НӘРЛІ БҰЛАҚ (эссе)

Қапелімде әбігерленіп һәм әурешілікке түскенім, бозала таңдай бозбала шағымды еске алдым…
Тосыннан тыпыршуымның кәкірі мынада еді: қаңтардың басы. Демалыс күн болатын. ­Алматыда тұратын сыныптас досым Мүтәш (Әбдімүтәліпті біз бала кезден осылай атайтынбыз) телефон соқты. Тым ерте соққан қоңырауды енжарлығым ұстап, созыңқырап алушы ем. Бұл жолы да сөйткем. Жағымды, жұмсақ амандасқан аржағындағы дауыс «Ау, мырза! Не жатыс? Тыныштық па?!.» деген аз-кем кідіріс жасап. Тынысы телефонды үрлейді. Ентігіп тұр. Үні «Әу!» дегеннен таныс досыма «Жо-жоқ! Аман. Аманбыз» дегем басымды жастықтан көтеріп. «Келіңіз Әбеке! Жай ма?!.» дедім тағы да, үрейлі мақамда. «Уһх-фф!.. Қонақтан қонақ. Шаршатты. Салмақ қосып алдым. Соған ертелеп, жүгіріп жүргенім ғой. Қасымда Түкең бар. Екеуміз». «Түкең» деп тұрғаны тәлімгері. Бапкері. Досымның «Басшы бапты болу керек. Артық ас ағзаға жүк…» дейтін ұстанымы ойға оралды. Бұл оның ауық-ауық өзіне қояр, орындала бермес талабы. «Ендеше, досым былай…». Ентігін басып, тамағын қырнап, әуезін мезетте өзгерте қойған ол, пісендеп алған ойын «Мен саған шақыру қағаздарын уатсапқа тастадым. Үйдегі балдар «Жетпіс жылдығыңды өткіземіз…» деп жатыр. Сыйлас жігіттер мен жайлы кітап шығармақшы ма…». Сөзін үзіңкіреп, жар­тысын жұтыңқырап барып «Хабарласшы. Сыныптастарды ізде. Кім бар, кім жоқ…» деп үкім ете жеткізді. «…Мұның да шығармайтыны жоқ. Жайшылықта істейтін тірлікті…». Мүтәшқа «Мақұл» дегем…

Сөредегі көбесі сөгіліп, көнерген кітаптай ­жадымды олай бір, бұлай бір ақтарам. Сайрап тұрған сана жоқ. Еміс-еміс бірдемелер қылаң береді… Ол – осыдан елу үш жыл бұрынғы, 1967 жыл-тұғын. Мектепті тамамдар тұс. Аласұрған балалықтың соңы, бой түзеп, пардозданған, тебінмұртқа ұстара түспеген патшакөңіл кезіміз. Туған жердің ауасы мен суына айыз қанбай, қасиетті топырағына армансыз аунап, ақ шаңын тіксінбей жұтып өскен дәуір-тін ол.
…Біздің сыныптастарды мезі қылмайтын бір әдет бар-ды. Сенбі сайын сабақ біткесін улап-­шулап, болатжол үстіндегі биік, аспалы көпірге бір шығып кетпесек көңіліміз көншімейтін. Бір-екі рет тобымызға қосып сынып жетекшісі, орыс апайы­мызды да алып шыққанымыз бар. Содан дағдыға айналды, төменнен гөрі биікке құмарттық. Биікте тұрып терең тыныстайтынбыз. Бек таң­да­натынбыз. Алысқа қол созып, армандайтынбыз…
Туған қаламызды үстінен тамашалап, арлы-берлі жүйткитін пойыздар керуенін, вокзал маңындағы ерсілі-қарсылы шаруасы қауырт жолау­шылар легін көріп, қоршаған дүниенің қанша­лықты күрделі, дамылсыз, әрекетті екенін түйсікке байладық. Бәлкім, бізді ерте есейткен де, сүйікті кәсіп таңдауымызға себепкер болған да осы болар… Біріміз ғалым, екіншіміз ақын, енді біріміз алып зауытта жетекші инженер болғымыз келді. Ақсамай ұстаздарымыздың орнын басқысы кел­­гендер, дені қыздар болды десем, дәрігерлікке небәрі екі жігіттің ғана жүрегі дауалаған. Ол – самбыр­лап сөйлеп, сақылдап күлетін, қаңбақ дос Мырзалы мен мінезі сақадай салмақты, бой­шаң Әбсәт. Құрылысшы болмаққа бел буған, шеке ­тамыры білемденген, намысқой досымыз ­Шалабай.
Ол кез көңіліміз кіршіксіз, сыр бүкпейтін, ­ойымызды ортаға тастап, батыл пікірлесетін уақыт-тын. Содан ба, арамызда ақуыз арманын талқыға салмаған жан аз еді-ау. Ойдода бізді ширатты. Орта үлгерімді, қала шетіндегі Теке ауылынан қатынап оқитын тәпелтек, мүттәхам жігітіміз Абай Шегебаевтың өзі «Сендерді қайдам, мен өзім алақаны дарқан дихан боламын. Үйге келіп жат­саңдар қозы сойып, дарбыз жарам. Мақта тергіземін» деп әзіл-шынын араластырып, күлкіге жыққан. Бәрінен де тарамыс бітімді, әзілкеш Төлеу досымыздың ата жолын қуып, отарба айда­ғысы келетінін естігенімізде ду күліскенбіз. Бірақ ол о жолы әзілдеген жоқ. Керісінше, «Мен сендерге ұқсап, аспандағыны армандамаймын. Түркістаннан ешқайда кетпеймін. Әкем сияқты теміржолшы болғым келеді. Баламды да сол кәсіпке баулимын» деп, біздің өрекпіген көңілімізді су сепкендей басқан. Ұққанымыз, Төлеу бізге қарағанда әріректі ойлайтын болып шықты. Өзінің ғана емес, әлі тумаған баласының тағдырын шешіп тастады… Бірен-саранымыз екеуіне тосырқай, назырқана қарағанымыз болмаса, сыныбымыздың оқу үздігі Әбдімүтәліптің салмақты сөзіне ұйый қалдық. «Бұл да дұрыс шығар…» деді ол маңызды, қоңыр даусымен, сабырлы қалып танытып, «Өмірден өз орнымызды тауып жатсақ, несі айып. Мақсатымыз, елге пайдасы бар кәсіп ­игеру. Бәріміз оқу іздеп кетсек, ауылда кім қалады, қаламызды кім көркейтпек? Анда-санда елге келгенде, есігін теуіп кіретін достың да үйі болған мақұл. Көріп тұрыңдар, түбі бәрімізден Төлеу мен Абай озады…». ­Сол-ақ екен, ортамыздағы «Атақты химик» болуды ­армандайтын тағы бір үздігіміз Құдайбақ ­Ахметов бәсекелес досын аяғынан шала сөйледі. Оның әдеті. Әбдімүтәліп сөйлесе, кірісе кетіп, кері пікір айту. «Жігіттер, Мүтәш Абайды тегін мақтап тұрған жоқ». Ол өзіне тән дарылдаған даусымен ақтарыла күліп алды да, бізден қолдау күткен кескінмен астарлы ойын одан әрі жалғады. «Түсінбей тұрсыңдар ма?! Мүтәштікі ішесеп. Қулық. Алматыға оқуға түсіп кеткендей болсам, түйелерімнің шөбі мен жемін Абайдың мойнына артам ғой дегені…». Бұл жолы көпшілік қысқа әрі мәнсіз күлісті. Үнсіздікті шеттеу тұрған, жұдырығы жуан Жақсыбай бұзды. «Жігіттер, профессор Боткиндікі дұрыс. Меніңше, ол орынды айтты. Жарайсың! Біз сенен ғана үміт күтеміз!». Жақсыбай ойымызды оқыды, білем. Келісіп алғандай қол ұрдық. Ол салалы саусақтарымен Әбдімүтәліпті өзіне тартып, иығынан қысты. Достық көмектен Абай да тартынған жоқ. «Мүтәш, сен ғалым боп жатсаң, зияның тимес. Балдарымызды оқуға түсірерсің. Шөптен қам жеме. Жеткізіп берем»…
«Профессор Боткиніміз» бәсекелесіне бұрылып та қарамады. Үнсіз. Бас изеп, езу тартты да қойды. Бұл ишараттың, кімге жасалғанын біз ұқпай да қалдық. Ақжүрек Абай ма, жоқ арсыз күлкі иесіне ме… Ұстамды. Сырға сараң. Ішін ілуде болмаса білдіре бермейтін Әбдімүтәліптің, бұл көбімізге жұмбақ, бала мінезі-тін.
Мұндай жаста тәжікелеспейтін, бір-біріне дәп көрсетпейтін жас өскін бола ма? Болса да, кем шығар. Оқып жүріп, талай оқиғаны бастан өткіздік. Әсіресе, мақта теруге барғанда кикілжің көп ­болды. Ұлпасы қалың жүйекке таласамыз. Біреудің теріп, үйіп қойған мақтасын жымқырамыз. Болмағанда, кешкі биде қыз үшін қырғи қабақпыз. Төбелестік те. Ренжісіп, көрместей болып, керістік те. Қазір ойлап тұрсам, Әбдімүтәліп осындай оқиғаның біріне қатыспапты. Оның сақтығы ма, жоқ амалпаздығы ма… Білмеймін. Әйтеуір, ызалы жерді айналып өтеді. Бірақ дауға араласса, бітімгер. Мәйін сөздің ұстасы. Мәмілешіл. Төрелігі тура, пікірі иланымды болатұғын. Сосын да ортақ достығымызға сызат түспеді. Өкпе зілсіз, керіс кексіз болды.
Мінез байлығы, ой тереңдігі үшін күрес. Білім, өнер жолындағы жарыс. Лидерлік үшін бәсеке. ­Сыныптастар арасындағы үйреншікті, намысты тартыс болатын. Бұл соның бір көрінісі ғана. Мадаққа әлгі екі үздігіміз де лайықты-тұғын. Олардың шап­шаң ойлау, оң шешім қабылдау, зердеде ұстау артықшылықтары – бізді мойындатқан шындық. Сындарлы жазба жұмыстары өтетін күні екеуінің артына таласа жайғасып, көшіретініміз, тақта алдында тұйыққа тіреліп, қиналысқа түскенде сыбыр күтетініміз де осылар-тын. Тіпті бірде егде ұстазымыз, математик Роза апай екеуін сыртқа шығарып жіберіп, бізге есеп шығартып, жазба жұмысын алғанда да қолұшын берудің ­амалын тапқан достар ғой, бұлар.
Мүтәш бала күннен қызықшыл болды. ­Думанды кештер онсыз өтпеуші еді. Ол кездегі өнер, Абай мен Құрбан тартатын модалиннің сырлы әуеніне билейтін аяқойын. Бізге қарағанда ашаң, биік көрінетін Мүтәш көз қиығын салған қызды үйіріп алатын. Қыздарды өзіне ынтықтырып, арлы-берлі ойқастайтын ол, ұзын қолдарын майыстырып, иықтарын бүлкілдетіп, енді бірде бүркітше шүйіліп, мың құбылып, құйқылжытып билейтін. Әнді де нәшіне келтіріп, әдемі айтады.
…Мектеп бітірдік. Тарадық. Өміріміз өзгерді… Өзгермеген – Абай дос қана. Ол ауылда қалып, мақта екті. Малды көбейтті. Бүгінде, жұртына мәлім кәсіпкер.
Төлеу де солай. Отарбасын айдап, құрметті кәсіп иесі атанды. Ұлы – ізбасары. Елдің жүгін әкелі-бала отарбамен екеулеп тартады.
Үздіктермен тістесіп өткен тәуір үлгерімді, талапты құрбымыз Сапаркүл мектеп директоры болды. Мырзалы Халбаев облыстық аурухананың басшылығына шейін көтерілді. Мен пақырыңыз Кеңес дәуірінде бірнеше ауданда хатшылық, басшылық қызмет атқарсам да, ақын болмадым. Әбдімүтәліптің бәсекелесі Құдайбақ Шымкент фосфор зауытында жұмыс істегенмен, «Атақты химик» атанбады. Бірақ ол оның есесіне есеп-қисаптың білгірі.
Діттеген межеге ақырын жүріп, анық басқан бір-ақ адам жетті. Ол жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан, дара үздік, мектеп медалисі Әбдімүтәліп Әбжаппаров.
…Досым текті адамның тұяғы. Әкесі діни ­сауатты, әңгімесі тартымды, ағаштан түйін түйген ұста еді. Анасы Бақтылы ұзын бойлы, денелі, аса мейірімді жан-тын. Мүтәштің дене бітімі, жүрісі, көзқарасына шейін анасына келеді. Апамыздың қолынан талай дәм таттық. Түйе сауатын, құрт ­жасайтын. Бізді отыр демейді, Бақтылы апа, баласына «Бөбеш, Бөбештеп!» айрықша аналық махаббатпен елжірей қарайтын ана еді…
Сыныптас досымның менен екі айдан астам үлкендігі бар. Оның туған күні – жыл басы. Ақпан-дағы, менікі мамыр. Студенттік өміріміз де ­Алматыда бірге өтті.
…Оқуға түскен жылымыз. Университеттегі жатақхана тапшылығынан уақытша амалдай тұруға досыма өтініш жасағам. Далаға тастасын ба. Келісе кетті. Сөйтіп, қылдай баяғы солқылдақ темір ­кереуетте үш ай бірге жаттық. Ойымызда ешнәрсе жоқ. Келеке болатынымызды қайдан білдік… Жіңішке кезіміз, біресе ол құшақтайды, біресе мен. Илалап, ұйықтап шығатынбыз. Ертелеп оқуға кетеміз, кешке тағы сол. Жұбайы Алтынайға бір бала туғанша, «Не деп болад тағы?.. Қорқып қала ма…» деп айтпағанбыз. Кейін ол естіп, бетін шымшып, көпке шейін күліп жүрді. «Есіткен ел күлер. Екі еркек… Құшақтасып жатқандарыңа мақтанасыңдар ма…» деп тыйған.
Ұмытып кеткенбіз. Қайбір жылы, досым ақындығы ұстап, менің мүшел тойыма сала құлаш өлең жазып, курьерден беріп жіберіпті.
Балалық шақтан біргеміз,
Өзіңе өлең жазамын.
Сол күндер жайлы ойланам,
Асықты бірге ойнаған.
Ағалар салған ізбенен,
Студент болдық біз деген.
Таңдауым болды КазПТИ,
Табылдың сен де КазГУ-ден.
Бөтенсіді ма, астана,
Қинады сені баспана.
Мен жатқан жатақханаға,
Келіп ең сонда жасқана.
Бір кереуетке сыйғанбыз,
Ол күндер шіркін! Дастан, ә?!
Сыйғанымызға сенбейді,
Дәл қазір айтсам басқаға.
Сол кереуетке шынында,
Ұят та болса айтайын.
Жатқымыз келсе қайтара,
Сыймаймыз бүгін, масқара!..
Асаба ханым бұл «Шырын ­махаббатымызды» әуелетіп, әнмен әрлеп, мәнерлеп, мәндеп оқып бермесі бар ма. Құрдастар жағы, топан күлкі. Досымның «Ол күндер шіркін! Дастан ә!.. Жатқымыз келсе қайтара, сыймаймыз бүгін…» деп тамсанғанын, арман еткенін тәптіштеп, сандарын соғып мәз болды…
…Жолға шықтық. Қасымда екі сыныптас бар. Бірі, күлекеш Төлеу. Екіншісі, аяқойын «Ламбаданың» ұшқыры Абай. Әжім басқан жүздері қарасуыққа тотыққан демесең, түбі реңді екендері көрініп тұр. Пошымдары мінсіз. Түркістанның базарынан сықиып киініп алған. Қолдарында сыры көшіп, сырылған, түтеленіп, тозығы жеткен музыкалық аспап, мондалин. Реті келіп жатса, Мүтәшті, Алтынайды ортаға алып өлең айтып, аяқойынның шаңын шығармақшы… «Біздің қолдан өзге не келер дейсің. Достығымыз болмаса, тереземіз тең емес…» десіп қояды аракідік.
Той иесі, ұмар-жұмар айқаса кететін, арзан әзіл, орынсыз оспақ айта салатын бала Мүтәш емес. Оқығаны, тоқығаны дария, өресі биік тұлға. Өн бойына маңғаздық пен сыпайылық жарасқан, кісілік дарыған айтулы азамат. Ұлағатты ұстаз. Белгілі ғалым. Ақылы толысқан академик. Әкем мұндай кейіпті, келісті адам көрсе «Тегін адам таз бола ма, балам. Ана кәлләда бірдеңе бар ғой!» деуші еді. Біздің Мүтәш сол қалыптан. Кең маңдай, жалтыр төбе бекзат.
… Даудырасып отырған бізге, жолбикеш құжат­тарымызды тексеріп болды ды, ізетпен «Жолда­рыңыз болсын, аталар! Шай керек болса, қайнап тұр. Ымдасаңыздар болды…» деді үзіліп сөйлеп. Томпиған «Тальгомыз» ысылдап, жер сыза қозғала берді. Перрондағы адамдар. Еңселі вокзал. Әуезді отарбалар. Балалықтың бал базарына куә аспалы көпір. Қартайып, ажарсызданған кәрі теректер – бәрі-бәрі әзиз досымыз сәлем жолдап тұр…

Нәсен ҚОЖАБАЙ
ТҮРКІСТАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.