Дер кезінде емделген дұрыс

Жыл сайын 4 ақпанда Халықаралық обырға қарсы одақтың (UICC) бастамасымен Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні кең көлемде аталып өтіледі. Қазақ онкология және ­радиология ғылыми-зерттеу институтында халықтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, онкологиялық аурулардың алдын алу, бастапқы сатысында анықтау жұмыстарын арттырып, қолжетімді скринингтік тексерулердің маңыздылығын насихаттайтын басқосу болды.

ҚазОжРҒЗИ басқармасының төрайымы, Қазақстанның денсаулық сақтау министр­лігінің бас онкологы Диляра Қайдарова институттың тыныс-тіршілігімен таныс­тырып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бас онкологтың айтуынша, елімізде онкология саласына баса назар аударылып отыр. Бізде науқасқа диагностика да, ем де тегін жүргізіледі. Бұл өзге елдермен салыстырғанда бізге берілген мол мүмкіндік екенін атап өтіп, аталған институтта обырға қарсы жаңа препараттарды клиникалық зерттеу басталғанын, емдеу хаттамаларына иммунотерапия енгізілгенін баяндады. Қазір Қазақстанда тегін онкоскринингтердің үш түрі: 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге сүт безі обырына, 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерге колоректалды обырға, ­сондай-ақ 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге арналған жатыр мойны обырына емханада тегін скрининг жасалатынын еске салды.
Ол «Елімізде Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облысы және ­Алматы қаласында онкологиялық ауруға шалдыққандардың саны өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Өкінішке қарай, әлемде ең көп таралғаны – өкпе ­обыры. Елімізде өкпе обырына шалдыққандар науқастардың арасында ең көп көз жұмады. Екінші орында асқазан обыры, үшінші орында сүт безі обыры тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен өкпе обырына скрининг жүргізіле бастады. Павлодар, Қостанай, Өскемен қалаларында өкпе обыры көп таралғандықтан сол жақтың тұрғындарына тексеру жүргізіп жатырмыз» дей келе, өкпе обыры ең алдымен темекі тартудан пайда болатынын, сондай-ақ аурудың кең таралуына тұрғындардың газбен қамтылмай, қыста от жағуының да әсер ететінін, көмірдің түтіні өкпе обырына шалдықтыратынына қынжылыс білдірді.
Басқарма төрайымының клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Нұрлан ­Балтабеков әсіресе біздің қазекемнің ­ауруын әбден асқындырып, кешігіп келетінін, оның басты себебі дәрігерге сенбейтінін, «аты ­жаман ауру ғой, ештеңе көмектеспейді, бәрібір өлемін» деп күйзеліске түсетінін меңзеп, 3-4 сатысында бір адамға 30-40 миллион теңге бөлінетінін, бір екпенің өзі 600 мың теңге тұратынын атап өтіп, неғұрлым ертерек тексеруден өту қажеттігіне басымдық берді.
Қатерлі ісіктің соңғы сатыларын жеңіп, өмірмен қайта қауышқан жандар басынан өткен жағдаймен бөлісіп, ештеңеден қорықпауға шақырды. Мәселен, 49 жастағы Шолпан Валиева іш құрылысы обырының 4 сатысынан, 59 жастағы Майра Аманбаева меланома, тері рагынан, 17 жастағы Аружан Тоқан 2 сатыдағы мойын безінің қатерлі ісігінен емделіп, жүз пайыз сауығып шыққан. Бүгінде Авиациялық колледждің 2 курсында оқитын, ұшқыш болуды армандаған Аружанға алғашында емханада туберкулез деп диагноз қойып, ота жасағаннан кейін ғана қатерлі ісік екені анықталған. Тоғыз жасынан бері 8 жыл түрлі терапиядан өткен қаршадай қыздың ең алдымен ата-анасына, қолдау білдірген дәрігерлер мен психолог маманға алғысы шексіз. Сонымен қатар спортпен шұғылданатынын, ауруын жеңуіне спорттың көп көмегі тигеніне сенімді екенін жеткізді.
Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққандар саны жыл сайын артып келеді. Статистикалық деректерге жүгінсек, 2019 жылы елімізде 36 345 адам қатерлі ісікке шалдыққан.
«Елімізде онкологиялық аурулардың ерте диагностикасы да жақсарып келеді. 36 345 науқастың 27%-ы 0-1 сатыдағы науқастар. Бұл – халық аурудан қорықпай, алдын ала тексеруден өтуге келеді деген сөз. Ал диспансерлік онкологиялық есепте 186 мыңнан аса адам тұр. Ал өткен жылы тіркелгендер саны – 181 мың. Жыл сайын науқастың саны да, 5 жыл және одан да көп өмірін ұзартқан науқастың саны да артуда. Орта есеппен әрбір екінші науқас ауруға шалдыққанына қарамастан, ем алу арқылы 5 жылдан аса өмір сүреді» деді бас онколог.
Халықаралық обырға қарсы одақтың бастамасымен Қазақстанда #IamAndIWill ұранымен кең ауқымды ақпараттық-ағартушылық шаралар өтіп жатыр. Шара ­аясында дәрігерлер темекі тартудан бас тартып, өзгелерге үлгі-өнеге болуы тиіс деген пікір де айтылды.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.