АЯУЛЫ ЖАР, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Ә.Шәріпов атындағы №6 мектепте партизан қаламгер Әди Шәріповтің жұбайы Клара Мыңжасарованың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Мектеп директоры Алтынгүл Момынқұлованың ұйымдастыруымен өткен шара оқушылардың әзірлеген концерттік бағдарламасымен айшықталды.  

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары­ Б.Жақып мерейтой иесін Жазушылар­ одағы атынан құттықтаса, профессор­ А.Жақсылықов ҚазҰУ ректоры­ Ғ.Мұтановтың құттықтау хатында­ жазылған ізгі тілектерді оқып берді. Сондай-ақ М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер ­институты дирек­торының орынбасары­ А.Қалиева, институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Г.Орда, доцент С.Ананьева және т.б. мерейтой иесіне жүрекжарды лебіз­дерін білдірді. Жазушының туған жері – Шығыс Қазақстан ­облысы Жарма ауданынан арнайы делегация келіп, бауырластық ықылас танытып, елдің сәлемін жеткізді. Әди Шәріповтің отбасымен аралас-құралас болған дос-жарандар, әріптестер, тілектес ағайын-туыстары да мерейтойлық кештің шырайын кіргізді.
Клара Мыңжасарова – Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық ­институтын орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, кандидаттық диссертация қорғап, сол институтта ­кафедра меңгерушісі, кейін 20 жыл декан қызметін атқарған. Бүгінде апамыз сол жас ұрпақты нағыз ­патриот етіп, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. Ол сонымен бірге Әди Шәріповтің қалдырған ізін жалғастырды. Мұражай, көше, ескерткіш орнатуға атсалысты. Осындай істерден қол үзбеген Клара­ Жағыпарқызының еңбегі елеулі. 2004 жылы мектепке Ә.Шәріпов есімі берілді. Әди Шәріпов есімі берілген мұражайдың ашылуына­ да Клара Жағыпарқызының қосқан үлесі зор. Осы мұражайда 2007 жылдан бастап жыл сайын, дәстүрлі түрде Клара Мыңжасарованың қатысуымен ­1-сынып оқушыларының «Шәріповшілер» қатарына қабылдау рәсімі өткізіліп тұрады. Мектеп оқушылары ант қабылдап, жазба­ жұмыстарын жазып, сурет салу, кітап көрмесін ұйымдастыру секілді шығармашылық жұмыстар жасайды.­ Шара соңында оқушылар Клара Мыңжасарованы ортаға алып, естелік суретке түсті.

Н.БАТЫР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.