Ерікті болу – ізгіліктің белгісі

Қазақ мәдениетінде ежелден келе жатқан дәстүрдің бүгінгі бір көрінісі бұл – еріктілер қоғамы. Биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еріктілер жылы» деп жариялағаны мәлім.
Халқымыз: «Жақсымын деп мақтанба, халық айтпай, Батырмын деп мақтанба, барып қайтпай» деген ұстанымды тұтқа еткен еріктілердің абзал істері үлкен құрметке ие. Қазақ мәдениеті салт-дәстүр мен ислам дінінің сабақтастығының түп-тамырын ұйыстырған рухани мінбер деп білемін.

Қайырымдылық қасиеті қазақ хал­қының болмысының ажырағысыз құ­рамдас бөлігі болса керек. Мысалы, бұрын ауыл-аймақта көрші-қолаң жиналып, мұқтаж жанға қолдарынан келгенше көмек көрсетіп, асар ұйымдастырған. Сондықтан да бүгінгі еріктілер дәстүр сабақтастығының бір көрінісі деп білемін.
Қазақ халқында үлкен кісіге, ақ са­қалды қарияларға, ата мен анаға иіліп сәлем етіп, есік ашу, кебісін кигізу, жол беру, атқа отырғызу әдептері қанымызға сіңген ізгі, ізетті қасиеттер. Соның ішіндегі ең бір риясыз қызметтің түрі – асарлату дәстүрі. Халқымыздың этнографиялық терең танымындағы «Асар» дәстүрінің бүгінгі заманауи көрінісі еріктілік деп түсінуге болады.
Төл әдебиетіміздегі тұңғыш роман-эпопея «Абай жолында» ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының өмірі, тіршілігі, тарихы, әдет-ғұрпы жан-жақты суреттеледі. Романның «Қияда» атты тарауында дана Абай жерінен айырылған, малынан ажыраған, жұтқа ұшыраған аш-арық халыққа жанашырлық, қайырымды әрекеттері баяндалады. «Ағайынға қайырым етіңдер» деген ұранды халыққа насихаттаған Абайға бүріскен мал мен жүдеген жандар үлкен ой салған еді. Жұт деген жоқшылық, қысталаң, апат деген осындай боп кақ қасына келгенде, Абай ел тірлігінің барлық қайғылы сорын көрді. Малдары мен жандарының амандығы үшін ұлы ақынға алғыста­рын жаудырған ел қариялары енді біржолата жұттан құтылғандай көтеріліп қалғаны бар. Ұлы Абай­дың өзі риясыз, ерікті түрде қоянның кеуегіндей оптың ішін паналаған жандарға жаны ашып, қазақ тарихының бедеріндегі еріктілердің ата дәстүрінің үлгісі ретінде көрінеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, әлем ойшылдары үнемi сұлулық, береке, қайырымдылық сынды түсiнiктердiң мәнiн ұғынуға ұмтылды, кейiнiрек мұның бәрi «құндылық» ұғымына бiрiктiрiлдi.
Әлем ойшылы әл-Фарабидің философиялық тұжырымдарында да қайырымды адамдардың қоғамы талданады. Еріктілердің қайырымдылық, өзара көмек қолын созу сынды қасиеттері философиялық тұрғыда түсіндіріледі. «Ерік пен еркін таңдау арасындағы айырмашылық туралы»­ түсініктерді келтіреді. Мұнда:­ «Пайымдалатын нәрсеге талпыну дегеніміз, тұтас алғанда, ерікке еркіндік беру деген сөз. Түйсіктен немесе қиялдан туатын болса, онда бұл еркін ерік көрінісі деп бағаланады. Ал егер бұл толғанудан немесе пайымдаудан туатын болса,­ онда мұны нақ адамға тән, еркін таңдау деген жалпылама терминмен атайды. Бақытқа жетуге көмектесетін еркін әрекет – тамаша әрекет. Мұны туғызатын әдет-ғұрып – қайырымдылық. Әл-Фараби ­бабамыз қайырымдылық оның өзі белгіленген, бірақ бақытқа жету мақсатынан туған жақсылық» дегені айтылады.
Еріктілік – риясыз қызмет, қайырымды жандардың ізгілік жолындағы ізетті істері деп санаймын. Ұлы бабаларымыздың өмір сүру дәстүріндегі игілікті қызметтерді жалғастыру қай-қайсысымызға болса да аманат деп түсінер едім.

Ақнұр ОРАЛОВА,
тарих ғылымының магистрі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.