Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ, ақын: ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫН ҰМЫТПАСАҚ…

Отыз жыл бұрын оқырманына жол тартқан «Ана тілі» газетінің мерейтойы аясында кезінде басылымда қызмет еткен әріптестерімізге сөз беру қолға алынуда. Бүгінгі кейіпкер қазақ сөз өнеріне салған зері ерекшеленген ақын, қаламгер Байбота Қошым-Ноғай. «Ана тілінің» оқырманға берген серті мен қоғам дертін жазған кезеңін әріптесіміз төмендегідей сипаттап берді.

– Бағзыдан жеткен әңгімелерді, бұрынғының өсиет-мұрасын ұмытып бара жатырмыз-ау деген ой сізді мазалай ма? Жаңа заманның ыңғайы десек те, тамырымыздан ажырау қанша­лықты қауіпті?
– Қазақтың әлемдегі көптеген аз санды халықтардан өзіндік артықшылығы бар. Ол артықшылық – осы өзің айтып отырған «бағзыдан жеткен әңгімелерді, бұрынғының өсиет мұрасын» қағазға қаттап ­үл­гергеніміз. Әрине, ұмытылған, жа­дымызда қалмаған қыруар қазы­намыз болғанын жоққа шығар­маймын. Бұндай өкініш ілгері басуды көксейтін барлық ұлтқа тән. Ал осы сақталған мұраны қалай пайдалану керек екені, оның өнегесін жас ұрпақ бойына сіңіру жайындағы әңгіме қазақтың өз арасынан шыққан ғалымдарға, оқымыстыларға аманат.
«Тамырдан ажырау» деген фразеологизм де образды айтылған тұрақты сөз тіркесі деп білемін. Мәңгілік ештеңе жоқ. Бір топырақта өсіп тұрған өсімдік те бойына нәр алып тұрған тамыры семгенше ғана өмір сүреді. Бірақ ол тіршілігінде ұрық шашып үлгереді де, ол ұрық қайтадан өніп, көктеп-көгеріп, арғы тегінің үзілген тіршілігін жалғастырады. «Дарақ бір орында­ тұрып көктейді» деген мәтелге илансақ та, оның желмен ұшып та­ралған немесе құстың бөтегесінде кеткен ұрығынан құнарлы топырақта орман өсіп шығады. Егер осы тіркесті адамдарға қатысты ­айтар болсақ та, «адам ұрпағымен мың жасайды» деп ақтап аламыз.
Күнбағыс деген техникалық дақылды кім білмейді? Бәріміз білеміз. Бұл өсімдік қазір жер-жаһанның барлық түкпірінде өсіп-өнеді. Оның әу бастағы ­отаны ­Америка құрлығы екен. Еуропаға 1510 жылы әкелініп, ­ботаника бағында өсірілген. Орыстың ­патшасы І Петр оны Голландияда тұңғыш рет көріп, тұқымын Ресейге әкелген. Қазір күнбағыс қазақтың әр ауылында-ақ өсіріледі. Тіпті селекция жұмысы арқылы күнбағыстың жаңа сорттары пайда­ болған. Әу бастағы тамыры әлдеқашан шіріп, өз топырағынан алысқа кеткен күнбағыс жер бетінен жойылып кеткен жоқ қой. Көптеген өсімдіктердің шығу тегіне тән осы секілді әңгімелерді жеке адамдарға да, ұлтқа да, халыққа да, тіпті империялар мен қағанаттарға да қатысты айтуға болады. Осындай ойларды ертеректе тарихшы Лев Гумилев та айтқан. Біздің түпкі тамырымыз бұдан сан ғасыр бұрын дәурен сүрген скифтер, сақтар, ғұндар, түркілерде жатқанымен, біз скиф те, сақ та, ғұн менен түркі де емеспіз, қазақпыз. Скифтер, сақтар, ғұндар, түркілер бізден басқа да көптеген халықтардың түпкі тамыры. Ал қазақтың қанша жылдық ғұмыры бар екені біздің басқа туыстарымыздан дараланып шыққаннан кейінгі ұлттық ерекшеліктерімізді, әсіресе тілімізді, қай кезге дейін сақтай алатынымызға байланысты. Шүкір, біздің аумақтық тұтастығымыз бар, әдеби тіліміз ортақ, кейбір ұлттардың бас ­ауруы секілді Қазақстан аумағындағы қазақ тілінде диалекті жоқ. Ұлттық дәстүрімізде де аздаған ала-құлалық болғанмен, аса көп айырмашылық байқалмайды. Ұлт болып ұйысып келе жатырмыз. Бірақ қазақ үшін қамсыз болуға әлі ерте.
Өйткені қазақ ұлты түрлі ­саяси қуғын-сүргінге, қилы-қилы жағдайларға байланысты туған топырағынан айырылып, ассими­ляцияға көп ұшырады. Үстем ұлттарға жұтылды. Антропология­лық кескіні бұзылып, тілін ұмытты. Бірқатары орыстанды, өзбекке айналды, түрік және қытай халықтарына сіңді. Бұл «үрдіс» әлі жалғасып жатыр. Орыс отаршылығының, одан кейінгі Кеңес өкіметінің қазаққа тигізген зардабынан өз Отанымыздағы қазақтардың өзі қос тілді халыққа айналғанын көріп отырмыз. Кейінгі кездері өз ішімізден үш тұғырлы тіл деген сұрқия саясатты ойлап тапқандар да бар. Қазір мемлекеттік тілімізді білмейтін қазақтардың саны бұрынғы кезбен салыстырғанда біршама қатерлі деңгейге дейін өскен. Мен тегімізден, тамырымыздан ажыраудың қаншалықты қауіпті екенін осы жерге үңілгенде көремін. Мемлекеттік тілімізді білмейтін қазақтардың арасынан орыстілді зиялылардың – ғалымдардың, өнер адамдарының, ақын-жазушылардың үлкен тобы пайда болды. Олардың қоғамда елеулі орны бар. Бұл қатердің алдын алмаса, көз алдымызда­ қазақтілді қазақ, орыстілді қазақ деген екі ұлтқа айналып бара жатқан сықылдымыз. Әлбетте, орыстілді қазақтар да біздің қандастарымыз, бауырларымыз. Бауырларымызды­ бауырымызға тартуымыз керек. Оларды жат санап, көкірегінен итере­ беруге болмайды. Мемлекеттік деңгейде біртұтас ұлттық идеология­ жасайтын шақ келді. Талантты, дарынды бауырларымызды ұлт мүддесіне қызмет етуге тартудың түрлі жолдары іздестірілуі керек. Бәрінің бірдей бетін бері қарату үшін үкімет тарапынан қыруар жұмыс жасалуы қажет екенін байқаймын… Өз басым Жарылқап Бейсенбайұлы басқарған кездердегі «Ана тілі» газеті осы біртұтас ұлттық идеологияның тұжырымдамасын жасауға негіз бола алады деп есептеймін.
– «Ана тілі» ұлттық апталығында қызмет еткен уақыттың естелігіне орал­сақ. Сөзіміздің басында айтқан тек пен тамырға қаншалықты үңіл­діңіздер?
– Мен «Ана тілі» газетінің шығу тарихына тоқталып ­жатпай-ақ қояйын. Газет ә деп жарық көре бастағаннан-ақ өзінің беті мен бағдарын тез арада айқындап үлгерген басылымға айналғанын айтайын. Газет апталық басылым, оның үстіне көлемі шағын болғанына қарамастан, еліміз тәуелсіздік ­алмай тұрып-ақ қазақтың барлық ұлттық мұң-мұқтажын қозғады. Желтоқсан көтерілісі кезінде көзін бір ашып, қайтадан ұйқыға кетіп бара жатқан рухты оятты. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының үзіліп қалған жолын жалғастырды. Басылымның тізгіні Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың тәрбиесін көріп, «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы ­болып әбден ысылған Жарылқап Бейсенбайұлының қолында болды.­ Бұған дейін Жақаңның «Шоқан ізімен», «Буырқанған ­бояулар», «Әдеп әлемі», «Жасын-тағдыр жарқылы» секілді танымдық кітаптары жарық көріп, қаламы­ның қарымы танылып ­қалған-ды.­ «Ана тілі» газетінде оның ұйым­дастырушылық қабілеті ашыла түсті. Әу баста «Ана тілі» газетінің бас редакторлығына лайықты адам іздегенде өте дұрыс таңдау жасалған. Газеттің шығуына ұйытқы болған академик Өмірзақ Айтбайұлы ағамыздың басылым басшылығына Жарылқап Бейсенбайұлын таңдауы көрегендік пе әлде талғампаздық па – әйтеуір бекер болмағанына жұрттың бәрі де көз жеткізді.
Апталық бетінде ол кезде не жарияланып жатқанын тұрақты айдарларынан-ақ аңғаруға ­болады. «Елең еткізер», ­«Ойтамы­зық»,­ «Серкесөз», «Ақылдасайық, ағайын!», «Айтылмаса сөз өледі», «Қазақшаң қалай?», «Тіл және заң», «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамында», «Жергілікті ұйымдарда», «Алты алаштың ардағы», «Қарға тамырлы ел едік қашаннан-ақ», «Қандастардан не хабар?», «Бір бәйтерек бұтағымыз», «Ұлттық болмыс ұғымдары», «Төрт құбыламызды түгелдейік», «Алтынның сынығы», «Сөз төркіні», «Жердің тілі – елдің тілі», «Қырық қатпарлы түркітану», «Тәржімелік тәжірибелер», «Толғауы тоқсан туған тіл», «Білгенге – ­маржан», «Ел аузынан», «Көңілден шыққан көрікті сөз», «Көзіңнің қарашығындай», «Жырақта түтін түтеткен», «Сүйінші дана», «Маса», «Біздің сұхбат», «Жазылған жайдың жалғасы», «Атақты адамдар өмірінен», «Қаз-қалпында» тәрізді көптеген айдар бар-тын. Бәрін түгел еске түсіре алмаспын, бірақ осы айдарлардың атауынан-ақ «Ана тілі» газеті қамтыған тақырыптардың бірқатарын байқауға болады.
Әрбір нөмірдің мазмұн байлы­ғына, жанр әр алуандығына ғана емес, сауаттылығына да аса мән берілетін. Ол кезде қорғасынға құйыл­ған қаріптерден офсеттік басы­лымға, одан компьютерге жаңадан көшіп жатқандықтан ара-тұра техникалық, корректуралық қате кетіп қалатын. Еске түсіп отырған соң айта салайын, соншалықты елеусіз болса да, қатар шыққан үш нөмірде әртүрлі қате кетіп, нөмір сайын түзету бергеніміз бар. Жақаң лездеме өткізіп жатып: «Сендер немене, «Түзету» деген айдар ашып алғансыңдар ма?» деп ескерту жасағаны да есімнен кетпейді. Абырой болғанда, содан кейін газетте өрескел қателер кеткен емес.
«Ана тілі» қазақ тілінің көкейкесті мәселелерін ғана емес, шетелдердегі қазақ диаспорасының мұқтажына да көңіл бөлді, туысқан түркі халықтарының тұтасуы жолында да қызмет етті. Сондықтан оның оқырманы Қазақстан аумағынан тыс Ресейдің бірнеше аймағынан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия сияқты елдерден де табылатын. Тіпті Германияда докторлық дәреже қорғағалы жүрген түрік азаматының редакциямызға арнайы келіп газеттің бірнеше жылдық тігіндісіне қолқа салып, алып кеткенін де білемін. Жарық көре бастағанына бірнеше жыл өткеннен соң «Тіл және елтану апталығы» деген «шәпкі» киген «Ана тілі» газеті соңыра «Ұлттық апталық» аталды. Шын мәнінде ол ұлттық апталық қана емес, халықаралық газет ретінде де қызмет атқарды.
– Басылымда сізбен қатар қызмет еткен әріптестеріңіз туралы да білгіміз келеді. Қазақ баспасөзінің азуын айға білеп тұрған жылдарында ол әріптестеріңіз көтерген нендей мәселе көбірек есте қалып еді.
– Сталин 1935 жылы Кеңес Одағының кезекті бір мәжілісінде жасаған баяндамасында «Кадр бәрін шешеді» деген сөз ­айтыпты. Диктатордың өзі әлдеқашан мансұқталғанмен, осы сөзі ескірген жоқ. Мұны «Ана тілі» газетіне қатысты да айтуға болады. Жарылқап Бейсенбайұлы қолына қалам ұстап әртүрлі салада жүрген сайдың тасындай жігіттерді іріктеп алды. Олардың қатарында әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаұлы, Алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген жас ғалым Ғарифолла Әнес, журналистиканың қыр-сырын жақсы меңгерген Ертай Айғали мен Қонысбек Қожамжарұлы секілді сайыпқырандар болды. Бұлардың қатары Аманқос Мектептегі, Болат Шарахымбай, Бақтияр Тайжан, Мақсат Тәж-Мұрат, Амантай Шәріп тәрізді қаламы жүйрік жастармен толықтырылды. Осы жігіттерден сәл кейін, 1992 жылы «Ана тілі» газетіне қызметке мен шақырылдым. Біз Раушан Төленқызы, Диқан Қамзабекұлы, Сағатбек Медеубек, Мақсот Ізімұлы, Абай Мауқараұлы – бәріміз қатар қызмет істедік. Кейінірек ұжымға Марат Қабанбай, Жұматай Сабыржанұлы, ­Сабыржан Шүкірұлы сияқты тәжірибелі әрі өнімді еңбек еткен кексе қаламгерлер келіп қосылды.
Кеңсеміз Пушкин көшесіндегі 118-үйден Қазыбек би мен Желтоқсан көшесінің қиылысындағы ғимаратқа көшіп келген кез еді. Кабинетте Марат Қабанбай екеуміз отыратынбыз. Таңертең қызметіне кетіп бара жатқан әдебиет сыншысы, ғалым Зейнолла Серікқалиұлы ағамыз біздің табалдырығымыздан аттады. Марат екеуіміз бірдей ­орнымыздан тұрып, аяулы ағамызбен амандасып жаттық. «Мен «Ана тілі» газетінің оқырманымын, – деді Зейнолла ағамыз. – Екеуіңе сәлем бере кетейін деп әдейі бұрылдым. Басқа шаруам­ жоқ. Біріңді талантты­ жазушы, біріңді дарынды ақын ретінде білуші едім. «Ана тілі» газеті сендердің басқа да қырларың бар екенін көрсетті. Енді біріңді ­керемет публицист, біріңді ­лингвист ғалым ретінде де танимын. Осыны айта кетейін деп едім». Ағамыз көп аялдаған жоқ, жымиған қалпында қоштасып шығып кетті. Біз бұл сөздерді қызметкерлерінің мүмкіндігін ашқан «Ана тілі» газетіне көрсетілген құрмет деп түсіндік.
Газетке күніге дерлік түсіп жата­тын хаттар легі бір толастамай­тын. Қоржынымызда жатқан мақалаларды оқып, жарамдыларын таңдап алуға да көп уақыт кетуші еді. Бір күні өзіме дейін қызмет істеген жігіттерден қалған «мұраны» түгел ақтарып шықтым. Қолмен торкөз дәптердің парақтарына мұн­таздай етіп көшірілген бір қолжазба мені қатты қызықтырды. «Сақтар қай тілде сөйлеген? ­Немесе қазаққа үнді-иран жат па?» деп аталатын мақала екен. Авторы ҚазМУ-дың студенті Сәкен Сыбанбай. Мақаланы ұнатып, 1993 жылғы маусымның 10-ы күнгі нөмірге ­дайындадым. Бас редактор Жарылқап Бейсенбайұлы жазбаның авторын қалайда тауып маған жолықтыр деді. Іздестіріп, әркімнен сұрастырып жүріп тапқан студентім журналистика факультетін «менсінбей» тастап кетіп, шығыстану факультетіне қайта оқуға түскен жігіт болып шықты. Бірақ жазу қабілетін, қаламгерлік қарымын байқаған бас редактор оны қызметке қабылдауға тәуекел жасады. Сөйтіп журналистиканы «менсінбей» жүрген жігітімізден қазақ журналистикасының дарынды бір өкілі өсіп жетілді.
«Ана тілі» газетінде қызмет ­еткен жігіттердің бәрі де үнемі ізденіс үстінде жүретін еді. Олардың ­бойында қалыптасқан мұндай игі қасиет жігіттердің бірқатарын ғылымға қарай жетеледі. Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектептегі, Сағатбек Медеубек, Амантай Шәріп, Мақсат Тәж-Мұрат, Диқан Қамзабекұлы секілді жігіттердің диссертация­ қорғап, ғылымның сара жолына­ түсуіне «Ана тілі» газетінде қызмет істей жүріп, зерттеушілікке бейімделгені себепкер болған шығар деп ойлаймын. Қазір олардың бәрі де ғылым докторлары.

Кеңестік кезеңдегі қатал цензура халықты қосүрей етіп қойған. Бірақ айтпаса сөздің атасы өлетінін ел түсініп еді. Сондықтан ұлттық мүддені алдыңғы кезекке шығарып, халықтың өзін өзіне танытуды қолға алған «Ана тілі» газетіне оқырманның өзі-ақ тартылды деп айтқан жөн шығар. Осы басылым жарық көрген кезден бастап өзім де үзбей оқитын оқырманының біріне айналғанмын. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен оның жергілікті ұйымдары, ұлтшыл қоғамдық белсенділер газеттің таралымын өсіруге құлшына атсалысты. Редакцияның ұстанған бағытын тап басып таныған оқырман қауым өз сөзін сөйлейтін басылымның авторы болуға ұмтылды. Тұңғыш нөмірі 25 000 данамен жарық көрген «Ана тілі» газетінің таралымы келесі жылы 110 000 данадан асып кетті. Бұл үгіт-насихаттың ғана емес, ең әуелі оқырман ықыласының көрсеткіші еді.

– Ол уақытта оқырманмен байланысты қалай орнаттыңыздар? Редакцияның қоржынына ағылған хаттардың мазмұны көбіне қандай сипатта болатын еді?
– Ол кездегі мерзімді ­басылым оқырманы мен қазіргі оқырманның арасында елеулі айырмашылық бар. Компьютердің елімізге жаңа ғана келіп жатқан шағы… Ғаламтордан қазақ тілі түгіл, орыс тілінде де мардымды ештеңе табылмайтын. Әлеуметтік желі деген атымен жоқ. Ақпараттың бәрі ресми мерзімді басылымдардан, радио-телевидениеден­ таратылатын кез.
Кеңестік кезеңдегі қатал цензура халықты қосүрей етіп қойған. Бірақ айтпаса сөздің атасы өлетінін ел түсініп еді. Сондықтан ұлттық мүддені алдыңғы кезекке шығарып, халықтың өзін өзіне танытуды­ қолға алған «Ана тілі» газетіне оқыр­ман­ның өзі-ақ тартылды деп айтқан жөн шығар. Осы басылым жарық көрген кезден бастап өзім де үзбей оқитын оқырманының біріне айналғанмын. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен оның жергі­лікті ұйымдары, ұлтшыл қоғамдық белсенділер газеттің таралымын өсіруге құлшына атсалысты. Редак­цияның ұстанған бағытын тап басып таныған оқырман қауым өз сөзін сөйлейтін басылымның авторы болуға ұмтылды. Тұңғыш нөмірі 25 000 данамен жарық көрген «Ана тілі» газетінің таралымы келесі жылы 110 000 данадан асып кетті. Бұл үгіт-насихаттың ғана емес, ең әуелі оқырман ықыласының көрсеткіші еді.
Әрине, жұрттың бәрі журналист емес. Оқырман қауымнан түскен сан қилы тақырыптағы хаттар газет қызметкерлері тарапынан қорытылатын еді. Жылт еткен ойды жерде қалдырған жоқпыз. Ойлау жүйесі өзгеше, өзіндік ой-пікірі бар авторлардың тосын ойларын да тосырқаған жоқпыз. Пікір қайшылығы қалыпты жағдай саналатын.
Газет авторларының құрамы да әр алуан-тұғын. Әсіресе, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруды мұрат тұтып, салалық терминдермен шұғыл­данып жүрген ғалымдардың бәрі дерлік «Ана тілі» газетіне бас сұқпай кетпейтін.
– Ғылым, көркем әдебиет, ­журналистика… Үшеуі де үш бөлек биік болғанымен, үш сала да сізге жат емес. Сонда да қайсысына тереңдей алмадым-ау деген өкініш бар?
– Пенде болған соң өкінішсіз болмайды ғой. Бірақ мен қаламгерлік қызметіме өкінбеймін. Мен үшін бұл үш саланың бір-бірінен аса алшақтығы жоқ.
Мен әуелі ақынмын. Бала кезім­нен өлең жаза бастадым. ­Поэзия, балалар әдебиеті, аударма салаларында өнімді жұмыс істедім. Университетті бітіргеннен кейін бас­пагерлік жұмыспен шұғылданып, кітап шығару өнерін игердім. Одан кейін газеттер мен журналдарда қызмет істей жүріп, журналистикаға төселдім. Кітапқұмарлығым ­ғы­лымға бейімдеді.
«Ана тілі» газетіне қызметке келмей тұрып-ақ «Тіл ұшындағы тарих» атты кітабымды жазуға кіріскенмін. Бұл өзі ғылыми-танымдық еңбек. Қызметке алу жөнінде бұйрыққа қол қойылған бетте бас редакторға көне топонимдердің этимологиясын талдауға арналған ««Нақ» тек қана жұрнақ па?» және «Садағаң кетейін Сапыраным» атты екі мақаламды ұсындым. Мақалаларыммен ­танысып шыққан Жақаң оның алғашқысын нөмірге ұсынып, мені ұжымға «Нағыз «Ана тілінің» қызметкерін жұмысқа алдық» деп таныстырды. Қызметке кіріскен соң жур­на­листиканың әртүрлі жанрла­рының ешқайсысын жатсынған жоқпын. Тіпті сұхбат жасап, хабар жазуға да намыстанған емеспін.
– «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дейді Абай. Сөз түзелді ме, тыңдаушы ше? Оның себебін немен түсіндіресіз?
– Абайдың тұсынан бастап сөздің түзелгені рас қой! Ұлы ақынымыздың өзін өлшем етіп алсақ, қазақ өлеңі сол тұста-ақ әлемдік деңгейге көтерілді. Данышпан өзінің ғақлияларымен қазақ көсемсөзінің негізін қалады. Абай өмірден өткен соң, он шақты жылдың жүзінде қазақ әдебиетінің алғашқы хикаяттары, романдары дүниеге келді. Көркем әңгімелер ­жазыла бастады. Одан бергі ғасырдан астам уақытта қазақ көркемсөзі әлем әдебиетінің көптеген жетіс­тіктерін игеріп, бірнеше дилогия, трилогия, роман-эпопеяларымен мақтана алатын халге жетті. Қазақ оқырманының талғамы қалыптасты. Бұл тыңдаушының да түзелгенін көрсетпей ме?
– Өзіңіздің қолтаңбаңыз қалған «Ана тілінен» қандай жаңалық күтесіз?
– Редакцияның лайықты кадр­лармен толығып, жаңа идеяларға жол ашуы табиғи нәрсе ғой. Ал газет – ұжымдық еңбектің жемісі. Ұжым­дық еңбекті үйлестіре білу білікті басшының ­абыройын ­асырады. Мерзімді басылым әрқашан уақытпен үндестік тауып отыру керек. Жаңалықты да уақыт тудырады.
Ресми жылдың басында «Ана тілі» газетін жазылып алатын оқырман саны 15 000-ға жеткенін біліп отырмын. Бұл бүгінгі күннің талабымен қарасақ, жаман көрсеткіш емес. «Ана тілі» газеті бүгін де, бұдан кейін де дәстүр сабақтастығын ұмытпаса екен деймін. Ұлтын сүйетін ұрпақ өсіруге септігін тигізе берсін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген
Қарагөз СІМӘДІЛ

Суретті түсірген
Азамат ҚҰСАЙЫНОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.