«ҚОНАЕВ СЕГІЗ БӨЛМЕЛІ ҮЙ БЕРДІ…»

Тұңғыш диктор Зұлқия Жұматова – 100 жаста 

Қазақ телевизиясының тарихында тұңғыш рет қазақша хабар жүргізген диктор Зұлқия Мұқанқызы Жұматова дәл бүгін – 20 ақпан күні 100 жасқа толып отыр. Апамыз ғасыр-ғұмырында аштық пен тоқтықтың бәрін көрді. Жеңілген сәттері де, жеңістері де жоқ емес. Осынша жасқа келген бүгінгі сәтте апамыздың тапқанынан жоғалтқаны көп екен… Ғасыр тойына құтты қадам басып келген, бүтін бір дикторлық дәуірдің бастауында тұрған асыл адаммен арнайы барып сұхбаттастым. Есікті Зұлқия апаның қызы Меруерт ашты. Апам төргі үйде жайлы креслода бізді күтіп отыр екен. Амандастық, қал сұрастық. Қызы құлағының қағыс еститінін айтып қаттырақ сөйлеуді ескертті. Қоятын сұрақтарымызды ақ параққа жазып алғанбыз. Естімесе, оқитын шығар деген үміт бар. Сол бойынша жауап берер деп ойладық. Апам көзілдірігін тағып сұрақтарды оқып шығып, жауап беруге дайын екенін ишарамен білдірді. Білгім келетін нәрселерім көп.
Әңгіме-дүкен басталып кетті.

– Жүз жасқа келген қандай екен, апа?
– Жүз жасқа келген адам, дүниеден көп нәрсені көрген адам. Жүзге келу үшін батыр да, батыл да болу керек. Осы жүз жасқа келген адамдар өмірдің бір ғасырлық неше түрлісін көреді ғой. Ол – соғыс, ол – ашаршылық, ол – азап. Адамды бақытты қылатын да адам, бақытсыз қылатын да адам. Бір адам көп адамды бақытты ете ­алады. Бір адам көп адамды бақытсыз ете ­алады. ­Гитлерге соғыс неге керек еді? Жастардың өміріне жазылмайтын жара салды. Өзің бақытты болу үшін, ­алдымен маңайыңды бақытты қылуың керек. Ол үшін әр уақытта қайырымды болғаның дұрыс. Қиындыққа мойыма. Әрқайсымыз әртүрлі адамбыз. Жүзге келген жасымда кімді ренжіттім, кімге не жамандық жасадым деп ойланамын. Құдайға шүкір, ешкімге жамандық жасамаған сыңайдамын. Жас күніңде барлық адам жақсы, бәрі де біркелкі деп ойлайсың. Өсе келе байқасаң, дос та, дұшпан да бар екен. Бірақ оған ренжуге болмайды. Дұшпаныңды да дос қылуға тырысу керек. Сабыр, тұрақтылық, адалдық маңызды. Мен махаббат үшін жаралған адаммын, қызым.
– Ата-анаңыз қандай адамдар болды?
– Шешем де, мен де Баянауылданбыз. Әкем мұғалім болды. Байдың баласын оқытқаны үшін Колымаға жібермекші болып, соңына шам алып түсті. Әкемнің әкесі бай болған, жалғыз ұлына: «Қарағым, Сібірге қарай қаш, сонда аман қаласыңдар» деп кеңес берген. Әкем ол жаққа жалғыз кетпей, екі бажасымен бас сауғалап Кемерово деген қалаға барады. Ол жерде әскери зауытқа жұмысқа тұрады. Шешем соңынан барады, ол жақта тағы бір бала дүниеге келеді. Алдында бес-алты баласы бар еді, жетіншісі ұл болды. Ол – Ертай Әбілтаев деген әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Шешем ерте қайтыс болды, сегізінші баласын дүниеге әкелген соң өмірден өтті. Әлі есімде, мені жанына шақырып: «Зықатай, келші» деді. Балалар боздап жылап отыр. Мен де жылап жүрмін. «Құлыным, екеуміз де бақытты боламыз деуші едік. Өзім де сезіп жатырмын, меңдеді жара, меңдеді. Ортақ деуші ек бақытты сендегі де, мендегі. Жеті бала артымда жетімсіреп қалады. Ермұханбетімді сақтай гөр, алты қыз, бір ұлды. Сен енді мықты бол, осылардың анасы сенсің» деді. Мен сонда он бес жастамын. Жалғыз өзі асырап жүрген әкем сал ауруымен жатып қалды. 1935 жыл, ашаршылық. Жалғыз сиырдан басқа ештеңе жоқ. Не істеу керек? Он бес жасымда алты-жеті балаға қарауға тура келді. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып кетті. «Әке, енді аштан қырыламыз, мына жалғыз сиырдың сүті не болады? Шөп шабатын адам жоқ, мұны сатайық. Маған жолға ақша бер. Мен елге ­барайын, Павлодарға, ел ғой сізді біледі» дедім. Әкем парсы, араб, орыс тілдерін білетін. Елге жетсем көмектесетін адамдар табылар деп ойладым. 1941 жылы сиырды саттық. Жұмыс тапсам оларды көшіріп аламын деп ­ойладым. Үш айдан соң, екі кісіні жалдап елден адамдар тауып, әкемді, балаларды Павлодарға көшіріп алдым. Сонда әкем топырақты құшақтап: «Бүгін өлсем де арманым жоқ» деп жылады. Көп ұзамай өмірден өтті. Іні-сіңлілеріммен аңырап қалдым. Құдайға шүкір, өстік, жеттік.
Сізге қиын болған екен…
– Бұл өмірдегі жақсы, рақымды жолды жүрегім қалады. Мен тек махаббатты білем. Адамдарды қорғауды, қиналғандарға ­кө­мектескенді жаным қалап тұрады. Бала­лардың бірінен соң бірін жеткізіп, уақыт өтті. Роза Бағланова: «Ертай сіздің ініңіз емес, балаңыз сияқты, сонша шырылдайсыз» деп айтатын. Мінеки, айналайын, осындай өмір кештік.
– Телевизия саласына қалай келдіңіз?
– 1958 жылы елімізге бір керемет қуанышты хабар келді. Радио, газет арқылы хабардар болдық. «Телевидение ашылады» дегенге тіпті сенбедік. Ол уақытта шығармашылықпен ­айналысып жүрген едім. Балаларға арналған ­хабар бар деген соң, барып көрейінші деген ой келді. Диктор ­боламын деген ой он ұйықтасам түсіме де кірген жоқ. Барсам, аула толы әдемі қыздар. Бір орынға 750 үміткер таласып, байқау өтіп жатыр екен. Ол кезде отыз бестемін. Аулада қазақтың бір жас жігіті тәртіпті қадағалап жүр екен, ­содан: «Қалқам, менің осында жұмысқа тұратын ойым бар. Кімге жолығуға болады?» деп сұрадым. «Апай, мына конкурс өтпей ешкімге жолыға ­алмайсыз» деді. ­Комиссияда жиырма шақты адам бар екен: Ләйлә Ғалиқызы кейін ­министр болды ғой, режиссер. Шарипов, Дүйімбаев, Савин, ­Естемесова, тағы басқалар. Қарсы алдымда телевизор тұр, оған қарсы тұрған екінші телевизордан өзіңді көресің. Қыздар бірінен соң бірі келіп тұра қалады. Бір мезгілде босағанда өзімді көріп алайыншы деп әлгіге қызығып кеттім де, тұра қалдым. Сол уақытта пульттен Шәкен Айманов:
– Тұрыңыз, тұрыңыз. Сіз кімсіз? – деді
– Мен – Жұматовамын.
– Қандай дайындығыңыз бар?
– Өлең жазатын едім.
– Қане, бір өлеңіңізді оқыңыз, – деді.
Абайға арнаған өлеңім бар еді, соны оқып бердім:
Анам менің барғанында бір кір жуа,
Бұрқап жатқан долы Ертістің суына.
Мен де бардым, көпке дейін бірақ та,
Түсіне алмай тұрдым толқын шуына.
Тұлымшағым желбіреген баламын,
Кір жуғанға еліктеп әр ананың,
Өз шешемнің көз айырмай қолынан,
Суға қолым мен де малып қаламын.
Көкжиекке күн еңкейді, кеш кірді,
Сонда баяу бір ғажап ән естілді.
Тастап анам суға шайқап тұрғанын,
Тыңдай қалды тынып осы кешкі үнді.
Қасымызда бізге таяу Кемерде,
Үш келіншек әлгі баяу өлеңмен,
Қосылып бір кетті дейсің әндетіп,
Тыныстары жатқандай бір тереңде.
«Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем,
Тірі қалдым өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың».
Деген шумақ сол өлеңнің өзегі,
Тәрізді боп әсер еткен кез еді.
Анашым да әндетіп тұр қарасам,
Жеткендей ақ өлең айтар кезегі.
Содан былай анам менің үйде де,
Сол бір әнге баяулатып үйрене.
Өзі айтып, маған дағы айтқызып,
Жыр құйғандай көкіректегі күймеме,
Кімнің сөзі мақсат не ол жырдағы,
Түсінбеп ем жас едім ол жылдары.
Абай атам Пушкин болып жырлаған,
«Татьянаның әні екен ол қырдағы».
Пульттен Шәкен Айманов айғайлап: «Орысшаңыз қалай?» деді. «Орысша да білемін»… Абайға арнаған өлеңімнің орысша аудармасы бар еді, соны оқып бердім. Бір кездері №16, №14 мектептерде орыс тілінен сабақ та берген едім. Абайға арнаған өлеңім сол кездегі «Социалистік Қазақстан», аудармасы «Казахстанская правда» газетінде жарық көрді.
Сонымен, сол күні бағым жанып, диктор болып шыға келдім. Ол кезде отыз бес жастамын. Тәрбиемде сегіз бала, төртеуі өз балам, төртеуі соңымнан ерген ­бауырларым. 1958 жылы, ­8 ­наурыз күні Алматы телестудиясы эфирде өз жұмысын ­бастады. Алғашқы сөзім «Кеш жарық!» болды. Дикторлар көрермендерді екі тілде құттықтады. Қазақша – мен, орысша Нелли Омарова құттықтады. Телевизия саласында он екі жылдай жұмыс істедім.


– Сіз жұмыс істеген жылдардағы ұжым қандай еді? Кімдерден сұхбат алдыңыз?
– Ұжым өте тамаша еді. Барлық ­хабарды дикторлар жүргізді.
Сырт киімімізге, шаш қоюымызға, сөз сөйлеуімізге үлкен мән берді. Ол кезде адамның сұлулығынан гөрі біліміне көңіл бөлінетін. Саяси хабарлар, концерттер, балаларға арналған хабарлар – бәрін жүргіздік. Тікелей эфир болған соң, ешқайсысы сақталмады. Мерекелерде Әнуар Байжанбаев, Нелли Омарова, мен бар – бәріміз алаңда хабар жүргіздік. Алғашқыда бар-жоғы екі режиссер ­болды. Ешқандай жағдай жоқ, дәлізде жүріп ­дайындалатынбыз, Нелли Омарова, ­Совет Масғұтов бізбен қатар қабылданды. Жалғыз машинистка үлгермейді, біз оқитын мәтінді қолмен жазып беретін. Азғантай ұжымымыз өте тату болды. Сол жылы мені Мәскеуге жіберді. Бір күні директор: «Мәдениет министрі шақырып жатыр» дейді. Шошып кеттім. Бірнәрсені бүлдірген екенмін деп ­ойладым. ­Барсам «Мәскеуде Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің күні өтеді, соған барасыз. Жақсы дикторсыз, Мәскеуден абыроймен қайтарсыз» деп құжат берді. Ол жақта да жаңалық жүргіздік, сюжет те жасадық. Оны Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, тағы басқа барлық үкімет басшылары көріпті. Мәскеуде қазақ студенттері көп екен.
Сөйтіп жүргенде басшылар М.Әуезов­тен бата аламыз деді. Ол сұхбатты Совет Масғұтов екеуміз жүргіздік. Совет бір алтын адам еді, өзімнің баламдай болды. Өмірден ерте өтті, көз жұмғанда еңіреп жыладым. Ол мені «Жұматова» немесе «Зұлқия» деп атымды бір атаған емес. «Апа», «апа келді» дейтін. Мен ұдайы толқып жүремін, эфирге шығарда «апа, толқымаңыз» деп әрдайым дем беріп отыратын.
Мұхтар Әуезов келе жатқанда «заңғар жазушыға қалай сұрақ қоямын» деп жүрегім дүрсілдеп, қатты толқыдым. Сұхбатымыз жақсы өтті, жаңылғам жоқ. Мұхтар Әуезов қолын жайып бата берді. «Асылкеш» деді, мен түсінбей, «Мұқа, асылды түсіндім, кешті түсінбедім» дедім. «Қырғызша «Асылжан» деген сөз, асылжансыңдар» деді.
– Эфирге шығу – қазірдің өзінде бір ғанибет. Ол кезде тіпті керемет оқиға ғой. Кішкентай кезімде дикторлар ұйықтамайды, тек әдемі болып қозғалмай отырады деп ойлайтынмын. Өзіңіз күнде елдің алдында жүрдіңіз. Жолдасыңыз қолдады ма? Қызғанған жоқ па?
– Тікелей эфирді жүргізгендіктен, өзімді эфирден көрген жоқпын. Үйге кеш қайтатынбыз, бір күні қараңғы болған соң, бір әріптесім, дыбыс режиссеріне үйге дейін апарып салшы дедім. Күйеуім түнге қалма дейтін. Екеуміз келе жатсақ, күйеуім қарауылдап балконда тұр екен. «Кеш қалма деп едім ғой. Өзің кавалермен келесің ғой» деді. Мен «Кавалер емес, контролермен келемін» дедім. Қызғанды. Балалар «жұмысқа баршы, сені телевизордан көрсете берсін» дейді. Өзіме де жұмыс өте ұнайды, шығармашылықтың адамымын ғой. Дүние жинау дегенді түсінбеймін. Өміріңде, жүрегіңде махаббат болса болды. Адамды сүю, жақсылық істеу – ол менің ұстыным. Сондықтан жүзге келген шығармын.
– Күйеуіңіз туралы да айтып өтсеңіз…
– Күйеуім Әубәкір Жұматов деген ғажап адам болды. Анадан, әкеден ерте айырылып, солардан көрмеген мейірім мен жақсылықты күйеуден көрдім. Атымды атамай «Жанием» дейтін. Ой, ол кез қандай кез еді?! Махаббаттың төресін көрдім ғой. Бірақ бәрі қас-қағым ­сәтте-ақ екен. Бірінші күйеуіммен сегіз жыл ғана тұрдым. Ол отыз екі ­жасында, соғыс уақытында қайтыс ­болып кетті. Жиырма бес жасымда бір ұл, бір қызбен қалдым. Қызым Меруерт – педагог, қазір мені бағып-қарап отыр. Ұлым жастай кетті. Екінші жолдасым Әубәкір Жұматов. Ауыл шаруашылығы ­институтында көп жыл ректор болды. Мен тұрмысқа шыққанда оның бір ұл, бір қызы бар еді. Төрт балам бар деп отырғаным сол. Мен күйеуден көп нәрсе үйрендім, тәрбие алдым десем де болады. Сабыр сақтауды, мақсат қоюды, ­иманды болу, адалдықты үйрендім. Ақша, дүние деп өмір сүрмедім, дүние жинаған адам емеспіз. Жұматовқа тұрмысқа шыққанда қайын атам Академияда бөлім басқаратын, білімді адам еді. «Ағат деген не? Қанат деген не? Сағат деген не? ­Жанат деген не?» деп біздің тойда сөйледі. Сосын сөзін сабақтап:
Екі кісі ұрысса –
Ағат емей немене?!
Екі жақсы сөйлессе –
Сағат емей немене?!
Тоқтышақтың терісі
Тоңдырмаса суыққа –
Жанат емей немене?!
Мінген атың болдырмай,
Мәре жерге жеткізсе –
Қанат емей немене?!
Адал болса алған жар
Ханым емей немене?!
Жайлы болса мінезі –
Жаның емей немене?! –
деп айтқаны құлағымда қалып қойды.
Мақсатсыз өмір – өмір емес, балам, адамда мақсат болуы керек. Күйеуім көп жыл ректорлық қызмет атқарды дедім ғой, Қонаевтың қабылдауында болған. Жағдайын сұрағанда сегіз баланы өсіріп жатқанын айтқан екен. Сонда Димаш ағамыз: «Ой, мұның жақсы екен. Оның үстіне жиырма жылдай ректор болдың, 8 балаң болса, саған 8 бөлмелі үй береміз» депті. Үлкен үйден 8 бөлмелі пәтер берді. Бәріміз сонда тұрдық. Сөйтіп жүргенде күйеуім 49 жасында қайтыс болды. Сегіз баламен сегіз бөлмелі үйде қалдым. Теле­визия­ның айлығы аз, ештеңеге жетпейді. Сол сегіз бөлмені балаларға бөліп бердім. «Радиода қалыңыз, диктор болыңыз» ­деген ұсыныс айтты. Мен қалмадым, басқа салаға кеттім.
Күйеуім барда ешкім кемітпеген, қайта маған еліктеген еді. Одан кейін жұрт тексере, сынай бастады. Арқама батқан аязды ешкім еріткен жоқ. Біздің уақытымыздағы интеллигенция мүлдем басқа еді, жақсысы да, жаманы да ­болды. Сынақтың өзі бірінен соң бірі келе ме, қайдам, ауыр сәттерді басымнан өткіздім…
Жаңа жыл жаңа қайғы ала келді.
Дабылын жамандықтың қаға келді.
Жайраңдап, қарсы алам деп отырғанда,
Көзімнен ыстық жасым аға берді.
Кім қуанар алтын күннің батқанына,
Кім қуанар жалғыз ұлын атқанына.
Әкесінен бір жасында қалған ұлым
жау қолынан қапияда қаза тапты,
Мектептен үйге қайтып
келе жатқанында.
Зарладым, жоқтадым. Опера театры, драма театры, телевидение, апыр-ай біздің уақыттағы адамдар, ақындар, жақындар бәрі де келді. «Өлем» дедім. Сонда Қайнекей Жармағамбетов: «Өмірде өлу оңай, тұру қиын. Өліпті дей салады артта жиын. Онымен сен нені дәлдейсің? Өмірден түңілуге болмайды. Артыңда тағы балаларың бар, қақың бар батырланып жүгіруге. Сенің атыңды Зұлқия деп атамай, күйеуің «төрем» деуші еді. Солар саған сеніп кетті. Тый көзіңнің ­жасын. Біз қайғыңды бірге көтереміз» деп жұбатты. Содан біраз уақыт өткен уақытта Шолпан ­Жандарбекова келіп, «Мен үлкен мейрамханада 200 кісі шақырып той жасағалы жүрмін, сенің бүк түсіп жатысың мынау. Халықпыз, қайғыңды көтерісеміз, тұр. Тойға жүр» деді. «Елді білмейсіңдер ме? Бала өлгенде той тойлағаны қалай деп ертең мені ­жамандап, газетке, журналға ­жазады, жер бетінде ­менен жаман әйел ­болмайды» деп, бас тарттым. «Жаза берсін» деді ­Шолпан ­Жандарбекова. Әлгі тойға алып барды. Менің айтқанымдай-ақ, әртүрлі сөздер ­айтылды. Бауыржан Момышұлымен жақсы араласқан едім, әйелі Ғайникамал досым болатын. «Жезде, мен жөнінде өсек ­жазыпты» дегенімде, Баукең: «Мен жөнінде жүз тоқсан өсек бар, соның екеуі ғана дұрыс. Өздері айырып алады ғой, оның несіне қайғырасың?» деді.
– Шығармашылықпен айналыстым дедіңіз. Кітаптарыңыз бар ма?
– Көп жазғаным жоқ. Көп жазуға уақыт та болмады. Балаларды жеткізу керек еді. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Мараттың таңдауы» деген кітабым 200 000 данамен шықты. Балама арнап жазған «Бөбегім» деген өлеңім бар еді. Соған Б.Байқадамов ән жазды. Бір күні маған Байқадамовтың әйелі Валентина Панфилова хабарласып: «Ертең сізді күтеміз, бізге бір өлең жазып беріңіз, балаларға арналған ән дайын» деді. Менен қандай автор шығады? Алғашқыда тіпті сенбедім. Шақырған соң бардым. Бақытжан қарсы алды. Әзілдейін деп отырған түрі жоқ. Не керек, сонымен өлең де, ән де шықты. Жамал Омароваға беретінін айтқан соң, үйге қайтып кеттім. Бір күні Жамал Омарова қоңырау шалды: «Әй, сен Жұматовамысың?». «Иә». «Үйге жет. Өлеңіңді Бақытжан берген. Орындаймын». Қазіргі Қабанбай көшесінде бірінші қабатта тұрады екен. Айтқан адреске келсем, ашық терезеден ­музыка ойнап жатыр. Тыңдасам, Жамал ­Омарова:
Өр Алтай, асқан Алтай, асқар Алтай,
Анамдай әлпештеген жастан Алтай.
Суы бал, көдесі май, жері майса,
Ағызған сары алтында тастан Алтай, – деп «Алтайды» айтып тұр. Терезесінің алдында үнсіз ән тыңдап тұрмын. Бір мезгілде менің «Бөбегім» деген өлеңімді айтты:
Қызыл гүлдей жайнап өскен балалар,
Бақытты ғой сені тапқан аналар.
Ұлы анаң – сүйікті Отан бөбегім,
Саған қамқор Қазақстан елің бар.
Әй-әй, бөбегім, әй-әй бөбегім,
Еске сақта анаңның,
Сүйіп айтқан өлеңін.
Мамаң сенің еңбек сүйген жасынан,
Әкең сенің ерлік даңқын асырған.
Кәрі әжең мақтанышпен айтады,
«Айналдым» деп бұл тамаша ғасырдан.
Әй-әй бөбегім, әй-әй бөбегім,
Еске сақта анаңның,
Сүйіп айтқан өлеңін.
Бүгінгі жас ертең жігіт бөбегім,
Қуанышым, жүрегімдей көремін.
Ер жеткенде еске сақта жан сәулем,
Анаңның бұл сүйіп айтқан өлеңін.
Әй-әй бөбегім, әй-әй бөбегім,
Еске сақта анаңның,
Сүйіп айтқан өлеңін…
Жамал Омарова менің өлеңімді айтып болғаннан кейін есікті қақтым. Кірсем, үйде Шара Жиенқұлова пианинода ­ойнап отыр екен. Мен барғаннан кейін бұл өлеңді қайталап айтты. Соғыстан кейінгі кез, ешкімде ештеңе жоқ. Бір көйлек тапсақ ат мінгендей қуанатынбыз. ­Кетерде маған бір керемет мата берді. Ой қуанғанымды көрсең, ал мен ақымақ басым құр қол барған едім. Шынымды айтсам, өлеңімді Халық артисі айтады деп ойламадым.
– Сіз қазақ тілінде, ал Нелли Омарова орыс тілінде жаңалықтар жүргізген тұңғыш диктор. Дос болдыңыздар ма?
– Нелли Омарова радио-­телевидениеде 40 жыл жұмыс істеді. Бірақ көз жұмғанда көңіл айтқан, іздеген адам болмады. Бірге қуандық, бірге жыладық. Ол уақытта соғыстан кейінгі кез, киетін дұрыс киім жоқ. Ол тігінші болатын, маған бір жаға тігіп әкеп береді де, бүгін басқа киімде боласың дейтін. Оны ­Левитан «табиғаты диктор» деп бағалады.
Мәскеудің телевидениесіне барғанда жұмақ көргендей болдым. Бізде ­ондай жағдай болған жоқ. «Шіркін-ай, ­Алма­тының телевидениесін дәл Мәскеу­дегідей болғанын көрсем арманым болмас» деуші едім. Құдай соған жазды. ­Арманым орындалды. Бір емес, бірнеше рет мені хабарға шақырды. «Келбетті» түсірді, «Дара жолға» шақырды. Телевидениенің қырық жылдығында Д.Назарбаева Нелли екеумізді шақырып, Алғыс хат берді. Ол кезде 80 жастамын. Көңілім толқып, тіпті сөйлей алмай қалдым. «Бірінші диктормын, қазір 80 жастағылар арасында байқау өткізсеңдер, қатысар едім, аласыңдар ма?» дедім. Бәрі құрмет көрсетті.
Қазір мен шаршадым. Ештеңенің керегі жоқ, атақты дер уақытында бермеді. Ондай жағдайлар бір менің ғана емес, ­талай ұлылардың басынан өткен. Мен кетіп барам ғой енді, бүгін жатам, ертең тұрам ба кім білсін?!
– Өздеріңізден кейінгі дикторлар ­туралы не айтасыз?
– Бізден кейін Мариям мен ­Ласкер келді. Екеуі қол ұстасып, той жасап қосылғанына қуандым. Данара деген диктор болды, жүргізгені ұнайтын. Мен сізге айтайын, адам қай уақытта да өмірде болып жатқанның барлығын біліп тұрғанды жақсы көреді ғой. Қазір телевизор көрмеймін, шынын айтайын, көп оқимын. Құдайға шүкір, қызымның арқасында, газет-журналдарды үйге әкеп тұрады. Балаларым, немерелерім жақсы көреді. Қазір төртеуіміз ғана қалдық. Төртеуі қайтыс болды.
– Қандай жазушыларды, ақындарды жақсы көресіз?
– Классик жазушыларды, Толстойды жақсы көремін. Абайды, Мұқағалиды, Қадырды сүйіп оқимын.
– Мақсатқа жету деген не?
– Мақсатсыз адам – адам емес. Менің айтатыным – адамға жанашыр бол. Кешірімді болу – пейілден. Қисық ағашты түзетуге болады, қисық пейілді түзете алмайсың, оны көр түзетеді. Баршаңа, менің сүйікті ұжымыма мың алғыс. 100 жасымды атап өтіп жатыр.
– Жаратқанның берген жасын аман-есен жасай беріңіз. Бізге бата бересіз бе?
– Әрине!
Шырақтарың жанып тұрсын,
Бұлақтарың ағып тұрсын.
Бәле-жаладан қағып тұрсын,
Жазың жайлы болсын,
Қысың майлы болсын,
Бастарыңа амандық,
Астарыңа адалдық,
Дастарқандарыңа құт-береке берсін.
Бата бердім, сізге,
Жастарың келсін жүзге!
– Әумин! Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Жаңылхан АСЫЛБЕКОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Жәке

    Күшті сұхбат екен. Көптен бері оқыған дүнием осы болды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.