Виктория Трегубова: Абайдың жырларын жатқа айтамын

Жақында әлеуметтік желіде Виктория Трегубова деген ұлты орыс қызының ақын Қалқаман Сариннің «Туған ауыл» атты өлеңін жатқа оқып отырғанын көзім шалып қалды. «Япырым-ай, қазақ ақынының өлеңін осылайша шебер оқып отырған бұл кім екен?» деп іздестірсем, бұл бойжеткеннің М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша былтыр тамамдағанын білдім.
Қазіргі таңда «77» облыстық телеарнасының орыс редакциясында редактор-жүргізуші болып еңбек жолын бастаған екен. Қазақ ақынының өлеңін ардақтаған қызды жұмыс орнына іздеп барып, әңгімеге тарттық.

– Виктория, қазақ тілін қалай үйрендің? Ата-анаң, отбасың жайында айтып берсең?
– Мен 1998 жылы Ресейдің Ульяновск облысында өмірге келдім. Анам Светлана Копкова бала күнінде Мойынқұм ­ауданы, Ұланбел ауылында тұрып, мектеп бітірген соң, оқу іздеп Ресейге кетеді. Сол жерде әкеммен танысып, екеуі шаңырақ құрып, Ресей жерінде 6-7 жыл тұрады. Өзімнен үлкен 1995 жылғы Владислав деген ағам бар. Ол да қазақ тілінде еркін сөйлейді. 2000 жылы ата-анам Мойынқұмның Ұланбел ­ауылына көшіп келгенде Владислав бес, мен екі жаста болдым. Анам Светлана Ұланбелде қалған бауырларын, достарын қимай қайта оралған. Бұл шешімге әкем Вячеслав та қарсы болмапты. Екеуіне де жұмыс табыла кеткен. «Ұланбелге» тастай батып, судай сіңген әкем станцияда еңбек етсе, анам Светлана метеорология саласының маманы. Достары, әріптестері түгел жергілікті ұлт өкілдері болғандықтан шығар, мені Ұланбелдегі Мұхтар Әуезов атындағы қазақ орта мектебіне оқуға берді. Сондықтан қазақтың балаларымен дос болып, ағам да, өзім де мемлекеттік тілді еркін меңгеріп өстік.
– Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысқан Абай өлеңдерін оқу эстафетасы бойынша өзің де өлең оқып, әлеуметтік желіге салыпсың…
– Иә, Абай Құнанбайұлының шығармасын жатқа оқуға арналған эстафетаға қатысып, хакімнің «Өлең – сөздің ­патшасы, сөз – сарасы» атты өлеңін жатқа оқып, әлеуметтік желіге салдым. Менің бұл видеом еліміз бойынша ең көп оқылуымен, астына көп пікірлер жазылуымен ерекшеленді. Өткен жылғы Конституция­ күніне орай Нұр-Сұлтанда ­Мемлекет басшысының қатысуымен өткен салтанатты жиыннан­ соң, концерттік бағдарлама көрсетілді. Сол концерттік бағдарламаның аясында­ еліміз ­бойынша жиналған 11 өзге ұлттың өкілі Абайдың өлеңдерінен үзінді оқыдық. Нұр-сұлтандықтар және әр облыстан келген ­делегаттар бұл өнерімізге өте риза болды. Өткен жылы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Нұр-Сұлтанда Елбасының және Президенттің қатысуымен өткен салтанатты шараның соңындағы концерттік бағдарламада да мен Абай Құнанбайұлының жырларын жатқа оқыдым.
– Ал жуырда жүктеген бейнежазбаң туралы ойыңмен бөліссең. Өлеңді қалай таңдадың?
– Әлеуметтік желіде Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында туған жер, туған ел туралы челлендж жарияланған болатын. Осыған орай мен де оқитын өлең іздей бастадым. Өзім Таразда­ болғандықтан, Ұланбелдегі ата-анамды, өскен ауылымды сағынып жүргенмін. Сондықтан менің жаныма ақын Қалқаман Сариннің «Туған ауыл» деген өлеңі жақын келіп, осы өлеңді оқыдым.
– Қандай шығармашылық жетістіктерің бар?
– 2019 жылдың соңында «Ұлы дала ұландары» атты республикалық форумға делегат болып қатысып, сол ­жиында ҚР Президентінің Алғыс хатына ие болып, министр Ақтоты Райымқұлованың қолынан марапат алдым. Тышқан жылы басталар тұста облыс әкімі Асқар Мырзахметов бір топ ­жастарды қабылдап, кездесу өткізді. Бұл жиынға да қатысып, өңір басшысының алдында сөз сөйледім. Мұның барлығы университетті енді бітірген мен үшін үлкен сәттілік және еліміздегі ұлтаралық татулықтың көрінісі деп есептеймін. Екі жүз түтіні бар Ұланбел ауылын керемет сағынып жүремін. Алыстағы ол ауылды ата-анам да қимайды. Мұның бәрі қазақ халқының пейілінің кеңдігінен, меймандостығынан деп білемін.
Викторияның жүрегі мен көңілінен қазақ халқына деген үлкен құрметті аңғардық. Өзге ұлт өкілінің қазақ ақындарының жырын жатқа оқып, шалғайдағы қазақ ауылын сағынып жүргені ерекше сүйсінтті әрі таңғалдырды. Жолың ашық болсын, ­Виктория. Тілді құрметтегенің – еліңді, Отаныңды құрметтегенің! Лайым, өзің тәрізді жастар қатары көп болсын!

Есет ДОСАЛЫ
ТАРАЗ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.