МӘҢГІЛІК БЕЙНЕЛЕР ӘУЕНІ

Сурет өнері – өмірді, қоршаған ортаны, адамның жан дүниесін, уақыт пен заманды бейнелеп жеткізудің керемет құралы екені рас. Шебер суретшінің кез келген туындысын көріп, тамашалаған кезде қылқалам шебері бұл картинасымен қандай ойды жеткізгісі келді екен дейсің іштей. Суретті де, суретші шығармашылығын тану да осы сауалдан басталса керек-ті.

Сан түрлі бояулар, эскиздер, панора­малық кескіндемелер табиғаттың, қоршаған ортаның өз көрінісінен алыстап кетпей, шынайылығымен тәнті етеді. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың маңдайына біткен талантты суретші Үкі Әжиев туындыларының тақырыптық ауқымы кең әрі соншалықты әсерлі, өнерсүйер қауымға жоғары эстетикалық тәлім сыйлайтынын аңғару қиын емес. Мұны біз Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайында өткен қылқалам шеберінің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеде байқадық. Өнер иесінің шығармашылық қыры – өмірдің құбылыстарын шынайы түрде жеткізу. Мәселен, «Жайлаудағы таң», «Маңғыстау», «Қаладағы қыс», «Іле», «Қазақ мадоннасы», «Жайлау» сынды­ суреттерінде табиғат пен адамның тіршілігі астасып, белгілі бір мағыналық тұтастыққа ие болған. Акварельмен салғандықтан кейбір иірімдердің сыры толық ашылмағандай, жұмбақ­тау қалған тұстарымен қызықтыра түседі. Ең ғажабы – Үкі Әжиевтің кескін­демелерінде қазақ даласының табиғаты адамдарының ішкі жан дүниесімен ұласып жатқандығы. Әрбір суреттен қазаққа тән қоңыр мінез, қарапайым болмыс аңқиды. Жасандылықтың титтей де ұшығы байқалмайды, бәрі де ­нанымды. Бояулардың өзін осынша­лықты құлпыртып, түрлендіруге болатынын көріп қайран қаласыз. Бояулардың қанықтығын, түсін артық не кем қылмай, өз мөлшерінде дәл бере білуі де сурет­шінің өзіндік қолтаңбасын білдіріп тұрғандай.
Үкі Әжиевтің шығармаларына қанық болған соң, Өнер мұражайында ұйымдастырылған әлемге әйгілі суретшілердің туындыларына кезек бердік. «Pygmalion» галереясы арқылы біз Шығыс пен Батыстың көрнекті шеберлерінің графикалық парақтарын тамашаладық. Қайта өрлеу дәуірінен қазіргі заманға дейінгі Батыс Еуропа­ өнерінің көрнекті өкілдері – Альбрехт Дюрер, Анри Матисс, Огюст Ренуар,­ Пабло Пикассо, Сальвадро Дали, Марк Шагал, жапондық укие-э гравюра шеберлері – Утагава Хиросигэ, Утагава Кунисада, Тоехара Кунитика­ және т.б. туындылары көрермен ­назарына ұсынылды. Шетелдік класси­ка­ның үлгілері де сан-алуан. Олардың дүниетанымдық өзгешелігі, өмір құбылыстарын басқаша қабылдауы да шы­ғармашылық туындыларынан-ақ байқалады. Әр суретшінің бір-біріне ұқса­майтын айырмашылығы таңдаған стилдерінен менмұндалап тұрады.
Алматы жұртшылығына әлемдік жауһарлармен танысуға мүмкіндік сыйлаған «Pygmalion» галереясының иесі, қазақстандық белгілі суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбайдың қызы Данагүл Төлепбай екенін айта кетейік.

Д.ЖҰМАЖАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.