«АҚЫЛДЫ БАҚША» – МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДЫҢ КЕПІЛІ

Эркин Умаралиұлы ҚОСИМОВ – өзбек халқының көрнекті ғалымы, техника ғылымының докторы, профессор, Өзбекстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Сонымен қатар ол көп жылдардан бері ғылыми және инженерлік кадр даярлау ісімен де айналысады.­ Өзбекстандық ғалым А.Бисенов, А.Кұлыбаев, Қ.Бішімбаев сияқты қазақстандық ғалымдармен бірге шығарылған 13 кітаптың ­авторласы. Ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының құрметті профессоры. Жиырма жылдан астам уақыт осы жоғары оқу орнының арнайы кеңесінің мүшесі болды. Төменде ғалымның «ноу-хауы» – «Ақылды бақшаға» байланысты төрт жобасы қазақ оқырмандарына ұсынылып отыр.

Үйіңіздің табалдырығынан тәй-тәй басып кіріп келе жатқан перзентіңіздің «Апа, мен бүгін екі бес алдым, алақай!» деп, мәз-мейрам болып айтқан сөзі сізге қаншама қуаныш пен шүкіршілік сезімін сыйлайды. Ал сіз «болашағың жарқын болсын, ел-жұрттың құрметіне бөлен» деп, оған өз батаңызды бересіз. Үйіңіздің көркі болған перзентіңізді тек өзіңіз ғана емес, көрші-қолаң, ағайын-туысыңызбен бірге тәрбиелей бастайсыз. Қажет кезде мейір беріп еркелетесіз, ардақтайсыз.
Бала есейген сайын ақылы мен ой-санасы, мінезі де қалыптаса ­бастайды. Енді іс жүзінде дәлелденген және қолайлы жаңа тәрбие әдістерін іздейсіз. Кез келген ата-ана ­сияқ­ты­ мақсатыңыз біреу – берген батаңыздың, арман-ниеттеріңіздің жүзеге асуы. Сондықтан болашақ перзент тәлім-тәрбиесін үш айлық кезінен бастау керек деген дұрыс. Баланың мектепке дейінгі кезеңін бақша жасына дейінгі және мектеп жасына дейінгі деп екі кезеңге бөлу керек.
Баланың сана-сезімі жүктіліктің үшінші айынан бастап қалыптаса бастайды. Бала жарық дүниеге келген соң көз, құлақ, тағы басқа сезім органдары арқылы сан алуан қызыл-жасыл түстерді көреді және оларды бір-бірінен ажыратады, сегіз күннен кейін дыбысты есту сияқты сезім мүшелері арқылы қоршаған ортаға назар аудара бастайды. Нәтижеде бала сана-сезімі қалыптасуының бастапқы кезеңі ­басталады. Дәлірек айтқанда, онда білу үдерісі өрбиді. Ол қоршаған ортаны білуге ұмтылады. Бала есейген сайын айналасындағы заттарды ұстап көріп, не екеніне қызығады. Бала 4-5 жасқа келгенде аңғару мен білуге ұмтылу сезімі өте жылдам дамиды. Бала өскен сайын, 4-5 жасынан бастап көрген-білген ойыншықтары, суреттері мен қозғалатын механизмдерінің ішінен өзіне ұнайтын кәсіби бағытқа тиісті ойыншықтар мен заттарға көбірек көңіл ­аудара бастайды.
Танымал жапон ғалымы Масару Ибука­ балалардың бақша жасына­ дейінгі тәлім-тәр­биесіне ­қа­тысты ғы­лыми-­прак­ти­ка­лық және зерттеу істерінің нәтижесінде бала­ның сана-сезімі үш жасқа дейін 70-75 пайызға ­қа­лып­тасатынын өмірлік ­мысалдармен дәлелдеп берді. «Одан кейінгі тәлім-тәрбие істері дамыған бала сана-сезіміне мазмұн беруден құралған болу керек» дейді Масару Ибука. Оның бұл бағыттағы ғылыми-практикалық тұжырымдары «Үш жастан кейін кеш» деген атақты кітабында жазылған. Бұған мысал ретінде осы кітабында тарихи тұлға – үнді баласы Маугли, тағы басқа балалардың өмірін алып, ғылыми негізде талдау жасап дәлелдейді. Сондай-ақ жапон ғалымы өзі ойлап тапқан теориясын бала миы көлемінің ұлғаюы ол үш жасқа жеткенде 75-80 пайызды құрайтынымен салыстырады.
Дүниежүзі ғалымдары мойындаған және өте үлкен қызығушылық оятқан осы идеяға негізделе отырып,­ «Мектепке­ дейінгі тәлім-тәрбие мекемелерінде балалардың еркін мамандық таңдауына бағытталған «Ақылды бақша» инновациялық моделі» дүниеге келді. Онда қолда­нылатын тәлім-тәрбие әдісіне негізделген инновациялық ерекше төрт жоба жасалды. Мектепке дейінгі тәлім-тәрбие жүйесін одан әрі жетілдірудегі осы инновациялық жаңа модель Өзбекстанда жаңалық ретінде мойындалды әрі сала мамандарына, ғалымдар мен жауапты басшыларға үйретілді.
Балаларға сенсорлық тәрбие әдістерін және дамушы шет мемлекеттерде қолданылатын тәжірибелерді пайдаланып, түрлі жастағы балалардың сана-сезімі қалыптасуын ескеріп, еркін жағдайда болашақ мамандық бағытын таңдауы және мұның шынайы мәнін түсінуін қамтамасыз ету – ұсынылған жаңалықтың шынайы мазмұны. Бұл жайт балалардың еркін түрде маман­дық бағытын таңдауындағы кейбір кемшіліктердің алдын алу және оны одан әрі жетілдіру мүмкіндігін береді.
Ұсынылған «Мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мекемелерінде балалар­дың еркін мамандық таңдауына бағытталған «Ақылды бақша» ­ин­но­вациялық моделінің» бірінші жобасындағы басты жаңалық – ­балалар бақшасының бүгінгі талабына сәйкес арнаулы мамандық бағы­тындағы бөлмелерді құру қажеттілігі.
Әрине, қазіргі бақшада да ­балаларды мамандыққа бағыттайтын жаттығулар бар. Бірақ мұнда ­тәр­биешінің басшылығында барлық ­баламен бейімдік жаттығу ­өт­кізіледі. Әр баланың тәрбиеші айтып отырған мамандыққа қанша­лықты ­қы­зығатыны, отба­сыдағы ба­ғыттаушы нұс­қаулар көп жағдайда еске­рілмейді. ­Не­гі­зінде ма­ман­дық таң­дауды баланың өз еркіне беру керек. Бала өзі еркін түрде 7-8 мамандық ба­ғы­тындағы бөлме­лерде төрт жыл барысында әр күні арнаулы­ тәрбиешілермен жаттығу өткізсе, әрбір мамандық бағытына саналы түрде, тума қа­білеттерін қол­да­нып, өзіне ұнайтын бағытты таңдайды. Бұл бөлмелерде балалардың назарын­ ­аудартатын мамандық бағытына қатысты мәліметтермен, мультфильм­дермен және ойыншықтармен қамтамасыз етіледі. Мысалы, техника, өнер, медицина, ботаника, жануарлар әлемі, география, фундаментальды ғылымдар бөлмелері, тағы басқалар.
Бақшаға алғаш келген балаларға куратор-тәрбиеші барлық мамандық бөлмелерін көрсетеді және маман­дық таңдау бойынша арнаулы тәрбиешімен таныстырады. Балаларға «өзің қалайтын мамандық бөлмесіне кіруіңе болады. Сені қайсы мамандық бағытындағы бөлме қызықтырса сол бөлмеде жаттығу өткізуіңе болады» деп, оларға еркін жағдайда мамандық бөлмелеріне кіруіне мүмкіндік беріледі. Мұндай бөлмелерде мамандық бағыты бойынша дипломға ие тәрбиешілер екінші күннен бастап еркімен кірген балалармен күн сайын 2-2,5 сағаттық жаттығулар, шоу және мамандық бағыты бойынша қызықты ойындар арқылы мамандыққа қатысты кәсіби білім береді.
Бақшаға қабылданған балалар жасына қарамастан тәлім-тәрбие үдерісінде мамандық бөлмелерінде қайсы бағытқа неше сағат қызығатыны үздіксіз бақыланады.
Баланың бақшаға дейінгі және мектепке дейінгі жасында оның сана-сезімі мен ақыл аясының жедел қарқынмен кеңеюі және қайсы мамандықты таңдағаны, қызығу­шылығы қандай екені жиналған мәліметтер негізінде ай сайын талданады. Нәтижеде 4 жыл­дық тәлім-тәрбие үдерісінде алынған мәліметтер әлеуметтік деңгейде зерт­теліп, баланың қайсы мамандыққа қызығушылығының неше пайыз екені (немесе неше сағат екені) анықталады. Мысалы, бір бала 4 жыл барысында «Техника» бағытына 70 пайыз, табиғат бағытындағы мамандыққа 20 пайыз, өнерге 10 пайыз қызығып тәлім-тәрбие алған болса, келесі басқышта бұл бала мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында таңдаған мамандық бағыттары бойынша арнаулы сыныптарда білім алса, ол әлбетте техника саласының кемел, шығармашыл және заман талабына сай, жауапкершілік сезімі мол маман болып шығуы анық.
Бұл әдістің маңызды тұсы, бала­ның өзі таңдаған мамандық бағыты кейіннен ұнамай қалса, жаттығуда шаршаса, ол екінші көрсеткіш, яғни табиғи бағыты бойынша оқуды жал­ғастыруына болады. Яғни ба­лалардың ата-аналары перзент­терінің ай сайын­ қандай мамандық бағытына қызығып жатқаны туралы мәліметтерді алып, үйде де баланың қызыққан маман­дығына қарай жағдай жасайды.­ Өктемдік жасап баланың пікірін өзгертуге болмайды. Нәтижеде бақша мен отбасы мүшелерінің сәби­дің мамандық бағыты бойынша ұсы­нылып жатқан тәрбие әдісін қол­данудың нәтижелілігі одан әрі артады.
Бақшада алған дағдыларын жалғас­тыру үшін мектепте де мамандық бағытына тиісті оқу бағдарламасымен, оқулықпен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіледі. Бұл әдістің тағы бір маңызды тұсы, мемлекет бойынша мектептердің бірінші сыныбына бақша басшылығының жол­дамасымен қабылданып жатқан балалардың техника, ауыл шаруа­шылығы немесе ақпарат технологиялары бағыттарына қызығатын балалардың санын, яғни статистикасын анықтауға жәрдем береді. Әлбетте, таңдаған кәсіптері балаларға кейіннен ұнамай қалуы немесе ата-аналарының ақыл-кеңесімен өзгеруі мүмкін. Бірақ балалар 7-8 сыныпқа өткенде болашақтағы маман кадр­лар статистикасы аз өзгереді. Демек, ұсынылып жатқан әдіс-тәсілдер іс жүзіне енгізілсе, кәсіптік-техникалық немесе жоғары білім бағытында оқуды қалайтындар статистикасын бақшадан мектепке өту кезеңінде-ақ білуге ­болады.
Жобаның ең негізгі мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың мамандық бағытындағы тума қабілеттерін анықтау. Бала мәжбүрлі үгіт-насихатпен емес, керісінше өз еркімен, еркін жағдайда маман-тәрбиеші бақылауында мамандық таңдаса, әлбетте, ол қоғам үшін пайда келтіретін жетік, шығармашыл маман болып қалыптасады.

Жобаның ең негізгі мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың мамандық бағытындағы тума қабілеттерін анықтау. Бала мәжбүрлі үгіт-насихатпен емес, керісінше өз еркімен, еркін жағдайда маман-тәрбиеші бақылауында мамандық таңдаса, әлбетте, ол қоғам үшін пайда келтіретін жетік, шығармашыл маман болып қалыптасады.

Әдетте жастардың мінез-құлқы және олардың оқуға деген ынтасы бойынша проблемалар жеткілікті екені мәлім. Шетелдік ақпарат құралдарының да жас ұрпақтың ­санасын улайтын ықпалы айтарлықтай. Бала санасының қалыптасу үдерісін ғылыми-практикалық зерттеулер негізінде талдап, ұлттық құнды­лықтарды ұлықтайтын арнаулы бағдарламалар бойынша 2 жастан 7 жасқа дейінгі бақша балаларына арналған мобильдік қосымшалар жасау қажет. Мұндай бағдарламалар негізінде жасалған қосымшалар арқылы ­жастар санасын бұзатын рухани таяз бағдарламалардың ықпалы барынша азаяды.
Ұсынылып отырған «Ақылды бақша» тұжырымдамасының иннова­циялық сәулеткерлік моделінің екінші жобасы – мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мекемесі ғимаратының әлемдік тәжірибелер мен стандарттар бойынша­ әзірленген сәулеткерлік шешімі. Бақша ғимаратының орталық бөлігіне шеңбер пішініндегі үстел (50 немесе 75 бала үшін) қойылып, оның айналасынан балалар еркін түрде 6-7 мамандық бөлмелеріне кіретін болады.
Үшінші жоба – «Мектепке дейінгі жастағы балалардың санасы мен ақылының қалыптасуының музыкалық антологиясын» әзірлеу. Мұны баланың үш айлық кезінен жеті жасына дейінгі сана-сезімінің қалыптасуының музыкалық антологиялық жинағы десе болады. Осы музыкалық антология – «Ақылды бақшада» білім алатын балалардың ата-аналары мен тәрбиеші мамандарға арнап әзірленген музыкалық қосымша бағдарлама. Бұл музыкалық антология мектепке дейінгі жастағы балалар санасының қалыптасу кезеңдері бойынша 7 бөлімге жіктеледі.
Атап айтсақ, бірінші бөлімде – үш айлық жүктіліктен баланың тууына дейінгі кезеңде оның есту және сезім органдары арқылы қабылданатын ата-ананың жайбарақат, бақытты өмірі, олардың өзара музыкалық (дуэт) сұхбаттасуы, шүкіршілік көңіл күйінің маңызы ерекше зор. Сондай-ақ бала туылған соң оның санасының өсуіне есту, көру органдары және түс таңдауы арқылы ата-ананың және отбасы мүшелерінің балаға қатысты мейірі мен көңіл күйі әсер етеді. Жоғарыдағы осы екі бөлім сияқты баланың қалған әрбір өсу жылы кезеңіндегі сана-сезімінің қалыптасу үдерісіне сәйкес өлеңдер мен ұлттық музыкалар бағытында ­дарынды өнер шеберлерінің орындауы­мен 7 клип түсіріліп, ата-аналарға арналған музыкалық тәлім-тәрбие әдіс-тәсілдерінің сый-тарту түріндегі безендірілген дизайнды ­альбомы ­жасалады.
Инновациялық идеяның төр­тінші жобасы – «Дамыған елдерде­ қолданылатын бақша тәрбие­ленушілеріне тәлім-тәрбие берудің инновациялық әдіс-тәсілдерінің ­энциклопедиясын» жасау. Яғни жұмысқа қажетті арнайы мәліметтерді жинау және оның жаңа құрылымдағы формасын әзірлеу.
Осы энциклопедияда бала тәр­биесіне қатысты озық иннова­циялық әдістер жеке баптарда, тиі­сінше әліпби тәртібімен жасалады. Энциклопедияның бірінші бабында мектепке дейінгі жастағы балаларды­ тәрбиелеуде түркі халықтарының Авес­тадан бастап бүгінгі күнге дейінгі дереккөздері негізіндегі мәліметтер жазылады. Сондай-ақ дамыған мемлекеттерде іс жүзінде қолданылатын инновациялық тәрбие әдістері және олардың әлемдік өркениеттің қазынасына қосқан үлестері жеке баптарға мәлімет ретінде жинақталады.
Балалар тәрбиесіне кері әсер ететін факторларға арналған арнаулы бапта­ әлеуметтік, ұлттық, отбасылық, кәсіптік ағаттықтар, жол берілген нұқсандар, кері әсері болуы ықтимал құбылыстар туралы да мәліметтер де жинақталады. Мұның бәрі тәрбие ісімен айналысатын мамандарға, ата-аналарға қателікерден қашу үшін үлкен көмек болады.
Міне, келтірілген осы инно­вация­лық төрт жоба Өзбекстанда мектепке дейінгі тәлім-тәрбие ведомствосы тарапынан қолдау тауып отыр. Ол Низами атын­дағы Ташкент мемле­кеттік педа­гогикалық университетінің «Мек­тепке дейінгі жастағы ­балалар тәрбиесі» кафедраларының про­фессор-оқытушылары тарапынан да талқыланып, бұл идеяның іргелі жаңалық екені мойындалды. Инновациялық идеялардан құралған «Ақылды бақша» жобасына Өзбекстан Республикасының интеллектуалдық меншік ретінде №001128 және №001091 авторлық куәліктері берілді. Өзбекстан мен Қазақстан туыс­тас түркі мемлекеттері ғой. «Ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс» дегендей, бәлкім оң тәжірибе қазақстандық әріптестерімізді қызықтырар ­деген үмітпен идея авторы­ ретінде өздеріңізге «Ана тілі» газеті арқылы ұсынып отырмын. Мархабат!

Эркин ҚОСИМОВ

ТАШКЕНТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.