Абай ата аманаты

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл. Хәкім атамыздың даналық сөздері, ғибратты өлеңдерінен тағылым алушылар елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де көп екені белгілі. Себебі Абайдың кез келген шығармасын оқыған адамның көкірек көзі ашылмауы мүмкін емес. Дананың сол кездегі қозғаған проблемалары, қай заманда болса да өзекті. Қара сөздері – тұнып тұрған философия. Ондағы ой еркіндігі, қалыпты көзқарастан бөлек өрілген пайымдаулар шын мәнінде таңғалдырады.

Өз заманының ығымен кетпей, ағысқа қарсы жүзіп, жаңаша тұжырымдар жасай білген. Тіпті қазақтың мақал-мәтелдеріне де сын көзбен қарап, олардың «іске татырлығы бар, іске татырлығы жоқ» екенін де дәлелдей білді. Бос мақтанға салынып кетуден сақтандырды. Күлкінің өзін бірнеше түрге бөліп қарастырды. Қоғам жайында, дін мен заман жайында, білім мен ғылым туралы көп ойларын ұсынды. Әр адамның өз-өзінен есеп алып отыруы маңызды екенін меңзеді.
Қазақ әдебиетінің бірегей туындысына айналған поэмалары, әңгімелері, шығармаларынан қай заманның ұрпағы болсын зор тәрбие алатыны сөзсіз. Бір қара сөзінде «бірлік» ұғымы жайында шебер талдайды. Қазақ психологиясындағы «бірліктің» мәні басқаша екенін жеткізеді. Сонда қалай болу керек деген мәселе туындағанда «бірліктің – ақылға бірлік» екенін дәлелдейді. Абайдың пайымдауынша, ағайынның татулығы дүние-байлық, малмен емес, ақыл және іспен өлшенбек. Мәселен, бір үйден тараған ағайынның бірі дәулетті болса, қалғаны соның дүниесін жағалап өмір сүрсе, осы қара сөзінде ондай ағайынның қамсыз-қаперсіз әрекетінің соңы неге апаратынын білдіреді. Бұл кемшілігімізге: «Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді, әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді» деп дөп басады. Яғни ­шаруасыз отырған жалқаудың ­«дайын асқа тіқ қасықтығын» сынайды. Қорыта айтқанда, ұлы хәкімнің әрбір сөзін оқыған сайын күнде жаңа ой табуға болады. Өмірімізде, атқарған жұмысымызда Абай даналығы жол нұсқап тұрады.
Егерде Абай атамыз айтқан бес асыл іске жақын болсақ, бес жаман істен сақтансақ, орынсыз күлкі, орынсыз әрекеттен бойымызды аулақ ұстасақ, олардың орнын орынды харекетпен толтырсақ, өзіміздің ақылымыз бен қайратымызға сенсек, маңдай терімізді төгіп адал еңбек қылсақ, бір-бірімізге бауырмал болсақ, шын достықтың қадірін білсек, бойымыздан нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек сезіліп тұрса, білім мен ғылымға ден қойсақ, өз-өзімізден күніне бір, болмаса­ жұмасына, айына­ бір не істедік, не қойдық деп есеп алсақ – біз Абай атамыз армандаған адамдық қасиеттерді бойымызға жиып, мемлекетімізге мол пайда келтіреміз.
Сондықтан да биыл Абай шы­ғармашылығын танып-білуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Ақынның ғибратты мұрасынан, тәлімді ойларынан сабақ алып, оны бірлесе талқылап, бір-бірімізге жеткізіп, осы жылды тағылымды іс-шаралармен өткізуіміз керек. Ең бастысы, Абай атамыздың аманатына адал болайық.

Назерке МЫҢБАЙ,
Мадина МАДЕНОВА,
ғылыми жетекші Н.АБДУЛЛАЕВ,
ҚазҰУ-дың дінтану және мәдениеттану
кафедрасының аға оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.