ДИССИДЕНТ

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Алдымен, құрметті оқырман, мен сіздерге өмірі өзгеге ұқсай бермейтін осы бір жанмен кездейсоқ, мүлдем күтпеген жерде­ танысқанымды айтайын. Осыдан бірер жыл бұрын баспасөзге жазылу науқанына байланысты Қарағанды облысының Шет ауданына барған едік. Сондағы оқырманмен кездесуде ортаға дембелше бойлы, қараторы өңді жігіт ағасы шығып сөз сөйледі. Айтқан ойының орнықтылығына назар аударған біздің сол сәтте жанымыздағы әкімдік қызметкерлерінен: «Бұл кісі кім?» деп сұрағанымыз бар. «Жазушы Кемел Жүнісов, – деген олар. – Көп жыл осы Ақсу-Аюлыда мұғалім, одан кейін мұражай қызметкері болып жұмыс істеді. Қазір аудандық «Заман» газетінің редакторы».


Өмір бойы ауылда тұрып еңбектенген қаламгердің аты-жөнін естігенде ойымызға сарт етіп екі нәрсе оралды. Оның біріншісі, бұл кісінің әр жылдары «Жазушы», «Жалын» баспаларынан шыққан «Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеу» атты кітаптары мен Қазақ теледидарында көрсетіліп жүрген «Тасқа тұнған құпия», «Шортанбай жырау», «Кенесары жұртында», «Дойбы тас» телефильмдері сценарийінің авторы екендігі де, ал екіншісі… Иә, екіншісі… Кәмел Жүнісов атты жігерлі де ­жалынды бозбаланың сонау 1960-1962 жылдары Қарағандыда жасырын құрылған ЕСЕП /елін сүйген ерлер партиясы/ «Жас қазақ» атты ұйым жетекшілерінің бірі болғандығы еді.

…Содан не керек, баспасөзге жазылуға байланысты кездесу аяқталған соң, Кәмел ағамызға барып сәлем бердік. Таныстық. Әңгіме барысында ол кісінің өткен өмірі мен творчествосынан хабардар екенімізді айтып, мүмкін болса «ЕСЕП» партиясы­ ­туралы, оның мүшелерінің кейінгі тағдыры жайлы баяндап беруді өтіндік.
– Әңгіме түсінікті әрі сенімді болу үшін, – деді бізді редакция кеңсесіндегі кабинетіне ертіп келген Кәмекең, – мен сізге бір құжатты көрсетейін. Соны асықпай отырып оқып шығыңыз. Себебі өзіңіздің білгіңіз келген жайттың бәрі онда жіпке тізгендей етіп баяндалған. Қалған сұрақта­рыңызға, міне, осы ресми құжаттан кейін жауап беруіме болады.
Осылай деген кейіпкеріміз қасындағы сейфтен жұқа ақ папканы алды да көлемі он шақты беттік мәшіңкемен басылған қағазды қолыма берді. Көз тоқтатып қарасам, бұл Қазақ КСР Министрлер­ Кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Қарағанды облыстық басқармасының 1963 жылы жазған ­Айыптау қорытындысы екен. Оқи ­бастадым. Онда 1960 жылдан бастап Орталық Қазақстандағы жоғары оқу ­орындарында «Жас қазақ» немесе «ЕСЕП» атты жасырын ұйым бар деген сыбыстың таралғаны, қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері алғашында оның ұясының қайда екенін таба алмағандығы айтылады. ­Орган адамдары ақыры екі жылдан соң ­барып қана олардың ізін шалған. Белгілі болған сол уақыттан кейінгі бақылау мен қадағалаудан соң, 1962 жылғы 10 желтоқсанда ұйым жетекшісі Зейнолла Игіліков, ал 14 желтоқсанда оның тағы бір басшысы Кәмел Жүнісов ұсталған. Содан бастап оларға тергеу жүргізілген. Нәтижесінде төмендегідей жайттар анықталған.
«Айыпталушылардың әрекеті, – делінген қолымыздағы құжатта, – ­бы­лай­­ша жіктеледі. Кеңес үкіметіне қарсы көзқарастағы Зейнолла Игіліков 1961 жылдың қаңтарында дәл ­осындай пиғылдағы Кәмел Жүнісовпен қоғамға қауіпті қылмыстық байланыс орнатып, онымен әңгіме барысында СОКП-ның лениндік ұлт саясатына­ жала жауып, Қазақстанда орысша ­газет-журналдар мен кітаптардың көп тиражбен басылуы түптің түбінде қазақ тілі мен мәдениетінің жоғалуына әкеп соғады деген. Сол жолғы әңгімеде ол республикада орыс коммунистерінің бел алып тұрғанын, ұлттық кадрларды­ басшылыққа тарту принциптерінің бұрмаланып жүргенін айта келіп, мысал ретінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Жұмабай Тәшеновтің орнынан алынғанын келтірген. Осыдан кейін Игіліков Қазақстанда Тың өлкесін құру қазақтарға тиімді емес екенін, уақыт өте келе солтүстік облыстардың республика құрамынан бөлініп, Ресей Федерациясына­ қосылатын қаупін айтқан. Игіліковтің кеңеске қарсы көзқарасын пікірлесі Жүнісов толығымен құптаған.
Сол жылы бұл екеуі осы тұрғыдағы Кеңес үкіметіне қарсы пікірін Рымкеш Нұртазина, Саят Сәтбеков және Құрал Қаппаровтармен әңгімесі кезінде де ­айтып қалған. Осыдан соң, 1961 жылдың ­наурызында Игіліков пен Жүнісов өздерінің жоғарыдағы қауіпті идеяларын­ жазбаша түрде білдіруге күш салып, ­республика жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақ жастарына таратуды көздеген. Мұндағы мақсат олардың ­арасында социалистік қоғамымызға ­наразы пиғылдағы өздерін қолдайтын ­жекелеген студенттер табылады деген ой ­болатын. Осы пікір жетегімен 1961 жылдың сәуір айының екінші жартысында өзінің дем берушісі Жүнісовпен келіскен уәде ­бойынша Игіліков «Жас қазақ» /«ЕСЕП»/ ұйымының атынан Кеңес үкіметіне қарсы ұлтшылдық пиғылдағы жасырын құжатты жазған. Оны редакциялаған Жүнісов хаттағы қамтылған мәселелерді толығымен құптаған.
Бұл құжатта СОКП-ны, оның ұлт саясатын айыптайтын қауіпті ұрандардан басқа мыналар бар еді. Олар онда «Жас қазақ» /«ЕСЕП»/ атты Кеңес үкіметіне қарсы құрылған ұйым жұмысының жанданып келе жатқанын, оның жеке жарғысы мен бағдарламасы барын, осының негізінде жоғары оқу орындарындағы студенттерді кеңестік жүйеге наразы топтар құруға, революциялық мерекелер күндерінде қоғамға қарсы пиғылдағы парақшалар таратуға шақырғанын жазған. Құжатқа Орталық комитет атынан құрамында, «Кек», «Намыс», «Самал», «Сәуле», «Қанжар» деген бүркеншік есімдер қол қойған. Соның ішінде «Намыс» – Игіліковтің, ал «Самал» – Жүнісовтің жасырын аттары болып отыр.
1961 жылдың 22 сәуірінде бұлар Шет аудандық тұтынушылар одағында хатшы болып жұмыс істейтін ­Рымкеш Нұртазинамен жақындықтарын ­пайдаланып, жоғарыдағы құжатты жазу мәшіңкесіне 14 данамен көбейткен. Ал 1 мамырда оның 10-ын Ақшатау кентіндегі поштамен Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындарына жолдаған. Мұны олар өздері тұратын Ақсу-Аюлыға күдік келтір­мейтіндей етіп із адастыру үшін жасаған.
1961 жылдың жазында Жүнісов жазған ұлтшылдық мазмұндағы Кеңес үкіметіне қарсы өлеңді Игіліков оқып шығып, қуаттаған. Мәшіңкеге басылып, көбейтілген оның астына ­«Самал» ­деген бүркеншік қол қойылған. Жүнісов жазған бұл өлең содан көп кешікпей республиканың түрлі өңіріне жол тартқан. Сөйтіп, Игіліков жасаған құжат, Жүнісов жазған өлеңдердің мазмұнымен Орал, Қызылорда педаго­ги­калық институттарының, Алматы­ ауылшаруашылығы институты мен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің көптеген студенттері танысқан.
Осындай идеологиялық жұмыс қазір айыпталушы болып отырған бұл екеудің тарапынан 1962 жылдың өне бойында да жалғасын тапқан. Тұтқынға алынудан сәл бұрын –1962 жылдың қарашасында Жүнісов өзінің пікірлестері мен жақтастарының жігерін қайрауға бағытталған Кеңес үкіметіне қатты қарсылық тұрғысындағы «Жолдастарға ашық хат» деп аталатын үндеуін жазады. Онда ол ауыздарына қақпақ қоя алмай, антикеңестік топтың қызметін қауіп өтінде қалдыратындармен тәрбие жұмысын жүргізудің қажет екенін ескертеді.
…Жасырын құрылған ұйым жұмы­сының бұдан былайғы уақытта бел алып кетпеуі мақсатында оның жетекшілері Игіліков пен Жүнісов 1962 жылдың 10 және 14 желтоқсанында құқық қорғау ­органдары тарапынан сақталынатын заңдық талаптар ескеріле отырып, тұтқынға алынды.­ Үш жарым айға созылған жауап алу кезінде олар Қазақ КСР Қылмыстық істер кодексінің 56-бабының 1-тармағы мен 58-бабы бойынша тағылған айыпқа байланысты өздерінің кінәларын толық мойындады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облыстық басқармасындағы тергеу бөлімінің аға тергеушісі, капитан Мұқанов, 8 наурыз, 1963 жыл».
№12 іс деп аталатын айыптау қоры­тын­дысы, міне, осылай дейді. Оның соңғы бетінде жоғарыдағы аға тергеушіден басқа: «Келісемін» деген ескертпемен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті ­Қа­ра­ғанды облыстық басқармасының бас­тығы, полковник Забабуровтың қолы тұр.
– Мұндағы Зейнолла Игіліков кім? Ол кісі қазір бар ма? – дедім құжатты оқып болған мен Кәмекеңе барлай қарап.
– Ол 1937 жылы Қарағанды қаласында туған азамат еді, – деді кейіпкерім менің бұл сұрағыма. – Балалық, бозбалалық шағымыз осы Шет ауданында бірге өтті. 1959 жылдан бастап Ақсу-Аюлы селосындағы №1 қазақ орта мектебінде мұғалім болған. 1960-1962 жылдары «ЕСЕП» партиясы құрамында бірлесіп қимыл жасағаннан кейін қолға түсіп қалдық емес пе. Міне, содан соң 4 жылға сотталып, жазамызды РСФСР-дің Орал тауындағы саяси тұтқындар лагерінде бірге өтедік. Елге оралған соң ол да, мен де жергілікті бишігештер тарапынан көп қағажу көрдік. Сөйтіп жүріп ол жүрек ауруына шалдықты да, 1988 жылы қайтыс болды. Керемет қабілетті жігіт еді марқұм.
– Өзіміз сөз етіп отырған жасырын ұйымды құрғанда сіздер қанша жаста едіңіздер?
Ол кезде Зейнолла 23-те, ал мен 21-ден жаңа асқан болатынмын.
– Ұйымға Қарағандыдағы қай жоғары оқу орнының студенттері көбірек тартылды­ деп ойлайсыз? «Жас қазақ» ұйымының қалада емес, алыстағы Ақсу-Аюлыда ­орналасуын қалай түсінуге ­болады?
– Бізге облыс орталығындағы политехникалық институттың студенттері ерекше іш тартып, айтарлықтай қолдау көрсетті. Ал жасырын ұйым ошағының ­ауылда орын тебуі із жасырудың, ­орган адамдарын адастырудың амалы еді. Сөз ретіне қарай ескерте кетейін, бұл тәсіл өзін-өзі ақтады деп қазір ешбір бүкпесіз айта аламын. Өйткені қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бізді 1962 жылдың күзіне дейін ауылда деп ойлаған жоқ, қаладан іздеумен әлек болып жатты.
– Үкіметке қарсы үндеулер мен ұран-парақшаларды елге кімдер арқылы қалай тараттыңыздар?
– Біз дайындаған хаттарды облыс орталығындағы студенттер вокзалдағы түрлі бағытпен қозғалып жатқан пойыздарға алып шығатын. Сөйтетін де оларды вагон тамбурларына іліп не қалдырып, өздері келесі станса, разъезден түсіп қалатын. Конверт сыртына адресі толтырылған үндеулер Алматыға өз шаруа­сымен кетіп бара жатқан жолаушылардан да беріліп жіберілетін. Өтініш бойынша олар оны пойыздан, ұшақтан түскен бойда­ вокзал, әуежайдағы кез келген пошта жәшігіне тастай салатын. Содан бұл хаттар кәдімгі Алматыдан жіберілген сияқты болып, астаналық пошта штемпелімен Семей, Орал, Қызылорда, Шымкент қалаларының жоғары оқу орындарына жол тартатын. Осындай әдісті Қарағандыға жақын облыс орталығы Целиноградқа да келіп пайдаланғанымыз бар.
– Ал қолға қалай түсіп қалдыңыздар? Ұйымның әшкере болу себебі неде деп ойлайсыз?
– Жас болдық. Әдіс-тәжірибеміз аз-кем ғой… Көп нәрсені ескермеппіз. Соның бірі, мәселен, жазу мәшіңкесі дер едім. Барлық мекемедегі бұл кеңсе құралы ол кезде КГБ-ның тіркеуінде тұрады екен. Орган адамдары «ЕСЕП» – «Жас қазақ» партиясы таратқан үндеулерді 1962 жылдан бастап ондағы мәшіңке қарпіне қарап іздестіруді қолға алған. Сөйткен де күзге қарай оның қайдан бастау алып жатқанын тапқан. Кейін тергеудегі жауап алу кезінде олар бәрін алдымызға жайып салды емес пе? Тырп еткізбейтін дәлелдер еді. Біз, міне, осылай ұсталып, қолға түскенбіз.
– Құқық қорғау органдары сонда сіздердің әрекеттеріңізді қылмыстың ­қан­дай түріне жатқызып үкім шығарған еді?
– Атақты 58-бап қой. Оған қосымша ретінде мойнымызға 56-баптың І-тарма­ғын қоса іліп жібергені тағы бар. ­Осы­­лайша,­ 1963 жылғы мамырдың бас кезінде 4 жылға бас бостандығымыздан айы­рыл­дық та, солтүстікке ­этаппен жө­нел­тіліп кете бардық. Алғашқы тоқтаған жеріміз Петропавл қаласындағы ақ түрме болды. Бұл кезінде Абылай хан салдыр­ған ғимарат екен дейді білетіндер. Кеңес үкіметі тұсында ол қамбаға, сосын абақтыға айналыпты. Біз, міне, сонда айға жуық жаттық. Содан кейін Челябіге әкелді.
– Ол Горький қаласындағы сияқты саяси тұтқындар лагері ғой, шамасы…
– Жо-жоқ. Үкіметке қарсы адамдардың мекені бұл емес, Орал тауының түкпі­ріндегі Потьма деген жер екен. Көп ұзамай оның да дәмін таттық. Осы ­жерде мен сізге бір қызық оқиға айтайын. Зейнолла­ екеуміз қорыс батпақ үстіне төселген солқылдақ ағаш жолды жатырқай ­басып, лагерьге келіп кіргенімізде ­аулада кездескендердің қойған алғашқы сұрағы: «Қай жақтан келдіңдер?» болды.­ Жөн-жосығымызды білген соң: Е-е… ­солай де… Айтпақшы сендердің мұнда бабайларың бар, – деді. Бабайы кім ­десек, ол Құнанбай Бейсенұлы деген қазақ шалы болып шықты. Ақмола өңіріндегі дәулетті адамдардың бірі саналатын Құнекең Алашорда үкіметі құрылғанда оны қуана қарсы алып, сондағы ұлттық әскери жасақты мініс көлігі – үйір-үйір жылқымен қамтамасыз етеді. Кейін большевиктер үкіметі бел алған отызыншы жылдардың басында ұлтшылдарға қарсы алғашқы репрессия толқыны жүрмей ме? Сонда ауылдағы қызылкөздер: «Алашқа ат берген Құнанбай» деп, бұл кісіні сыртынан көрсетіп жібермей ме? Содан есіл азамат 10 жылды арқалап Сібірге кетпей ме? Кесімді мерзімін өтеген соң, елдегі соғыс жағдайына байланысты босатылмайсың деп, үкімет бұл кісіні тағы 10 жыл ұстайды. Одан кейін де жібермей, ол саяси тұтқындар лагерінің орын ­босатпас иесі атанады. Содан қойшы, біз келгенде Құнекең 33 жыл бойы Гулаг архипелагының ең стажы көп тұрғыны болып отыр екен. Шошқа етін жемейтін, намазын қалт жібермейтін, қолтоқпақтай ғана қарт өте ширақ та жігерлі адам еді. Қанша қиындық көрсе де оның өмірі таңғалдырмай қоймайтын.
– Сонда ол кісінің елде біреулері бар ма еді? Көңілі қаяу қарт туған жерінен хат алып тұрды ма? Кейінгі тағдырынан не хабарыңыз бар?
– Құнанбай ақсақал: «Ауылым ­Жолымбет руднигінің маңайы» деп ­отыратын. Лагерьдегі жылына бір рет рұқсат етілетін сәлемдемеге балалары­ жылқының қазысын салып, оның ортасындағы қуысқа екі жиырма бес сомдықты тығып жіберуші еді. Оны аман-есен алған қарт сонда: «Үмбетім, Кәрібайым!» деп тебіренетін. Ұлдарының аттары-ау шамасы. Өстіп жүргенде 1964 жылдың жазы да шықты. Ақсақалдың лагерьден босануына бір жарым ай қалған. Бізді көршілес лагерьге әкететін болды да Құнекеңмен қимай қоштастық. Кейін ол кісі бостандыққа шығыпты деп естідік. Сонда оны танитын түрлі ұлт өкілдерінің бәрі бір кісідей қуанған дейді. Еліне аман жеткен болар, жарықтық.
– Потьмадағы сол саяси тұтқындар лагерінде тағы кімдермен жолықтыңыз? Онда көзқарастары коммунистік идеологиямен үндеспеген қазақ ұлтының адамдары болды ма?
– Антон Олейник деген азамат есімде ерекше сақталып қалды. Киевтен айдалып келген ол «Украин ұлтшылдар ұйымы» көшбастаушыларының бірі еді. «Осы темір тордан шықсам, шетелге кетемін» дейтін. Сөйтіп, лагерьден төрт рет қашты. Бесіншісінде ақыры қуғыншыларды көз жаздырып кетті. Ал қазақтарға келсек… Сол Потьмада Құлмағамбетов деген жігітті кездестірдім. Балалар үйінде тәрбиеленген жан екен. Саяси көзқарасы үшін 6 жылға кесіліпті. Ол да жоғарыдағы украин жігіті сияқты: «Кесімді мерзімімді өтеп болсам, СССР-де бір күн де тоқтамаймын. Шетелге­ кетемін» дейтін. Кейін ол ­солай етіпті де. Бостандыққа шыққан соң Мәскеуде хат жазысып тұратын еврей қызымен уақытша некеге тұрған да ­Израильге рұқсат берген онымен Варшаваға барған соң ажырасып, Кеңес үкіметінің құрған торынан аман құтылып кеткен. Ол өте төзімді, бірбеткей азамат еді. Көрші лагерьде сондай-ақ Тоқтар атты қазақ жігітінің бар екенін еститінбіз. Бірақ бұл қандасымызбен кездесіп, сөйлесе алмадық. Білетінім – осы.
– Елге қашан қайттыңыздар? Ауылға келген соң сіздерге деген көзқарас қандай болды?
– Сот бізді 4 жылға бас бостандығы­мыздан айырғанын жоғарыда айттым ғой. Міне, сол үкімді Зейнолла да, мен де жыл, ай, күніне дейін толық өтеп шықтық. Тұтқынға 1962 жылдың желтоқсанында алынсақ, лагерьден 1966 жылдың желтоқ­санында босап шықтық. Азаптың көкесін ауылға келген соң көрдік. Саяси жағынан сенімсіз деп ел бізге жоламайды. Ешкім жұмысқа алмайды. Алса да өткелектен өткізіп барып қабылдайды. Бірақ соның өзінде көп тұрақтатпайды. «Басқа жерге­ барғаның жөн шығар, шырақ» дейді мекеме басшысы үш-төрт айдан кейін. Жұрт басқаша ойламас үшін мен өзімді айтпай-ақ қояйын, сол кездегі Зейнолланың басынан өткен жағдайын мысалға келтірейін. Оның әрең дегенде мектептегі әскери дайындық сабағын жүргізетін мұғалім болып орналасқаны есімде. Көп ұзамай аудандық оқу бөлімі тарапынан: «Ойбай, ондай адамды қару-жарағы бар жерге жолатуға болмайды. Себебі ол сотталған» деген сөз шықты да, бейшараны әлгі жұмыстан айдап шықты. Олардың сондағы қару-жарақ деп отырғаны затворы­ жоқ жалғыз мылтық. Онымен өзіңді атсаң да атылмайды. ­Содан ол жүріп-жүріп, аудандық мәдениет үйіне тырнақ іліктіргені бар. Сол сол-ақ екен, тағы бір пысықай бишігеш: «Саяси жағынан сенімсіз мұндай адам сахнасы, микрофоны бар жерде жұмыс істеуге тиіс емес. Өйткені ол клубқа жиналған халықтың алдында теріс насихат жүргізіп, бірдеңе айтып қоюы мүмкін» деп, «қырағылық» танытып шыға келді. Сонымен қойшы, қайран Зейнолла 20 жыл ішінде 12 рет жұмыс ауыстырып жүріп, өмірден өтті ғой.
…Кәмекең осы сөздерді айтты да, терең күрсінді. Мен бұдан әрі кейіпкеріммен бұл тақырыпқа байланысты сұрақ қойып, оны қазбалай беруге ыңғайсыздандым. Себебі өткен өмірді, әсіресе жоғарыдағыдай ауыр өмірді еске алу кімге оңай дейсіз. Біздің әу бастағы мақсатымыз – темір құрсаулы тоталитарлық жүйе тұсында да оған қарсы шыққан, жасырын ұйым құрған, сол үшін ғұмырының көп бөлігін азаппен өткізген қазақ жігіттерінің болғанын ел білсін деген ой еді. Өйткені қазір жалған ақсақал «күрескерлер» мен жалған қарт «қаһармандар» көбейіп кетті ғой. Олардың сөзіне сенсеңіз, өздері «райком», «райисполком» болып-ақ жүріп, бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін шайқасты бұл кісілер сонау жетпісінші жылдары-ақ бастап жіберген сияқты. Бос сөз. Себебі өтірік айту бір басқа да, шындық бір басқа ғой. Өмірде болған «ЕСЕП», «Жас қазақ», «Жас тұлпар», Жас ұлан» – қазіргі тәуелсіздігіміздің қарлығаштары. Мақаланы, біз, міне, жұрт осыны білсін деген оймен жазып отырмыз.

АВТОРЛЫҚ АНЫҚТАМА:
Жазушы Кәмел Жүнісов өңірдегі сыйлы ел ағасы. Соңғы 15 жылдан бері жазып келе жатқан көлемді туындысы – «Құба белдер» трилогиясын аяқтап, Меккеге қажылыққа барып келді. Қазір сол ауылда, Қарағанды облысындағы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда тұрып жатыр.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.