ТАЛАНТЫ ТАМСАНДЫРҒАН ТОҚАШ ЕДІ

Қазақ әдебиеті тарихының төрінен өз орнын ойып тұрып алған бір ақын болса, ол, сөз жоқ, Тоқаш Бердияров. Оның ұлттық поэзиямызға өзіндік үнімен тыңнан өрнек салғаны өз ­алдына, қайталанбас қолтаңбасымен өз мектебін қалыптастырған дарын. Ол қазақ өлеңінің қадір-қасиетін, көркемдік дәрежесін асқан зор шеберлікпен шырқау биікке көтерген сирек суреткер, халықтық ақынға айналған дара тұлға. Қазақ әдебиетіне елуінші жылдары қосылған ақынның алғашқы кітабы «Шалқы, теңіз» деген атпен 1952 жылы жарық көрді. Бұл жинақ жетімхананың қара нанын жеген жаралы жүрек, «ер етігімен қан кешкен» майдангер, матрос, суретші, ақын Тоқаш Бердияровтың өмірден көрген, көңілге түйгендері мен сезін­гендерінің өлең болып ақ қағазға түскен беташар көрінісі еді. Осы беташар кітабымен-ақ сол кездегі әдеби әлемді елең еткізді. «…Мен өзім табыс деп, жас Тоқаш­тың жаңа поэмасы «Мен өмір сүремінді» айтар едім… Сіздің (Бұл жерде сөз әдебиетші-ғалым, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин туралы болып отыр–Б.Ш) Тоқаш Бердияров поэмасына жалпы берген бағаңыз мен үшін түгелімен даулы. Сіздің сыныңыз – бұл жөнінде әділ емес» деп данышпан М.Әуезов 1955 жылы араша пікір жазғанда, ұлы жазушыдан аталы сөз естіген «жас Тоқаш» орда бұзар отыз жаста екен.
Кемеңгер жазушының осындай ізгі ниетімен қанаттанған Тоқаш ақын ретінде оның үмітін толығымен ақтады десе болады. Содан кейінгі Алла Тағала өлшеп берген уақыт ішінде ол ойлы оқырман үшін отыз шақты жыр жинақтарымен бірге, прозалық шығармалар да ұсынды. «От және гүл», «Ескі паровоз», «Сөнбейтін оттар» сынды ­дастандары қазақ ­поэзиясында құбылысқа айналды. Көптеген өлеңдері шетел тілдеріне, атап айтқанда, орыс, эстон, болгар, өзбек, тағы басқа тілдерге аударылды. Өзі де тәржіма өнерімен айналысып, орыс ақындары С.Есенин мен Ф.Тютчевті қазақша сөйлеткен.

1974 жылы режиссер Райымбек Сейітмет ақынның шоқтығы биік шы­ғар­ма­сының бірі – «Оқ және гүл» поэмасын Республикалық ­балалар мен жасөспірімдер театрында ­сахналады.
Тоқаш Бердияровтың ақындық талантын аға буын өкілдерінен Мұхтар Әуезовтен басқа, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев, Тайыр ­Жароков, Қалижан Бекхожин, Ғафу Қайырбеков, Серік Қирабаев, Сағат Әшімбаев сынды ақын-жазушылар жоғары бағаласа, кейінгі буыннан Темірхан Медетбек, Құлбек Ергөбек, Есенғали Раушанов, Ертай Ашықбай, Аманхан Әлім, тағы басқалар шәкірттік адалдықтарын ­танытып келеді.
Ақындық өнерде қанша балталасаң да бұлжымайтын бір қағида бар. Ол қандай қағида? Өмірдегі өз бейнеңді өлеңіңнен ­жасырып қала алмайсың. Яғни өмірде қандай болсаң, ол сол күйінде өлеңіңде де жүреді. Қай жердің топырағын емсең, сол жердің иісі жырыңнан аңқып тұрады. Ал Тоқаң сияқты тосын ақынның өлеңдерінен оңтүстіктің жұпар ауасы, жусанының иісі, құстарының әні, Су Келесі мен Құр Келесінің шолпылы, Сырдариясының сусылы дегендей, барлық әсем табиғаты, тыныс-тіршілігі өлеңге айналып сөйлеп жатады:
Қызғалдағын теріп сонау белестің,
Оңтүстіктің шаңына аунап мен өстім.
Алып кеттім аттанарда әскерге,
Жалғыз уыс топырағын Келестің, – деп жырлаған Келестің төл баласы. Тағдырдың неше бір тауқыметін көп көрген майдангер, матрос, ақын Тоқаш Бердияров осы өңірдегі Қошқарата елді мекенінде 1925 жылы 19 қыркүйекте дүние есігін ашқан екен.
Тоқаш ақын өзінің кіндік қаны тамған жерін жанымен де, жүрек қанымен де құлай сүйді, Оңтүстігін өмірінің соңына дейін перзенттік адал көңілмен жалындатып жырлап өтті. Сондықтан ақынды өзінің өлеңдерінен бөлек алып қарастыру қалай мүмкін болмаса, өлеңдерін оңтүстіктен бөлек қарастыру солай мүмкін емес. Ол ән салса да, әнді оңтүстікше ­салатын, түс көрсе де, түсті оңтүстікше көретін. Ол – жасандылықты, жағымпаздықты жек көрді. Жаратылыс бітімі солай еді, жарықтықтың! Мысалы, «Оңтүстік туралы жыр» атты өлеңінде былайша төгілетіні бар:
Ауылдың жолы ыстық,
Көлікке он мініп,
Көліктен он түстік.
Армысың, о, туған жер –
Оңтүстік,
Оңтүстік,
Оңтүстік!
Осы өлеңдегі оңтүстік адамдарының ­ауызын ашса көмейі көрінетін кеңпейіл­дігін, қонақжайлығын, қазақы салт-дәстүрінің кереметтігін, бір қиырдағы тымақты қазақтың екінші бір қиырдағы бөрікті қазақпен нағашы, жиен, бөле, жегжат болып туысып кете беретін ерекше­лігін суреттейтін тұсын тебіренбей оқу мүмкін емес. Ғажап сурет, сирек сезім. Тұтас бір этнография.
Тағы бір ескеретін жайт, Тоқаш Бердияров – майдангер ақын. Қан кешкен, өлім көрген жауынгер. 1942 жылы өзі сұранып Батысқа аттанғанда ол небәрі 16 жастан жаңа асқан бозбала болатын. Жауынгер Бердияров 4-Украин майданы атқыштар батальоны құрамында әйгілі Сталинград шайқасынан бастап, ­Румыния, Аустрия, Чехословакия, Болгария, ақыр соңында Германия жерлерін қанқұйлы фашизм құрсауынан азат етуге қатысты. Жеңісті Берлин қаласындағы «құзғындардың» ұясы Рейхстаг түбінде қарсы алды. Көрсеткен ерлік істері үшін алған орден-медальдары да аз емес. Алайда қуаныштан басы айналған жас жігіт елге қайтамын деп, буынып-түйініп отырғанда… жағдай күрт өзгеріп, әскерге тағы да бес жыл аялдай тұруына тура келді. Ол кезде бұйрық талқыланбайтын, тек орындалатын. Сөйтіп, жауынгер Тоқаш Бердияров солдаттың «сұр шинелін» теңізшінің «теңбіл телняшкасына» ­ауыстырып, 1950 жылға дейін Қызыл тулы Балтық әскери-теңіз флотында сүңгуір қайықта әскери борышын жалғастыруға мәжбүр болды. Айтып өтетіні, осы ұлы ­майдан мен теңіз тақырыбы жалғыз Тоқаш ақын шығармашылығының ғана айшықты бір ­арнасы емес, сонымен бірге соғыстан соңғы кезеңдегі жалпы қазақ өлеңін жаңа сатыға көтеріп, даңқын асырған сүбелі туындылар болғаны әдебиет тарихынан мәлім. Соғыстың сұрапылын өз басынан өткерген қаламгердің өмір мен өлім арпалысқан майдан даласы өмірінен жазған көркем туындылары күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталатын өзінің шынайылығымен, тың теңеуімен, суреткерлігімен оқырманын тәнті етті. Сондықтан болу керек, оған деген оқырманның ықыласы жоғары болды. Шын мәнінде, Тоқаш ақынның соғыс тақырыбындағы өлеңдері – адамды адам өлтіру ойыны өтіп жатқан майдан даласы туралы емес, бейбітшілік, адамды адам сүю сезімі туралы, мейірімділікті, махаббатты аңсаумен туған тың дүниелер еді.
Талант – қашанда талант, фено­мен­нің аты – феномен. Сонда Тоқаш Бердияровтың феномені неде? Егер осындай сұрақ қойылса, не деп жауап беруге болады? Біздің ­ойымызша, Тоқаш Бердияровтың феномені – қазақ ­поэзиясы плеядасын әуелгі жолдан адастырмай Темірқазық болып тұруында. Баршаға белгілі, поэзия – инемен құдық қазғандай, машақаты ауыр. Сол кәсіптің ауырына төзіп, аяғына дейін шыдас беруінде. Ұстаз ретінде өмірге деген сенімін жоғалтпауында, шәкірттерін де соған баули білуінде. Лириканы қазақша сөйлету шеберлігінде. Қара өлеңнің қапысыз ұстасы Өтежан Нұрғалиев бұл жайында былай еске алады: «Тоқаш Бердияров – бәріміздің ұстазымыз. Бізге лириканы қалай сөйлетуді сол ақын үйретті. Оған кездескенге дейінгі өлеңдеріміз ішіп алған адамдардың сөзі сияқты арсы-гүрсі келетін. Ал Тоқаңның мәнері ісмер етікшінің әдібіндей келісті, көркем болатын». Шайырдың көзін көрген көрнекті сыншы Құлбек Ергөбек одан да әріге кетеді. «…Төлеген, Мұқағали, Қадыр, Өтежанның бір ұстазы – Тоқаш Бердияров. Оны өздері де айтып өткен. Өлеңдерін бажайлап оқып қарасаңыз, өзіңіз де аңғарасыз. Мұқағалиға ұстаз болып қана қоймай, ақиреттік ­досына да айнала білді» деп жазады «Тоқашқа айналған Торқысбек» атты естелігінде. Оның мәліметінше, қазақ ­поэзиясына қайталанбас олжа салған, ақындық жаңа леп ала келген сарабдал ақын поэзиясы рухында ақындық жаңа толқын қалыптасқан. Кейін Тоқаң тапқан өлең өрнегін, ол тапқан образды шәкірттері іліп алып кетіп, дамыта жырлап, ақыр соңы тамаша жемістер бергені белгілі. Реті келгенде жоғарыда аты аталған ақындардан басқа да Төлеужан Ысмайылов, Жұмекен Нәжімеденов, Өмірзақ Қожамұратов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Құдаш Мұқашев, Шәміл Мұхамеджанов, тағы басқа секілді тегеурінді таланттар Тоқаңның соңынан ерген, тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері болғанын еске сала кетсек, артық болмас.
Енді осы үшбу хатты жазуыма түрткі болған жайға ойысайын. 2015 жылы күзде Қошқарата ауылында көрнекті ақынның туғанына 90 жылдық мерейтойы дүрілдеп өтті. Салтанатты шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ақын-жазушылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері көп қатысты. Ақын тойына арнайы ат басын бұрып келген қонақтардың ішінде біз де болдық. Тоқаңның шығармашылығына қатысты бірнеше баяндама жасалды, көптеген ұсыныс-тілектер айтылды. Соның ішінде, әсіресе алматылық профессор Бекболат Тоқболатұлының сөйлеген сөзі көптің көкейіндегісін дөп басты. «Осы Тоқаш деген ақынды еске алған сайын, жер-көкке сыйғызбай мақтаймыз. Тосын еді, тентек еді, шыншыл еді, ұстаз еді деп жатамыз. Бірақ бәрі сөз жүзінде, ақын атын ұлықтау үшін іс жүзінде ештеңе істеліп жатқан жоқ. Ұмытпасам, 1995 жылы тап осы ауылда Тоқаңның 70 жылдығы өткен болатын. Сонда арнайы баяндама жасаған белгілі жазушы Мархабат Байғұттың: «Шымкентте Тоқаш Бердияров атына көше берілетін болды!» деп сүйіншілегенін сол тойға қатысқан жұртшылық түгел естіді. Содан бергі өткен жиырма жылда не өзгерді? Өзгерген ештеңе жоқ. Ақын әлі де елеусіз, ескерусіз. Әйтпесе, осы уақытқа дейін Шымкенттен көше атын беріп, бір ескерткіш тұрғызуға болар еді ғой?!.» деді ол ренішін жасыра алмай.
Міне, Тоқаңның тоқсан жылдығы­нан бері де бес жыл артта қалды. Осы аралықта бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) мен Шымкент қаласы әкімдерінің атына бірнеше сұраныс хат жазылды. Олар «хаттарыңызды алдық, ұсыныстарыңыз ескеріледі» дегеннен әрі аса алған жоқ, баяғы жартас, сол жартас. Ұлы ақын әлі күнге елеусіз, ескерусіз қалып келеді.

Олай болса, Тоқаш Бердияровтың есімі істеген ісіне лайықты еленбей ескерусіз қалғанын қалай түсіндіруге болады? Оқта-текте өтетін кішігірім еске алу кештері болмаса, шайырдың атын мәңгі есте қалдыруда ешқандай бір іргеліжұмыстардың ұйымдастырылмай ұмытылып бара жатқанын несіне жасырамыз? Бүкіл саналы ғұмыры өткен Алматының өзі кейінгі кезде оны тым сирек іздейтін болды, ал кіндік қаны тамған оңтүстігі көбіне үнсіз. Өзі туып-өскен елді мекендегі елеусіз, қараусыз, олпы-солпы ескерткіш пен ақын есімін иеленген  №127 орта мектепті айтпағанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте оны еске түсіретіндей бірде-бір көше, кітапхана, мәдени орталықты кездестіре алмайсыз. Соңғы отыз жылда мемлекеттік тапсырыспен бірде-бір кітабы жарық көрмепті. 

Ақынның ізін басқан рухани інісі ретінде бұл мәселе мені қатты алаңдататынын несіне жасырайын және басқа амалымның қалмағандығынан қолыма қалам алып, осы хатты жазуға мәжбүр болдым.
Соңғы уақытта қазақ еліне, қазақ ­руханиятына ерекше еңбек сіңірген қалам қайраткерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында көптеген игі шаралар қолға алынып жатыр. Еліміздің әр түкпірінен ашылған көшелер мен мектептерге, кітапханалар мен мәдени орталықтарға, елді ­мекендерге ақын-жазушылардың аттары беріліп, құрметтеліп, ұлықталуда. Мысалы, Қарағанды қаласының орталығынан көрнекті ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығында еңселі ескерткіші бой көтерсе, Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрына ­жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың аты беріліп, тура қарсы алдынан тұтас тұрған тас мүсіні тұрғызылды. Өз дарабоздарын ұлықтауда, әсіресе Батыс өңірінің аты озып тұрғанын мойындауымыз керек. Айталық, Қадыр Мырза Әлидің 80 жылдығы қарсаңында жерлестері ақын құрметіне Орал қаласының орталығынан сәулеті жарасқан мәдени кешен салдырып, алдына көз жауын аларлықтай керемет ескерткішін жайғастырды. Көштен қалғысы келмеген Атырау облысының жұртшылығы да біртуар ақын жерлестері Жұмекен Нәжімеденовтың 80 жылдығын үлкен салтанатпен атап өтті. Облыс орталығының қақ төріне ақынның зәулім ескерткішін тұғырға қондырып, сосын бірден 8 көше мен 1 мектепке, Құрманғазы ауданындағы бір ауылға атын берді. Тірісінде талантымен талайларды ықтырған тегеурінді ақын апамыз Фариза Оңғарсынова мен Өтежан Нұрғалиевтың есімдерін де ұмыт қалдырмай, оларға Атырау мен Ақтөбеден көше аттарын беріп, рухы асқақтаған бір-бір ескерткіш тұрғызды. Ал Хантәңірінің мұзбалағы атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың қоладан құйылған тамаша ескерткіші Алматыдағы Желтоқсан және Мақатаев көшелерінің қиылысында менмұндалап тұрғанына он жылдан асты. Тізе берсең, мұндай мысалдарды ондап-жүздеп келтіруге болады. Мұндағы біздің айтпағымыз, осы тегеурінді таланттардың рухани ұстазы, ту ұстаушысы болған Тоқаш Бердияровқа осындай құрметтің бұйырмауы қалай? Ақын өмір бойы алақанына салып, өлеңдерінде тербетіп өткен оңтүстік өңірі неге жым-жырт? Ел-жұрты, әкім-қаралары неліктен ескермейді? Қазақ поэзиясында қайталанбас олжа салып, өз мектебін қалыптастырған ақындар бізде соншалық көп пе? Әлде, түркістандықтарға ақын керек емес пе? Қазақтың ар-ожданы қажетсіз бе?! Олай болса, Тоқаш Бердияровтың есімі істеген ісіне лайықты еленбей ескерусіз қалғанын қалай түсіндіруге болады? Оқта-текте өтетін кішігірім еске алу кештері болмаса, шайырдың атын мәңгі есте қалдыруда ешқандай бір іргелі жұмыстардың ұйымдастырылмай ұмытылып бара жатқанын несіне жасырамыз? Бүкіл ­саналы ғұмыры өткен Алматының өзі кейінгі кезде оны тым сирек іздейтін болды, ал кіндік қаны тамған оңтүстігі көбіне үнсіз. Өзі туып-өскен елді мекендегі елеусіз, қараусыз, олпы-солпы ескерткіш пен ақын есімін иеленген №127 орта мектепті айтпағанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте оны еске түсіретіндей бірде-бір көше, кітапхана, мәдени орталықты кездестіре алмайсыз. Соңғы отыз жылда мемлекеттік тапсырыспен бірде-бір кітабы жарық көрмепті. Тіпті Алматыдағы ақын тұрған үйге (Тайыр Жароков көшесі, 199-үй, 20-пәтер) мемориалдық тақта орнатылмаған. Осындай келеңсіздіктерге қарамастан, халықтың сүйіктісіне айналған ақынның әзіз есімі оқырман жүрегін әлі күнге тербетіп келе жатқанына шүкіршілік етесің…
Иә, оңтүстік өңірі қазаққа ауызымен құс ұстаған талай ғұламалар мен абыздар, ­ойшылдар мен ақын-жазу­шылар сыйлаған киелі мекен. Солар­дың қатарында өршіл жырларымен ұлтын асқақтатқан ақиық ақын Тоқаш Бердияровтың да айшықты ізі қалғаны даусыз. Олай болса, аса құрметті Мұрат Дүйсенбекұлы, өзіңіз ­абыроймен басқарып отырған шырайлы Шымкент шаһары аумағынан қазақтың осы бір дарабоз ақынының есімін асқақтату мақсатында көше аты беріліп, сол көшенің бойынан халқының рухын қайрап, елдікке шақырып тұратын еңселі ескерткіші тұрғызылса деген өтінішіміз бар. Мұндай халықтық құрметке Тоқаш ақын толығымен лайық тұлға, дара дарын. Мұны жалғыз менің ұсынысым деп емес, жалпының қалауы, көзқарасы ретінде қабылдаңыз және оған сіздің қолдау көрсетіп, ықпал жасайтыныңызға сенеміз.
«Киілмеген бөз жетім, Айтылмаған сөз жетім» дейді қазақ. Шымкент – ел тарихында өзіндік орны бар үш ірі мегаполистің қатарына кіретін көне шаһар. Биыл, 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесіне ие ­болуы бекерден-бекер емес. Шымқала бұрыннан да мәдениет пен руханияттың, ынтымақ пен достықтың ордасы, еліміздің ең шуақты да қонақжай қаласы болып келген. Соңғы жылдары қала аумағы 117 мың гектарға ұлғайып, жаңа аудандар, кең көшелер, мектептер, тағы басқа қоғамдық мекемелер пайда болды. Аумағы еселене ұлғайған шаһарда түрлі мәдени-рухани маңызы бар нысандар салынып, түрлі мағынадағы ескерткіштер еңсе тіктеді. ­Осылайша, қаланың көркемдік-архитектуралық шырайы күн өткен сайын құлпыра түсуде. ­Айтайын дегенім, елімізде даңқты ақын Мұқағали Мақатаевты білмейтін қазақ жоқ шығар. Хантәңірінің мұзбалағы атанған осынау біртуар ақын Келестің көксерегі атанған қазақтың тағы бір ұлы ақыны Тоқаш Бердияровтың өлеңдегі шәкірті, өмірдегі ақиреттік досы болғаны көпке мәлім. Осы ­ретте бір ұсыныс айта кетсем артық болмас деп ­ойладым.
Аумағы еселене ұлғайып келе жатқан Шымкент шаһарынан қазақтың дарабоз қос ақынын бөліп-жармай, қатарласа жатқан екі көшенің аты беріліп, Тоқаш Бердияров пен Мұқағали Мақатаев көшелерінің тоғысатын тұсына өмір бойы бірін-бірі толықтырып келген сөз ұсталарының екеуінің шүйіркелесіп кеңесіп отырған еңселі ескерткіштері бой көтеріп ­жатса, бұл ұлтымыздың табиғатына етене жақын ұлы достықтың символындай болып, көңілге түрлі ой салып тұрар еді-ау!.. Ақындық мұраты – елдікті ұлықтау, өрлікті көрсету болса, ақынға тұрғызылған ескерткіштің мұраты – халықтың отаншылдығын ояту, өзін-өзі тануды үйрету. Өзін таныған ел ешкімге құл болмайды, өзі ешкімді қорламайды. Ал қазақ поэзиясының қос алыбы өмірде де, өлеңде де ұлт рухының биік болуын көксегені күмәнсіз.
Ақынға көрсетілген құрмет – әде­биетке көрсетілген құрмет. Әдебиетке көрсетілген құрмет – руханиятқа көрсетілген құрмет. Ал ұлттың рухын асқақтату үшін Тоқаш ­Бердияров, Мұқағали Мақатаев сынды біртуар ақындарымызға лайықты құрмет көрсете білуіміз керек. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Мұндай тұлғалардың ескерткіштері де елдікке қызмет етеді, бірлікке шақырады, «Мәңгілік ел» болуға ұмтылдырады. Мемлекетіміздің қазіргі жүргізіп отырған саясаты да осы емес пе. Бұған Шымкент қаласына әкім болып келіп, жаңашыл бастамаларды қолға алып отырған Мұрат Әйтенов мырза не дер екен?

Болат ШАРАХЫМБАЙ,
ақын, ҚР Мәдениет қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.