиризмге толы. Ал фельетондары оның сықақшылдық қырын танытады: оқырмандардың есінде ирониялық тапқыр тіркестерімен, сәтті қолданылған юморлық эпизодтарымен, күлкілі диалогтарымен қалады.
Түйінді тұста айтарымыз, профессор Н.Омашұлының ақпарат әлемінің кешегісі мен келешегіне арналған еселі де елеулі еңбектері: іргелі ізденіс пен зерттеулер жүйесінен, өмір тәжірибесінен туған; қазақ журналистикасының тарихы мен тағылымы алуан дерек көздері, мол материалдар, түрлі сараптау-саралаулар арқылы көркем де жүйелі жеткізіліп, мәнді қырлары кеңінен көрсетіледі; ұлттық журналистиканың ­теориясы мен тәжірибесін алыс-жақын елдердің жетістіктерімен салыстыру-салғастыру арқылы арғы-бергі кезеңдердегі идеологияның, ақпарат әлеміндегі еркін ағымның әсер-ықпалын, елдік мүдде мен әлеуметтік жауапкершіліктің, сөз бостандығының мән-маңызын барынша мәнді, жан-жақты ашады; бастысы, әрине БАҚ жүйесіндегі жаңалық-жетістіктер елдік мұрат-мүдде, журналист жауапкершілігі тарих пен ­таным тоғысы тұрғысынан таразыланып, оның өзі табанды әрекет, сарабдал көзқарастар негізінде жүйелі қорытылып, негізгі нәтижелері мен түйін-тұжырымдары қалың көпшілікке байыпты баяндалады. Нақтылық пен дәлдікке мән беріледі. БАҚ жүйесіне адалдық пен әдептілік, жанашырлық пен жауапкершілік, табандылық пен тұрақтылық сынды белгі-ерекшеліктер терең танылады.
…Анығында, профессор Н.Омашұлымен Нұр-Сұлтан (бұрынғы Астана) қаласына келгелі ертелі-кеш кездесеміз. Ұстаздық қызметте, әдеби-ғылыми жиындарда да жиі ұшырасамыз. Көршілік қарым-қатынас, аға-інілі байланыс та бар. Байқағаным: өзіндік бағыты, берік ұстанымы бар. Ой-сөз жүйесі айқын. Қоғамдық һәм мәдени мәселелерде, ұлттық-руханияттық тақырыптарда өзі білетін, көзі анық жететін жайттарды жүйелі де нақты, нанымды сөз етеді. Ұлттық тарихты, ел-жер жайын да өз көзқарасы, дүниетанымы, таным таразысы тұрғысынан әңгімелейді. Баяндау мәнері, қабылдау мен қорытуы, жеткізу жолдарында да өзгеше екпін-серпіні бар. Көрген-білгені, естіген жайттары, естеліктері де мол. Өмір тағылымы да көпке үлгі-ғибратты деуге әбден болады. «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы!» деген сөздің маңыз-мәні, тағылымы, салмақ-сыры осыдан да танылса керек.
Түйіндей айтқанда, ой-сөз жүйесіне арқау еткен Н.Омашұлының журналистік һәм ұстаздық-ғалымдық қырлары да ұлттық тарихтан тағылым алып, тұғырлы тұлғаларға тағзым етіп, аға ұрпақты ұлағат тұтып, өмір-керуенмен, қалың елімен бірге бүгінді болашаққа жалғап барады. Қазақ журналистикасындағы өзіндік бағыты мен қолтаңбасы айқын да бедерлі. Бірқауым ізбасар-шәкірттері аялап-қолдап, мадақ сезіммен айналасында жүр.
Осы реттен келгенде, өрнекті өмірдің өрісті өлкеге айналғанын, тағылымды-тәлімді ғұмырбаянның ағысты арна алғанын әркім-ақ қалайды.
Адам әлемінің бір қыры, өмір мұраты мен уақыт шындығы да осы.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымының докторы,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.