«Біз – жеңіс мұрагерлеріміз!»

1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған «Біз – жеңіс мұра­герлеріміз!» акциясы бүгін М.Өтемісов атын­дағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен бастау алды.  

Бұл шара Екінші дүниежүзілік соғыс пен тыл ардагерлерінің және өңір жастарының бастамасымен ұйымдастырылуда. Алғаш боп сөз алған М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры Нұрлан Серғалиев аталған шараға қатысушыларға алғысын білдіріп, бүгінгі ұрпаққа бейбіт күн сыйлаған батырларымыздың ерен ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын, өшпес ерлік пен өлшеусіз даңққа тағзым ету отаншыл да ұлтжанды ұрпақтың парызы екенін жеткізді. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Иван Гапич те аталған шараның маңыздылығын айтып өтіп, жас буынға тілегін жолдаса, университетіміздің студенттері де сөз алып, Ұлы жеңіске арналған өлең жолдарын оқыды.
Шара соңында барлық қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғы­ста қаза тапқан ардагерлерге арналған «Жеңіс алаңына» гүл шоғын қойды. Биыл Ұлы жеңіске 75 жыл. Бұл – Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, шексіз қаһармандық пен қажыр-қайраттың айтулы мерекесі. Арын байрақ, намысын найза еткен аға буынның жеңіс туын желбіреткен қаһармандығын кейінгі ұрпақ әркез мақтан етеді. Бүгін де адалдық пен Отанына деген қайтпас қай­сарлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында­ кейінгі ұрпақтың бас иіп, қашан да тағзым ететінін бүгінгі шара дәлелдегендей.

Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА
Cуретті түсірген
Рафхат Халелов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.